Домой Басты тақырып Халық қарызға белшеден батқан

Халық қарызға белшеден батқан

0
828

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдануы керек» деген бастама бірнеше рет көтерілгенімен, Қаржы министрлігі бұл мәселені кейінгі жылдары жылы жауып қойды. Осыдан екі жыл бұрын Мәжілісте ақжолдықтар аталған заңның ауадай қажеттігін айтысқан-тын. Алайда билік күні бүгінге дейін неліктен бұл қадамға бармай отыр?

Бұл туралы kznews.kz сайты хабарлайды ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.

ҚАРЫЗДАН ОҢАЛТУ ИНСТИТУТТАРЫ КЕРЕК

Алматыда үш баласын терезеден лақтырып, кейін өз-өзіне қол салған әйелдің әрекеті жабулы тақырыпты бүгін де қайта қозғап жатыр.

«Үш баласымен қайтыс болған әйелдің үш несиесі болды. Олардың бірі микроқаржы ұйымдарынан алған 15 мың теңге бойынша іс қазан айында сот орындаушыларына түскен.  Жәрдемақы алмаған. Күйеуі құрысын, ақшасы болса, бәрі басқаша болар еді», – деп жазды HAQ қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалы.

Оның айтуынша, Қазақстанда баяғыдан-ақ жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдау керек болған. Осылайша, несие ұйымдары мен банктердің жауапкершілігін арттырған жөн.  Айтпағы, қаржы ұйымдары несиені жоғары пайызбен жеке тұлғаларға оңды-солды таратып, кейін күштеп жинап алады.

«Проблемалық қарызы бар адамдарды бірден жеке сот орындаушыларға тапсыра салмай, оңалту институтын енгізу керек. Ол аз десеңіз, елде шағын және орта бизнестің дамуы үшін кәсіпкерлікті қолдаған жөн. Жұмыс жоқ болса өз-өзіне қол салу, қылмыс, кедейлік, қылмыстық бизнес, маргинализация арта береді. Мұның бәрі айналып келгенде шағын және орта бизнестің күйреп қалуының салдары. Қай жерге барсаң да ломбардтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар секілді жыпырлап шыға келді», — деп жазады Тоғжан Қожалы фейсбуктегі парақшасында.

ХАЛЫҚ ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕДЕН БАТҚАН

Ел тұрғындары қазақстандық банктерге қанша теңге қарыз, қай банктің алдында берешегіміз көп екенін бұған дейін Ulysmedia.kz порталы зерттеген болатын. Оған сәйкес елде төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен несиелердің жалпы мөлшері 1,08 трлн теңгені (проблемалық кредит) құраған. Төлем мерзімі өтіп кеткен несиелердің ең көп сомасы жағынан алғашқы үштікте Қазақстан Халық банкі (301 млрд теңге), Сбербанк (167 млрд теңге), Kaspi Bank (161 млрд теңге) тұр.  Қаржы сарапшыларының айтуынша, 1 трлн теңгелік қарызын өтей алмай жүрген азаматтардың бәрі – потенциалды банкрот адамдар!

«Бұл – экономикалық белсенді халықтың қарызы. Яғни 18-63 аралығындағы азаматтардың саны Қазақстанда орташа есеппен 9 миллилонға жетеді. Осы адамдардың қарызы 12,4 трлн теңге болып тұр. Былтыр 9 трлн теңге деп айтқанда кезде жағамызды ұстағанбыз. Ол – үлкен сома. Яғни халықтың несиеге бату көрсеткіші өте жоғары деген сөз», — дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

БАНКРОТ БОЛҒАНДАР ҚАРЫЗДАН ҚҰТЫЛМАЙДЫ, БҰЛ – ЖАУАПКЕРШІЛІК

Белгілі экономист Сапарбай Жобаев ең алдымен дамыған мемлекеттерде жеке тұлғалардың банкроттығы жүйесі қалай жұмыс істейтінін айтып берді.

«Дамыған елдерде бұл заң бар. Біздің халық жеке тұлғалардың банкроттығын кәсіпорындардың банкроттығымен шатастырады. Кәсіпорындардың банкроттығы кезінде ең соңында қарыз берушінің құрылтайшылары ақшасын алады. Ал енді жеке тұлғалардың банкроттығы кезінде еш нәрсесі жоқ адам банкрот болады. Кейбір адамдар банкрот болса, берешектен толық құтылады екенбіз деп мәз боп жүр. Ондай ештеңе жоқ. Қайта саған бір жұмыс береді, айлығыңды өзің алмайсың – кім сені банкроттыққа берсе сол алады. Мәселен ол банк немесе салық органдары, мемлекеттік коллектор болуы мүмкін. Жұмысынан түскен табысы арқылы осылайша, қарызының бөлігін жауып отырады», — дейді Сапарбай Жобаев.

Экономист банкрот болған адамда мұндайда жұмыс таңдау құқығы берілмеуі мүмкін екенін ескертті. Яғни қарызын жапқызу үшін сот шешімімен азаматтар ауыр жұмысқа жегіліп кетуі де ықтимал.

«Менің ойымша, мұндай жүйе Қазақстанға керек. Мәселен, бізде несие алып, төлемей көп адам қашып жүр. Олардың кейбірін түсінуге болатын шығар, бірі ауырып, екіншісі жұмыстан шығып қалады. Ал кейбіреулер несиені төлемей кетеді», — дейді ол.

БАНКТЕР ДЕ ТЫЙЫЛАДЫ

Сапарбай Жобаев елдегі екінші деңгейлі банктер жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның қабылдануына мүдделі екенін мәлім етті. Себебі банкрот болған адам бәрібір несиені төлеуден бастайды. Экономист сонымен қатар банкрот болған адамды – бас бостандығын 50 пайызға жоғалтқан адамға теңейді. Банктер сондай заң шықса, қазірдің өзінде несие бергісі келмей қалуы да мүмкін. Кепілдік болмаған кезде, қамқоршы сенім болмаса бермейді. Ал біздегі микроқаржылық ұйымдар тәуекелге барады да, несие берген 10 адамның жетеуінен жоғары пайызбен кірісін шығарып, қалған үш адамды колекторларға беріп, соттатып жібереді.

«Адамның бас бостандығын шектеу – өте нәзік мәселе. Артық нәрсе істеп жіберсең, ол үкіметтік емес ұйымдарға шағым түсіруі мүмкін. Қазір банкрот болған адамның ақырғы үйін сатпау деген мәселе айтылып жатыр. Бұл да мүлде дұрыс емес. Қайтіп ол ақырғы үйін сатпайды? Қазақтардың 99 пайызының бір-ақ үйі бар. Ал оны банк ала алмаса, онда ешбір банк несие бермейді. Біздің биліктің популистік нәрселері бар. «Халықты ойлап жатырмыз» дейді. Жеке тұлғаның өмірін сақтандыру деген жүйені кіріктіру керек оның орнына. Ал біздегілер сондай нәрсені кіргізгісі жоқ. Ондайда биліктің өзі алған табысынан ажырап қалады. Біздің билік жеке тұлғалардың банкроттығын енгізуге аса құлықты емес. Ертең халық ашына ма деп қорқады. Себебі ол заң енгізілсе, биліктің жауапкершілігі күшейеді», — дейді Сапарбай Жобаев.

БАНКРОТТЫҚ КІМДІ ҚОРҒАЙДЫ

Ал экономист Жарас Ахметовтың айтуынша, жеке тұлғалардың банкроттығы деген сөздің өзін толығымен түсініп алу керек. Себебі банкроттық үрдіс ең бірінші кезекте кредиторды қорғауға бағытталған. Алайда Қазақстанның қазіргі заңнамасы кредиторларды жеткілікті деңгейде қорғай алмайды.

«Егер жеке тұлғаларға қатысты осы заңды қолданар болса, бұл мәселені түпкілікті деңгейде реттей алмайды. Менің ойымша, ол ғана емес, заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заңды түбірімен өзгерту керек. Банкроттық – кредиторларды қорғау процедурасы. Яғни адам немесе компания өзінің берешегін төлей алмайтынын жариялаған кезде оларға кредитормен келісіп, қарызды қайта құрылымдауға мүмкіндік туады. Ал бірақ банкроттықты өтірік жариялау жағдайлары да кездесетінін ұмытпайық», — дейді ол.

Жарас Ахметов заң қабылданса, заңды жолмен несие алушыға несиесін жабатындай мүмкіндік жасалуы керектігін ескертеді.

«Тағы да қайталап айтамын: егер заң несие алушыны кредитордан қорғай алса, қабылдау керек. Болмаса қажет емес. Шынтуайтында, бұл кредиторға да тиімді. Әйтпегенде ол мүлде ештеңе ала алмай қалады. Ол осы заң арқылы қарыздың кемінде бір бөлігін қайтарып алып алар еді», — дейді экономист.

ЫҚПАЛДЫ ТАНЫСЫ БАРЛАР БАНКТЕРДІ ПЫСҚЫРМАЙДЫ

Жарас Ахметов бұл ретте тағы бір мәселені көтерді. Сарапшының айтуынша, Қазақстанда несие алушының да, берушінің да құқығы жеткілікті деңгейде қорғалмаған.

«Бізде қарыз алуының «құзырлы таныстары» болса, ол қарызды қайтармай қояды. Сот шешімдерінің орындалуы да бізде екіұшты. Банктер бұл ретте қорғалмаған. Қарыз алушыныкі де сол. Адамның танысы болмаса, банк оның мойнына отырып алып, алған қарызын құстырып алады. Елде адамның да, банктің де құқығын жеткілікті деңгейде қорғайтын заң жоқтың қасы. Екі жақта да проблема бар. Айналып келіп мәселенің бәрі заң үстемдігіне келіп тіреледі», — дейді Жарас Ахметов.