Әлекең айтқан екен…

0

Әлекен ағамыз тіршілігінде ауылдас ақын ағасы Еркін Ібітановпен  әзіл-қалжыңы жарасып жүретін көрінеді. Ақынның үйі де інісі жұмыс істейтін аурухана маңында болса керек. Бір күні жұмыс кабинетінде отырып терезесінен есік алдында ары-бері ойға шомып жүрген ақын ағасын көреді. Әйнектің аржағынан бақылап тұрса, Ерағаң көше бойымен ырғатылып келе жатқан әлдекімді тоқтатып, әлденелерді айтып әлгі адамды өзімен бірге үйіне ертіп кіріпті. Ағасының күйі келмей тұрғанын бірден аңғарған інісі шабытын ашайын деген оймен ауруханадағы таза спирттен  құтыға  құйып алып ақынның үйіне беттепті. Есік сарт ашылғанда аңтарылып қалған Ерағаң, суыт келген інісін сынағандай кейіп танытып: «Мына біздің Әлекен, Қызыл көзді бәле екен» деп қашанғы қалжыңбас қалпымен інісін түйреп алыпты. Ақынның шымшымасына мұқалмаған Әлекен, жол қуып келсе әкесіндей болатын Еркін ағасына қарап тұрып: «Өз құлынын өзі шайнайтын, Жаман айғыр бар екен» деп, есікті сарт жауып шығып кетіпті. Сөздің парқын білетін ер көңілді Ерағаң інісінің тауып айтқан теңеуіне тәнті болып, сөзден жығылғанын білдіріп, қуып жетіп «Әй, зәнталағым-ай» деп арқасынан қағып, үйіне ертіп кіріпті деседі.   

Сол  Әлмұхаммед ағамыз бір күні қайынжұртында үлкен той болатын болып  Алматыға келіпті. Үлкендер жағы тойға келген өнерпаздардың сыйақысын беріп есеп айырысу ісін күйеубала ретінде ағамызға тапсырса керек. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген тауындай таза ағамыз, күнде көкжәшіктен өнерін тамашалап жүрген танымал әншінің фонаграммамен ән айтқанына қатты қапаланып, бас шайқапты. Саф өнердің майдаланып бара жатқанына назаланған ол есеп айырысар сәт келгенде гонорарға берілетін ақшаны көшірмеден өткізіп алып, әлгі әншіге ұсыныпты. Түк түсінбеген әншіміз, мазақ қылып тұрсың ба дегендей, ағамызға бажырая қараған көрінеді. Ағамыз болса: «Жұртты құры аузыңызды жыбырлатып алдамағаныңыз жөн. Киелі өнердің киесін кетіруге болмайды. Шын талант болсаңыз табиғи даусыңызбен екі ән орындап беріңіз» деп төтесінен қойып қалыпты. «Халық қаласа хан түйесін сояды» дегендей лажы құрыған өнерпазымыз намысқа тырысып, бір емес бірнеше әнді тірі дауыста тамылжыта шырқап, той қонақтарының ілтипатына бөленіп кеткен екен.

Өткен жолы бір апамыздың «қазір даусы бардың емес, аузы бардың бәрі әнші ғой» деген сөзі, әлдеқашан ұмытылған бұл қызық жағдайды еріксіз еске түсірді. Осы әңгіме ойымызда қалған біз, шіркін, қазіргі концерттер мен той-думандарда құры ауызды жыбырлатып  қойып, фонограммамен ән айтудан шіміркпейтін кейбір әншілерге жұрт сол Әлекен ағамыз сияқты биік талғаммен қарай алса, киелі сахна талантсыздардан тазаланып, эстрадамыз ес жияр ма еді деген ойға қаламыз?!

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ 

Дереккөз: http://egemen.kz/