Қарағанды облысында жолаушы автобусымен жүк көлігі соқтығысты |
Қарағанды облысында жолаушылар автобусы жүк көлігімен соқтығысты. Жол апаты 21 қарашада таңертең Қызылорда – Павлодар жолының 982-ші километрінде болды деп хабарлайды ІІМ төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті.
Sputniknews.kz агенттігінің хабарлауынша, 45 жолаушы мінген автобус Қушоқы ауылынан Қарағанды қаласына бара жатқан. Апат салдарынан оқиға орнында 28 жастағы жолаушы көз жұмды.
Тағы екі жолаушы автобус ішінде қысылып қалыпты. Оларды құтқарушылар шығарып алды.
Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар тасжолда болған жол апатынан зардап шеккендердің жағдайын айтып берді деп жазады Tengrinews.kz.
«Жол апатынан кейін 27 адам жеткізілді. 10 адам қаладағы түрлі клиникаларға жатқызылды. Үш адам №1 қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Барлығы есін жиған, бірақ жағдайлары тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Біреуі сол күйі стационарда жатыр. Тағы төрт адам Мақажанов атындағы клиникаға жатқызылды, екеуі — облыстық медициналық орталықта. Түрлі жарақаттар алған. Екі адам динамикалық палатада жатыр — жүкті әйел мен 2006 жылғы бала. Екеуі таяуда ауруханадан шығуы мүмкін», — деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.
Ол зардап шеккендерге қажетті медициналық көмектің көрсетіліп жатқанын айтып өтті.