Хамза Есенжанов. «Данасың ғой, Плутарх»
Бүгін қазақ әдебиеті тарихындағы қайсар қаламгер Хамза Есенжанов дүниеге келген күн. Жазушы 1908 жылы 25 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысындағы бұрынғы Чапаев ауданында туған.
Алматы зоотехния — малдәрігерлік техникумын (1928), Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген. (1933). Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік өнертану институтының аспирантурасында оқыған (1934-36).
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы (1932-1933), КСРО ҒА Қазақ филиалында әдебиет пен фольклор секторын (1936—1937) басқарды. 1937 жылдан Қазақ мемлекеттік филармониясының, кейін Қазақ академиялық Опера және балет театрының директоры қызметін атқара жүріп, ҚазПИ-де орыс әдебиеті тарихынан сабақ берді.
30-жылдары «Өлеңтінің жағасында», «Қызыл құмақ», «Күшке күш» сияқты әңгімелері және «Жер шарында» атты сахналық шығармасы жарияланды. Одан кейін жазушы сталиндік жаппай жазалау толқынына ілігіп, көп өмірін ит жеккенде өткізіп оралған. 1956 жылдан қаламгерлік өнімді еңбек жолын бастады.
«Ақ Жайық» трилогиясы (1-кіт., 1957; 2-кіт.,1959; 3-кіт., 1965) Батыс Қазақстандағы тұтас бір кезеңнің оқиғаларына арналған. Автор отарлық езгіден қиналған халықтың бостандығы мен бақыты үшін күрескен ерлердің жиынтық бейнелерін (Хакім, Әлібек, Әділбек, Шолпан, Нұрым) жасаумен қатар нақты тарихи тұлғалардың (Дмитриев, Әйтиев, Қаратаев, Белан, т.б.) өмір жолын шебер суреттеді. 1963 жылы трилогияның заңды жалғасы болып табылатын «Көп жыл өткен соң», ал 1971 жылы «Ағайынды Жүнісовтер» романдарын жазды. Соңғы екі кітапта тарих талқысынан өткен елдің сан қырлы тұрмыс-тіршілігі мен әділет үшін күресі, адамның азамат ретінде қалыптасуы бейнеленген. «Ақ Жайық» трилогиясы мен «Көп жыл өткен соң» роман-дилогиясы 5 кітаптан тұратын тұтас эпопея іспетті.
Өмірінің соңғы жылдары «Қарт қазақ», «Жайын ілерде», «Жар», т.б. әңгіме, очерк, әдеби-сын мақалалар жазды. 1978—1981 жж. жазушының 6 томдық шығармалар жинағы шықты. «Ақ Жайық» романы орыс тіліне аударылып, одақтық, республикалық баспалардан (1964, 1969, 1973) жарық көрді. Ол М.Шолоховтың «Тынық Дон» («Тихий Дон») романының 1- және 4-кітаптарын, И.С. Тургеневтің «Рудин», И.П.Шуховтын «Өшпенділік» романдарын, А.С. Пушкиннің «Дубровский» повесін, т.б. шығармаларды аударды.
Жазушы 1974 жылы 5 желтоқсанда өмірден өтті.
Бүгін оқырмандар назарына «Данасың ғой, Плутарх» деген шағын әңгімесін ұсынамыз.
Данасың ғой, Плутарх
(әңгіме)
Александр Македонскийдің (кәдімгі шығыс елі Іскендір Зұлқарнайын, яки Қос мүйізді Патша деп атаған ұлы жанның) атақты үш қолбасшысы болды. Оның бірі Антигон, бірі Птоломей, үшіншісі Селевк еді. Атигоннен Деметрий туды. Бұл ғажайып патша атанды, теңдесі жоқ қолбасшы саналды. Қызы Стратоника асқан сұлу ханша болатын. Сол сұлу қызын Селевкіге тоқалдыққа берді. Ұрпақ жайып, патшалық патшалыққа қол арту ұлы адамдардың дәстүрге айналған әдеті еді ғой…
Ал, Селевкінің сүйікті жалғыз ұлы Антиох сол Стратоникаға ғашық болған. О, тәңірі құдіретің күшті ғой! Тоқал шешесіне ғашық болып, бірақ бұл сырды жарыққа шығара алмай, жас шаһизада ғашықтықтан құсалыққа айналған. Тағам татпай, шарап ішпей, ойнамай, күлмей, аңға шығып серуендемей сарғайған. Күндер жылжыған, айлар өткен; қуарған шыбықтай қастерлі ұлын табибтарға қаншама қаратса да, емін таппай патша да торыққан. Елдегі ең білгір табибтарды жинаса да ешбір ғалым ауру шипасын таппаған. Ғалымдар да, патша да тегіс түңіле бастаған. Сол кезде тәжірибелі дана Эрасистрат түрлі ойға, түрлі амалға кіріседі. Ол сарайдағы сұлу жанның бәрін сусын көтертіп шаһизаданың алдынан өткізе бастайды. Кезек жас анасы Стратоникаға да жетеді. Үлде мен бүлдеге бөленген салтанатты жас ханымның жаннан асқан нұрлы жүзін көргенде өлім халіне жеткен шаһизаданың көзінен әлде не бір шоқ ұшқыны жарқ еткендей болады да, мұны байқап қалған Эрасистрат ханымның қолынан сусынды алып, бас иіп тағзыммен сарайдан шығарып салады. Ол: «Ем табылды, бірақ үмітсіз…» деп түйеді. Алайда, патшаға келіп хал-ахуалды алыстан орап баян етеді.
— Құдіретті патша ағзам. Шаһизаданың қастері белгілі болды. Алайда жазылмайтын… жазылса да өзгеше бір қолдан келмейтін қиын жағдайға тірелетін жай,— депті.
Күйінген қаһарлы патша:
— Ол қандай ауру? Бүкіл патшалықты құрбан етсең де жаз!— деп бұйрық береді.
— Аурудың есімі — махаббат. Бірақ үмітсіз махаббат, патшам.
— Неге үмітсіз? Қол жетпес махаббат бола ма?
— Болады патшам, Шаһизада менің әйеліме ғашық…
— Қойшы! Рас па?
— Ақиқат, патшам.
— Түу! Сен өзің әрі Антиохтың досысың. Менің Антиохты өлердей сүйетінім де саған мәлім. Сөйте тұрып өзіңнің сүйікті досың, менің сүйікті ұлым Антиохты өлімнен қалас ету үшін бір әйелді қимағаның ба? Осы да сөз бе екен!
— Ұлы патшам, мұны мен түгіл, даланың данасы өзіңіз де істей алмас едіңіз. Антиох сіздің Стратоникаңызды сүйсе, бұған қалайша шыдап, қалайша… көнер едіңіз. Болмайтын нәрсе ғой.
— Егер де құдайлар тілекті беріп, солардың құдіреті ұлым махаббатын Стратоникаға аударса, жан біткен осыны мақұлдаса мен патшалығымнан да безер едім!
Қатты тебіреніп көзінен жас шыққан патшаны ұлы дәрігер қолынан ұстай алып:
— Сізге енді Эрасистраттың қажеті жоқ. Сіз өзіңіз әкесіз, өзіңіз ерсіз және патшасыз. Өз ұлыңыздың тағдыры өз қолыңызда. Бұдан былай өз ұлыңыздың табибы бір өзіңізсіз,— деген.
Ертеңіне Селевк халқын жинап алып:
— Бүтін арқа беттегі жерлерімнің билеушісі шаһизада Антиох болады, Бұл ұлы патшаның ұлы уалаятын бірігіп билеуші Стратоника ханым болады. Мен осыны қалаймын жамағатым,— деп паш етіпті!— дейсін.
Румға Эллада үлгі!
Грек әміршілері Рум әміршілерінен данарақ еді дегенің ғой бұл. Солай, көне ойшы!
1966 ж
Дереккөз: https://massaget.kz/