Home Жаңалықтар Әлемдік аренадағы айтулы қадамдар

Әлемдік аренадағы айтулы қадамдар

0
74

Төрткүл дүниеге төрелік айтқан сәт

Өңірдегі рөлі мен жауап­кер­шілігін сезіне отырып, еліміз Орталық Азияда саяси, эконо­ми­калық, мәдени байланыстарды ны­ғайтуда батыл қадамдар жаса­ды. Түбі бір түркі елдерінің бірлі­гін бекемдеудегі бастамалары өз алдына бір төбе. ТМД, Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы шеңберіндегі іс-қимылдарда да ал­дыңғы қатардан табылды. Сау­да-экономикалық және инвес­ти­циялық аса ірі әріптесі – Еуро­палық одақпен ынтымақтас­тық­тың ауқымы да кеңейе түскені белгілі. Бәрінен бұрын, өткен жыл Елбасының жаһандық дип­ло­матиясының жетістігі саналған оқиға – Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесіне төрағалық етуімен тарихқа енді.

2018 жылдың қаңтарын еліміз ғана емес, Орталық Азия өңірі үшін де тарихи кезең деп бағалауға болады. Бірінші қаңтардан бастап, бір ай бойы біздің еліміз БҰҰ-ның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауапты басты органының жұмысын басқарды. Қазақстан – бұл мәртебелі қыз­меттегі Орталық Азияның бірінші мем­лекеті.

Елбасының қаңтардағы Америка Құрама Штаттарына ресми сапары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіндегі маңызды отырысқа жалғас­қаны мәлім. 18 қаңтарда Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйы­мының штаб-пәтерінде Қазақ­­стан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың төраға­лы­ғымен Қауіп­­сіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қару­ды таратпау: се­нім шаралары» тақырыбы бойын­ша жоғары деңгейдегі пікір­талас өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша тарихи құжат ‒ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының өңірлік деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдырмау жөніндегі мәлімдемесі қабылданды.

Тұтастай алғанда, төраға­лық барысында консультациялар, бри­финг­­тер және пікірталастар форматын­дағы 30-ға жуық отырыс өткізілді, олар­дың қоры­тын­дылары бойынша қарарлар қабылда­нды.

Өңірлік әріптестіктің жаңа кезеңі басталды

Жылдың тағы бір тарихи ауқымдағы оқиғасы – Орталық Азия мемлекеттері ара­сын­да өңірлік әріптестік пен сенімді нығайту­дағы жаңа кезеңнің басталғаны. Бұл аталған өңір мемлекеттері басшылары­ның Астанада өткен алғашқы Жұмыс (консуль­тациялық) кездесуінде айқын көрініс тапты.

Орталық Азияның саяси тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуына қашанда мүдделі Елбасының ба­уырлас мемлекеттер байланысын нығайту бастамалары осы жиында жан-жақты қолдау тапты.

Мемлекеттер басшылары Астанада­ғы алғаш­қы кездесу барысында өңір­лік ынты­мақ­тастықтың негізгі басымдықтарын айқындап, болашаққа арналған жоспарларды белгіледі.

Бұған қоса, мемлекеттер басшылары Бірлескен мәлімдеме жасай отырып, алғаш рет Орталық Азия халықтарын Наурыз мерекесімен бірлесіп құттықтады. Мұндай кездесулерді жыл сайын, Наурыз мерекесі қарсаңында бесжақты форматта өткізіп тұру туралы шешім қабылданды.

Көп жылғы келіссөздер түйіні

Бұл жылдың еліміз үшін құтты-бере­келі болғанын айғақтайтын тағы бір ірі оқиға 12 тамызда өтті. Жиырма жыл­дан астам уақыт бойы талқыланып келе жат­қан қарт Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі мәселенің түйіні Ақтау саммиті деп айшықталған алқалы жиында тарқатылды.

Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей, Түрікменстан президенттері қатыс­­қан Бесінші Каспий саммитінің пленар­лық отырысында теңіздің құқық­тық мәртебесін реттеу жөніндегі көп жылғы жұмыстар қорытындыланып, арнайы Конвенция қабылданды. Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий теңізінің конституциясы» деп атаған осынау құжат жаға­лау мемлекеттері ынтымақтастығының барлық саласында қатынас орнатуына негіз қалайды.

Сонымен қатар мемлекеттік шекараны аумақтың тегіс периметрі шегін­де айқындап алу, Қазақстан үшін аса маңызды қадам болды, яғни бұған дейін Қазақ­станның құрлықтық шекаралары заңды түрде ресімделген болса, енді Конвенция елімізге өз егемендігінің шегін теңізде анықтауға мүмкіндік береді.

Түгел түркінің мүддесі жолында

Қазақстанның күллі түркі халықтары­ның қасиетті қарашаңырағы екенін ұдайы айтып келе жатқан Елбасының түбі бір түркі елдерінің ертеңін баянды етуге бағыт­талған бастамалары биылғы жылы 3 қыркүйекте өткен Түркітілдес мемле­кет­тер ынтымақтастық кеңесінің VI сам­митінде жалғасын тапты. Бауырлас ха­лық­тардың басын қосқан саммитке Ке­ңес­ке мүше мемлекеттердің басшылары – Əзер­байжан Президенті Ильхам Əлиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Түркия Президенті Режеп Ердо­ған және бақылаушы мəртебе­сіне ие Өзбекстан Президенті Шафкат Мир­зиёев пен арнайы мейман Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан келді. Осы жиында Қазақстан Түркі кеңесін­дегі төрағалығын аяқтап, бұл міндетті Қырғыз еліне табыстады.

VI саммитте Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жаһандану заманында ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді жас ұрпаққа қалдыру ерекше маңызды екенін айтты. Осыған байланысты жүйелі түрде Түркі кеңесі жастары көшбасшыларының форумын, ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуді, түркі әлемінің бірегей тарихи жерлеріне өлкетану экспедиция­ларын ұйымдастыруды ұсынды. «Бұл шаралар жастарымызды жақындастырып, елдеріміздің мәдени ерекшелігі туралы білімдерін тереңдетуге септігін тигізе­ді деп сенемін», деді Елбасы. Сонымен қатар Түркі кеңесінің жанынан «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім», «Түркі әлемінің киелі жерлері» арнайы жобаларын әзірлеуді ұсынды.

Мемлекеттер басшылары саммит­тің қорытындысы бойынша Түркітіл­дес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі VI саммитінің декларациясы, Венг­рияға Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақтастық кеңесіндегі бақылаушы мәр­тебесін беру туралы шешім, Түркі-тілдес мемлекеттер интеграциясы­ның тұжы­­рымдамасы сияқты маңызды құжат­тар қабылданды.

Рухани келісімнің бойтұмары

Қазақстанның Шығыс пен Батыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің арасындағы өркениетаралық, мәдениетаралық және дінаралық диалогты одан әрі дамытуға бағытталған іс-қимылы 2018 жылы жаңа деңгейге көтерілді.

Қазан айында Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дінаралық үнқатысудың халықаралық деңгейдегі бірегей алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтті. «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбымен ұйымдастырылған съезге 42 елден 82 делегация қатысты. Олардың арасында діни көшбасшылар, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйымдар өкілдері болды.

Діндер көшбасшыларының алғашқы тарихи съезінен бері 15 жыл өткені белгілі. Осы уақыт аралығында қазақстандық бірегей тәжірибе жаһандық деңгейде қолдау тапты. Астана әлемдік қоғамдастық дін көшбасшыларының кездесетін орнына және үнқатысу алаңына айналды.

Қорыта айтқанда, 2018 жылы жүзеге асқан осынау іргелі шаралар еліміздің халықаралық рөлі мен ықпалының жоға­ры­лағанын, өңірлік салмағының ұлғай­ғанын айғақтады.

Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/