«Өмірқос» жыр жинағы жарық көрді
Он шақты жылдан бері Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, өнер жанашыры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтың бастамасымен Қарағанды қаласында «Қасым.kz» сериясымен жас ақындардың жинағы шығып келеді. Бұған дейін қарағандылық Аян Мейраштың «Саған арнадым», семейлік Арман Шеризаттың «Тәңірқұт», оралдық Айбол Исламғалидің «Көктемгі идиллия», алматылық Нұртас Тұрғанбекұлының «Мен емеспін», қарағандылық Еркебұлан Елеусізұлының «Қайыңды көл» жинақтары оқырманға жол тартқан болатын.
Осы сериямен шыққан алтыншы кітап – Еламанның «Өмірқосы». Онда жас ақынның студенттік жылдары жазылған тырнақалды туындылары топтастырылған. Жыр жинаққа ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани алғысөз жазып, жас шайырға «…қызығынан гөрі қиындығы басымдау сапарда айың оңыңнан туып, өз жолыңды таба біл» деген игі тілегін білдіріпті.
***
Дегендей маған: «Жарқылда!»
Тәңірім жасын-от берген.
Өмірге сәби қалпымда,
Бір шумақ өлең боп келгем.
Түнегін шердің жардым да,
Ес білдім содан ақын боп.
Ғаламзат, сенің алдыңда,
Адасуға, әсте, хақым жоқ!
Хақым жоқ, білем, себебі:
Рухы бар жырда Абайдың.
Сеземін, сүйеп, демеді,
Санамды басса талай мұң.
Өлеңмен жаям барымды,
Ішімде кетсін сел көшіп:
Талбесік, тербе жанымды
Жырымды тербе, жербесік!
Періште пенде-ғұмырдан,
жалыққан кейбір сәттерде.
Оқиды кәусәр жырынан,
жазып ап амал дәптерге.
Бұл күйім бақ боп ұласар,
Болмысым менің – өлеңде.
Ақ парақтарға сыр ашар
ақ бұлттар жүзген төбемде.
аймалап жанды ұлы күн,
бойымда қан мен күй тасып.
Жұмаққа айналды ғұмырым
Өмір мен өлең ұйқасып…
Сыбыры жапырақтардың,
Әр жанның саз-әні ме екен?!
Шуылы жапырақтардың,
Жалғанның базары ма екен?!
Дірілі жапырақтардың,
Арудың төзімі ме екен?!
Ғұмыры жапырақтардың,
Ақынның сезімі ме екен?!
Сарғайған жапырақтардың,
Үміті ескіре ме екен?!
Шалғайдан жапырақтардың
сыңсуы естіле ме екен?!
Үзілген жапырақтардың,
Көңілі шайқала ма екен?!
Жүзінде жапырақтардың
өкініш байқала ма екен?!
Ұқсайды-ау маған мінезі,
Әлде, бұл – жай қалып па екен?
Жапырақ – Адамның өзі,
Топыраққа айналып кетер!
Фатима
Тәп-тәтті қылығы – бар мұңы,
Сот пенен оқтың бұл кесірі.
Үш бірдей жүректің тағдыры –
Бүтін бір халықтың жесірі.
Өлеңді сүйдің сен – өмірді,
Шаттығың, бақ күнің оқ құшты.
Бірақ та тек тәнің жеңілді,
ал, жаның мәңгілік көкке ұшты.
Басыңа сен тартқан орамал,
Алаштың жүрегін орады.
Сендей кім шын ғашық бола алар,
Сезімің суыған жоқ әлі!
Арысың өлген жоқ,
Намысын
Бөрінің азуы қайраған.
Ұлтының алдаспан ары үшін
өмірін бір оққа байлаған.
Жас пенен қаныңды селдеттің,
Тағдыр ғой тас берік тақымы.
Қып-қызыл жағалы жендеттің
жағасын қан жуды ақыры.
Алаштың ажары – келбетің,
Жанарың – адалдық нышаны.
Баттың сен азалы шерге тым,
Қазағым сол үшін құсалы.
Жүрек пен түнектің арасын
шарлаған сезімнің зарлы әні.
Фатима – өмірдің анасы,
Өлеңнің аяулы жан-жары.
***
Ассам да белес-белеңнен,
Басса да басты зор қайғы.
Өмірде өткінші
өлең мен
сезімде уақыт болмайды.
Сондықтан сүйіп өтемін,
Шақ емес: осы мәрем дер.
Өмірімнің биік екенін,
Тек махаббатым дәлелдер.
Жүректің сол ғой көргені,
Ғашық боп тоқтар, тоқтаса,
Өлеңнен ізде сен мені,
Әлемнен іздеп таппасаң.
Сағынуға да көнемін,
Бұйрықтан кімдер озып ед(і)!
Дәл бүгін жазған өлеңім,
Сол Күзде кешкен сезім ед(і).
Сенсіз де қанша күн өтті,
Ұмытам…
Бірақ құл – сана.
Сендіргім келеді жүректі,
Көндіргім келмей тұрса да.
***
Беу, жүрегім, барады отың үдеп,
Ғашық болып, асық боп жетіліп ек…
Періштенің жасымен жуылып ең,
Пенделіктің басынан секіріп өт.
Ал, мен келем басыма сор қып бәрін,
Бөлекпіз деп жүргенде сол бір қызға,
Керексіз боп қалыппын, енді ұққаным.
Мазалана бересің, жүрегім, сен,
Бойымдағы ізгілік нұры едің сен.
Қор болғым да келмейді, естимісің,
Зор болғым да келмейді, біле-білсең.
Сыр ашасың кеудемді жиі ұрғылап,
Кім келіп, жүрек, сенің күйіңді ұғад(ы)?!
Ойға аламын бүгінді, ертеңді де,
Ойлана алмай жүргенім қиын бірақ.
Беу, жүрегім, сен менің дәруішім,
Аңсап жүрген сол қыздың сағынышын.
Сезім керек екен ғой, сезінумен,
Өмірде бір белгі боп қалу үшін…
Өз қолында әркімнің несібесі әр,
Артта қалып қойғанмен көші де сәл.
Ей, жүрегім, сол күні…
Иә, сол күні,
Қыртып жүрген иеңді кешіре сал.