Режиссер Ердос Қанаевты басты рөлге не үшін таңдағанын айтты

0
4229

– Дәрежан аға, күні кеше өзіңіз түсірген “Ақын” фильмі 34-ші ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТОКИО КИНОФЕСТИФАЛІНДЕ “Үздік режиссура” аталымы бойынша жеңіске жетті. Құтты болсын айтамыз.
– Рахмет.

Аталған фильмді түсіру туралы идея қайдан келді? Жалпы «Ақынды» түсірудің тарихын айтып берсеңіз…
«Ақын» фильмінің сценариін жазуға түрткі болған немістің Герман Гессе деген жазушысының шығармасы. Кезінде ол «Игра в бисер» деген романы үшін Нобель сыйлығын алған. Оның кітаптарын жас кезімде, студент кезімде көп оқыған едім. 2-3 жыл бұрын жазушының «Авторский вечер» деген кішкене әңгімесі қолыма түсті. Автобиографиялық әңгімеде Гессе өзінің басынан кешкен оқиғасымен бөліседі. Жас ақынды Германияның провинциясындағы қалаға «Әдеби кешіңізді ұйымдастырғымыз келеді» деп шақырады. Ақын бүкіл қала мені күтіп отырған екен деп, алып ұшып келсе, мәдениет сарайына ешкім келмей қалыпты. Соны күлкілі етіп жазған екен. Сол әңгімесі түрткі болды. Оның желісімен деп айтуға болмайды. Ол әңгімеде желі жоқ, 2-3 беттік, қысқа ғана. Үлкен сценарий бастауға түрткі болды десем болады. Себебі бұл жерде шығармашылық адамының басынан өткен жағдайы, мәселелері арқылы үлкен тақырыпты қозғауға болады деген ой келді маған. Сценарий жазылып, байқауға ұсынылды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

Өзім жазушы, ақын болмасам да, басты кейіпкер ретінде ақынды таңдаған себебім – бүгінде әлем бойынша әдебиеттің, сөздің қадірі төмен түсіп бара жатыр, оның орнына жаңа технологиялар келуде. Жазушылардың жағдайы мәз емес. Бірақ, «өнер алды – қызыл тіл» дегендей, халық оқысын, оқымасын ақындар, жазушылар жазуын қоймайды. Фильмде шығармашылықтың адамы қиыншылыққа қалай төтеп беретінін көруге болады.

Фильм екі желіден тұрады. Біреуі қазіргі кездегі жас ақын Дидардың өмірі. Оның қолына Махамбеттің мерейтойына арналып шығарылған кітаптардың он төртінші томы түседі. Махамбеттің қалай өлгені, оның сүйегінің тағдыры мен қаншама жылдан кейін ғана орнын тапқаны туралы. Ноэль Шаяхметов деген антрополог болған. Қазақстан Компартия Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың ұлы. Сол жылдары Ресей ғалымдары сүйегі арқылы адамның пішімін қалай жасауға болатынын ойлап табады. 1966 жылы 9 шілде күні ғалымдар Махамбеттің сүйегін қазып алып, пішімін жасайды.

Бірақ кейіннен апарып қояйын десе, алғаш Грузияда пантеон салу идеясы пайда болып, Қонаев елді басқарып тұрған кезде, «сүйегін орнына қоймай тұра тұрыңдар, Алматыда да пантеон салынып, көптеген танымал тұлғалардың сүйегі сол жерге қойылуы мүмкін» деген бұйрық беріледі. Солай жүргенде Шаяхметов биліктен кеткеннен кейін, баласын Мәскеуге жұмысқа шақырады. Ол кететін болып, Махамбеттің сүйегін әпкесінің үйіне қалдырып кетеді. Сол әпкесінің үйінде 17 жыл жатып, 1983 жылы ғана Атырау облысы, Қараойға апарылып қойылады.

Екінші желісінде ақын өзін Махамбеттің рөлінде отбасымен бірге елестетеді. Осындай ерекше тәсілді қолдандық. Екі желі қатар жүреді.

Ақын барлық уақытта ақын болып қалады. Екеуінде де ортақ нәрсе бар. Ақындар майданның алдында жүретін, рухани дүниенің жауынгерлері. Махамбеттің кезінде ақындарды өлтіру арқылы жазаласа, қазіргі кездегі ақындарды оқырман оқымаса, ол да бір жазалаудың бір түрі.

– Басты рөлге белгі әнші Ердос Қанаевты таңдадаған екенсіздер. Ол әу баста жүрексінгенін, бірақ сіз оған сенім артқан көрінесіз? Әнші сеніміңізді ақтады ма?
– Басты рөлге басында бір жас режиссерді түсіреміз деп дайындап отыр едік. Оның бір кемшілігі Алматы қаласында туып, өскен. Қазақ мектебінде оқыған. Бірақ, тілі, ойлау жүйесі орысша екені көрініп тұрды. Көзінен қазақша өлең жазбайтыны көрініп тұрды.
Содан карантин басталып кетті. Сол кезде үш айға дайындық тоқтады. Біз үшін өте ыңғайлы бола кетті. Мен асықпай ютубті қарап отырып «Жігіттер» квартетін байқап қалдым. Шымкенттен шыққан топ екен. Сондағы оң жағындағы, ат жақты жігіт Ердос Қанаев екен. Тілі де, түрі де қазақ ақынына келіп тұрды. Рөлге дәл келгенін өздеріңіз фильмді көргенде куә боласыздар деп ойлаймын. Сөйтіп, пандемияның да бізге септігі тие кетті.

Ноэль Шаяхметовтің рөлін қазаққа белгілі театр режиссері Жұмат Шаниннің немересі, актер, режиссер Болат Шанин жақсы ойнады. Көңілімнен шықты.
Сонымен қатар, көпшілікке белгілі адамдардың бірі Әлия Бөпежанова деген әдебиет сыншысы өз-өзін сомдайды фильмде. Ақыннан сұқбат алады.

Ақын туралы фильм болғандықтан бүгінгінің ақындары Ерлан Жүніс пен Ақберен Елгезектің өлеңдерін пайдаландық. Жақында киноэкранға шыққан фильмді халық дұрыс бағалайды, қолдайды деп сенемін.
– «Ақын» фильмі көпшіліктің көзайымына айналсын.

Сұхбаттасқан Торғын Төлегенқызы