Кеплер телескопының 5 жаңалығы

0

Кеплер телескопының 5 жаңалығы

NАSА обсерваториясы 2009 жыл 7 наурызда ғарыш айлағына жіберілген «Кеплер» телескопы жұмысын мәңгі тоқтатты. Оның жанармайы таусылған екен, оның үстіне жиі істен шығатын болған. Бірақ Кеплердің астрономиядағы еңбегі ерен. Ол әлі нақтыланбаған экзопланеталарды есептемегенде Күн жүйесінен тыс 2681 планетаны анықтаған. Назарыңызға Кеплер телескопының ең ірі 5 жаңалығын ұсынамыз.

Kepler-452 b және Жерге ұқсас өзге планеталар

2015 жылы телескоп Kepler-452 b атты Жерден аумайтын экзопланетаны анықтады. Оны ұқсастығына қарай «Жер 2.0» деп те атап кеткен еді ғалымдар. Экзопланета Аққу шоқжұлдызында орналасқан, Күн жүйесінен ара-қашықтығы – 1402 жарық жылы. Кейін анықталғандай Kepler-452 b планетасындағы бір жыл Жердегі 385 тәулікке тең екен.

Дегенмен Kepler-452 b Жерге ұқсайтын көп экзопланетаның бірі ғана. Одан гөрі Kepler-62 e, Kepler-442 b, Kepler-296 e және Kepler-438 b ұсақ планеталардың көлемі мен тығыздығы Жерге салыстырмалы түрде ұқсас деген зерттеулер бар.

Табби жұлдызы

2015 жылы астрономдар Кеплер арқылы Аққу шоқжұлдызындағы Табби жұлдызының жарығы біресе 22%-ға төмендеп, біресе қайта қалпына келіп тұрғанын байқады. Бұл Табби жұлдызы үшін тұрақсыз құбылыс еді. Жұлдыздың «жалт-жұлт етуі» экзопланеталарда өзге өркениет бар деген гипотезаны тудырды. Бірақ рационалист-ғалымдар оны жұлдыз мағындағы шаң бұлттарының феномені деп түсіндіреді.

TRAPPIST-1 планеталар жүйесінің нақты деректері

TRAPPIST-тің алғашқы үш планетасын Чилидегі телескоп анықтаған еді, одан бөлек тағы төрт планетаны ғалымдар «Спитцер» телескобымен көрді. Бірақ ірі пландағы кескінді Кеплер ғана көрсеткен еді. 2018 жылы барлық TRAPPIST-1 жүйесіндегі планеталар Жерге ұқсас деп танылған еді, алайда мұны нықтылау үшін 2021 жылы Джеймс Уэбб телескобын ғарышқа жіберіледі.

Жерге ұқсас 44 планета

Ұзақ уақыт гибернация процесінде болған «Кеплердің» 95 мегапиксельді фотометріне 2018 жылы 44 жаңа планета ілікті. Оның ішінде 16 пленета Жердің құрылымына максимал ұқсас болып шықты. Алайда бұл экзопланеталар Жерге ұқсағанымен, ондағы климат Меркурий мен Шолпандағыдай екен. Шамасы онда саналы тіршілік көзі жоқ, бірақ бактериялар болу ықтималдығы жоғары. Анализ планеталардың көлемі мен ондағы температураны анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Ең алғашқы экзо-ай

2018 жылдың қазанында «Кеплер» мен «Хаббл» телескоптары Аққу шоқжұлдызындағы Kepler-1625b экзопланетасын айнала қозғалатын, көлемі Нептунмен бірдей объектіні анықтады. Kepler-1625b – Юпитерге ұқсас планета болғандықтан оның омалақ дискісі бар. Астрономдар болжауынша оны айнала қозғалып жүрген Kepler-1625b-ның серігі немесе экзо-ай болуы тиіс.