Home Басты тақырып Біздегі имам, молдалардың дипломдары қаншалықты заңды?

Біздегі имам, молдалардың дипломдары қаншалықты заңды?

0
1174

Кеше ғана ақпараттық порталымызда Қазақстандағы бас мүфти мен оған қарасты діни басқармалардағы лауазымды қызмет атқарушыларға қатысты мақала жарық көрген еді. Мақала авторы  «Демос» ҚБ төрағасы,  Халықаралық журналистер федерациясының мүшесі Тұрарбек Құсайынов еліміздегі бірнеше имам-молдалардың біліктілік және білім деңгейіне қатысты күмән барын жасырмаған-ды. Осыған байланысты Т.Құсайынов ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймахамбетовтің атына ашық хат жолдап, аттары аталған имамдардың диплом, сертификаттарына тексеру жүргізуді сұрады. Хаттың толық мәтінін төменде жариялап отырмыз.

Құрметті Асхат Қанатұлы!

ҚР Білім және ғылым министрлігіне (БҒМ) тікелей қатысты мәселе болғандықтан Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы (ҚМДБ) қызметкерлерінің алған білімі мен ғылыми атақтарын жан-жақты тексеріп, ақ-қарасын анықтап беруіңізді сұраймын. Себебі бұл мәселе қазақ қоғамы үшін, еліміздегі мұсылман жамағаты үшін маңызды болып тұр.

Бұл хатта білімі күмәнді молдалардың бәрін түгендеп, Сізге және БҒМ-не көп жұмыс жүктеп қоюды жөн санамадым. Мысал үшін бірнеше дін қызметкерінің алған білімінің заңдылығын тексеріп беруді өтінем.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы Өтпенов 2011-2013 жылдары Астана қаласында Дін істер агенттігінде мемлекеттік қызмет атқарған.  Тура осы кезеңде, 2011-2013 жылдары  ол Астанадан мың шақырымдағы Алматы қаласында Абай атындағы университетте магистратурада оқыпты. Магистратураны сыртай оқуға болмайтыны белгілі. Ал Н.Өтпеновтың Дін істер агенттігінде жұмыс істегені анық. Сонда Н.Өтпенов Абай атындағы университетте магистр дәрежесін қалай алған? Оның дипломы заңды ма?

Магистр дәрежесіне сүйенген Наурызбай Өтпенов 2017-2020 жылдары Алматыда орналасқан Нұр-Мубарак университетінің докторантурасына түсіп, ғылым докторы атағын алып шығыпты. Бұл кезде де ол Астана қаласында діни қызмет атқарған. Олай болса, Н.Өтпенов  магистратураның да, докторантураның да талаптарын бұзған болып шықпай ма? Оның осы ғылыми дәрежесі заңды ма?

Құрметті министр мырза!

ҚМДБ имамдарының алған білімі жөінде serke.org сайтында жарияланған деректер жөнінде түсініктеме беруіңізді сұраймын.

https://serke.org/news/moldalar-kilemge-minip-usha-ma

Сайттағы мақалада Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары бас имамдарының БҒМ-ға қарайтын оқу орындарында алған біліміне күмән келтірген. Атап айтқанда, Алматы қаласының қазіргі бас имамы Төлеби Дәділұлы Оспанның 2016-2018 жылдары «Шет тілдер және іскерлік карьера» университетінде «Дінтану» мамандығы бойынша оқып, гуманитарлық ғылымдар магистрі атағын алған. Дәл осы уақытта Төлеби Оспан ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша бас имамы және «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің бас имамы қызметін қатар атқарған. Магистратураны сырттай оқуға рұқсат жоқ. Сонда Төлеби Оспан Ақтөбеде жүріп Алматыда қалай оқыған. Оған БҒМ берген диплом заңды ма?

Шымкент қаласының қазіргі бас имамы  Бақдаулет Нұрматұлы Абдурахманов та 2001-2005 жылдары Шымкенттегі Халықаралық қазақ-араб университетін «Дінтану және араб тілі» мамандығы бойынша бітіріпті.

Оның да Өтпенов пен Оспан секілді жұмысы бір қалада, оқуы мыңдаған шақырым жердегі басқа қалада болған.

Бақдаулет Абдурахманов 2008-2014 жылдары дәл осындай әдіспен Алматыдағы Қазақ қатынас жолдары университетін 5 жыл бойы оқып, «экономист» дейтін екінші мамандық алыпты. Мұны да жіті тексеру керек.

Нұр-Сұлтан қаласының қазіргі бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы Жүсіпов 1997-2001 жылдары Қызылорда қаласы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің экономика факультетін тәмамдапты.  Кейін, 2001-2003 жылдары Сирияның астанасы Дамаск қаласына барып, 2-3 айлық  араб тілі курсынан өткен.

Ерболат Жүсіпов осы оқығанын Дамаскідегі араб тілі институтын аяқтадым деп бәріне жар салып жүр. Бұл да тексеруді қажет етеді. Себебі, күмәнді білім алған Жүсіпов секілділер қолындағы түсініксіз құжатқа сүйеніп одан әрі магистратура мен докторантураға түсіп «оқып», ғалымдардың қоғам алдындағы беделіне нұқсан келтіреді.

Мысалы, наиб мүфти  Ершат Оңғаров Египетте екі жылдық курстың тыңдаушысы болған. Қазақстанға келген соң курстың  сертификатын арабшадан қазақша «магистратура бітірді» деп аудартып, нотариуспен рәсімдеп алды» деген сөз бар. Сол жалған құжаттың көмегімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторантурасын тәмамдаған. Қазір Нұр-Мүбәрак университетінің диссертациялық кеңесіне мүше, ғылым докторы.

Бас мүфти шындықтан қашып құтыла алмайды

Құрметті минстр мырза, Ершат Оңғаровтың сатылап ғылым докторы дәрежесіне жеткізген жағдаятты жіті тексеріп, бір жауабын беруіңізді сұраймын. Себебі Е.Оңғаровтың  Египеттен алған «магистр дипломының» көшірмесі БҒМ қарайтын ҚазҰУ-дың докторантурасына өткізілген.

Құрметті Асхат Қанатұлы!

ҚМДБ имамдары мен мүфтидің алған білімі мен ғылыми атақ-дәрежесіне қатысты күмәнді жайт мұсылман жамағаты көз тігіп, бой түзеуге тиіс мүфтиятты беделден әбден жұрдай етіп тынатын болды. Бұл жағдай қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі бола алмайды. Сонымен қатар, Сіз басқаратын Білім және ғылым министрлігіне қарайтын беделді оқу орындарына,яғни мемлекеттің осы салаға арналған стратегиялық бағдарламасына көлеңке түсіріп жатыр. Әрқашан мәселе ашық талқыланса ғана қоғамдағы күрделі мәселенің күрмеуі шешіледі. Сізден проблеманы жауып-жасырмай, ашық әрі тиянақты жауап береді деп үміттенемін.

 

Құрметпен,

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ,

«Демос» ҚБ төрағасы,

Халықаралық журналистер федерациясының мүшесі.

 

Мақала редакцияның көзқарасын білдірмейді. Қарсы тараптың пікірі бар болса, оны да жариялауға әзір екенімізді ескертеміз.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.