«Барыс» сырт алаңда «Сібірді» ұтты

0

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын «Барыс» сырт алаңда «Сібірді» ұтып, Шығыс конференцияның турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Новосібір қаласында өткен ойында елордалық команда мұз айдын иелерін 2:1 есебімен овертаймда ұтты.

Алғашқы шайба ойын басында-ақ соғылды. 4 минутта Андре Петерссон «Барысты» алға шығарды. Бірінші кезең аяқталар тұста Даррен Диц «Сібір» қақпасына екінші шайбаны соққан. Алайда видеоқайталауды қараған төреші шайбаны есепке алмады.

Мұз айдын иелері екінші кезең ортасында есепті теңестірді. Дмитрий Саюстов ойыншы басымдығы кезінде мергендігімен көзге түсіп, жергілікті жанкүйерлерді қуантты.

Овертаймда «Барыстың» асығы алшысынан түсті. Кертис Волктың бағыттаған шайбасы «Сібір» қақпасынан табылып, елордалық команда үшінші ойын қатарынан жеңіске жетуіне жол ашылды.

Новосібірдегі ойын қазақстандық клуб үшін оңай болған жоқ. Екі бірдей ойыншысы жарақат алып қалды. Бірінші кезеңде Мэтт Фреттин мұз айдынды тастап шықты. Үшінші кезеңде команда капитаны Брендон Боченский де ойынды жалғастыра алмады.

«Барыс» 39 ұпаймен Шығыс конференцияда үшінші орынға көтерілді. Келесі үш ойынын Астанада өткізеді. 14 қараша күні Хабаровскінің «Амур» командасымен кездеседі.