Кезекті шиеленіс: Суыққа тоңып қайтыс болғандар бар

0

АҚШ пен ЕО елдері Беларусияны көршілес елдердегі жағдайды тұрақсыздандыру үшін мигранттарды пайдаланып, Польшамен шекарадағы көші-қон дағдарысын ұйымдастырды деп айыптайды, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

АҚШ, Эстония, Франция, Ирландия, Норвегия, Албания, Ұлыбритания елдері осындай ұстанымда.

Бұл әріден жалғасып келе жатқан дағдарыстың бір ұшы ғана. Бұған дейін Таяу Шығыстан және Африка елдерінен ағылған заңсыз қоныс аударушыларға Беларусь-Польша шекарасы Германияға астыртын түрде асатын жақсы өткел болған.

Ал соңғы күндері бұл шекарада жағдай ушықты. Суыққа тоңып қайтыс болғандар да бар көрінеді. Жиналғандар шекараны бұзып өтуге әрекет етіп жатыр. Бірақ Польша жағы ешкімді өткізер емес.

Тіпті, ЕО мен АҚШ Ұлыбританиямен бірлесе Минскіге қарсы санкциялар енгізуден тайынбайтынын мәлімдеп үлгерді.

Еске салатын жайт, Беларусь пен ЕО елдері шекарасындағы көші-қон дағдарысы Президент Александр Лукашенко босқындар мен есірткі трафигін бақылауды қысқартамын деп айтқаннан кейін басталды. Бұл мәлімдемені ол Минск пен батыс елдері арасындағы кезекті шиеленіс кезінде жасаған болатын.