Түс көру. Қандай түс көрдіңіз?
Егер адам түсінде:
Биікке немесе тауға шықса, жақсы. Ондай түс көрген кісі өңінде үлкен дәрежеге жетеді.
Жақсы көйлек кисе — кісіге өңінде қуаныш әкелетін істің боларынан хабар береді.
Өзінің өліп қалғанын көрсе — онда өңінде ұзақ жасайды.
Кісі әйелдің қойнында жатса — онда өңінде оның дәулеті артады.
Тыржалаңаш жүрсе — өңінде барлық қайғы-мұқтажынан арылады.
Басына тәж кисе — онда ол өңінде байлыққа ие болады.
Сүйікті адамдарыңның бірін құшақтау — бақытты болудың нышаны.
Жылаған болса – өңінде қуанады.
Аспанда тұрған айды көрсе — өте жақсы белгі, мұратына жетеді.
Күнді көрсе — мерейі өңінде дұшпандарынан үстем болып, дәулеті тасиды.
Жұлдыздарды көрсе — балаларының дәрежесі жоғары болады.
Өзен көрсе — кісі өңінде үлкен олжаға, пайдаға кезігеді.
Баққа кіріп, оны аралау — жақсылықтың белгісі.
Қызыл гүл көрсе — онда өңінде бай болады.
Бал арасын қуып жүрсе — өңінде пайдаға жолығады.
Өлген кісіні көрсе қорықпаған жөн. Егер ол адам сөйлесер болса, онда ол шындықты айтады.
Суда жүзіп жүрген балықты көрсе — адам өңінде перзент сүйеді.
Өзінің ұйықтап жатқанын көрсе — онда өңінде жақсы табысқа жетеді.
Үйіне түскен ұрыны көрсе — онда ол өңінде табыс табады.
Шашын алдыратын болса — онда ол өңінде кедейленеді.
Керісінше шашы өсіп кететін болса, онда ол өңінде байиды.
Үйленген болса — тілеп жүргеніне жетеді.
Алтын көретін болса — онда оған өңінде дәулетті кісілер демеу береді.
Жағымсыз иіс — өңдегі жайсыз істің нышанын білдіреді.
Қолын жуса — өңдегі мазасыздықтан арылу.
Көпірден өткен кісі — өңінде өзінің жақсы қызметін қалдырып, одан да жақсы қызмет істейді.
Әлдекімді ұрып-соқса — онда дұшпанын кекетеді.
Ақ, жасыл түсті затты немесе суды көрсе — жақсы нышан.
Қара, қарақошқыл түсті затты немесе түтінді отты көрсе – жаман.
Тісін сындырып алу — өңде досын жоғалтып алу.
Ақ түсті киім кисе — онда ол бұл дүниеде де, о дүниеде де сый-құрметке бөленеді деген сөз.
Сары түсті киім кисе — онда ол өңінде өз ісіне қарай бірде жақсы, бірде жаман жағдайда болады.
Қызыл түсті киім кисе — онда ол өңінде ел билеген болады.
Қара түсті киім кисе — өңінде қайғыға ұшырайды.
Құс ұстап алатын болса — онда ол өңінде үйленеді.
Кісінің басына құс қонатын болса, онда ол өңінде бір қызмет атқарады.
Қыранды көрсе — дәрежеге ие болады.
Көгершінді көрсе — өңінде оның ісі оңғарылады.
Ақ қоян енсе — онда қыс қатты болады. Егер кісінің түсіне қара қоян енсе — онда қыс жайлы болады.
Ит қабатын болса — өңінде бір қатыгез адамның жаласына ұшырайды.
Ас ішсе — өңінде мол дәулетке ие болады.
Ет жесе — өңінде ішіп-жемінің көбейгенін көреді.
Алма жесе — өңінде тілегіне жетеді.
Балық ұстап немесе жеп жүрсе — өңінде дәулеті артады.
Жылан қуса — әйелдердің арбауына түседі.
Сақалы ағарса — ауруға ұшырайды.
Үйі құлағанын көрсе — ұрыс-керіс болады.
Пышақ қайраса — қауіп-қатер болады.
Аттан құлап қалса -қатерге кездеседі.
«Түсті көруінен емес – жоруынан қорық» демекші, түсіңізді жақсылыққа жорысаңыз, жақсылыққа, жамандыққа жорысаңыз, жамандыққа қарай бұрылып кетуі мүмкін. Ең бастысы — түсімізді тек жақсылыққа жори білейік!