Альберт Линдердің қазасына себепкер делінген Седов қызметтен уақытша шеттетілді

0

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы атлет Альберт Линдер өз-өзіне қол жұмсап көз жұмған соң арнайы комиссия құрып, тексеріс бастады, деп хабарлайды kznews.kz сайты Азаттыққа сілтеме жасап.

Тексеріс кезінде ұлттық құраманың аға бапкері Сергей Седов уақытша қызметтен шеттетілді. Жаттықтырушының құрамаға оралу-оралмауы комиссияның қызметтік тексерісінен кейін белгілі болмақ.

17 қыркүйекте ауыр атлет Альберт Линдер 25 жасында Талдықорғанда өзіне қол салып қайтыс болған соң марқұмның бауыры Семен Линдер мен басқа да ауыр атлеттер бұл қазаға Седовты айыптаған. Ауыр атлеттер «Седов спортшыларға психологиялық қысым жасайды, қол көтереді» деген. Ал Семен Линдер ағасы Альберт Линдердің спорттан кетуіне Седовтың қысымы себеп болды деп мәлімдеді. Спортшылар Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Седовтың бапкерліктен кетуін талап етті.

Ауыр атлетика федерациясы құрған комиссияға мемлекеттік жаттықтырушы Меңдіхан Тәпсір; төрешілер Ольга Соловьева мен Александр Стерликов; допинг дауына ілініп, Лондон олимпиадасында алған алтынын қайтарып берген ауыр атлет Светлана Подобедова; Қазақстан ауыр атлетика федерациясының атқарушы директоры Алдияр Нұралинов кірген.

Ауыр атлеттің суицидінен соң Алматы облысы полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған еді. Қазақстан ауыр атлетика федерациясы тергеуге қолдан келгенше көмектесетінін мәлімдеді.

Альберт Линдер 2017 жылы Азия чемпионатында және жазғы университетінде чемпион атанған.