Жастар тынысын ашқан орталық |

0


Оқылды:
35

Ашылғанына көп бола қоймаса да «Good Zone» коворкинг орталығы белсенді жастардың бас қосатын орнына айналып үлгерді. Облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан ашылған бұл орталық мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаты – жастарды және оның бастамаларын жан-жақты қолдау, рухани, мәдени, білім беру, кәсіби машығы мен дене бітімінің дамуына жағдай жасауды қамтамасыз ету.

Жастар – болашақтың іргетасы. Іргетас берік болу үшін жастарға қатысты мәселелер бүгін шешімін табуы тиіс. Сол себепті де мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру уақытпен үндесуі қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, коворкинг орталықтарын жаппай ашу арқылы жастармен тікелей араласуға мүмкіндік алып, түйінді мәселелердің шешімін бетпе-бет отырып шешуге болады.

– Бұл жоба ақысыз негізде жастардың түрлі бағыттағы бастамаларын іске асыру үшін жұмыс орнын немесе белгілі бір кеңістікті ұсынып, жастардың ғылыми және шығарма шылық әлеуетін дамытуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгіннің өзінде біз жастарды жан-жақты қолдау бойынша мемлекеттің қамқорлығының оң нәтижесін көріп отырмыз,– дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Ақжол Құрмансейіт.

Ұсынылған ашық алаңда жастар кез келген тақырып бойынша мәселе көтеріп, бірбірімен кеңесіп, тәжірибе алмасып, жаңалықтарымен, идеяларымен бөлісе алады. Түрлі шараларға лайықталып жасалған үш алаң толықтай жастардың игілігінде. Қазір мұнда «Ұлағат» шығармашылық клубы, «VolteQ» волентерлер корпусы жұмыс жасайды.

Шығармашылық клуб шығармашыл жастардың басын біріктіріп келеді.

– Мұнда түрлі оқу орындарынан талантты жастар апта сайын жиналамыз. Коворкинг орталық бізге өз-өзімізді дамыту мүмкіндігін беріп отыр, – дейді клуб мүшесі Бауыржан Ерман.

Ал еріктілер өздерінің жетекшісі Айгүл Жакуповамен облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі шараларға қатысып үлгерген. Қоғамдық өмірге бей-жай қарай алмайтын 200-ден астам жас осы корпус аясында азаматтық іспен айналысып жүр.

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында «Бизнес фитнес» бағдарламасын ұсынып, осы тақырыпта семинарлар өткізуде. Ол өз ісін енді бастаған жас кәсіпкерлерге де, іс жүргізуде тәжірибесі бар кәсіпкерлер үшін де, әсіресе, жоғары оқу орындарының түлектері үшін пайдалы болып тұр. Бұдан басқа «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері «Бизнес-Кеңесші» бағыты бойынша сабақтар өткізіп тұрады. Мұнда кәсіп бастаған адам қысқа мерзім ішінде кәсіпкерлік негіздеріне, маркетинг, бизнес үдерістері мен заң аспектілеріне қатысты білім алып шығады. Бүгінде «Жас кәсіпкер мектебі» жобасы бойынша сабақтар өткізу туралы ұлттық кәсіпкерлік палатасымен келіссөздер жүргізілуде.

Коворкинг орталығының белсенділері жастар үшін, тұтастай еліміз үшін маңызды мәселелерге қатысты бастама көтеріп жүргендігі қуантады. Мәселен, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында облысымызды цифрландыруға байланысты «Smart City» жобаларды бірнеше рет ұсынды. Кездесулерде «Ақылды қала» құрудың мақсаты мен міндеттері талқыланып, бұл іске жастарды тарту мәселелері қаралды. Жалпы, орталық жастары ІТ индустриясын дамытуға бағытталған түрлі ІТ форумдарын, хакатондар және басқа да іс-шараларды ұйымдастыруға ат салысады.

Жастар әлеуметтік мәселелерден де айналып өтпейді. Оларды шешуге үн қосады. «Нұрлы Жер» және «7-20-25» тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін толық түсіндіріп, қажет кеңес беру үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мамандарымен ұйымдастырылған кездесу – сөзімізге дәлел.

Орталық қаузаған әлеуметтік мәселелер қатарында жастарды жұмыспен қамту шаралары да бар.

– Коворкинг қабырғасында Coffee Like кофехана желісінде жұмысқа орналасуға үміткер әлеуетті қызметкерлердің әңгімелесу мүмкіндігі бар. Coffee Like – бұл сапа және сервис стандарттарында маңызды талаптар қойылған ТМД-дағы кофехана желілерінің бірі. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін қалалық халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлескен жұмысты жоспарлап отырмыз,– дейді Ақжол Құрмансейіт.

Орталық жастардың тынысын ашық қана қоймай, бос уақытын дұрыс өткізуге жағдай жасайды. Кинофильмдер мен спорттық трансляцияларды бірлесіп тамашалау, караоке клуб, шығармашылық кештер және басқа да қызықты шаралар өткізу де коворкинг қызметтерінің бірі. Ең бастысы, жеті күннің алтауында таңғы 10.00-нан кешкі 21.00-ге дейін орталықтың есігі ашық. Орталық ұйытқы болып келе жатқан шараларға 1700-ден астам жас қатысыпты.

«Коворкинг» ағылшын тілінен аударғанда «бірге жұмыс жасау» дегенді білдіреді екен. Ортақ мүдде аясында бірге жұмыс жасап жүрген жігерлі жастардың бастамалары – азаматтық ұстанымның айғағы.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»