Елімізде салафит адам келесі президент сайлауына түсуі мүмкін

0

Осы айдың басында көршілес Қырғыз елінде президент сайлауы өтіп, Садыр Жапаров мемлекет басшысы болып сайланды. Біз айыр қалпақты ағайынның ең жауапты саяси науқанды ың-шыңсыз өткізгеніне қуаныштымыз.

Алайда сайлауалды үгіт-насихат кезінде Садыр Нұрқожаұлының деструктивті діни ағым өкілдеріне арқа сүйеуі «Бұ қалай?» дегізді. Аталған ағым өкілдерінің біздің елде де көп екенін ескерсек, болашақта Қазақ елінің президент сайлауында жат ағым өкілдері кандидат ретінде тіркелуі мүмкін бе?

Қазан айында Қырғыз елінде кезекті көтеріліс болғанда бір топ азаматтар Садыр Жапаровты түрмеден шығарып алғаны белгілі. Міне сол кезде алаңда бір топ азаматтың «Аллаһу акбар» деп айқалағаны есте қалды. Осыдан кейін жұрт арасында «Садыр Жапаров діни ағым өкілдеріне арқа сүйейді екен» деген әңгіме шықты. Оның үстіне Садыр Нұрқожаұлы сайлауалды үгіт-насихат кезінде «Мектеп пен ЖОО «Иман» сабағын енгіземін» деп уәде етті.

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидың айтуынша, бұл жағдай біздің елге де «сигнал». Өйткені ол ұлттық және мемлекеттік мүдде тұрғысынан көрші елдің дінге қатты беріліп кетуі Қазақстанға қауіпті екенін ескертті.

«Садыр Жапаров басшылыққа келген соң, «Иман» сабағын мектепке, оқу орындарына енгіземін» деді. Ол «адамдар дінді дұрыс түсінбей, түрлі жат ағымда жүр. Елімізде ислам университеттерін бітірген мыңдаған адам жұмыссыз. Міне солар дін басқармасымен келісіп, бір бағытта жұмыс істейді. 10-15 жылдан соң бір қалыпқа түсеміз» деп отыр. Оның бұл сөзі қоғамда талқы тудырды. Азаматтардың басым бөлігі «Бұл зайырлылыққа жат» дейді.

Жапаровты таққа отырғызғанда діни адамдардың қалай дұға оқып, алаңда жүргенін көрдік. Орталық Азияда оқу орнынан діни ошақтары көп жалғыз ел осы Қырғызстан. Соңғы 3-4 жылда бұл елде діни есімдер ұлттық есімдерді басып озған. Көршілес еліміз ақырындап діни бағытқа кетіп барады», – дейді Асхан Қасанғали.
Экс-дипломат Қазыбек Бейсебаевтың айтуынша, билікке әсіредіни ұстанымдағы адамның келуі қауіпті. Сондай-ақ ол салафиттік көзқарастағы азаматтар біздің елімізде де баршылық екенін ескертті.

– Садыр Жапаров үгіт-насихат кезінде мектепте «Иман» сабағын енгізетінін айтты. Жалпы ең жоғары лауазымды қызметке үміткер азаматтың діни ұстанымға байланысты халыққа уәде беруі қалыпты ма, жоқ әлде қауіпті тенденция ма?

– Негізі сайлауалды үгіт-насихат кезінде кандидат кез келген уәдені үйіп төгіп айта береді. Себебі сайлау кезінде халықтың жаппай қолдауы өте маңызды. Оның үстіне ол жақта салафиттік көзқарастағы азаматтар баршылық. Мәселен жуырда өткен сайлауда «Нұр Отан» партиясы «Жұмыс орнын ашамыз, өндіріс ашамыз деп көп уәде берді ғой. Сондықтан да уәде беру саясаткердің көп тәсілінің бірі. Бізде де саяси технологияны тиімді пайдаланып «Ислам дінін мектепте оқытамыз» деп айта салады.

– Әрине кандидат сайлау алдында көптеген уәде беруі мүмкін. Алайда зайырлы елдің принципіне қайшы уәде беруі қаншалықты дұрыс?

– Негізі бұл дұрыс емес. Менің ойымша, дін деген әр адамның жеке мәселесі. Ал президенттікке кандидаттың сайлаушыларына мектеп бағдарламасына ислам пәнін енгіземін дегені күдік тудырады. Зайырлылық қағидасы бойынша мектеп пен дін бөлек болуы керек.

Жалпы айтқанда кандидаттың діни ұстанымды алға тартуы мемлекетке өте қауіпті. Ертең діни жамағат өкілдері «Сайлау кезіндегі уәдеңді орында» деп талап етеді. Өйткені берген уәдеңді қалай болғанда да орындау керексің ғой.

– Біздің елде «Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, Мұхмамеджан Тазабеков сынды азаматтар салафиттік ұстанымда» деп айтылып жатады. Жуырда Мұхамеджан Тазабек «Салафиттік ұстанымнан бас тарттым» дкеп ресми түрде мәлімдеді. Алдағы уақытта аталған азаматтар немесе басқа да бір әсіредіни ұстанымдағы адамның президентік сайлауға түсуі мүмкін бе?

– Әрине мүмкін. Мәселен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болып отырған Бекболат Тілеуханның сайлауға түсуге мүмкіндігі зор. Сондай-ақ Мұхамеджан Тазарбек «Қазақстан» ұлттық арнасында «Тәлім тренд» деген бағдарлама жүргізеді. Аталған телеарнаны кем дегенде 1 миллион адам қарайтын шығар. Ертең салафиттер көбейсе «Бізде сайлауға қатысамыз» деп мәселе көтеріп, тіпті талап қоятын болады. Оның үстіне демократиялы ел ретінде әрі Конституция бойынша олардың сайлауға қатысуға толық құқығы бар.

Жалпы олардың іс-әрекетінен еліміздегі ең жоғары билікке отыруға мүдделі екенін аңғаруға болады. Мәселен Х сағаты туғанда сыртқы күштердің қолдауымен билікке ұмтылып жатса, оған мен таңғалмаймын. Өзіңіз білесіз еліміз Ресей мен Қытай сияқты екі алып мемлекеттің ортасында тұр. Сондай-ақ алыстағы Американы да назардан тыс қалдыруға болмайды. Міне осы алпауыт елдің бірі салафиттерді қолдаса, онда әсіредіни көзқарастағы адам билікке келуі әбден мүмкін.

P.S. Әрине Садыр Жапаровтың нақты қандай ұстанымда екенін дөп басып айта алмаймыз. Бәлкім ол өз еліндегі салафиттік ұстанымдағы жамағаттың бетін бері қаратып, дәстүрлі исламға бұратын шығар. Ал керісінше болса, онда қырғыз бауырларымыз тағы бір қырсыққа тап болды деп білеміз. Ал біз көрші ел ретінде Қырғыз Республикасының зайырлы әрі дамыған мемлекет болғанына мүдделіміз.

KzNews.kz