Елбасы «Түркі ұйымы» туралы: Бұл ұйым ешкімге қарсы бағытталмаған
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі VIII саммитіне қатысушыларға бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
Елбасы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің сегізінші саммитіне қатысушыларға ыстық сәлемін жолдай отырып, Түркия елінің Президенті Режеп Тайып Ердоғанға бүгінгі кездесуге түркі кеңесінің құрметті төрағасы ретінде қатысуға шақырғаны үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.
«Біз осы жаңа ұйымның барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын екенін паш етіп отырмыз. Оның ешкімге қарсы бағытталмағанын атап өткен жөн. Бұл жаңа блок емес. Қызметі БҰҰ-ның жарлығының негізгі мақсаттары мен принциптеріне сай келетін прогрессивті бірлестік», – деді Елбасы.
Ол Түркі әлемі ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының қалыптасуында маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
«Түркі әлемі ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Ең алдымен, Шығыс-Батыс бағытындағы қатынастардың кең контекстінде өркениеттер мен мәдениеттер арасын байланыстырып келді. Сонымен бірге ол адамзат мәдениетінің рухани және материалдық қазынасына да өз үлесін қосты. Бүгін біз жаһандық-тарихи эволюцияның жаңа кезеңінде сол үрдістің қайталауын көріп отырмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кететіні, 12 қараша күні Ыстанбұлда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті өтті.