Кілемді қалай күту керек

0
Кілемдерді тазалаудағы бірінші қағида: Кілемді алдымен сыртқы жағынан, сосын барып бет жағынан тазалау керек.

Кір кілемдерді әртүрлі қоспалардың көмегімен мұнтаздай таза қылуға болады:

— 1 литр қайнаған суға жарты шай қасық кір жуу ұнтағы мен скипидар қосып араластырады. Сосын кілемнің беткі жағына осы құрамды жағып, алдымен ылғалды, кейін құрғақ шүберекпен сүртеді.

— 1 литр суға ас қасықпен мүсәтір спиртін қосып, кілемнің бірінші сыртқы жағын, кейін бет жағын щеткамен жуады. Сосын кілемді екі-үш рет жылы сумен ысқылайды, ал соңғы рет жуғанда суға аздап сірке суын қосады.

Майлы дақтарды былай кетіруге болады: бензинге електен өткізілген ағаш үгіндісін қосып, үгіндіні даққа жағып біраз уақыт күте тұрады. Ашық түсті кілемдерді осы әдіспен тазалаған жөн. Сондай-ақ, майлы дақты бензин мен кір жуу ұнтағы араласқан қосындымен де кетіруге болады. Бұл қосындыны түнде кілемге жағып қойып, таңертең ыстық сумен жуып тастайды.

Кілемге сіңіп қалған дақтарды да кетірудің жолы бар: спирт, лимон шырыны қосылған қосындыға мақтаны батырып, кір жерді мақтамен сүртеді. Кейін көпірік сумен жуып тастайды.

Қыс қаһары басылып, көктем жақындағанымен, кейбір аймақтарда әлі де қар жатыр. Кілемді қармен тазалау — ең оңтайлы әдістердің бірі. Кілемді қарға жайып қойып, үстіне сыпырғышпен қар үйеді. Лас қарларды сыпырып тастап отырады.

Тұзбен тазалау. Кілемге ірі түйіршікті ас тұзын сеуіп, сыпырғышпен мұқият сыпырып тастайды. Сыпырмастан бұрын сыпырғышты ыстық көбік сумен жуып алу керек.

Шаймен тазалау. Бұл әдіс ашық түсті кілемдерге қолданылмайды, керісінше, күңгірт кілемдердің ажарын аша түседі. Шай қалдықтарын (заварка) мәрліге орап, оны әбден сығады. Сосын шай түйіршіктерін кілемге шашып тастап, 15 минуттан кейін сыпырып алады. Шай шаңды бойына тез сіңіріп алатын қасиетке ие.

Кілемге сағыз жабысып қалғанда, ең бірінші оны мұздатады. Тоңазытқыштан мұп-мұздай бір нәрсе әкеліп, сағызға қояды. Сосын пышақпен қырып тастайды. Кейін күнделікті әдіспен кілемді тазалайды.

Кілемнің қырқылып қалған тұстарын кілемнің түсіне келетін жіпті мұқият таңдап, сол жіппен торлап тігу арқылы жамауға болады.

Кілемнің үстіне жиһаз қойылатын жағдайда міндетті түрде жиһаздың аяғына резеңке кигізу керек.

Егер кілеміңіз синтетикадан жасалған болса, онда алғашқы 6 айда шаңсорғышпен емес, жұмсақ щеткамен тазалағаныңыз жөн.

Ұзақ мерзімге демалысқа кеткенде, кілемнің бетін газетпен жауып, таяқшаға орап тастау керек. Шаң-тозаң түспес үшін асты мен бетін де газетпен ораңыз.

Кілеміңіздің тазалығы — үйіңіздің тазалығы екенін ұмытпағайсыз.