Созылмалы калькулезді холецистит — Денсаулық — Bilim
Бүгінгі таңда бұл ауру, яғни өт қабына тас байлану үлкен мәселеге айналып отыр. Әсіресе ол жасы 40-тан асқан адамдарда, көбінесе әйелдер арасында жиі кездеседі, соның ішінде оған қала тұрғындары көбірек шалдығады екен. Мұндай жағдай тек біздің елімізде ғана емес, дамыған Еуропа елдерінде де орын алып отыр.
70 жастан асқан адамдарда бұл көрсеткіш 30-40 пайызға дейін жетеді. АҚШ тұрғындарының 15-20 пайызы осы аурумен ауырып, осыған орай жылына 1 млн ота жасалатын көрінеді.
Шетел және отандық ғалымдардың клиникалық-тәжірибелік зерттеу нәтижелеріне жүгінсек, өт қабында тастардың пайда болуының бірнеше себептері бар. «Соның бірі — өт қышқылдары мен холестериннің өзара қатынасы тұрақтылығының бұзылуында», — дейді ғалымдар. Қалыпты жағдайда аталмыш тұрақтылық 1:20, 1:30-ға тең. Осы қалыпта холестерин ерітінді түрінде сақталады. Егер бұл көрсеткіш өзгеретін болса, сұйық холестерин кристалл түріне өтіп, тас пайда болады.
Тастардың құрамында холестеринмен бірге пигменттер, әк (кальций тұздары), басқа да заттар болады.
Холестериннің адам организмінде көбейіп кетуінің бірнеше себептері бар: Бірінші, күнделікті қолданатын тағамдар құрамында холестериннің көп болуы және тағам қуатының қажетті мөлшерден асып кетуі. Екіншісі — қимыл-қозғалыстың тапшылығы, яғни салбөкселік. Өт қабына тас байланған адамдардың көпшілігінің дене салмағы қалыптан жоғары, тым толық, теріасты май қабатының қалың болатыны анықталып отыр.
Бұл аурудың бұдан басқа да себептері бар. Оларға бауыр қызметінің бұзылуы, өт қабының жиырылу қабілетінің нашарлауы және экологияның ластануы жатады.
Белгілері
Өт қабындағы тас адамда ауырсыну тудырмай, білдірмей жүре беруі мүмкін. Өт жолындағы тас тек қандай да бір сырқатқа шалдығып тексерілген кезде немесе іш қуысына ота жасалғанда анықталуы мүмкін.
Ауру көбінесе жақпайтын тағамдарды қабылдағанда, майлы және тұздалған, қуырылған тағамдар жегенде, киналған сәттерде білінеді. Ауырсыну оң қабырға астында, асқазан үстінде болып, сонымен бірге оң бұғана аймағына, белге және иыққа берілуі ықтимал. Науқас лоқсиды, өт аралас құсық тастайды, алайда құсқаннан, лоқсығаннан ауру жеңілдемейді. Ішін басып көргенімізде ауырсыну оң жақ қабырға астында болып, өт қалтаның тұсынан байқалады.
Қазіргі таңда дәрігерлердің қолында өт қабындағы тастарды нақты анықтайтын яғни ультрадыбыспен зерттейтін компьютерлік томография, тағы да басқа аспаптар бар. Бүгінде осындай зерттеу әдістерінің ақпараттық мүмкіншіліктері жоғары деңгейге — 98-100 пайызға жетіп отыр.
Емі
Өт қабындағы тас ауруын емдеудің бірнеше жолдары бар. Консервативті ем әртүрлі дәрі-дәрмектерді қолдану арқылы тастарды еріту және физикалық құбылыстардың күшімен (ультрадыбыс, лазер, толқын тағы басқалар) үгітіп шығаруға негізделген.
Өкінішке қарай, бұл емдерді барлық науқастарға бірдей қолдана беруге болмайды, сонымен бірге консервативтік ем өт қабында тастың қайта пайда болуынан сақтандыра алмайды. Қазіргі кезде емдеудің негізгі жолы — хирургиялық отаның көмегімен өт тастарын өт қабымен бірге алып тастау. Отаның екі түрі бар. Біріншісі — іш қуысын ашу арқылы (лапаратомиялық холецистэктомия), екіншісі — арнайы аспап қолдану арқылы (лапараскопиялық холецистэктомия) жасау. Бұл оталар өзіндік ерекшеліктерге ие, сондықтан оларды бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Егер ауру ерте анықталып, күрделі асқынулар болмаса, онда лапараскопиялық холецистэктомия жасаған жөн.
Алдын алу
Аталмыш мәліметтерге сүйенсек, өт қабында тастардың пайда болуына қарсы басты шара — күнделікті тағам құрамында мал майын қолдануды азайтып, орнына өсімдік майын көбірек қолдану керек. Екіншіден, тағам куатының өзіміздің күнделікті қимыл-әрекеттерге, қызмет түріне сәйкес болуын ескерген жөн. Ал қимыл тапшылығын болдырмау үшін жаяу жүруге, серуендеуге, дене шынықтыруға және таңертеңгілік дене жаттығуларына ерекше мән беріңіздер. Сондай-ақ қақталған, маринадталған тағамдар, майлы балық, ми, бүйрек пен бауыр, майлы қой, сиыр еттері, үйрек пен қаз етіне, шоколад, какао, қымыз, алкоголь ішімдіктеріне әуестенбеңіздер.
Қ. Медетбекова бірінші санаттағы дәрігер-терапевт
И. Медетбеков хирург, медицина ғылымдарының кандидаты
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: