Стиль ұығым, стиль, Стиль тіл көрінісі ретінде, өнердегі стиль
Стилистика ғылымында оның көптеген түсінігі бар. Олай болу себебі, біріншіден, стилистика ғылымының тарихи даму жағдайымен түсіндірілсе, екіншіден, «стиль» ұғымының күрделілігінен туындайды. Стиль – латынша stylos (қазақша – жазу құралы) деген сөз. Латын тілінде кейіннен стиль сөзі «жазу мәнері» деген мағынада қолданылатын болған. Стилистика – ең алдымен стиль туралы ғылым. Стиль деп белгілі бір тілдегі лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тәсілдердің қолданылу принциптерін айтамыз. Бір ұғымды айтып, не жазып жеткізу үшін қажетті тілдік тәсілдерді сұрыптап қолдануға болады.
Дәстүрлі практикалық стилистикада «стиль» термині тілдің нормативті — стилистикалық ережелеріне сәйкес келу дәрежесін білдіреді (мысалы, «жақсы стиль», «жаман стиль»). Стиль терминінің кең мағынасы – сөйлеу мәнерін білдіріп келсе, тар мағынасы – жеке шығарманың немесе жазушы шығармашылығының тілдік ерекшелігі (көркем әдебиет стилистикасы тұрғысынан алғанда) дегенді білдіреді. Соңғы мағынасында «стиль» термині әдебиеттік стилистикада да қолданылады.
Барлық жағдайда да «стиль» термині тілдік қолданымға байланысты айтылады. Стильді тілдің стилистикалық бояуға ие құралдарының жиынтығы ретінде түсіну тілдік құрылымның стилистикалық белгілеріне арнайы назар аударудан туған түсінік.
Ғылымда «тіл стилі», «сөйлеу стилі» ұғымдары да бар. Тіл стильдері мен сөйлеу стильдерінің ерекшеліктері тіл мен сөйлеудің ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Тіл – қатынас құралы, сөйлеу – сол құралдың іске асуы, яғни белгілі бір қызметтегі көрінісі. Сондықтан сөйлеу стильдері дегенді тіл стильдерінің іске асуының нәтижесі, іс жүзіндегі көрінісі деп қарауға болады. Сөйлеу стильдері әр уақытта жанрлармен байланысты болып келеді.
Тіл стильдері, сөйлеу стильдері, сөйлеу жанрлары арасындағы тәуелділікті мынадан байқауға болады. Тіл стильдері сөйлеу стильдерімен сәйкесті болса, соңғыларының нақты көрінісі сөйлеудің әртүрлі композициялық формаларында немесе жанрларында жүзеге асады.
Стиль (лат. stylus, грек. stylos – жазуға арналған таяқша) – қаламгердің жазу мәнері, ой түйінін ашу тәсілі, образдар жүйесінің тұрақты бірлігі.
Стильдің жұмыс стилі, газет стилі, ғылым стилі, т. б. түрлері бар. Әдебиетте көркем құралдар тұтастығы, әдіс ретінде қолданылады. Көркемдік компоненттер мен түр ерекшеліктерін өз қажетіне асыруда, мазмұн байлығын тереңдете түсуде суреткердің стилдік ерекшелігі айқындалады. Стиль суреткердің қолтаңбасын анықтаумен қатар, сөз өнеріндегі көркемдік әдіс — тәсілдерді, әдебиеттің бағыт — бағдарын ажыратады. Стиль түр мен мазмұнның бірлігін қалыптастырып, көркем мәтіннің тұтастығын қамтамасыз етеді. Әдебиеттану ғылымында стильдің дәуір стилі (қайта өркендеу, барокко, классицизм, реализм), түрлі ағымдар мен бағыттардың стилі, ұлттық стиль және суреткерге тән жеке стиль, т. б. түрлері кездеседі.
Антикалық дәуірде стиль сөйлеу мәнері, сөйлеу тәртібі ұғымдарын берген, осы негізде классицизм кезеңінде стильдің 3 түрі (жоғары, орташа, төмен) анықталған. 17 ғасырда стиль филологиялық пән ретінде қалыптасса, 18 ғасырда философиялық эстетиканың назарын аударды. И. В. Гете мен Г. Гегель стильді дүниені танудың көркем белгісі санаған. Стиль жайында В. В. Виноградов “стиль көп мәндес” деген пікірді айтса, зерттеуші Л. Шепилова стильді әдіс ретінде танып, “әдіс – өмірді образ арқылы көрудің айрықша түрі” дейді. 20 ғасырдың 20 — жылдары лингвистик. стилистика қалыптасып, кеңестік кезеңде стиль шығармалар әдіс ретінде танылды.
Стиль тіл көрінісі ретінде өнердегі стильден ерекшеленіп, шығарманың мағыналы түрі, эстет. тұтастық ретінде мойындалды. Реалистік романның дамуы стильге жаңалықтар әкелді. М. М. Бахтинның пікірінше, пікірталас қарама — қайшылықтары жаңа стильді қалыптастырушы күшке ие болды. Қазақ әдебиеттану ғылымында А. Байтұрсынов “Әдебиет танытқыш” еңбегінде стиль туралы “Әр ақын, әр жазушы сөздің басын өзінше құрастырып, өз оңтайымен тізеді, әрқайсысының лұғатында өзіндік айырымы, өзіндік белгісі болады. Ол белгі әркімнің өз ыңғайымен сөз тізіп, әдеттенуінен, салттануынан болады. Ол салттар жалпы сөз тізу салттарынан, шарттарынан аса алмайды. Сөз шығарушылар, әуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше әдісі болса, соның үстіне ғана қосады. Сондықтан сөз шығарушылар бәрінен бұрын лебіз дауысынан шыққан сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білуі қажет” дейді. Ол стильді тіл қисыны мен лұғат қисынының бірігуі деп таниды. Абайдың стилін тануда ол: “Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек.
Сөздің шырайлы, ажарлы болуына оның шеберлігі керек, мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған” дейді. Зерттеуші Қ. Жұмалиев “Стиль – өнер ерекшелігі” (1966) атты еңбегінде қаламгердің жазу мәнерін, көркемдік шеберлігі мен талант табиғатын, ал З. Қабдолов “Әдебиет теориясының негіздерінде” суреткерге тән шығарма ерекшелікті стиль ретінде қарастырды. Кеңестік әдебиетте төңкеріс кейіпкерлерінің тілі, сөйлеу мәнері бейнеленіп, қарапайым адамның сөзі, оның әңгімелері стиль ретінде көрініс тапты. Мыс., Б. Майлиннің “Мырқымбайы”, т. б.
М. Әуезовтің алғашқы әңгімелеріндегі қыр өмірінің суреттері, “Абай жолы” роман — эпопеясында дәуір келбеті мен адам іс — әрекеттері негізінде кең тыныспен өріс алса, С. Сейфуллиннің “Альбатрос” поэмасында өзгерістер лебі танылды. Бұл шығармалардан қаламгерлердің өздеріне ғана тән стильдік ерекшеліктері, шеберліктері көрінеді. Т. Әлімқұлов, А. Сүлейменов, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, Қ. Ысқақ, О. Бөкей, С. Мұратбеков, Д. Исабеков, т. б. туындыларында қарапайым халық тілі жаңа стильдік арнада көрінді