«Депутат 30 жылдыққа орай халықтың несиесін кешіруді сұрады»: Мақұлданды ма?

0

Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев азаматтардың берешегі өтіп кеткен 199 млрд теңгелік несиесін кешіріп, оларға рақымшылық жасауды талап етті. Осы талапты депутаттар үкімет басшысының орынбасары Әлихан Смаиыловқа қойып отыр, деп хабарлайды kznews.kz сайты ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.

«Қазақстан халқының банктердің алдындағы қарызы көбейіп бара жатыр. Қазіргі таңда халықтың 27 пайызы банктер борышкер, Ипотекалық несиелелер берешегі 2,7 трлн теңгеге жетіпті. Тұтынушылық мақсаттағы несиелер 5,19 трлн теңгеге жетсе, мерзімі өткен берешек 199 млрд теңгені құрап отыр. Елде заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заң бұрыннан жұмыс істеп келеді. Бірақ жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жоқ. Біз бұған дейін де осы мәселені көтергенбіз», — деді депутат.

Оның айтуынша, халық қарызға белшесінен батып барады. Депутат банктер коллекторлардың артына тығылмай, ашық жұмыс істеуі керектігін мәлім етті.

«Банктер қарақшыдан сорақы болып барады. Қарақшының өзі соңғысын тартып алмаған. Олар әлеуметтік көмек пен хейнетақыға дейін қолға салып отыр. Амалы қалмаған адам өз-өзіне қол салады», — дейді ол.

Азамат Әбілдаев қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасап отырған мемлекет қаржылық қиындыққа тіреліп отырған азаматтарға да рақымшылық жасалуы керектігін мәлім етті.

«Олар да қоғамның бір бөлшегі. 199 млрд теңге – мемлекет үшін түкке тұрмайды. Осыған байланысты оларға рақымшылық жасауды, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң енгізуді сұраймыз», — деді ол.