Жиһаз күтімі

0
Жиһазды ұзақ уақыт қолданғыңыз келсе, оған дұрыс күтім жасау керек. Оны пеш пен орталықтан жылыту батареяларына жақын және күннің көзі тікелей түсіп тұратын орындарға қоюға болмайды.Жылу мен күн көзінің әсерінен жиһаз қақсып, қисайып, оңып кетеді.

Лак жағылған және жылтыратып өңделген жиһаздың бетіндегі шаң мен кірді ешқашан дымқыл шүберекпен немесе сумен кетіруге болмайды. Бұдан өңі күңгірттеніп қана қоймай, мебельдің бетіне ұсталған фанер қабаты ажырап кетуі мүмкін.

Жиһазды, оның лак жағылған және жылтыратып өңделген бетіндегі шаңды таза құрғақ фланель, шұға немесе пүліштің қиындысымен сүртіп тазалайды.

Диван, кресло мен жұмсақ орындықтарды кірлеуден және шаңнан сақтау үшін үстіне жеңіл кілем немесе гобелен төсеуге болады. Сондай-ақ, ауыр матадан арнайы тігілген жабындылар пайдаланылады.

Шаңсорғыш болмаған жағдайда жиһаздың тысын былай тазартуға болады. Мебельдің үстіне дымқыл ақ жайма немесе басқа бір мата жауып, шаңды соқпақ таяқпен қағады. Кірлеген матаны суға шайқап, сығып алады да осылайша тазалауға пайдаланады. Бірнеше қайталап тазартқан соң қаптаманы құрғақ шүберекпен сүртеді. Немесе, мүмкіндік болса, аулада жақсылап қағып алған жөн, әсіресе қыста.

Жиһаздың пүліш, репс немесе басқа матадан тігілген қаптамасын жылы сумен, губканы жақсылап сығып алып тазартады. Майлы дақтарды майлы ыдысқа арналған қоспалар жақсы кетіреді.

Қолданыла келе жиһаз өзінің бастапқы түрінен айырылады: беті күңгірттеніп, кей жерлерде бояуы сыдырылып, сызаттар, дақ және басқа ақаулар пайда болады. Фанерленген жиһаз бетінің кішігірім көтеріліп кетуін (фанер желімінің ажырауы салдарынан) былай жояды. Егер күмпиген жерде желімі сақталған болса, сол жерге қабаттап қағаз салады да, ыстық үтікпен үтіктейді, еріген желім фанерді орнына жабыстырады. Ал болар-болмас көпіршіктерге қыздырылған металл қасық басса да жетіп жатыр.

Егер «көпіршіктің» астында желім болмаса, оны тесіп немесе ағаш талшығын бойлата тіліп, сол жерден желім жіберіп, үтіктеу керек.

Жылтыратып өңделмеген жиһазды жаңарту

Тазартатын жиһазды алдымен сабынды жылы сумен жуып, жұмсақ шүберекпен құрғатып сүртеді. Бұдан соң мастика жасалады: мойыны кең шөлмекке ұсақтап үгітілген балауыз салып, үстіне скипидар құяды (1 бөлік балауызға 1 бөлік скипидар). Шөлмекті ыстық су құйылған кастрөлге салады(шөлмек жарылып кетпес үшін ыстық суды бірте-берте құяды), балауыз ерігеннен соң шөлмекті бірнеше рет шайқап алып, мастиканы жұқа қабатпен жиһазға жағады, бір-екі күн өтісімен оны шұғамен үйкелеп сүртеді.

Жылтыратып өңделген жиһазды жаңарту

Жылтыратып өңделген жиһаз үшін ақшыл, қызыл қоңыр түсті сұйық зат – полироль құолданылады, оны фланель шүберекпен жиһазға жағып, 20-30 минуттан кейін жиһазды жалтырағанша ысқылап сүртеді. Қазір сатылымда полироль сұйықтығының алуан түрі ұсынылған.

Жылтырлығын қалпына келтіру үшін политура немесе жылтыратқыш пастаны пайдаланады. Бұл ретте оларды жиһазды жұмсақ жүн матамен немесе шүберекке оралған мақтамен шеңбер жасай үздіксіз сүртеді. Сол қалпында біраз уақыт бойына қалдырады да, соңынан таза жұмсақ шүберекпен ысқылап сүртеді.

Жиһаздағы сызаттардың бетін йодтың әлсіз ерітіндісіне батырылған шағын щеткамен сүртсе, сызаттар көзге түсе қоймайды. Бұл әдісті негізінен еменнен, жаңғақ ағашынан, қызыл ағаштан жасалған жиһазға қолданған жөн.

loading…