Интеллектуал держава. Қазақстан ақылды балалар рейтингінде 9-орын алды

0

Интеллектуал держава. Қазақстан ақылды балалар рейтингінде 9-орын алды

Vouchercloud британ порталы әлемдегі ең ақылды елдер рейтингін жасады. Рейтинг үш факторға негізделген – Нобель лауреаттарының саны, халықтың орташа IQ көрсеткіші және оқушылардың оқу үлгерімі.

Көбіне Азия мен Еуропа елдерінен құралған негізгі рейтингтің басында Жапония тұр. Олар үш көрсеткіш бойынша да жақсы нәтиже көрсеткен: Нобель лауреаттарының саны бойынша  алтыншы орын, халықтың орташа IQ көрсеткішінде алтыншы орын, ал оқушылардың оқу үлгерімі бойынша бесінші орын алған. 

Алғашқы бестікке Швейцария, Қытай, АҚШ және Нидерланд елдері кірген. Ресей алтыншы орында, Бельгия жетінші орын, Ұлыбритания сегізінші орында. Дегенмен, АҚШ Нобель лауреаттарының (368 адам, бірінші орын) арқасында рейтингтің бестігіне енді, ал халқының IQ деңгейі бойынша жиырма сегізінші орында, оқушыларының оқу үлгерімі рейтингіде он үшінші орында екен. 

Бірінші ондықта бес еуропалық елдің тұрғанына қарамастан, Forbes журналисі Дункан Мэдденнің айтуынша, болашақ азиялық елдердің еншісінде екен. Мәселен халықтың IQ көрсеткіші бойынша рейтинг басында Сингапур, Қытай, Гонгконг, Оңтүстік Корея, Тайвань, Жапония елдері тұр. Сингапур негізгі рейтингте соңғы орын алғанымен халқының IQ көрсеткіші мен оқушыларының үлгерімі бойынша бірінші орында, тек Нобель лауреаттарының саны бойынша жетпіс үшінші орында тұр. 

Қазақстан негізгі рейтингке енбеді, бірақ оқушылардың үлгерімі рейтингінде Ұлыбритания, Израиль, Швейцария сынды мемлекеттерді артта қалдырып, тоғызыншы орынды иеленді. Рейтинг авторларын бұл нәтиже таңғалдырғаны көрініп тұр. «Ресейдің көршісі Қазақстан планетадағы ең ақылды балалар тізімінде тоғызыншы орын алып, барлық болжамды тас-талқан етті. Мүмкін біздің көз алдымызда интеллектуал держава өсіп келеді?», — деп жазылған материалда.


Дереккөз: https://massaget.kz/