Миокардит — Денсаулық — Bilim

0

Миокардит (Муосаrdіtіs — жүрек бұлшық етінің қабынуы) — миокардтың қабынуы.

Миокардит кез келген жұқпалы ауру кезінде пайда болуы мүмкін, бірақ қазіргі кезде ол вирустық инфекция кезінде жиі байқалып жүр.

Аталған сырқатты туындататын инфекциялық емес факторларға кейбір дәрілер (антибиотиктер, сульфаниламидтер, метилдопа т.б.), сарысулар және вакциналар жатады. Миокардиттер дәнекер тіннің жүйелі аурулары кезінде де пайда болады, мысалы, жүйелі қызыл жегі, басқа да жүйелі васкулиттерде.

Миокард қабынуының себептері ішінде ревматизм ерекше орынға ие, эндокардит және перикардитпен қатар миокардит те аурудың негізгі себебі болып табылады.

Миокардиттер оқшау (біріншілік) және басқа аурудың көрсеткіші де (екіншілік) болуы мүмкін.

Ауру ағымы бойынша жіті, жітіге жуық және созылмалы миокардит және қайталанбалы (ремиссиямен — бірнеше ай немесе жыл жақсару) болып бөлінеді. Миокард кезінде қабыну барысы оның негізгі қызметінің бұзылуына әкеп соғады.

Көпшілік жағдайда миокардит кезінде анық белгілер болмайды, оны тек ЭКГ-дағы өзгерістерден ғана байқау мүмкін. Клиникалық көрінісі анық жағдайларда науқас әртүрлі сипаттағы ауырсыну сезіміне, дене қимылына байланысты емес жүрек тұсының ұзақ ауырсынуына, әлсіздікке, тез шаршағыштыққа, дене қимылы кезінде ентігуге және жүрек соғысының жиілеуіне жүрек қызметінің бұзылуына шағымданады. Дене қызуы қалыпты болуы мүмкін, бірақ 37-37,9°С дейін көтерілуі жиі байқалады.

Балалардағы миокардит ересектердегі сияқты вирустар мен бактериялардың әсерінен пайда болады. Балаларда сырқаттың екі түрі кездеседі:

—  Туа біткен миокардит. Бұл жағдайда балада туғаннан бастап әлсіздік, бозғылттық, ентігу бар. Емізген кезде тез шаршайды, салмақ қоспайды. Бұл ауру жүрек шекарасының кеңеюімен, тахикардиямен сипатталады.

—   Жүре пайда болган миокардит. Бұл түрі жіті, жітіге жуық және созылмалы болып бөлінеді. Жіті миокардит ЖРВИ-дің салдары болып табылады. Алғашқы белгілері: тәбеттің болмауы, мазасыздық және түнде ыңылдау, цианоз (көгеру) және ентігу ұстамасы, жүректің айнуы және құсу. Жітіге жуық және созылмалы миокардит кезінде өте айқын және айқын емес белгілер байқалуы мүмкін. Айқын емес белгілерге гепатомегалия (бауыр көлемінің ұлғаюы), естен тануға бейімділік, құсу жатады. Айқын белгілері — цианоз, жүрек дөңесі (кеуденің жүрек тұсында дөңес пайда болады), тахипноэ (тыныс алу жиілігі).

Болжамы аурудың түріне және ауырлығына байланысты. Көп жағдайда миокардит айқын белгісіз өтеді және науқас толық сауығып кетеді. Миокардиттің жіті және жітіге жуық басқа түрлері 1/3 жағдайда толық емделумен аяқталады. Басқа науқастарда жүрек қызметіне әсер ететін кардиосклероз немесе дилатациялық кардиомиопатия дамуы байқалады. Миокардиттің рефракциялық жүрек жетіспеушілігінің тез дамуымен және өліммен аяқталатын өте ауыр түрлері де белгілі. Жүрек соғысының бұзылысы кенеттен өлім-жітімге әкелуі мүмкін.

Жіті миокардитпен ауырған балалардың бәріне ауру басталған кезден бастап 3-5 жыл ішінде профилактикалық егулер жасауға болмайды; дәрігер егуге рұқсат берген кезде баланың толық сауыққанына сенімді болуы керек. Созылмалы миокардит кезінде де профилактикалық егуге болмайды.

Жиі суық тиюдің алдын алу шаралары, созылмалы инфекция ошақтарын емдеу, профилактикалық егулерге қарсы көрсеткіштерді қатаң есепке алу керек.

Д. О. Ибраева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: