Жаңа жылдық сыйлық: сүйіктіме

0

Жаңа жылдық сыйлық: сүйіктіме

Сүйіктіңізге сыйлық таңдау бір күндік шаруа емес. Әсіресе, ер азаматтар үшін бұл үлкен мәселе. Алуын ала саласыз ғой, дегенмен алдын ала не алатыныңызды ойша жоспарлап жүргеніңіз дұрыс. Мереке жақындай бастағаннан-ақ күнделікті сөйлесу кезінде сүйіктіңіздің әр сөзіне мән беріп жүрсеңіз, сөзсіз оған қажетті дүниені оңай таба аласыз. Алайда, айтулы мерекеге небәрі 4 қалды. Талай адам сыйлық таңдаудың бұндай ең қарапайым тәсілін жіберіп те алғаны сөзсіз. Ендеше, дәл осындай жандарға арнап сүйіктіңізге арналған бірнеше сыйлық түрін назарларыңызға ұсынамыз.

Сыйлық іздеу кезінде сүйіктіңіздің жеке қызығушылықтарын, хоббиін, сүйікті ісін есіңізге түсіріңіз. Бұл – сыйлық алу кезінде көмек тигізу ықтималдығы ең жоғары тәсіл.

Нәзік жандыларға арналған ең танымал сыйлықтар — иіссу, боянатын заттар және ойыншықтар. Сапалы иіссу немесе жақсы косметика – жаңажылдық сыйлыққа жарайды. Бірақ мұнда мұқият болу керек. Сүйіктіңіздің талғамын жақсы білмейтін болсаңыз, бұл қадамға барудың қажеті жоқ. Талпынысыңыз бағаланбай, кештің шырқын бұзып аласыз.

Жұмсақ ойыншыққа қызықпайтын қыз аз шығар. Бұл – нәзік жандылардың осал тұстарының бірі. Бұл сыйлық сүйіктіңізді таңқалдыратынын анық. Егер бұл сыйлық бұған дейін беріліп қойса, онда екінші мәрте берудің қажеті шамалы.

Қыздардың көбісі тәттіге құмар. Шоколад, кәмпит, құлпынай сияқты тәтті тағамдар толтырылған кәрзеңкелер қай уақытта да танымалдығын жоғалтпайды. Соңғы уақытта дәл гүлшоқтары сияқты жеміс-жидектен де әдемі байлам жасау сәнге айналып кеткен.

Әрбір қыз баласына сырға, жүзік, жұлдызнамасы бейнеленген кулон сынды әшекей бұйымдар артықтық етпейді, керісінше сұлулығына сұлулық қосып тұрады.

Қыздардың көбісі әдемі дене пішімін сақтау үшін артық салмақтан арылу керектігін, арықтау керектігін айтып жүреді. Осы мәселені жеңілдеті үшін салмақ өлшеуге арналған таразы сыйлауға болады.

Шығармашылыққа жақын адамдарға күнделік, блокнот, кітап, қымбат қаламсап сияқты заттарды сыйлаған дұрыс. Блокноттың алғашқы бетіне ізгі тілегіңізді жазуды ұмытпаңыз.

Қыз баласы – сәнге, жарасымды киімге, жалпы әдемілікке қатты көңіл бөлетін қауым. Сондықтан, жібек орамал, әдемі безендірілген сөмке, қол сағат, түрлі аксессуар, бижутерия, телефонға арналған өзгеше құрылғыларды сыйлыққа тартуға болады.

Жаңа ғасырдың заманауи технологияларының мүмкіндігін пайдалану арқылы түрлі сыйлық жасауға болады. Мысалы, қыздың (немесе екеулеріңіздің) суреттерінен коллаж жасап, баспада шығартуға болады. Саптыаяқтың сыртына, футболка, толстовкаға, жастыққа, телефон қапшығына жазу жаздырып, сурет салдырып сыйға тартсаңыз ерекше сый болары анық. Телефонды қуаттауға арналған қалта аккумуляторы да таптырмайтын құрал.

Жаңа жыл қарсаңында бұғы суреті бейнеленген ғашықтардың тоқыма жемпірлері көптеп сатылады. Сәйкесінше, қыс мезгілінде бұндай сыйлық ең ұтымды болары сөзсіз.

Алған сыйлығыңызды ұсыну кезінде кездесуге романтика қосуды да ұмытпаған дұрыс. Қолыңыздағы қораптың құр өзін бермей қасына гүлшоқтарын да қосып беріңіз. Романтикалық тосын сый жасар болсаңыз әдемі әуеннің ырғағымен өлең оқып беруге болады. Романтикалық тосынсай деген осы екен деп өлеңді тоқтамай судыратып, ұмытып, іркіліп оқып берудің керегі жоқ. Романтикалық сыйлықтың мақсаты сүйікті адамға бойдағы ыстық сезімді жүрегіне жеткізе білу. Бұндай әрекеттер махаббаттың нығая түсуіне түрткі болады.


Дереккөз: https://massaget.kz/