Португалияда Дәрежан Өмірбаев фильмдерінің рестроспективасы өтіп жатыр

0
151

Португалияда Дәрежан Өмірбаев фильмдерінің   рестроспективасы өтіп жатыр

Португалияның Лиссабон қаласында қарашаның 19-ы мен 25-і аралығында өтіп жатқан 12-ші Халықаралық Lisbon & Sintra Film Festival кинофестивалінде Дәрежан Өмірбаев фильмдерінің ретроспективасы өтуде. 

Дәрежан Өмірбаев фильмдерінің ретроспективасы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен халықаралық продюсер Юлия Ким ұйымдастырды. Ретроспектива аясында көрсетілетін барлық фильмдерді сандық нұсқаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық сандық киноколлекциясы аударған болатын.

Кеше португалиялық көрермендер Дәрежан Өмірбаевтың «Қайрат» және «Шілде» фильмдерін тамашалады. Кешті фестивальдің директоры Паоло Бранко жүргізді. Көрсетілім ұзаққа созылды, халық көп болды. Көрсетілімнен кейін көрермендер режиссерға алғысын білдіріп, Лиссабонда ретроспективаны  ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді, – деді халықаралық продюсер Юлия Ким. 

Фестиваль шеңберінде Дәрежан Өмірбаевтың басқа да фильмдері көрсетіледі, олар: «Кардиограмма», «Киллер», «Жол», «Шұға» және «Студент» фильмдері.

Айта кетсек, бағдарлама аясында британиялық режиссер Майк Ли, америкалық режиссер Пол Шредер, италиялық режиссер Марио Мартоне және  бразилиялық режиссер Вальтер Саллестың ретроспективалары өтеді.

Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылы Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» фильмі Lisbon & Sintra Film Festival кинофестивалінің конкурстық бағдарламасында көрсетіліп, қазылар алқасының арнайы жүлдесін алған болатын.