Мемлекеттік қызметке заман ағымына сай іріктеу арқылы қабылдау
Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның «Кәсіби мемлекеттік аппарат құруға» қатысты алғашқы қадамға тоқталғалы отырмыз.
Яғни, мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғырту. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені осы «Мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғырту» атты 1-қадамында нақты айтылған.
Бұл дегеніміз, кез келген маман мемлекеттік қызметті сатының ең төменгі нүктесінен бастап жоғарыға өрлеуі керектігін көрсетеді. Яғни, ең төменгі сатыдан бастап қызмет жасаған адам ғана өзі атқаратын қызметті бүге-шүгесіне дейін білетін, қыр-сырын жете меңгерген, тиісті деңгейде жетіліп дайындалуы міндетті екендігін білдіреді.
Осы орайда түрлі түзетулерге сәйкес, мемлекеттік органдарға конкурстык комиссиялар құрылып, жұмысқа алу шарасы тек бәсекеге қабілетті тұлғаны ғана іріктеп алуға бағытталды. Оның құрамына кемінде бес адам тартылады деп жоспарланған.
Осындай өзгеріс аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдарда құрылымдық бөлімшелердің жеткіліксіздігінің салдарынан туындайтын конкурстық комиссия құру мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
«Біздің бірінші реформамыз «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған. Мемлекеттік қызметтің реформасын біз алғашқы заңнамалық акт — Президенттің «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» заң күші бар Жарлығы қабылдануының 20 жылдығы тұсында жүзеге асыра бастауымыздың нышандық мәні бар. 1995 жылдың желтоқсанында бұл құжат тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіл ТМД кеңістігі үшін инновация болғанын атап өту маңызды. Біз барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кірістік. Қазір қазақстандық мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды» — деді Елбасымыз өзінің осы батамасы жөнінде.
Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жастар алдына қоятын «Бәсекеге қабілеттілік» ұғымына тоқталып өткіміз келеді. Себебі, осы мемлекеттік қызметке қабылдау немесе тағайындау барысында жүргізілетін жұмыстарға енгізілген өзгерістер әр маманнан нақты осы қасиетті талап ететіндей. Нағыз бәсекеге қабілетті адам ғана төменгі сатыда басталған мансабының шыңына жете алады. Шыңға жетуде тірек болар құнды қасиеттер мен терей білім кез келгенде болмасы анық. Яғни, ел жауапкершілігін көтеретін азаматқа қандай ауыр талап қойылса да, қайыспайды, тек бірегейі ғана електен сүзіліп өтеді де, Қазақстанның тарих сахнасында қалуы жолында аянбай еңбек етпек.
Бір ескере кетер жайт, жоғарыда талқыға түскен жаңашылдықтар мемлекеттік мансап құрсам деген әр жасқа, әр азаматқа бұл жолдың ауыртпалығы қандай екенінен хабар беретіндей. Бұл, әрине, еліміздің жаһан алдындағы позицияларын жақсартуға бағытталған.
Жылдың басынан жалпыұлтқа жолданған конституциялық реформа мен Елбасының Қазақстан халқына арнаған мақаласы қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға және Отанымыздың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталып жазылған стратегиялық қадам болып табылады.
Бүкіл халық болып қолдаған мемлекет Басшысының бастамасы Стратегия-2050 мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының табысты іске асырылатынына үлкен үмітпен қараймыз. Сондай-ақ, сол жолда аянбай еңбектенеміз деген сенімдеміз. Әрине, ең алдымен осы алғашқы қадам тікелей бағытталған мемлекеттік қызметкерлер немесе болашақта өздерін осы саладан көретін жастар мұны бірінші болып ескергені жөн.