Головкинге міндетті қарсылас атанған боксшы допинг дауына ілікті
Қазан айында Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) америкалық боксшы Джермалл Чарлоны қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинмен жұдырықтасуға міндеттеген еді. Кейіннен бұл жекпе-жек екі боксшы командасы тарапынан қолдауға ие болған жоқ. GGG Канеломен жұдырықтасқысы келсе, Чарло күтетінін мәлімдеген.
Орта салмақта WBC уақытша чемпиондық атағына ие Джермалл Чарло (27-0, 21 КО) мен бірінші орта салмақта WBC чемпионы атағына ие егізі Джермелл Чарло (31-0, 15 КО) қазан айындағы міндетті допинг тесттен уақытылы өтпеген. Нәтижесінде мұның соңы дауға ұласты. Ұйым егіз Чарлоларға айыппұл салды.
— WBC Джермалл мен Джермелл Чарлоларды VADA допинг-тестін тапсырмағаны үшін айыппұл салмақ. Олар допинг тапсырар кезде қалада болмаған. Сондықтан тапсырмаған көрінеді. Алайда спортшылар допинг тест алдында қайда болатындарын VADA ұйымына ескертулері тиіс. Ұйым келер жылы мұндай жағдай болса, боксшыларды ауыр жазаламақ, — деп жазады talkSPORT журналисі Майкл Бенсон.
WBC ережесіне сәйкес, боксшы арнайы допинг-тестті тапсырмаса, ұйым оны жазалайтын болады. Айыппұл салуы, рейтингтен шығаруы, жекпе-жек өткізуден уақытша шеттетуі және чемпиондық атағынан айыруы мүмкін.
Чарлолар 22 желтоқсан күні кезекті жекпе-жектерін өткізеді. Нью-Йорктегі Barclays аренада өтетін бокс кешінде Джермалл Вилли Монромен (кішісі), Джермелл Тони Харрисонмен жұдырықтасады.
Айта кетейік, осы жылы орта салмақтағы бірнеше боксшыдан допинг табылды. Мамырда Геннадий Головкинмен жұдырықтасуы тиіс болған Сауль Канело Альварес допингке байланысты 6 айға бокстан шеттетілді. Отандасымызбен жекпе-жегі кейінге шегерілген еді. Ал бірер ай бұрын Билли Джо Сондерстің қанынан оксоксилофрин табылып, WBO чемпиондық атағынан айырылған болатын.