Тұлпар — Әлжаппар Әбішев — Әңгімелер / Мақалалар — Bilim
І
Самал желді, сары белді, шалқар көлді, керіліп жатқан кер дала, асқақтаған асқар тау.
Берлиннен жаңа қайтып келе жатқан бұл екі жігіттің туып ескен жерлері осындай көркем сұлу еді. Олардың алты жыл бойы аңсай күткен армандарының ең асылы да сол туған жерлерін бір көру еді. Сол асыл армандарына бүгін жету үшін бұлар облыс орталығынан ерте шыққан болатын.
Мұның бірі — майданда жүргенде ерлігімен де, көрегендігімен де көзге түскен өткір көзді, орта бойлы, түрі қара торы, көңілі ақжарқын Жалау дейтін .жігіт. Екіншісі — тоңқ етпе томырық мінезі бар, түрі түксиген, бойы ұзын болса да ойы қысқарақ, қызыл шырайлы жігіт, аты Сүлей.
Екеуі де бір жыл туып, Арқаға белгілі Көккүмбез дейтін таудың бауырында бірге өскен адамдар. Екеуінің де ең алдымен көрмегі — сол Көккүмбездің аспанмен тілдескен асқар төбесі.
Екеуінің де қиял құсы шарықтап, Көккүмбездің сай-саласын тегіс шарлап тамашаға батып келеді. Әсіресе, тауынан талай түлкіні, даласынан талай қасқырды соғып, қызығына талай батқан Жалаудың көз алдында бәрі сайрап тұр. Бірақ Көккүмбез межелі жерден көрінсе де бұларды бимен қарсы алғысы келгендей құлпыра көлбең қаққан ерке сағым жол бойындағы аласа белдерді де асқақтата әкетіп көзді алысқа жібермей тұр.
Ерте тұрғандықтан ұйқылары келді ме, жоқ әлде көптен бері елге жетуді аңсап аласұрған жүректері енді сабырланды ма, көзді алысқа жіберіп үнсіз келе жатыр еді, машина жұлдыздай аққан бетімен бір белеске шыға келгенде қарсы алдарынан Көккүмбез көзге кесек түсе кетті. Сол-ақ екен екеуі де балаша қуанып.
— Күмбез, Көккүмбез!— деді айғайлап. сағынышты жүректен шыққан үнмен бірге көздерінен ыстық жас та ыршып кетті.
Шіркін, туған жер-ай, неткен мұндай ыстық едің? — деді Жалау көңіл толқынын тоқтата алмай егіліп.
Өз ұясының биік-аласасын аңғармайтын қырандай ол да өз туған жерінің қандай сұлу екенін бұл күнге дейін аңғармаған екен, дәл осы сәтте оның көзіне жер шары бір үлкен сарай да, Көккүмбез сол сарайдың күмбезіндей көрінді. Көккүмбездің төсіндегі күміс суы сылқ-сылқ күліп жататын көк қасқа бұлақтар; жазда саясы, қыста панасы мол, қалың қарағайлар; өзбек қызының талдап өрген шашындай шыңынан тарамдала ағып келіп, дарияға айналатын өзендері мен баурайындағы айнадай жарқыраған көлдері; көлдерінде сұңқылдаған аққу мен шыңында саңқылдаған қырандары; орманында сайраған бұлбұлдары да буларды сағына күткендей бүгінгі күні солардың бәрі де бұларды қарсы алуға әзірленгендей сезіледі.
Көрікті күмбездің тек төбесі көрінген соң екеуі де үйлеріне жеткендей бір-бір құшақтасып та алды. Құшақтасудың соңынан ежелгі құрдастық әзілдерін бастап та жіберді.
Бұл құрдас болғандықтан қанша қатты қалжыңдасса да біріне-бірі кек сақтамайтын дос дос еді. Дәл соғыс басталатын күні екеуі бір ат саудасын істейміз деп бірін-бірі көргісіз болып кеткен-ді. Сонан бергі өткен алты жылдың ішінде бұлардың бетпе-бет кездескені де, тату құрбыша әзілдескені де осы болатын.
Әзілді бастаған — Жалay, Ол Сүлейдің бетіне күлімсірей аз қарап тұрды да:
— Апырай, бұрын араз болсақ та, енді сені аяп келе жатқанымды көрдің бе?—деді басын шайқап.
— Не үшін?
— Анау пылпық сары әйелің бүгін сені қасына жуытпай ма деп қорқып келемін.
— Неге?— деп, Сүлей шошып кетті.
— Егер мені көрсе, әйеліңнің сенен айнып кетуі мүмкін. Сондықтан сен оны мен отырған жерге жібере көрме,
Жалау осындай түсініксіз шалыс сөздерін қойған жоқ та, Сүлей «неге?» деген сұрауын тоқтатқан жоқ. Оған Жалаудың сөзі қандай түсініксіз болса, ойы да қадай түсініксіз болды.
— Несіне жасырайын,— деді Жалау енді салқын кқандана сөйлеп,— елден алған соңғы хабарға қарағанда екеуміздің әйеліміз бәс тігіскен көрінеді. Әйел дегендер көрсеқызар келеді ғой. Сенің әне бір жылғы айтқаның рас екен, менің әйелім де көрсе қызар болып кетіпті.
— А, солай ма екен! Сен сонда маған сенбеген едің ғой,— деп, Сүлей ішіндегі сүйсінгендікті аңғармай сездіріп алып еді. Жалау мұңая түсті де:
— Иә, әйел дегендер опасыз, — деп күрсініп.
Сүлей оның не үшін күрсінгеніне де түсінген жоқ. Ол Жалауды әйелінің бір жат қылығы үшін күйініп келе жатыр деп ұқты да:
— Немене, әйелің бір жаманшылық істеген бе?— деп, ішкі сырын енді сездіргісі келмей өңіндегі сүйсіну белгісін жалған түнерумен бүркеп жіберді.
— Егер сен жаумен жақсы соғыссаң,— деді Жалау нықтап тұрып,— оның маған істейтін жаманшылығы өте үлкен екен, енді түкте істемес, қайта сүйсінер деймін.
Жалаудың бұл сөзі де Сүлейге түсінікті болған жоқ. Әрі оның «жаумен жақсы соғыссаң» деген сөзі жанына батын кетті де:
— Ей, айтар болсаң жөндеп айтшы өзің,— деп, дүңк ете түсті.— Сенің әйеліңмен екі арада менің жаумен қалай соғысқанымның не қақысы бар?
— Әйелдердің бәс тігіскенін жаңа айтқан жоқпын ба?— деді Жалау өңіндегі күлкіні көрсеткісі келмей қырын қарай беріп,— егерде мен орденді сенен аз әкелсем Жанат антұрған өзінің маған арнап алты жыл бойы мәпелеп өсірген боз тұлпарын мен майданнан келген күні алдыма көлденең тартатын болыпты.
Бұл сөзге Сүлей таңданып қалды.
— Тұлпар! О қайдағы тұлпар?
— Ана жылғы өзіңнен алатын боз құлын ше?
— Тұлпар деп келе жатқандағың сол ма?
— Тұмсығыңды көтермей-ақ қой, оның қандай тұлпар екенін бүгін болмаса ертең көрерсің. Онан да қу тізеңді құшақтамаудың қамын ойла. Мынадан басқа орденің бар ма еді?— деп Жалау Сүлейдің «Қызыл жұлдыз» ордені тағулы тұрған оң жақ көкірегін сұқ қолымен қатты нұқып қалып еді, оның қолы қаттырақ тиіп кетті ме қалай, Сүлей:
— Жоқ,— деп, ыңқ ете түсті.
— Ендеше қатыныңнан айырылып қу тізеңді құшақтадым дей бер. Егер сен менен орденді аз әкелсең қатының сенен кететін болыпты. Екі әйелдің социалистік жарысы солай көрінеді.
Сүлей сенерін де, сенбесін де білмей үнсіз отырып қалып, Жалау оның қытығына онан сайын тие түсті.
— Егер Тарлан атты өзіме қайтып берсең,— деді ол сендіре сөйлеп,—орденімнің қақ жартысын берейін. Әйел керек болса — тарлан атты қи, ат керек болса — әйеліңді қи. Екінің бірі. Мен мұны сені аяғандықтан айтып келемін, әйтпесе қан төгіп алған орденді бір ат түгіл мың атқа да беруге болмайды ғой.
Оның мұны айтқандағы ойы мұнан алты жыл бұрынғы айтқан бір ылас сөзі үшін Сүлейді осылай алдап апарып елге күлкі ету еді. Ол Жалау не айтса да сенбеуге бекініп алған екен, қолын бір сермеді де:
— Білем сенің ойынды білем, бірақ, оның бола қоймас — деді білгішсініп, оның білген түгі де жоқ, бос қоқанлоқы еді. Сол қоқанлоқысы Жалауды бөгеп тастады.
Жаман кісіге сөз айтсаң, алдайды деп нанбайтын әдеті-ау деді.
— Не десең де мен саған сенбеймін. Онан да ауызыңды ауыртпа
— Онда өз обалың өзіне.
Жалау Сүлейді енді алдамбасын сезді де алысқа көз жіберіп күнді еске түсірді.
ІІ
Қасқыр! Қасқыр!
Елдің осынау сүрені суық айғайы жазғы таңның таңға жайлы самалын да, рахатын да бұзып жіберді. Ол ғана емес қасқырдың кесірі отасқалы араларынан қыл өтпеген Жалау мен Жанаттың балдай тәтті тұрмысын да жiбере жаздады.
Қасқыр десе қаны қайнап кететін елдің әдеті ғой, ащы айғай алғаш шыққанда қой фермасындағылардың Жалаудан басқасының бәрі бала-шағасына дейін өре түрегелді. Айтақтай жүгірген елдің айғайы да иттердің иттердің алыстап барады. Алыстан қойшылардың ашулы айғай да келіп жатыр. Бірақ, Жалаудың оянар түрі жоқ. Ол алғаш айғай шыққанда бір селк етіп екінші жағына қарай аунап түсіп еді, сол бетінде әлі жатыр.
Ол ауданнан таңға жақын ғана келіп төсегіндегі таңғы ұйқының рахат құшағында жатыр еді. Жеті жасар Ермегі жүгіріп келіп есіктен кіре:
— Жаке, қасқыр, қасқыр!—деді бар даусымен.
Ол атасы Алдиярдың қолында өскендіктен туған әкесі Жалауды көңілі түссе «Жәке», түспесе Жалау деп, тура атайтын. Дәп бұл жолғысы көңілдің ондай күйінен емес, әкесі базарлық әкелмеген соң өкпелеп түн ішінде атасы мен әжесіне кеткен-ді. Қасқыр оның да қанын қыздырған болу керек, түндегі өкпе есінде де жоқ сияқты, «Жәкелеп» келіп бас салды.
Егер дәл осы сәтте өзінің әйелі Жанат келіп белдеуде таңасып ұрған тарланды шеше бастамағанда Жалау баласының айғайына оянбауы мүмкін еді. Елдің айғай шуына еліріп, аласұрып тұрған тарлан ат Жанатқа, «Сен әуре болма» дегендей қатты осқырып қалды да, жерді тарпып-тарпып жіберді’.
— Ол кім-әй?—деді Жалау шошып оянып.
— Қасқыр!—деді Ермек оның құлағына айқайлап.
— Не дейді, қасқырдың белдеудегі атта несі бар?
— Қасқыр емес мен,— Жанаттың даусы шықты.
— Е, сенің атта нең бар?
— Бөрі елдің қойына шапса, оны соғатын ер жігіт ұйықтап жатса, атта неге жұмысым болмасын.
Жанаттың бұл сөзі Жалаудың ұйқысын шайдай ашып жіберді. Өйткені ол әйел мінген бәйге аттың бағы байланады деген ескі ұғымнан әлі арылған емес те, Жанатты қанша жақсы көрсе де осы уақытқа дейін тарланға бір мінгізген емес. Алда-жалда тарланды Жанат сұрап қалса қайдағы жоқ сылтауды айтып алдай, салатын, бұл жолы алдауды да ойлаған жоқ:
— Қозғалма, өзін қуамын,— дегеннен басқа сөз де айтпай, зілдей басқам ауыр ұйқыны сілкіп тастап, төсектен қарғып түсті де тез киіне бастады.
Осы кезде аулақта тұрған әкесі Алдиярдың:
— О, тумай кет Жалау, тумай кет. Қасқырдың жалғыз құлынды жарып кеткені мынау, оның әлі ұйықтап жатқанын қарашы,— деген сөзін Жалау естіп қалды да, сыртқа қалай тез шыққанын да білген жоқ.
Жалау тарлан атпен талай қасқырға қан құсқызған болатын. Осыдан дәл бір ай бұрым босағада байлаулы жатқан бөлтіріктің енесімен жеті бірдей ұяласын да соғып әкелгенді. Сонан бері Ермек, әкесі қуса жеткізбейтін қасқыр жоқтай көретін. Сондықтан ол Жалаудың «өзім қуамын» деген сөзін естігеннен кейін алақайға басып екі санын шапалақтай жөнелді,
Бірақ, Ермек те, Жанат та, тіпті Алдияр ақсақал мен Жалаудың өзі де осы қасқырдың кесірінен үй ішінің бүгін қиян-кескі болатынын сезген жоқ. Ол ғана емес, өздерінің бір адамындай көретін Тарлан аттың осы кеткеннен бұл үйге енді қайтып келмейтінін де ешқайсысы сезген жоқ.
Қой фермасы отырған өзен мен Көккүмбездің арасы керіліп жатқан кең дала болатын. Осы кең далада жаңағы қасқыр кетіп барады. Беті — Көккүмбездің биігі. Жалаудың тақымы тарланға тигенде қиырдағыны шалғыш қыран көзі барып сол айдаладағы қасқырға сап етті.
— Апырай, мынау әлден тауға тартты, кәрі қасқыр екен ғой, — деді жөнеле беріп.
Ол аңды: «көздің» құрты, көзің түскенде көңіліңді тоқтату деуші еді, сірә, сонысы рас болу керек, қасқырдың қарасын көрісімен көзі тұнып, кетті де, Жанаттың:
— Сойылыңды алмаушы ма едің? — деген сөзін де естіместен тарланға қамшыны бір басып жіберіп құйғыта жөнелді.
Жабыла қуған ауыл иттерінен құтылып, әлден ұзап шапқаннан кейін мұнан біраз бұрын осы Жалаудың қолына түскен күшігі мен қаншығын есіне түсірді ме, жоқ әлде қарны ашып жанымен қайғы ма, кім білсін, ауық-ауық тұмсығын аспанға көтере ұлып қасқыр кетіп барады. Бірақ, аш қарыны ұлығанға жұбанар емес. Қайта неше күннен бері тышқаннан басқа нәр көрмеген аш ішегі мазақтағандай қоса ұлып мазасын алды. Сонда да ол қойдың майлы құйрығынан үмітін үзген жоқ. Көзіне ессіз жатқан елестеп өзеннің ар жағындағы басқа колхозға қарай ойысып еді, ол үмітіне тағы жете алған жоқ. Өзіне қарай жұлдызша ағып келе жатқан Жалауды көре салып жыламсыраған үнмен бір қыңсылады да тауға қарай зыта жөнелді.
— Кәрі қорқау енді құтылмайсың, құтқармаймын мен, — деді де Жалау атына қамшыны аямай басып жіберді.
Тарлан ат бірақ күн таң асса, оның алдындағы жабағы жүні әлі түгел түспеген қасқыр колхоз құрылғалы жарау болатын. Сондықтан ол ә дегенде тым зымырап кетіп еді, қыстан жілігінің майы үзіліп шыққан арық немені бір аздан кейін тарлан ат қусырып әкетті.
Кер бетегелі кең дала, осы кең даланы баурына ұршықтай үйіріп тартып тарлан келеді. Ол аяғын тастаған сайын кең дала бір солқ еткендей болып қасқырдың жанын қуыра түседі.
Шарықтаған күн астында, жайнаған кең далада толқындай толықсып, торғындай құлпырған сағым ішінде дала жыршысының жырына жүзіп, қырандай самғап шат көңілді Жалау келеді. Ол анда-санда атының терлей бастаған көзін бір сүртіп қойып:
— Құтылмассың, құтқармаспын,— деді түйіле қарап
Бүкіл кең дүниеден бір де бір нәрсе қасқырдың жанына жаққан жоқ. Оған жарық күн қараңғы түндей, кең дала өзінің қараңғы үңгіріндей көрінген болу керек, алдынан ор кездессе де, су кездессе де көрер емес, құйрығын бұтына қысып алып жан ұшырғандай зытып барады.
Жалау ағызған бойы бір белеске шыға келіп еді, алдындағы бір өзекте өзінің құрдасы Сүлейдің жанбас бие атанған ақсақ қара биесі бошалап бара жатыр екен. Кейін қайырып тастағысы келіп еді, қара бие әрі буаз, әрі сылти басатын ақсақ болса да жұлдыздай ағып қарасын көрсетпей кетті.
— О, тамаша, бұл неткен жылқы? Өзі ақсақ, өзі буаз, сонда да жүгірісі мынандай. Бұл тегін жылқы емес, мен білсем тіпті бұл қазақ жылқысы да емес. Бара тұр, сенің соңына кейін бір түсіп көрермін, — деді де, қайтадан қасқырдың соңына түсті.
Тарланның бір әдеті қасқырға жетер кезінде құлағын кезек-кезек қайшылаушы еді. Бұл оның көбінесе еті әбден қызған кезде істейтін әдеті болатын. Сол әдетін әлі істеген жоқ. Тау болса жақын қалды, оған жетсе қасқырдың құтылып кеткені. Осыны ойлап Жалау күдіктене бастап еді, арт жақтан бір нәрсе шарт етті де, ойда келе жатқан оны селк еткізді. Сөйткенше болған жоқ, қарсы алдынан қатты дауыл соғып басындағы беркін жұлып әкетті.
— Ә, бәсе, тарланым жаңа дауылдатты ма! Енді құтылмассың, қорқауым, — деді Жалау ұшып кеткен бөркіне қарамастан қасқырға түйіле түсіп.
Тарланның тағы бір әдеті — еті әбден қызған кезде белі бүктетіле жазылып, өз құйысқанымен өзін сабалап отырушы еді. Жаңағы шарт еткен сол құйысқаны екенін көргеннен кейін Жалау қуанып кетті.
Құйысқанның шарт-шұрт еткен үні, тарланның түйдек-түйдегімен тастаған аяғының дүрсілі, Жалаудың ақырған айғайы жақындаған сайын қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап кетті. Оның дәл қазір қайырым етсе қоянға да құм болғандай халде екенін Жалау сезіп келеді. Бірақ, ол қасқырды төрт аяқты жылқымен емес, аңғардан соққан асау желмен, болмаса самолетпен қуып келе жатқандай лепіріп қолында қару жоғын әлі сезген жоқ. Есі-дерті қасқырға тез жету болып, бір тепсеңдеу жерге келгенде қамшыны қаттырақ басып жіберіп еді, тарланы жұлдызша ағып өте шықты да, қасқыр артта қалып қойды. Ә дегенде ол өзінің бір рет қамшы сермеп иге шыққанда қасқырдың жалт беріп арс еткенін де аңғарған жоқ. Атының басын қайта бұрып алғанда барып өзінің қарусыз екенін есіне түсірді.
— Бәсе, нені ұмыттым десем, — деді анадай жерде жатқан қасқырға күлімсірей қарап.
Қасқыр құтылмасын білген болу керек, шөкесінен түсіп айбат шегіп жатыр. Оның дәл қазір өліспей берісетін түрі жоқ, қанды көзденіп желкесін күжірейтіп жіберіпті. Гүр-гүр етіп құйрығымен жерді сабалап, оқ жыландай атылып, жолбарыстай жұлып түскелі әзір жатыр. Жалау көз тоқтатып қарап еді, жүрегі селт етті бойы мұздап сала берді.
— Апырай, мына залымның түсі неткен суық еді! — деді өз-өзіне күбірлеп.
Қорыққан кісінің көзіне кесірткенің де жылан болып көрінетін әдеті ғой. Жаңа қашып келе жатқанда қоянның көжегіндей болып көрінген қасқыр енді жолбарыстай көрінді де, Жалауды шошытып жіберді.
Шынында да бұл қасқыр қазіргі күнде күйінің жоқтығы болмаса ту биелерді құйрығынан тартып қалып мұрттай ұшыратын арқаның нағыз көкжал қасқыры еді. Егер алыса кетсе құралсыз Жалауды аттан жұлып түсіретіндігі сөзсіз.
Енді қайттім? — дедім Жалау ішінен, — сонша жерден қуып келіп жете тұра қоя бермекпін бе мұны? Онда менің кім болғаным? «Қорқақ Жалау, қор Жалау» атанып өмір бойы сүңей Сүлейдің мазағы болғаным ба?. Жоқ, ол болмас, күлкі болып жүре алмаспын, тәуекел!
Ол соны айтып оң жақ үзеңгісін бауымен қоса суырып алды да, атына қамшыны бір басып жіберіп ақыра ұмтылып еді, қасқыр тайсала қоймай, келсең кел дегендей ыңыранып ырғала түсті. Жалау да қаймықпай көзін қасқырдың көзінен алмастан түйіліп келіп үзеңгіні сермен кеп қалып еді, қасқырдың да қарап өлгісі келмей қарсы шапты. Бірақ, үлгіре алған жоқ, төрт қырлы темір үзеңгі қара тұмсығынан сарт етіп еді, қаңғалақ ойнап барып жерді сүзе етбетінен түсті. Ол басын қайта көтергенше болған жоқ, Жалау аттан қарғып түсе сала желкеден бір ұрып жіберді де, құлағынан ұстай алып, үстіне мініп келіп алды.
Өмірінде мұндай қорлықты көрмеген қасқыр жанталасып тулап жатыр. Бірақ, қанша туласа да Жалау жіберер емес. Екі өкпесіне кезек текпілеп, біраз мыжғылап алды да:
— Сен түгіл колхоздың қойын жеген адамды да аяп көргенім жоқ, — деп, үзеңгімен тұмсыққа тағы бір беріп жіберіп еді, қасқырдың тұяқ серпуге де шамасы келген жоқ. Қылжиып құлай кетті де, серейіп сала берді.
Жалау жауды жеңіп қайтқан жауынгерлердей масаттанып, тағы да қуар қасқырың бар ма дегендей қос құлағын тіге алысқа қарап тұрған атының қасына келді де:
— Өзімнен де бұрын саған ризамын, тарланым! — деді. Бірақ, ол өзінің қанатындай көріп тұрған тарланын дәл бүгін бір жаңа туған құлынға айырбастайтынын сезген жоқ. Қасқырды бөктеріп алды да манағы ақсақ қара бие кеткен жаққа қарай жорта жөнелді.
III
Жалау ферма бастығы болып істейтін колхоз орнықты өмірдің ірге тасын жана қалап жатқан кез болатын. Сондықтан бұл колхозға қараған үйлер қыста Көккүмбездің ор сайына қыстайтын да, жаз бойы ауыл-ауыл болып көшіп жүретін. Қазір бұлар үлкен үш ауыл. Оның бірі — қой фермасы, екіншісі — сиыр фермасы; қалғандары жеке бір ауыл.
Осы қой фермасындағы он бес шамалы үйдің ішіндегі ең кішкентай үй Жалаудың төрт қанат бозғыл отауы болатын. Сол отауды басына көтере он шырқап отырған Жанатты Ермектің даусы бөліп жіберді.
Ермек босағада байлаулы жатқан бөлтірігімен ойнап отыр еді. Еркелеткен досы ежелгі жаулығына басып оның қолын тістеп алыпты. Жанат от басында жатқан үлкен шымшуырды ала ұмытылып еді.
— Өзім тәтетай,, өзім, ол емес, — деп, Ермек шешесінің қолынан ұстай алды.
— Өзің не істеп едің?
— Жай өзім, ол ештеңе істеген жоқ — деп, Ермек бөлтірікті өлтіріп тастар деген оймен қанаған саусағын жерге баса қойды.
— Сен осы айтқан тілді неге алмайсың? Бұл оңбаған ересейген соң өзіңді жеп қойса қайтесің? Баяғыда… — деп, қасқырдың осындай асыранды күшігі ересейген соң өзін асыраған біреудің жалғыз баласын қалай жегенін айта бастап еді, тыстан Жалаудың:
— Тамыр, үйдесің бе?! — деген көңілді даусы шықты.
— Сағынып қалдың ба? — деді Жанат та көңілділігін сездіргісі келгендей даусын созыңқырап.
— Сағынғаным өтірік, шаршағаным рас. Мына жексұрынды сен сойып тасташы.
Ермек әкесінің тағы да қасқыр соғып әкелгенін осы сөзінен-ақ ұғып үйден, ата жөнелді.
— Оһо, қандай үлкен қасқыр өзі, ә! Мен атамнан сүйінші сұрап келейін.
Жанат Жалаудың қасқыр соғып әкелгенін баласының сөзінен толық ұғып, сақиналы сары кездікті ала есік алдына шығып еді, үлкендігі құнан өгіздей бір қасқыр серейіп жатыр екен.
— Жарайсың аусарым, жарайсың?! — деді де, қасқырдың жанына келіп аңшылардың әдетімен төрт сирағынан төрт салып өтті — үйіріңмен үш тоғыз бол, үйіріңмен үш тоғыз бол.
— Айтып қал, енді бір бес жылға дейін бұл сөзді айта алмассың. Ұрып қал, енді бір бес жылға дейін соғылған қасқырды көрмессің.
Жалаудың бұл сөзінің мәнісін Жанат аңғарған жоқ. Енді бір бес минуттан кейін үлкен кінәлі болып көрінетін жан сүйерін сүйіп тұрды да:
— Тарланыңның қолқасы аман болса, өзің аман болсаң, бес жылда бір емес күніне бес айтармын, сірә,— деді наздана қарап.
— Өзіңде жоқ аттың қолқасы амандығынан не пайда? Бірақ бес жылдан кейін қасқыр, түлкілердің бәрін өзімдікі дей бер, — деді де. Жалау ер-тоқымын көтеріп үйіне кетті Жалаудың бұл сөздерінің, әсіресе бос ер-тоқымның Жанатқа үлкен күдік тастағандығы сондай тұратын күлім көздері өз өзінен оттай жайнап қызыл шырайлы өңі лезде сұрланып кетті. Жүгіре басып үйді бір айналып шықты да тарлан атты еш жерден көре алмаған соң:
— Әй атың қайда? — деп, айғай салды.
Жалау ең алдымен осы сұрауға кездесетінін сезіп, жолшыбай айтар жауабын да сайлап келген еді. Түнере кіріп келген Жанаттың суық түсін көргеннен кейін жауаптардың бір де бірі есінде қалған жоқ. Сайлап келген сөздерінің бәрі айтуға тұрмайтын бос сөздер көрінді де үндеген жоқ. Отасқалы Жанаттың бір ауыз ащы сөзін естімесе де, иеге екені белгісіз, Жалаудың түсі қашып өз-өзінен берекесі кетті.
Жанаттың Жалауға суық түс, отты көзбен тұңғыш қарауы да, тәтті көңілге дақ түсірудің қандай екенін Жалаудың тұңғыш түсінгені де осы болар. Өйткені тарлан атты алған үйдің бой жеткен қызымен өзінің жайында кейбір әйелдер өсек таратып жүргенін, оны Жанат сезсе де сезбегендей ішінен тынып үнсіз жүргенін Жалау білетін еді. Сол сезік Жанатты көргеннен кейін, есіне сап етті де, тілін байлап тастады. Енді не демек? Елге атағын шығарған сондай жүйрік атты шарана сияқты бірдеңеге бере салғанына Жанат та, жұрт та қалай сенбек? Ертең анығын естіген ел тарланды сол қыз үшін берді демей ме? Енді не амал? Ол осыны ойлап қолына домбыра алып еді, адасқан ойға оның да демеуі болған жоқ, өзі сөзден жаңылса, домбырасы күйден жаңылды.
— Тілің байланып қалды ма, неге үндемейсің?
Жанаттың Жалауға өмірінде айтқан қатты сөзі сол еді. Бұл күнге дейін әйелінен мұндай сөзді естімегендіктен бе, Жалаудың түсі кенет сазарып кетті. Бірақ, қатты сезге бара қойған жоқ.
— Сен маған ұрысар болсаң енді бес жылдан кейін ұрыссаң деймін, тамыр, — деді ол салқын қанданып. — Мен тарланды тұлпар болатын бір құлынға айырбастадым, бұл менің көптен күткен арманым еді, соған міні, бүгін жеттім. Сол құлын қашан алты жасар ат болғанша сен маған ұрсуды қоя тұр.
Бұл сөзге ызаланып Жанат жылап жібере жаздады да:
— Есалаң, — деді бар даусымен, — қашпаған қашардың уызына мас болған Есбалақ. Не деп отырсын? Жаныңа серік болып жүрген сондай атты қалай саттың көзің қалай қиды, кімге саттың?,
— Жұдырықтың Сүлейіне саттым, — деген сөздің аузынан қалай тез шығып кеткенін Жалаудың өзі де сезген жоқ. Ол мұны айтқанда Сүлейдің ақымақтығын, онан әрі өзінің ақылдылығын айтпақшы еді, оған Жанат үлгірткен жоқ. Сүлейдің аты аталған жерде-ақ ол бұрынғыдан бетер сұрлана түсіп:
— Е, бәсе, Жұпардың ағасы Сүлей ғой айтып отырғаның? — деді де, төсегіне сылқ етіп отыра кетті.
Жалау жүйрік болатын жылқыны құлын күнінде, әсіресе, жаңа туған кезінде танушы еді. Бірақ, қалай танитынын еш уақытта ешкімге айтқан емес, Оның ат тәңірісі атанған үлкен нағашысы жүйрік болар жылқыны құлын күйінде дәл танитын өте сыншы болатын. Сол кісі өлерінің алдында:
— Сен маған сертіңді бер, мен саған қанат берейін, — депті де, Жалаудың сертін алып өзінің ат танитын тәжірибесін айтқан екен. Сонан бергі өткен он бес жыл бойы қанша зарықса да, бір кездестіре алмай жүрген сол тәжірибесіне бүгін кездескен еді де, іштей қуанышты еді. Сондықтан Жанат қанша қатты айтса да сол қуаныш оны ашуға жібере қойған жоқ.
— Сен ашуды таста да, қасыма келіп сөз тыңда, — деді күлімсіреп. — Сүлейдің былтырғы даладан тауып әкелген ақсақ қара биесі тегін жылқы емес екен. Ол ел айтып жүргендей мәстек те емес, тіпті қазақ жылқысы емес. Сол ақсақ бие бүгін бір тұлпар құлын тапты. Егер де нағашымның айтқандарының бәрі сандырақ болмаса бұл құлын — нағыз тұлпар. Нағыз ертектегі қанатты тұлпар. Сенен бар тілегім бұл құлынның сырын ешкімге айтпа да, мәпелеп өсіре бер.
— Нағашың не деп еді? Оны етімнен ет кесіп алсаң да айтпаймын. Өйткені нағашыма берген сертім бар. Ол сертті бұза алмаймын, — деді де, келіп қалған бір күйді төгіп жіберді.
Бұл күй Жанаттың сүйіп тыңдайтын күйі еді. Жалауға қосылғалы қанша тыңдаса да жалықтырмаған тәтті күй бұл жолы бетінің қанын сорған масаның ызыңдағаны секілді сезілді де, домбыраны Жалаудың қолынан жұлып алды,
Тапқан екенсің, алдана қоятын аңқауды, — деді Жанат тістене сөйлеп, — күрсінсең де соның үйіне қарап күрсінуші едің, сондағы көксегенің, жеттім деп отырған арманың осы екен ғой.
Жалау бала кезінен бастап күй тартса да домбырасын ешкімге жұлғызып көрген емес еді. Сондықтан, ол домбырамен бірге жұлыны үзілгендей қатты тіксінді де, домбыраны Жанаттың қолынан қайта жұлып алып:
Ой, қызы жігіттен басқаны, жігіті қыздан басқаны ойламаған тұқымың құрғыр, айтқанға сен де бір түсінсеңші, — деді тістене сөйлеп.
Жоқ, Жанат түсінетін адам, әттең Жұпары құрғыр өте көлденең көлбеңдеп көзінің алдынан кетпей, өшіктіріп тұр.
— Мен емес, түсінбейтін сенсің, бай болсаң жөндеп бол, болмайды екенсің — жолың болсын.
— Міне қызық, мұнан артық қандай бай болам?
— Мұндай бай болғаннан болмағанның өзі жақсы. Сенің ол атта жұмысың болмасын, оны тай күнінде төркінімнен мен әкелгенмін. Сөзіңнің түкке керегі жоқ, бай болғаныңның да керегі жоқ, әкеп бер атымды, — деді де, Жанат үйден шыға жөнелді.
Оның айтқанынан қайтпайтын бір беткей екені Жалауға да белгілі. Сондықтан ол енді не істерін білмей өз үйіне өзі сыймай, сыртқа шығып еді, Жанат атасынын, үйіне кіріп бара жатыр екен.
— Aт беріп азап сатып алдым-ау мен, — деді Жалау ішінен, — әйел аяздай қысып, әке борандай соқса, мен де бір, қапқанға түскен қасқыр да бір ғой, — деді де, өзеннің жоғарғы жағында үй салып жатқандарға қарай тартты.
Ондағы ойы Сүлейге үй ішінің бүлінетін түрі барын айтып, атын қайтып алу еді. Әрі малды жанындай көретін малжанды, әрі Жалаудың тарланындай бір жүйрік аты болуды арман етіп жүрген атақ құмар Сүлей Жалаудың сөзін тыңдаған жоқ. Қанша қақсап жалынса да иілмеді.
— «Бәйгі аттан қымызын ішетін бие жақсы екен» ден, сауданы бастаған өзің емес пе едің? Ендігің не, түстен кейін келіп маңырап тұрғаның? — деді Сүлей жаңа қаланып жатқан үйдің үстіне шығып алғаннан кейін күшене сөйлеп. — «Сауда сақал сипағанша» деген. Сауданы пісіріп, сақалды мана санасқанбыз. Әйда марш, атыңды біздің қатын төркініне мініп кетті. Биең әне құлындап тұр, аман сауында ұстап ал да өкшеңді көтер, — деп, тұмсығын бір көтерді де теріс айналды.
Ол маңайдағы үй қалаушылардың айтқан ара сөзін де тыңдаған жоқ. Қолындағы лай жағын тұрған темір қалағын ара ағайындық сөз айтқандардың әрқайсысына бір сермеп үн де қатқан жоқ, тек:
— Әпер кірпішті — деп, төменде тұрғандарға баж ете түсті.
Томырық мінезді Сүлейдің иілмесіне көзі жетсе де, Жалау тағы да бір толғап көргісі келіп:
— Ей, Жұдырықтың сүңейі, — деді зілді дауыспен, — тарланыма қолың жеткен соң төбең көкке жеткендей болып тұрсың ғой. Сол боз құлын ат болған кезде оны көрген сайын көзіңнен қан ағып өкінішпен өртенетінің сөзсіз. Ертең мені алдап алды дерсің, атымды қатыныңа мінгізіп қырсықтырсаң да шынымды айтайын, бері Қара!—деп еді, Сүлей сөйлесе сөзден жеңілетінін сезіп оған қараған да жоқ. Тар маңдайынан сорғалаған ащы терді жалаңаш білегімен бір сыпырып тастады да:
— Өзің неткен зиянкессің, жұмысқа бөгет жасамай кет енді, — деп дүңк ете түсті.
Кетемін, — деді Жалау оның малтілеушіл нұсқынына жиіркене қарап, — бірақ сенің тұлпарды тулаққа айырбастаған топастығыңды айта кетемін. Есіңде болмай, сенің боз құлыныңа қарағанда менің тарланым үйіне бес қасқыр соқса да жылқы емес. Амалым жоқ, шел жеңді, әйтпесе, мен тарланның сол құлынының өзіне-ақ ырза болар едім. Атымды әкеп бер де құлыныңа ит бол, тілімді алсаң ол құлынды біреу жүз жылқы берсе де сатпа.
Жалау бұл сөздерді шын достықпен айтқан еді. Сүлей оған да түсінген жоқ. Оның ойынша жаңа туған жас құлынды тұлпар деу ессіздік көрінді де Жалау бұрынғы ат сынаушылардың ең жақсысы тұлпарды құлын күнінде танитынын айтса да тыңдаған жоқ. Енді не істеу керек? Ауылдан жігіт ертіп келіп тарлан атты тартып әкетейін десе елден ұят, сотпен алайын десе ауылдасы екен, оның ішінде құрбысымен соттасып жүру тағы ұят. Әрі боз құлынды іші қияр емес. Енді не істерін білмей ойланып біраз тұрып еді, көңілі боз құлынға ауып кетті.
— Азар болса бір-екі күп әке мен әйелдің қаңқу сөзін естірмін, шыдайын! Өзім еркіммен берген ат үшін ағайынмен араздаспай-ақ қояйын,— деген оймен өзен жағасында жайылып жүрген қара биеге беттей бере, — апыр-ай біздің ел неткен әулие еді, сені Сүңей атап жүрген, — деп еді, осы сөзді есту-ақ мұң екен, жоғарыда тұрған Сүлей жерге секіріп түсті де, қалағын ала ұмтылды. Онымен де қойған жоқ. Жалау шыдамайтын бір лас сөздерді айтып жіберді. Бірақ, ашуы қатты болса да, өзі әлсіз екен, әлгі ылас сөзге ызаланған Жалау қарама-қарсы тұра қалып кіндік тұсынан теуіп келіп жіберіп еді, Сүлейдің қолындағы қалағы ұшып кетті де, өзі шалқасынан түсті.
Біреудің жанжалдасқанына біреудің күлгені бұл елде осы болар, Сүлей шалқасынан түскенде маңайында тұрғандардың бәрі ду күліп жіберді.
— Сол керек оған, сол керек,— десті біреулер.
Сүлейге Жалаудың текпісінен көрі елдің сол күлкісі мен сол сөзі батып кетті ме, қалай, тұра сала Жалауға барып ұмтылып еді, үй қалаушылар жібермей ұстап қалды да Жалау қара биені жетектеп ауылына қайтты.
Жұрт Жалауды шағын денелі болса да өткірлігіне қарап «қаршыға» дейтін де, әкесінің жеңіл мінезді, арық кішкене денелігіне қарап «шыбын» дейтін. Тіпті оның шешесіне де «аю бәйбіше» деген ат қойған болатын. Жалау боз құлын ерткен қара биені жетектеп ауылына келсе әкесі Алдияр шыбынша тызылдап терісіне сыймай есік алдында отыр екен. Баласы жақындай бергенде-ақ таяқпен қайқайып тұрып қара биенің басынан салып-салып жіберді.
— Көке, мұны ұрғанша мені ұрыңыз, — деген баласын да аяған жоқ.
— Мә, іздегенің осы болса!—деп, Жалаудың иық тұсынан бір салып өтті. Екінші рет тағы сермеп еді, бұл сапар ұра алған жоқ. Жалау сермеген таяқты жұлып алып лақтырып жіберді. Бірақ, ашудың айдауына әбден түсіп алған Алдекең қайтқан жоқ, ызаға булығып көрінген нәрсеге бір жүгірді. Жүгіріп барып үй сыртында жатқан қара бақанды еңкейіп ала беріп еді, біреу ту сыртынан қапсыра құшақтай алып үйіне қарай ала жөнелді. Оның кім екенін Алдияр ә дегенде білген жоқ.
— Сені алмаған құдайдың тамағы тоқ қой, — дегенде барып, өзінің кемпірі екенін танып кетті де:
— Жібер жаныңның барында, жібер деймін, кеңірдегіңді суырып алармын, — деді екі аяғымен бірдей тепкіліне жұлқынып, бірақ «аю бәйбіше» тырп еткізген жоқ.
— Кеңірдек суыратын мықты болсаң неге босап кетпейсің, — деп, онан сайын қыса түсті.
Қара биемен боз құлынның қасына жиналып қалған елдің, әсіресе өзінің баласы Жалаудың қарқылдаған күлкісін естіген соң ұялды ма, жоқ әлде кемпіріне шамасы келмейтінін сезді ме, мұнан кейін Алдияр ақсақал да тыпырлауын қойды.
Отаудың маңында тұрған жұрт енді Жалаудың ат беpiп әкелген боз құлынын мазақтап күле бастады, біреулер оның маймақтығын мазақтап:
— Тұлпар болар, түйеге ұқсайды екен,— деп сықақтаса, енді біреулер: сиырмен шатысы болуы керек, бұзаубас екен,— деп күлді.
Егер кенеттен бір суық хабар жетпегенде Жалау бұл сықақшылармен жақсылап бір сыбасатын еді, суық хабар жетті де елдің күлкісін тиып кетті.
Ауданнан келе жатқан қара қасқа атты біреу түндей түнеріп ат үстінде соғып тұр. Суық хабарды әкелген сол. Астындағы аты да иесінің күйінішті екенін сезгендей аспанға шапшып аласұрып тұр,
— Соғыс!
— Соғыс!
— Қара бет, қанды балақ, қарақшы Гитлер!
— Опасыз шошқа!
— Ондай сұм, шошқадан да садаға кетсін! — деген сияқты сөздер әр тұстан саңқ-саңқ ете бастады.
Бұлар соғыстың қандай боларын сезген жоқ. Бірақ, жаудың баса көктеп кіргеніне намыстанып, зығырлары қайнап тұр.
Кішкентай Ермек аң-таң екі көзі әркімнің аузында, ол өзінің әкесі Жалаудың мұнан бір ай бұрын колхозшылардың жиылысында сөйлеген сөзін есіне түсіріп тұр. Ол жиылыста Жалау немістермен біздің елдің арасындағы достықты айтып мақтанған еді. Ермектің таңданып тұрғаны сол.
Дос болғаны қалай, соғысқаны қалай?— деді ішінен.
Ол боз құлынның қасында түнеріп тұрған әкесіне бір қарады да, оған ештеңе айта алмай есік алдында отырған шешесіне жақындады.
Тәте, немістерді біздің досымыз дейтіндерің қайда?
— Е, шырағым, «Ежелгі жау дос болмас» деген осы.
Шешесінің сөзі жас жүрегін дір еткізді де, Ермек өзінің ойының серігі көк бөлтірікке жалт қарады. Жаңа ғана онымен біраз ойнап, есік алдындағы қазыққа байлап қойған еді. Шешесі оның нендей ойға түйілгенін сезген жоқ, жұрт тарап кетсе де ауыр ойға батып жапа жалғыз отырған Жалаудың қасына барды.
Аусарым, немене, маған өкпелеп қалған жоқпысың? Жә болды енді. Отаныңа жау тигенде от басының ұрысын елеу қай атаңда бар еді?
Жалау әйеліне бұрылып қарағанша болған жоқ үй жақтан бөлтіріктің apс еткен даусы шықты. Жалау мен Жанат «Ермекті қауып алды» деген оймен үрейлене жалт қарады да, сұп-сұр болып кеткен баласын көргеннен кейін таңданып қалды.
— Құлыным-ау, не істеп тұрсың?—деген әкесінің сөзіне де Ермек үн қатқан жоқ, сұп-сұр болған күйі атасының ақ балтасын қос қолдап ұстап бөлтірікке төніп тұр. Ол, әкесі мен шешесі қасына жүгіріп келгенше балтаны пәрменімен сермеп қалып еді, бөлтіріктің бір жақ шекесі ұшып түсті.
— Құлыным-ау, мұның не?—деді тағы да әкесі. Ермек біразға дейін үн қатқан жоқ, балтаны жерге тастай беріп:
— Бұл — ежелгі жау, бұл фашист,— деді.
IV
Жалаудың есіне түсіп, көзінің алдынан елестеген өмір суреті осы еді.
«Қайран, гүлдей жайнап тұрған сол бір өмір-ай, не болдың екен? Достан да, жардан да айыра жаздап, әуре салған боз құлын, сен не болдың екен?»— деген ойға келді ол.
Жанат пен Ермек жазған хаттарға қарағанда боз құлын қазір алты жасар ат көрінеді. Кім біледі, олар алыста жүрген соң Жалаудың көңілін аулауы үшін айта ма, олардың айтысына қарағанда жалғыз боз құлын емес, бүкіл колхоздың жайы Жалаудың ойлағанындай емес көрінеді. Жалау майданға кетерде өзінің туып өскен елін, өзінің береке құтындай көретін колхоздың жапырағы қуарып, тамыры суалған бәйтеректей болдың-ау деп кеткен еді. Соңғы жылдарда келген ел хабары колхоз жайы онан гөрі басқаша баяндайды. Қуарды деген бәйтерегі қайта жасарып кетіпті. Қандай дауыл соқса да теңселетін түрі жоқ, жапырағын жайқалтып жіберіпті. Ел хабары солай баяндайды.
Көзі көк күмбездің биігінде, көңілі алтын бәйтерекке ұқсаған колхозында. Сол жапырағы жайқалып тұрған бәйтеректің саясында боз тұлпарды мәпелеп, өзіне құшағын жайып тұрған Жанаты елестеп кеткен еді. Сондай тәтті ойын Сүлейдің:
— Ей, анау не-ей?—деген даусы бөліп жіберді.
Жалау Сүлей мегзеген жаққа қараса, көз ұшында құйын екені, не екені белгісіз бір шан келеді екен. Кер даланың бетіне керіліп созылған шаңның соңынан шумақтала созылған тағы бір шоқ шан көрініп еді. Жалау ат шабысы екенін сезді де, шоферға айғай салды:
— Айда машинаны, қызығын көрейік.
Ат шабыс десе қазақта ес қала ма, шофер қазақ еді, жолдың оң-қырына қарамастан машинаны ағыза жөнелді.
Бұлардың жолы аттар келе жатқан үлкен жылғаға түйісетін еді. Екі жолдың түйіскен жеріне жете бере шофер тоқтап қалды.
Қалың ат кейін, бір ат алда үздік келеді. Бұлар әлі аттың жақын көргені болмаса, қарасын көрген жоқ. Бір шақырымдай жерде бір аласа төбе тұр. Тек сол төбенің ар жағында келе жатқан алдыңғы аттың жерді солқылдатқан дүбірі ғана естіледі. Жалау дүрсілдеген жүрегін қолымен басып:
— Апырай, мынау неткен жылқы!—дегенше болған жоқ, бұлттан шыққан күндей жарқ етіп бір боз жылқы шыға келді.
Басына қызыл орамал байлаған бала «Алдияр», Алдиярлап» ұрандап келеді екен. Баласын танып кеткен Жалау «Ермегім» деуге ғана шамасы келді де, көзінен келген жасты сүртпестен машинадан түсе сала жолдың үстіне тұра қалды.
«Алдияр, алдиярлап» бала келеді.
— Ермек, Ермегім,— деп әке тұр. Жалау шауып келе жатқан атты шаужайынан ұстай алмақшы еді, жұлдыздай ағып келе жатқан ат ұстатпастан, ағымдай бұлдырап өте шықты. Бірақ, Ермегі танып қалған екен.
— Жәке,— деп шыр ете түсті де шұғыл өзгеріп, аттың басын тарта бастады.
— Бұра тарт, бұра тарт,—деп, соңынан Жалау да жүгірді.
Аттың басы қатты екен, бұра тартса да бой бермей баланы айдалаға алып кетті.
Кейінгі аттар түйдек-түйдегімен өтіп жатыр. Соның бірі болып Жалаудан алған тарлан аты да кетіп барады. Сүлей жоқ, ол «жолдан қалдырып есіл аттың бағын байлады-ау!» деп Жалаумен ұрсысып тұр.
Шофер аттардың аяқ тастасына әр түрлі сын тағып алдынан өткен аттарды санап тұр. Бұлардың алдынан тоқсан ат шауып өтті. Жалау қуып жүрген.атпен тоқсан бір екен.Соңғы аттар ете берген кезде екеуі боз ат кеткен жаққа көз аударып еді, бір төбешіктің басында бабасымен боз тұлпарын кезек құшақтап, көзінің жасын төгіп тұрған Жалауды көрді.
Жалау тебе басында көп тұрған жоқ. Баласынан елдің амандығын, бұл тойдың не той екенін сұрап алды да:
— Тойшылар қай жерде тұр?—деді.
— Ауданның бергі жағындағы Жалғызтөбеде.
— О, онда әлі жиырма бес шақырым бар екен. Мін алдыма. Баласын алдына мінгізіп алып машинадағыларға келіп:
— Сүлей-ай, менің нәрселеріме сен пе бол! Біздің аудан мал жоспарын артық орындағаны үшін Қызыл ту алыпты. Соған арнап қазір бүкіл аудан жиналып той жасап жатқан көрінеді.
Аттың бар бәйгісі — бір ат, бір шапан. Мен өзіңнен алған мына боз тұлпармен әрі сол бас бәйгені, әрі сенің тірі келе жатқаныңды айтып әйеліңнен сүйінші алайын. Қош бол, ішін, күйсе түз жаларсың,— деді де, ұзап кеткен аттардың соңынан құйғыта жөнелді.
«Ішің күйсе» деген сөз Сүлейдің құлағынан кеткен жоқ та, самғап бара жатқан боз тұлпардың әрбір тұяғы шекесіне тигеннен кем болған жоқ. Ішінен Жалауға өзін қоса бір сыбап алды да:
— Ауырып келесің бе, неге айдамайсың машинаны,— деп, шоферға баж ете түсті.
— Ей, неге айғайлайсың! Немістермен соғысқан жалғыз сен бе, мен де соғысқанмын. Қара өзін, домалатып кетейін бе өзіңді,— деп, шофер түйіле қалып еді, Сүлей қинала бір күрсінді де долбарлай салынған мұрнын қисайта бір тартып жым болды. Бірақ, Жалаудың ағызып барып соңғы аттармен араласып кеткенін көріп қалды да:
— Әй, ақымақ басым-ай,— деп, тағы баж етті.
Боз тұлпар аттарды қуып жеткенімен қоймай бірінен соң, бірін тастай бастады. Баласы екеуін бірден ауырлап аттың зорығуы мүмкін екенін ескертіп еді, оған Жалау көнген жоқ.
— Тойға тұлпар мінген мен бармағанда, тулақ мінген Сүлей бармақ па? Екі кісіні көтере алмаса мен несіне тұлпар деп жүрмін. Қорықпа. Жалғыз-ақ жаратылуы қандай еді?
— Тәтемнің өзі жаратқан, жарауы жаман емес.
— Не дейді? Тәтемнің өзі мініп, жаратты ма?
— Иә, өзі мініп жаратты!
«Әйел мінген аттың бағы байланады» деген бос сөз екеніне Жалау әлі де сене алмай күдіктене қалып еді, баласының:
— Мұны бұл уақытқа дейін бәйгіге қосып көргеніміз жоқ,—деген сөзі күдігін онан сайын күшейтіп жіберді. Бірақ боз тұлпардың екпіні ешқандай күдікті есте сақтатар емес, еті қызған сайын сермеп келеді.
Бір тепсеңдеу жерге келгенде Жалау еңкейін аттың, алды-артына кезді бір жүгіртті де:
— Бәсе,— деді.
— Ол не?— деді баласы.
— Мен мұны туған күні-ақ тұлпар деген едім, сол рас екен, көрдің бе, сырты қысқа болғанымен бауыры жазық, нағыз тұлпардың өзі. Ей, мынау көрінген қала ма немене?—деді өзен жағасындағы үйлері шағаладай қалашыққа қарап.
— Ұмытып қалғансыз ба, біздің колхоз осы емес пе? Сіздер кеткенде жаңа салынып жатыр еді ғой.
— Ой тамаша. Колхозда еркек аз қалған еді, мұны кім салған?
— Е, тамашаның әлі талайын көрерсіз. Тәтем басқарма болғаннан бері әйелдер-ақ колхозды байытып жіберді. Біздің аудан Қазақстанның алды болса, біздің колхоз бәрінің алды. Сонау көрінген ортадағы үлкен екі үйдің бірі мектеп те, бірі— клуб. Міне, мына тұрған электр станциясы.
— Өзінде ешкім бар ма? Жан көрінбейді ғой.
— Елдің бәрі тойда.
— Апам да тойда ма?
— О, әжем сабасы мен қойын артын алып елдің ең алдымен кеткен.
— Шy, жануар, шу,— деді кеудесін қуаныш кернеген Жалау басқа сөз таба алмай.
Бұлар колхоздың тұсынан ағып өте бере бір белеске шығып еді, жолдың екі жағы бірдей сыңсыған мал екен.
— Мына малдар қай колхоздікі!?—деді баласының құлағына айқайлап.
— Бәрі де бір колхоздікі. Мынау қырда жатқан қалың жылқы біздің бойдақ жылқылар. Қазір бізде жылқы фермасы бар. Мына бергі бөлек жатқан — осы боз айғырдың үйірі.
— Не дейді? Бұл айғыр ма?
— Айғыр болғанда қандай? Бір өзінде отыз жеті бие бар.
— Оның бәрін қайдан алдыңдар?
— Колхоздікі.
— Біз кеткенде колхозда он бес-ақ бие бар еді ғой.
— Ол кезде он бес болса, қазір жетпіс бие бар.
Жер қайысқан қалың мал, қалың малмен қайысқан туған жер бірінен соң бірі Жалаудың көзін тартып кетті. Бәрінің де жарасы жазылғандай, бәрінің қабағы ашылып басылған көңілі тасығандай, бәрі де сақ-сақ күліп тұрғандай сезіледі. Алты жылдың ішінде, басына түскен ауыртпалықты елемей, адам айтса нанбастай колхозына бұрылып барғысы да келді, бірақ, боз тұлпардың қызығып жіберер емес. Көркейген колхоздың, көдедей көп жылқысынан да өтіп еді, баяғы өзі қасқыр қуатын кер далаға сыймай жатқан қалың қойға кездесті.
— Miнe, нағыз тамаша!—деді, баласы масаттанып,—. сіздер кеткенде жеті-ақ отар қой бар еді, қазір он сегіз отар. Қазір осы он сегіз отарда жиырма екі мың қой бар. Тәтем жуырда облысқа барып еді, алдағы бес жылдың ішінде қой санын қырық мыңға толтыратын болдық, деп келді.
Боз тұлпар жұлдыздай ақса да көпке дейін қойдың екінші шетіне шыға алған жоқ, сонда барып Жалау өзінің майданда жүргендегі ел туралы ойлаған ойынын, теріс екенін мойындады.
Бұлардың алдында енді бір үлкен өлке бар. Сол өлкеден ауданмен екі ара мидай дала. Бұл өлкеде көп сиыр жатыр екен. Ермек әкесінің сиырды жек көретінін білгендіктен сиыр жайында ештеңе айтқан жоқ. Өркештері баладай отыз шақты түйе жүр екен, әкесіне соларды көрсетіп тағы бір мақтанды да, боз тұлпардың терлей бастаған көзін бір сүртіп жіберіп, басып тежей бастады.
— Жәке, менің ішім ауырып барады, кейінгі машинамен жегермін. Сіз кете беріңіз.
Ол соны айтты да әкесінің жауабын күтпестен тізгінін оның қолына ұстата сала жерге бірақ ырғыды. Оның «іші ауырғаны» сылтауы екенін әкесі де тез сезді. Сезді де жымың етті.
— Шу, жануарым, шу!
Боз тұлпар жүгі жеңілдегеннен кейін жұлдызша ақты. Тұяғынан ұшқан тозаңның біріне-бірін қоса құлашын еркін сермеп еді, көз ұшында шаңын ғана көрсетіп бара жатқан алдыңғы аттардың артта қалай қалғанын Жалаудың өзі де сезген жоқ. Осы көп аттың ішінен өзінің Сүлейдегі тарлан атын іздестіріп еді, боз тұлпардың екпіні қарсы алдынан дауыл соқтырды да, артта қалып жатқан аттардың бірде біреуінің түсін аңғартқан жоқ. Белдеге сегіз шақырымдай жер қалғанда барлық аттың алдына түсіп алып жеке самғап кетті.
Toп қарасы көрінген кезде Жалау атының көзін тағы бір сүртіп қалды да баласының манағы айғайына басты.
— Алдияр, Алдияр!
Бәйгеден келе жатқан ат жауыныкі болса да шыдап тұра алмайтын елдің әдеті ғой, басқа аттардан алты шақырымдай алда келе жатқан боз тұлпарға сүйсінген жұрттың айғайы Жалаудың айғайымен ұласып Көккүмбездің биігін жаңғыртып жіберді. Бірақ, қара құрттай қаптаған қалың ел боз тұлпарды танығанымен оның үстіндегі екі омырауы бірдей жарқыраған кішкентай қара жігіттің кім екенін тани алған жоқ. Кейінгі келе жатқан аттарды ұмытты да бәрі боз тұлпардың соңынан шұбырды.
Бәрінің аузында бір-ақ ауыз сөз:
— Тұлпар, нағыз тұлпар!..
1947
Дереккөз: http://bilim-all.kz/