Байзақтағы әскери қоймада тағы жарылыс болды (видео)
Байзақ ауданындағы әскери оқ-дәрі қоймасында тағы да жарылыс болды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек жарылысы таңғы сағата 7:30-да орын алған. Және де бұл жарылыстан ешкімнің зардап шекпегені хабарланды. Жергілікті билік жағдайды толығымен бақылауға алған.
Қорғаныс министрлігі де оқиғаға байланысты таратқан ресми мәлімдемесінде бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенгенін айтқан. Сондай-ақ ведомство жарылыс салдарынан оқ-дәрілердің қалдықтары мен бөлшектері жан-жаққа ұшпағанын айтады. Аталған мәлімдемеде әскери қойма аумағында алдағы уақытта да бұндай жағдайлар орын алу мүмкін екендігі де айтылған.
Еске сала кетейік 26 тамыз күні Тараз қаласы маңындағы Байзақ ауданындағы әскери оқ-дәрі қоймасында жарылыс орын алып, әскери прокуратура, Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің жергілікті құрылымдарында қызмет ететін 17 адам қайтыс болған еді. Жарылыстан кейін жоғалған әскери қызметші Бауыржан Дауытбаевтан әлі күнге дейін хабар жоқ. Әскери қоймадағы оқыс оқиғадан соң қойма маңындағы 3 ауылдың тұрғындар эвакуацияланып, 29 тамыз Президент Жарлығымен Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.