2021 мәжіліс сайлауының шынайылығына сын айтуға негіз бар — «Стратегия» зерттеу орталығы
Биылғы мәжіліс сайлауының ресми қорытындысының шынайылығына қатысты әлеуметтік желілерде көптеген сын айтылды. «Стратегия» зерттеу орталығының жүргізген сауалнамасы мұндай күмәннің болуына негіз бар екенін көрсетеді. Электораттың белсендігі және партиялардың жинаған дауысы бойынша сауалнама нәтижесі мен ресми мәліметтер арасында зор алшақтық бар, деп хабарлайды Vlast.kz сайты.
2021 жылы 10 қаңтарда Қазақстан парламенті төменгі палатасының (мәжіліс) депутаттарын сайлау өтті. Алғаш 16 жыл ішінде сайлау Конституциялық мерзімінде өтіп, 5 саяси партия сайлауға қатысты. Бұл сайлауда бірінші рет әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар үшін 30% квота бөлінді.
Бұл тек мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде ғана емес, сондай-ақ мәслихат депутаттарына қатысты да жаңалық болды. Осыған дейін мәслихат депутаттарын бір мандатты жүйе бойынша сайлап келсе, осы жылы партиялық тізім бойынша сайланды.
Күрделі кезеңдердің бірінде өткен бұл сайлаудың басқа қандай жаңалықтары бар, сондай-ақ сайлау барысындағы қазақстандықтардың электоралды әрекеттері қандай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын «Стратегия» Қоғамдық қоры өз қаражатына іске асырған сауалнамасында анықтауға тырысты. Әлеуметтік зерттеу 1180 тұрғыннан тұратын жалпыұлттық іріктеме негізінде, 6-19 ақпан аралығында өтті.
Ресми мәліметтер vs сауалнама
Орталық сайлау комиссиясы ресми мәліметтері бойынша өткен сайлауда дауыс берушілердің үлесі 63% болған. Зерттеу нәтижелері бұл көрсеткіштерді растамайды. Сауалнама қорытындысы бойынша, тек 45% респондент сайлауға қатысқаны жөнінде мәлімдеді. Сәйкесінше, сауалнамаға қатысқан тұрғындардың жартысынан көбі (51%) сайлауға қатыспаған.
10 қаңтарда сайлауға көпшіліктің қатыспауына қандай себептер бар? Зерттеуге сәйкес, қазақстандықтардың сайлауға қатыспауының басты себебі – оның нәтижелеріне сенбеуі. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің жартысынан көбі (55%) сайлау нәтижелері алдын ала белгілі болғандықтан, сайлау учаскесіне бармағанын айтады. 12% респондент толыққанды немқұрайлық танытып, сайлаудың өміріне ешқандай қатысы жоқ екенін баяндаған. Әрбір оныншы респондент (11%) сайлауға қатысқан саяси партиялардың ешбірі көңілдерінен шықпаған соң, дауыс бермеуді жөн көрген.