Елбасы – Конситутцияға қайшы қабылданған заңсыз атақ – тарихшы

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қаңтар күні өткен үкімет отырысында тарих оқулықтарында «бірізділік жоқ» деп, біркелкі оқулық жазуды тапсырды. Сондай-ақ 5 қаңтарда президенттің «Егемен Қазақстан» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды. Президент бір емес, бірнеше рет тарих туралы айтқанымен ғалымдар Тәуелсіздік жылдарындағы тарихты ашық, еш бүркемесіз жаза ала ма?

Президент өз мақаласында «Тарихымыздың ақтаңдақ беттері әлі күнге зерттемей келеді, соңғы отыз жылдықтағы жасампаз тарихымызды бүгінгі және болашақ ұрпақ білуі керек, сол үшін Қазақстанның жаңа тарихын жүйелі зерттеген жөн» деп жазды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында елімізде тек қана «жасампаз тарих» қана болған жоқ. Сыбайлас жемқорлықтан бастап, жеке басқа табыну және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ондаған адам бар. Міне осы тарихты болашақ ұрпақ білуі керек пе?
Осы және де өзгеде сұрақтарды «Қазақ елінің тарихы» деген кітап жазған тарих ғылымдарының докторы, профессор Есенғазы Қуандыққа қойған едік. Тарихшының айтуынша, министрден бастап, әкім-қараларға дейінгі «Нұр Отанның» 57 мүшесі жемқорлық фактісі бойынша сотталған. Сондай-ақ ол елімізде 22 адам саяси сипатпен сотталғанын тілге тиек етті.

«Біздің сорлы болып, кім көрінгенге мазақ болып жүруіміз тарихты дұрыс білмегендіктен. Қазіргі таңда «Ақиқаттан аттамаған жылдар» деген кітап жазып жатырмын. Бұл енді бомба. Қазір мұны шығара алмаймыз. Әріптес тарихшыларды жамандай алмаймын, олардың ішінде мықтылары бар. Бірақ аз. Кездескенде жақсы ойларын айтқанымен ол туралы жазбайды. Біздің тарихшылар өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай әрекет етеді. Мәселен елімізде 22 адам саяси сипатпен сотталған. Олардың ішінде Мадэл Исмаиловтан бастап, Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, Сейітқазы Матаев және Жанболат Мамай сынды азаматтар бар. Осы азаматтар сотталған жылдары Бас прокурор, Жоғары сот, Президент әкімшілігі мен Ішкі істер министрі кім болғанына дейін нақты жазылған. Келешекте менің оқулығымның бір бөлшегі.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтың атылғаны туралы оқулықта бар ма? Жоқ. Мысалы оны мен жаздым. Өзін-өзі үш рет атты дегенге адам баласы сене ме? Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы билік жазғызбайтын тақырыптарды жазу өте маңызды дүние. Мәселен, Жаңаөзен мен Арқанкерген оқулықта бар ма? Жоқ. Соңғы 30 жылда бұдан да маңызды тарихи оқиғалар болды. Алайда олардың бірде-бірі мектеп немесе ЖОО оқулыққа енген емес», – дейді ол.

Есенғазы Қуандықтың айтуынша, Назарбаевты Ұлт көшбасшысы деп дәріптей берудің қажеті жоқ. Өйткені ол – «Елбасы» деген атақтың өзі өтірік атақ екенін ескертті.
«Менің пайымымда, әлемде төрт-ақ лидер бар. Олар Ататүрік, Фидель Костро, Ленин, Махатма Ганди. Бұлар мемлекетті өз «кіндігінен» жасағандар. Қалғанының барлығы бірінің орнына бірі келген. Олар лидер бола алмайды. Ал осы шынайы көшбасшылармен салыстырғанда Назарбаев қолдан жасалған жасанды лидер. Өйткені, ол бұрын өмір сүріп отырған Қазақстан атты елдің билігіне кеңестік жүйеде қалыптасқан номенкулатуралық тәртіппен жағымпаздардың сыбайластығының арқасында кездейсоқ келген басшы.

Аты аталған 4 лидер халықтың мүддесіне сай қоғамдық құрылысы мүлде өзгеше жаңа мемлекетті өмірге әкелгендер. Олар өз халқының көсемдері дәрежесіне жеткен ұлт көшбасышылары. Бұл мәртебенің оларға биліктің көзі болып табылатын халықтың өзі тікелей ешбір құжатсыз берген. Ол берілген-мәртебе Назарбаевқа берілгендей қолдан жасалған заңсыз парламенттің шешімі емес. Мұндай халықтың шынайы ықыласына бөленген, зор мәртебені иеленген көшбасшылар қазақ тарихында да болған. Қазақ халқы ұлтына адал қызмет еткен, олардың мүдделері жолында өмірлерін сарп еткен екі ханға кезінде Әз Жәнібек пен Әз Тәуке деген құрметті атақ берген. Қазақ тарихында екі ханға ғана халық «әз», яғни «әзиз» деген есімді қосарлап берген. Олардың алғашқысы Керей ханнан кейін Қазақ жұртына хан болған әз Жәнібек болса, екіншісі- осы ханның кейініректегі ұрпақтарының бірі әйгілі әз Тәуке хан. Әзиз қасиетті Құранда бәрінен үстем деген мағына береді», – дейді ол.

Тарихшы Н.Назарбаевтың 70 жасқа толуына орай оған Ұлт көшбасшысы деген атақ заңсыз берілгенін айтады. Өйткені Конситутция бойынша аталған заңға қос палатаның төрағалары және Премьер-министрдің қол қоюға қақысы жоқ.

«2010 жылдың 14 маусымында ҚР кейбір Конститутциялық заңдарына ҚР Тұңғыш Президентінің Елбасы қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданды. Оның бірінші бабының екінші, үшінші абзацтарында Қазақстан мемлекетін құрудың бастауында тұрған және зайырлы-құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде егемен Қазақстанды дамытуда аса зор үлес қосқан ҚР Тұңғыш президентіне Елбасы – Ұлт көшбасшысы мәртебесі берілді. Осы үш жоғары лауазым иелері, ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов, ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов болатын. Осы үш тұлға қабылдап, қол қойған құжаттағы Қазақстан мемлекеттілігін құрудың бастауында тұрған және зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде егемеген Қазақстан дамытуға аса зор үлесі үшін деген дәлелсіз мадақ қандай фактілермен бағаланып, қалай өлшенетіні айтылмаған. 2010 жылдың 14 маусымында қабылданған заң ҚР Конститутциясына қайшы болып шықты. Өйткені ҚР Парламентінің қос палатасының төрағалары мен ҚР Премьер-министрінің аталған заңға қол қоюуы Конститутция бойынша қарастырылмаған. Сол себепті Елбасы деген жасанды мәртебе Конситутцияға қайшы қабылданған заңсыз атақ», – дейді ол.

«Тарихты жеңімпаздар жазады» демекші, Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы ақтаңдақтарды Назарбаев тұрғанда ашып жазу әзір мүмкін емес. Алайда «алтын кездіктің қап түбінде жатпайтынын» ескерсек, Назарбаев дәуіріндегі тарих жазылатыны анық. Міне сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жасампаз тарихын» бүгінгі және болашақ ұрпақ білетін болады.

KzNews.kz