Аралдың мұңдасы – Барсакелмес

0

Арал туралы сұрақ қойғанда теңізбен қатар Барсакелмес аралы мен қорықтың көз алдымызға келері ақиқат. Қорыққа бармас бұрын көз алдымда өсімдіктермен көмкерілген жануарларға толы орын елестеген болатын. Шындық одан да ащы болды. Теңіздің тартылғанын білсем де, шындықпен бетпе-бет келгенде көзіме еріксіз жас үйірілді. Барсакелмес аралының үстінен қаңырап бос тұрған кеңістікті тамашаладық. Өсімдігі де, жануары да көзге көрінбейді. Барсакелмес аралы шөл дала іспеттес еді… Тек қана теңіз қабыршақтары Арал теңізінен қалған белгі іспеттес еді…

Арал теңізіне сапарымыз барысында басынан соңына дейін қасымызда «Барсакелмес» қорығының директоры Зәуреш Жансұлтанқызы Әлімбетова болатын. Өзі нәзік жан болғанына қарамастан бойынан қайсарлылық пен өжеттілікті байқадым. Әлия мен Мәншүк апаларыма ұқсаттым. Сонымен қатар табиғатқа деген жанашырлығы мен еңбекқорлығын байқауға болады. Осы қасиеттер бойынан табылатын Зәуреш Жансұлтанқызымен «Барсакелмес» қорығының қазіргі жағдайы мен жануарлар әлемі туралы сұхбаттасу сәті түсті. 

«Барсакелмес» қорығының директоры Зәуреш Жансұлтанқызы Әлімбетова. Фото: Айнұр Шошаева.

– Әңгімемізді Барсакелмес қорығының құрылу тарихынан өрбітсек… Қорық қандай мақсатпен құрылды?

– «Барсакелмес» қорығы 1929 жылы «қорғалым» ретінде құрылған болатын. Себебі Кеңес Одағының қиын-қыстау кезеңінде мыңдаған балпақ немесе үлкен сарышұнақ көзге түсіп, халыққа қажетті киімдер тігу үшін балпақты өсіруге құрылған болатын. Уақыт өте келе табысы азайған соң өндіріс жабылған. Сол кезде Арал – солтүстік шөлді даланың экожүйесінің эталоны саналған. Ғалымдардың бастамасымен он жылдан кейін, 1939 жылы осы Барсакелмес аралында қорық құру шешімі қабылданған. «Барсакелмес» қорығы аралда орналасқандықтан резерват ретінде шөлді далаға бейімделген жануарлардың санын көбейтуге, оларды қорғауға қатысты жұмыстарды атқарған. Көптеген тарихи мәліметтерге сүйенсек, мыңдаған қарақұйрық, мыңдаған киіктер мекен еткен арал болып саналған.

Арал теңізі тартылғанға дейін «Барсакелмес» қорығында қарақұйрықтың саны көп болған. Қазір 200-ге жуық қана қалған.

– Жануарлар әлемі жайлы баяндасаңыз… Бұрынғымен салыстырғанда жануарлардың саны азайып қалды ма? Қызыл кітапқа енген жануарлардың санын көбейту мүмкін болды ма?

– Тарихи деректерге шолу жасасақ, 1935 жылы Қазақстанда киік соңғы рет атылған болатын. Ежелден бастап киік аңшылықта ауланған жануар болатын. Уақыт өте келе Қазақстан құлансыз қалған болатын. «Қазақстанның даласы құлансыз дала емес» екені баршаға мәлім. Осындай орын алған келеңсіз жағдайдан кейін 1954 жылы Түрікменстанның Бадхыз қорығынан құландарды әкеліп, Аралға жерсіндіру жұмыстары басталған. Сол жылы құланның жеті басын қоныстандырған: екі аталық, бес аналық. Аталмыш жұмыстың нәтижесінде қорықта құландардың саны көбейген. Қорықтағы жануарлар Арал теңізінің суын ішкен. Қорғалған аумаққа қоныс тепкендіктен, жақсы жайылым болғандықтан жақсы өсімі болған. Өкінішке орай, Арал теңізі тартылған соң, ішетін суы болмағандықтан және олар Қызыл кітапқа енгізілгендіктен құландарды сақтап қалу мәселесі қолға алына бастады. Туындаған экологиялық ахуал ескеріле отырып, «Барсакелмес» қорығы жайғасқан Аралда судың жоғалып, бірақ жан-жағындағы басқа аралдарда судың болуы құландарды басқа өңірлерге қоныстандыру шешімін қабылдауға мәжбүр етті. Сол кезде бірнеше құланнан айрылып та қалдық. Оларды тасымалдау да оңайға түскен жоқ. Маңғыстау мен Жамбыл облыстарына, Қапшағайдағы «Алтын Емел» ұлттық саябағына апарылды. Жыл сайын санақ көктем мен күз мезгілінде өткізіледі. Өзіміздің санақ жұмыстарына сүйенсек, «Барсакелмес» қорығында құландардың 600-ден астам басы бар. Ал Қазақстан бойынша алғанда, «Алтын Емел» ұлттық бағында 4 мыңнан астам, Қазақстан бойынша алғанда 6 мыңға жуық құлан бар. Біз Қазақстандағы құландарды «Барсакелмес» қорығындағы құландардың ұрпақтары деп мақтанышпен айтамыз.

Қорықта ақбөкендер де өте аз қалған. Қыста олар қорықта қыстап, жазда су іздеп, басқа жаққа ауып кетеді.

Құландар 600-ден астам ғана қалды, теңіз тартылғанға дейін әлдеқайда көп еді.

Ресми түрде «Барсакелмес» қорығы деп аталғанмен, құландар жерсінгеннен кейін қорық «Құландар аралы» деп атала бастады. Құландар, киіктер, қарақұйрықтар су көзін іздеп, 60 шақырым жерде орналасқан үш ауызсу көзі бар Қасқақұлан деген аралға бейімделіп, сол жерде қалып қойған. Кеңес Одағы кезінде Барсакелмес аралына теңіз бен әуе жолы арқылы қатынаған. Одақ ыдыраған соң «Барсакелмес» қорығы қиын-қыстау кезеңді басынан өткізді. «Барсакелмес» қорығына теңіздің кепкен табанымен баруға мүмкіншілік болмаған. Бұрынғы қатынау жолдары жоқ. Жануарлар жаңа орынға ауып кеткен соң «Барсакелмес» қорығының бұрынғы басшылары, өзім басқарған мекеме Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бірігіп, Халықаралық Аралды құтқару қорымен және халықаралық ұйымдармен, біздің ғалымдармен бірге зерттеу жұмыстарын қолға алып, дәлелдер келтіріп, қыруар жұмыстар атқарылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 қарашадағы «Мемлекеттік қорыққа жер телімдерін тұрақты пайдалануға беру туралы» №1162  Қаулысымен «Барсакелмес» пен «Қасқақұлан» телімдері енгізілген, ал техникалық-экономикалық негіздемемен белгіленген және шалшықты-батпақты жерлер болып табылатын «Дельта» телімін бөлу Көкарал бөгетін және Ақлақ су тоспасын салуға байланысты тоқтатылған болатын. Осы қаулыға сәйкес қорық он есеге ұлғайды. Су көзі бар жаңа жерлерді қорықтың жануарлары мекендей бастады.

Құландар, қарақұйрықтардың саны көбеюде. Өкінішке орай, киіктер мен ақбөкендер қыста қорыққа келеді, жаз мезгілінде болса, су көзін іздеп, қорықтан тыс жерлерді мекен етеді. Қорық «ерекше қорғалатын табиғи аумақ» деген статусқа ие болды. Жергілікті халықпен жұмыс істеп, қорықтың маңыздылығы туралы түсініктемелер берілді.

– Соңғы жылдары браконьерлермен күрес тақырыбы белең алды. Қорықта браконьерлермен күрес қалай жүргізіледі? Қорық қызметкерлері арнайы қару-жарақпен, керекті жабдықтармен жабдықталған ба?

– «Барсакелмес» қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерват тізіміне енді. Ең бірінші, бұл бағдарлама бойынша адам мен биосфера арасындағы тепе-теңдікті сақтап, халықтың жағдайын да ескеріп, табиғатқа аяушылықпен және қамқорлықпен қарауды үйреттік. Қазіргі жағдайда қорықтың жануарлар әлеміне жергілікті халықпен бірігіп қарап отырмыз десем, артық айтқандық емес. Бізде күзет бөлімі қызмет атқарады. Оның міндеті – табиғи кешенді қорғау және сақтау. Сонымен қатар ғылыми жұмыстармен айналысып, санақтар жүргіземіз. Шамалы болса да, жануарлар санының көбею үрдісі байқалады. Жайылымы, өсімдік әлемі болсын, өзінің деңгейінде, өз ретімен өсіп келеді.

18-ге жуық сүтқоректілердің түрі бар, энтамофауна бар, оның 2 мыңнан астам  түрі бар, 378-ге жуық құстардың түрлері бар. Құстарға келетін болсақ, біреулері төрт мезгіл бойы қорықты мекен етсе, кейбіреулері көктем, күз мезгілдерінде ғана ұшып келеді. 600-ден астам құлан бар, 200 бас қарақұйрық, шамалы ақбөкен, түлкі, қасқыр, дәусемен бар.

– Қорықтың дамуына қажетті қандай іс-шаралар атқарылды?

– Соңғы уақытта Қазақстанда табиғатты қорғау – басым бағыттардың бірі болып саналады. Қорықтың аумағы ұлғайтылды, материалды-техникалық базасы дұрысталды, әрине, әлі де шешілмеген мәселелер баршылық. Бізден басқа қорықтар бар. Барлық мәселенің бірден шешімін табу қиын. Қорықтағы барлық жануарларды қорғауға және сақтауға қажетті жағдайлар жасалды. Штатқа қызметкерлер қабылданды, көліктермен қамтамасыз етілдік. Қорық қару-жарақпен және керекті жабдықпен қамтамасыз етілген. Үлкен ғимарат салынды, заманауи музей де бар. Экологиялық ағарту жұмыстары жүргізіледі. Өзім жергілікті халықпен бетпе-бет кездесіп, жасалынып жатқан жұмыстарымызды баяндап, хабардар етеміз. Көкарал дамбасы салынғанымен, балық шаруашылығы жақсы дамыды. Қорықтың қасында орын тепкен елді мекендер көбінесе балық және мал шаруашылығымен айналысады. Біз жергілікті халықпен қоян-қолтық жұмысымыздың арқасында жануарлар мен өсімдіктер әлемін бірге қорғап отырмыз деп ойлаймын. Осылайша, биосфералық резерваттың бір бағытын орындап отырмыз. Арал өңіріне басқа өңірлерден де жануарларымызға қызығушылық танытатындар бар. Бірақ қорық жұмысын жалғастырып, бәрін қадағалап отыр. Мемлекеттік инспекторлар күндіз-түні жұмыс жасайды, учаскелерді бақылап отырады, өртті болдырмау әрекеттерін жасайды. Инспекторлар мен ғылыми қызметкерлер ауысымдық жұмыс атқарады. Осы жұмыстар бір бағытқа қойылған. Қорыққа заңсыз кірген жағдайлар кездесті, бірақ қылмыстық әрекеттерге жол берілген жоқ.

Осы үйлерде Арал теңізі тартылғанға дейін осы аймақты зерттеуге келген ғылыми қызметкерлер мен экспедиторлар қонып жүретін.

– Қорықтағы еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Мен осы қорықта 20 жылдай қызмет атқарып келемін, 10 жылдан астам уақыттай басшы лауазымындамын. Мен Ауыл шаруашылығы институтын тәмамдадым. Ауылды мекендер ыдырап, урбанизация үрдісі белең алған уақытта, әрине, қиыншылықтар болды. Университетті бітіріп, қорықта жұмыс жасайын деп арнайы келген жоқ едім. Менің мамандығыма жақын деп таңдадым, зертханашы қызметінен бастап, ғылыми қызметкер, директордың орынбасары қызметтерін атқардым. Осы жұмысты меңгеріп, икемделіп алғаннан кейін маған басқа жұмыс қажет болған жоқ, осы жұмысқа беріліп, осы жұмыстың жаныма жақын екенін сезіндім. Басқа жұмысты іздегенім де жоқ. Қорықтың дамуы үшін көптеген жұмыстарды әлі атқаруымыз керек.

– Арал өңірінде экотуризмді және экстремалды туризмді дамытуға мүмкіндік бар ма?

– Біздің мекеме – мемлекеттік мекеме. «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы. Он қорықтың ішінде 4-ашылған қорық. 80 жылдан астам тарихы бар. Үкімет те, халықаралық ұйымдар да, ғалымдар да Арал теңізін зерттеу барысында «Барсакелмес» қорығынан аттап өткен емес. Арал теңізін көрген адам «Барсакелмес» қорығын да көргісі келеді. Инфрақұрылым, туризмді дамыту жағынан қиыншылықтар бар. Туризмді дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылу қажет. Үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдар арқылы Арал мәселелерін шешуге тырысамыз. Басқа ерекше қорғалатын аймақтар ішінде Арал мәселесі күрделі болғандықтан тек қана Үкіметтің жұмысымен шектелмей, Арал өңірін дамытуға қатысты әртүрлі жобаларға қатысамыз.

Экстремалды туризм үшін немесе Арал проблемасын өз көзімен көргісі келетін адамдар көп. Күндіз олар Арал өңірін аралағанмен кешке демалатын орындар керек. Экотуризмді дамытуға жергілікті халықты шағын қонақүй сияқты демалыс орындарын ашуға үйретуіміз керек. Арал өңірінің халқы балық және мал шаруашылығымен шектеліп қалған. Бірақ келешегіміз – жастар экотуризмнің маңыздылығын түсінетініне сенімім мол. Жастармен бірге қолдау көрсететін серіктестерді тапсақ, мәселені ақырындап шешуге болады.

– Қорықтың дамуына қандай көмек қажет?

– 2020 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен біздің жұмысымыз бағаланып, «Елім-ай» республикалық сыйлығы табысталды. «Барсакелмес» табиғи қорығы «Үздік қорық» номинациясын жеңіп алды. Тұңғыш рет тағайындалған осы марапатқа ие болуымыз біз үшін ары қарай жұмысымызды жалғастыруға мотивация болды. Біз осыны мақтан тұтамыз. Алға қойған мақсат-міндеттерімізді адым-адым орындаймыз. Әріптестеріме ««Барсакелмес» қорығында қызмет атқару, Арал өңірін қиын-қыстау кезеңде қалпына келтіру, жануарлар әлемін аялау – біздің миссиямыз, қорық – Алланың берген сыйы деп қабылдауымыз қажет, осы мекемеде қызмет атқарғанымызды мақтаныш тұтуымыз керек» деп, әрдайым айтамын, Аралдың жағдайын жақсарту үшін ең бастысы адами ресурстар қажет. Яғни атамыз қазақ айтқандай, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» немесе «Көп түкірсе – көл» болады дегені ақиқат.

– Мағыналы да мәнді, пайдалы ақпаратқа толы сұхбатыңызға көп рақмет!

 Бұл материал Германияның Федералдық Сыртқы істер министрлігінің (Auswärtiges Amt) қаржыландыруымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы және DW Akademie медиа дамыту халықаралық ұйымы бірлесіп жүзеге асыратын «Орталық Азияның трансшекаралық экологиялық мәселелерін медиада жариялаудағы ықпалдастық» жобасы аясында дайындалды.

 

Сұхбаттасқан Әсемгүл Жұмағұлова