Алматы облысында мектеп мұғалімі оқушыны көлікпен қағып өлтірді

0

Алматы облысында ұстаз өзі жұмыс істейтін мектепте оқитын оқушыны көлікпен қағып өлтірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Оқиға болған Қосөзен ауылының тұрғындары мектеп айналысындағы жолда оқушылардың қауіпсіздігі мүлдем сақталмағанын айтады. Олардың айтуларынша, мұнда жол ережесіне қатысты қауіпсіздік белгілері түгілі, балалар жүретін тротуар да жоқ. Жергілікті әкімдік тек қайғылы жағдайдан соң қимылдап жатыр.

Сабақтан соң алаңсыз үйіне қайтып келе жатқан баланы сол мектепте жұмыс істейтін мұғалім қағып кеткен. Мектеп маңында қауіпсіздік шаралары сақталса, мұндай күйге түспес едік дейді балаларынан айырылған ата-ана.

Отбасында бір қыздан кейінгі Ерасыл үйінің кенжесі екен. Сол күні мектепке кеткен ұлды қайтар жолда әпкесі жетектеп келе жатыпты. Қас-қағым сәтте жүйткіген көлік түйреп өткен бала ауруханаға жетпей көз жұмған.

“Құлындай боп еркелеп жүрген бала еді ғой. Жеті жастағы бала, ең тәтті кезі. Сабағын да беске оқитын. Бес жасынан бастап сабаққа барған. Мен ұлымның атынан шағым айтайын деп тұрған жоқпын. Бірақ мектепті айдалаға салып тастаған. Мына жерде жүк көліктері ағып жүреді. Тротуар жасап беру керек еді. Екі жағында қоршауымен жасау керек еді”, – дейді Ерасылдың әкесі Жанахмет Алтыбаев.

Қайғылы оқиға орын алған соң жергілікті тұрғындар балаларын мектепке жіберуден қорқып қалған.

“Ең біріншіден, балалардың қауіпсіздігін ойламайды. Бізде балалар екі жақтан келеді. Не жолы жоқ. Қарапайым халыққа болуы керек нәрсені біз неге арттарынан жүгіріп сұрауымыз керек? Біз неге күнде қорқынышпен өмір сүруіміз керек?! Баламыз үйге тірі келе ме, келмей ме деп, қашанғы үреймен отырамыз?”, – дейді Жібек Сыздықова.

“Мына жақта 4-5 карьер бар деп естиміз. «КамАЗ» дегендер күндіз-түні біздің жолдан үзілмейді. Жолымыз тар. Бір үйдің кішкентай балапаны кетіп отыр. Міндетті түрде сондай шығын болу керек пе еді, сондай заңдылықты істеу үшін. Мынау сұмдық қой!”, – дейді Кәмила Ысқақова.

Оқушы өлімінен соң әкімдіктегілер қозғала бастапты. Саяжайдан балаларды тасуға екі автбоус бөлініпті. Тас жол үстіне жылдамдықты бәсеңдетуге септігін тигізетін кедергілер қойылған. Жақын күндері жылдамдықты асырмауды ескертетін белгілер орнатамыз деп сендірген шенеуніктер тротуар мәселесін де шешеміз дейді.

“Біздің тарапымыздан хат жазылды. 900 метрлік тротуар, жарықтандырумен бірге. Қазір жұмыс басталды, қазан айында жүргізіп береміз. Енді ауыл тұрғындарының сұрауы бойынша, мына жаққа да тағы 900 метрлік тротуар салсын деп жатыр. Барлығы 18 мың метр, соған 35 миллион теңге қаражат бөлініп жатыр”, – дейді Қараой ауылдық округінің әкімі Айдос Тәженов.
Ал полицейлер көлікті тізгіндеген 23 жастағы дене шынықтыру сабағының мұғаліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Қазір сотқа дейінгі тергеу барысында қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.