Б.Байбек пен Nur Otan Экологиялық кеңесі Кіші Талдыкөлді құрғатуға қарсы
Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов елордадағы Кіші Талдыкөл мәселесіне қатысты Nur Otan партиясы мен Экологиялық кеңестің ұстанымы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz сайты.
Бұл жөнінде ол «Естеріңізге сала кетейін, бұған дейін партияға қоғамдық белсенділер мен экологтар осы мәселе бойынша кездесу ұйымдастыру жөнінде өтініш жолдаған болатын. Сондықтан қыркүйек айында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбектің тапсырмасымен біз Кіші Талдыкөлге қатысты жағдайды партия жанындағы Республикалық қоғамдық экологиялық кеңес мүшелерінің бастамашыл топпен кездесуінде талқыладық», — деп өзінің Facebook әлеуметтік желісінде жазба қалдырған.
Депутат Nur Otan жанындағы экологиялық кеңес осы мәселе төңірегінде жауапты орган емес, тек кеңес беругі орган екендігін атап өткен.
«Ең алдымен, «Nur Otan» партиясы жанындағы Республикалық экологиялық кеңес – консультативтік-кеңесші орган, ашық диалог алаңы, өзекті мәселелер қаралатын қоғам мен билік арасындағы байланыстырушы көпір екендігін атап өткім келеді».
Сонымен қатар, кейінгі кезде қоғам арасында жиі талқылауға түскен бұл мәселенің қашан, қалай туындағаны жөніндегі
жай-жапсарын да атап өткен.
«Айта кету керек, экологтардың шағымы мен өтініштері партияға көлдің маңында құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан кезде келіп түскен. Әкімдік өкілдері айтқандай, жоба бекітіліп, келісілген, құрылыс жүргізушілердің қолында барлық тиісті рұқсат құжаттары болған.
Кездесу барысында Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өз сөзінде құрылыс жұмыстарының тоқтатылғанын, нысанның су бетін сақтай отырып, түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарланғаны туралы хабарлады» — делінген жазбада.
Бұдан басқа, Е. Абақанов кездесуде талқыланған жайттарға тоқталып барып «Тиісінше, осы жобаны түзету немесе жалғастыру туралы шешімді заң және қала тұрғындары алдында толық жауапкершілік жүктелген елорда әкімдігі қабылдауы тиіс», — деп жазған.
Осы жазбаның соңында депутат жеке өзінің, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек пен партия жанындағы Экологиялық кеңес мүшелерінің ұстанымын, сондай-ақ мәселе төңірегіндегі қауесет сөздерге пікірін білдірді.
«Бұл мәселе төңірегіндегі менің жеке ұстанымым: мен көлді құрғатуға қарсымын. Өйткені қала үшін экофаунаны сақтау маңызды. Экологтардың мәліметтері бойынша Талдыкөл көлдері сулы-батпақты алқаптардың, даланың, шалғындардың маңызды экожүйесін құрайды. Бұл көлдер жүйесі – фаунаның сирек кездесетін түрлерінің мекендейтін орны. Сондай-ақ, барлық мәселелер құқықтық тұрғыда шешілуі тиіс деп есептеймін.
Біздің Кеңестің көптеген мүшелері мен Б. Байбектің осы мәселе бойынша ұстанымы сәйкес келеді деп толықтай айта аламын.
Сондықтан Кеңес пен партия мүдделі тараптарға талқылау алаңын ұсына отырып, өз функциясын орындады деп санаймын. Партияны Кіші Талдыкөлді құрғатумен байланыстыратын барлық әрекеттер – инсинуация мен арзан пиардан басқа ештеңе емес!».