Әңгіме: Тоқаш Бердияров | Жастық кешуі

0
I

Жастық жылдардың аумалы-төкпелі, бейжай күндері — елеусіз бір дүние. Менің көзіме жастық шақтың тек қана жылы шуақты, тамаша кезеңдері елестейді. Бейкүнә балалық, шақтың ебедейсіз, сәтсіз һәм беймаза күндерінің өзін мен дайын тұрған бақытқа ешқашанда айырбастамаған болар едім…

Мың тоғыз жүз қырық екінші жылдың ауыр айлары ілбіп өтіп жатты. Соғыс жылдарының қытымыр, көңілсіз күндері өкпеге түскен құрттай тіршіліктің ажарын алған. Әншейінде будақтап тұратын ауыл оттары бұл күндері жалқау көлеңдейді, сөніп бара жатқанға ұқсайды. Арбалардың доңғалағы қиралаңдап жолдың ыстық шаңын аспанға көтереді. Оған жегілген арық аттар аяқтарын сылбыр басып, жүре ұйықтайды. Майданға кеткен ересектердің ауыр кетпені жас өспірімдердің иығына батты. Бірі тары суырып, бірі мақта баптап, әркім өз ісімен әбігер. Есік-терезесі аңғал-саңғал иесіз мектепті көлеңкелеп сиырлар тұр.

Көше бойлап жүре қалсаңыз, көңілсіз жәйттерге тап боласыз: қыр-қыр еткен қол диірменнің мылқау үні, келі-келсаптың тақ-тұқ еткен қатқыл даусы қазан басының, жомарт дастарқанның сәнін кетіріп, қалың ауыл-аймақты құлазытып жіберген. Жұрттың қорегі шай мен жүгері талқан, қара тентек, қала берді быламық…

Колхоз клубында жиі-жиі болып тұратын комсомол жиналысы, мәжіліс-кеңес ойын-сауық біржола тыйылды. Айлы түнде сызыла шығатын жастар әуезі бұл күнде естілмейді. Жастықтың өміршіл даусын, махаббат әнін аспандағы жұлдыздар да сағынған тәрізді.

Кәрі-құртаң, бала-шаға еккен егіндер де мардымсыз. Тырбық жүгерілер сарғайып, ауру баладай күнбағыстардың сирағы діріл қағады. Сирек шыққан қозаны құмай басқан. Әйнегі сынған терезенің көздерін кейбіреулер ескі шапанмен тығындаған. Кешкі мезгілде әрбір терезеден папиростың шоғындай әлжуаз оттар көрінеді. Қомағай қараңғылық лезде оны да жұтып қояды. Есік алдындағы ағаш итаяқтар жуынды құйылмағандықтан күнге қақырап кеткен. Даладан суыр, көр тышқан аулап, ашыққан иттер де өз қамына кіріскен.

Көктем шыға көк шөп үстінде жантайысып, ескі шежіре, той-көкпар жайлы әңгіме-дүкен құратын қариялар тобы егіс даласында. Олардың ғаламат қимыл-екпіні, күш-жігері өз ұлдарымен бірге қанды майданға шеру тартқанға ұқсайды. Алғы шепте атылған зеңбіректің қорқынышты үні бұл ауылға да жетіп жатты. Қиян-кескі ұрыстарда жауынгердің кеудесіне қадалған оқ бұл ауылдың да кеудесіне қадалған секілді. «Неміс фашист басқыншыларымен кескілескен шайқаста сіздің сүйікті ұлыңыз ерлікпен қаза тапты!».. деген азалы хабар талай ананы, талай атаны «Аһ» ұрғызды. «Сіздің, еріңіз»… деген суық сөз талай жесірді зарлатты. Бесіктегі бөбектерді жетім етіп қалдырды…

Дегенмен өмірдің өзіне тән азап-бейнеті, сыбағалы мұңы, өзіне жарасты күлкісі бар емес пе?! Көз жасы мен қуанышы аралас тіршілік ақырын сүйретіліп өте берді. Жүрегін шер басқан халық еңсесін көтеріп, кетпенін нығарлай ұстады. Ұлы Отанға үлкен қауіп төніп отырғандығын мықтап сезінді. Жаудың осал емес екендігін де байқады. Тәуекелге бел байлап, қайратқа мінген қатын-қалаш, кемпір-шал, күні-түні аянбай еңбек етті. Орынсыз күйректіктен, абырой әпермейтін асалдықтан безініп, ақыл тоқтатып, күш-жігер жинады. Майдандағы ұлдарының жеңіспен оралуын сарғая күтті. Осы бір кішкентай ауылда, әрбір үйде, әрбір жүректе үміттің үлкен оты жанып тұрды.

II

Оңтүстіктің шуақты, ашық көктемі.

Қалың тоң астында қысымен құрысып жатқан қоңыр жер март айының басында-ақ, күлге аунаған шұбар тауықтай дүр сілкінді. Жер-дүние бусанып, қылтиған көк шөптер жапырақ, жайып, жердің жалаңаш қыртысын жасырды, Суға салған дәндей бөртіне бастаған жұмсақ жер қоңына соқаның болат тістері бойлады.

Аспан көкпеңбек. Қыр жасыл. Жыртылған егістік қоңыр.

Қызыл тұмсық, ұзын тірсек, ала қанат дегелектер мәз-майрам боп, тұт басында сықылық атады. Дегелектің тағарадай ұясын айналсоқтай пырылдап ұшқан сары шымшықтар, су бойында жорғалаған науырызкөктер — бәрі де жаңа түскен жас көктемнің хабаршысы. Алай-түлей, көл-көсір жауыннан кейін жапырлай ашылған дала қызғалдақтары — ару көктемнің бетіне ойнап шыққан алқызыл қан сипаттас.

Дәл осы бір мезгілде жүріп жатқан соғыстың қиямет дүрбелеңі табиғаттың бұл сұлулығына ешбір әсерін тигізбеген тәрізді. Шіркін, табиғаттың бәз-баяғы, сол бір керемет сұлу қалпы!

Күрең жабыны тепеңдетіп келем. Ала қоржынымның екі басында екі бидон. Атым жайсыз жортақтаса салдыр-гүлдір етіп, ауыл иттерін абаландырып, ыю-қию әбігерге түсіреді. Менің төбемді көрсе болды, «майшы бала келе жатыр»,— деп әйелдер тобы дүр ете қалады.

Құрбан шалдың үйіне бұрылдым. Құрекеңнің кемпірі — Тәттігүл жүгері қуырып жатыр екен. Ыстық құмға жамбасы қызған жүгері патыр-пұтыр етіп, үлкен қазанның ернеуінен ытқып-ытқып шығады. Бұршақ сықылды аппақ бадырақты ілмиген екі бала теріп жеп жүр. Кіндігі шодырайған, жалаң бұт кішкентай сары баланың екі көзі қазанда. Шешесінің кір-кір етегіне жармасып, тағат таппай шыр-шыр етеді.

Келген шаруамды айтып едім, Тәттігүл апай бір күрсінді де мұңын шақты:

— Сиырымыз әлдеқашан суалған. Соңғы кезде бір кесе сүт беретін-ді, оны да қойды. Бедірейіп маңына жолатпайды. Ендігі ермегіміз көк ешкі. Оның сүті де мардымсыз. Сыршай қып ішуге зорға жетеді. Жануар биыл төрт лақ туған ғой, солардан сүт артылады дейсің бе? Жалғыз сиырдың қатық-сүзбесінен қант-шайлық напақа түсіп тұратын-ды, оны да қудай көп көрді. Ас қатықтан қағылдық. Үнді шайы былай тұрсын, алма шайға да қолымыз жетпейді. Жиенжан-ау, колхоздың гедабай атшоты бітті ме? Ауаныстан артылған еңбеккүнімізге ешнәрсе бере ме, жоқ па?..

Әлгі жалаң бұт сары бала ошақ маңына шашырап түскен жүгеріні місе тұтпай, қолын қазанға сала бастап еді, шешесі байбалам сап, ожау ала ұмтылды.

— Қазанға түсіп өлемісің, ашқарақ сорлы неме?!

Көңілсіз оқиғаның куәсі болғым келмей, мен қайтуға ыңғайлана бастап ем, Тәттігүл апай сөзін жалғастыра жөнелді:

— Өзің білесің, жиенжан, үлкен ұлым жарақаттанып, Сарыат деген қалада кеспеталда жатыр. Со қала қазақстанға жақын дейді, шалыма «барып кел»,— деп ем, мыңқылдап көнбеді. О сорлының да күзеттен қолы босамайды. Атың өшкір Гитлер салды ғой лаңды. Тезірек көзі жоғалса екен со найсаптың!..

Осыдан екі ай бұрын мен жеті жылдық мектепте оқитын едім. Бұл кәсіпке көшуіме мынадай себептер болды: Әкем Магнитогорск! қаласына қара жұмыс істеуге кетті. Оның ізінше кенже ағам — Алмас та майданға аттанды. Ол аттанарда маған мына бір жәйттерді ескерткен-ді.

— Елжас төрем, осы семьяның басы-көзі енді сен боласың. Апамның сырқат екені өзіңе аян. Сондықтан оқуыңды уақытша таста да, менің мына ала қоржыным мен екі бидонымды қабылдап ал… Күрең жабының басын бос қоя берсең , ол өзі біледі қай үйге кірерін… Тағы бір айтар ақылым— сыпайыгершілікті ұмытпа! Халықты ренжітпе. Өз ісіңе әділ бол!

Содан бері қарай «майшы бала» атандым. Ә дегенде ұялыңқырап жүрдім де үйреніп кеттім. Алдымен торкөз шыт көйлегімнің омырауы, сосын жеңдері майланды. Екі-үш, аптадан кейін-ақ кепкамның күңқағары қарал бастады. Май сіңген бөз шалбарымның балағы теңбіл-теңбіл боп, шаң атаулының бәрін өзіне жиып алды. «Үш танкист» «Егер ертең соғыс болса» өлеңдерінің сөзін білмесем де, өзімше ыңырсып, әнін айтқан болам Қыза-қыза қатты-қатты ысқырып жібергенімде астымдағы күрең жабының құлағы елең ете қалады. Осы көңілділігіме қарағанда, ептеп өңешім де майланып қалған-ау, деп ойлаймын!..

Тәттігүл апайдың үйінен шыққан соң, Қара молданың шарбағының ат басын тіредім. Бір сәтте қора ішінен айқай-шу естідім, Тәжігүл жеңгей қолына айыр алып, есектей алай мойнақ төбетті тырқыратып қуып жүр. Иттің басына үлкен қызыл қауақ кептеліп қалыпты. Ол қашып құтылатын бағытты бағдарлай алмай, шырқ көбелек айналады. Арқасына таяқ батқан сайын жан сауғалап, шарқ ұрады. Темір айыр дөп тисе керек, бір кезде қызыл қауақ қақ бөлінді. Қауақтың ауыз жағы ит мойнында кетті. Сол бір замат қою айранға малынған иттің ала-құла тұмсығы көрінді. Әп-сәтте жан-жағын бағдарлап алған әккі төбет шарбақтың тесігіне зып берді де, ашық сүдігермен зыта жөнелді.

Тәжігүл ентіге дем алып, қолындағы қисық сапты айырын сүйретіп, әлгі ала мойнақ төбетті жер-жебіріне жеткізе қарғап-сілеп, бермен қарай келе жатты.

— Қап, құдай-ай!.. Балаларымның аузынан қағып, бір тәулік жинаған қатығымды тапа талтүсте ішті де кетті-ау, жалмауыз ит!.. Бүйректей боп ұйыған айран еді. Обалдағы-ай, обалдағы-ай!..

Бұл үйдің екі сауынды сиыры бар. Басқалардан гөрі ауқатты тұрады. Семья басы — Қара молда көк есегін жортақтатып, ел қыдырумен күнін өткізеді. Өлгендерге құран оқып, үйленген жастардың некесін қиып, оп-оңай напақа табатын еті тірі, ылдым-жылдым кісі. Әр ауылдың бір тентегі бар демекші, Қара молда — осы ауылдың имамы.

Тәжігүл жеңгей мені көрмегенсіп, абажадай қызғылт күбіні күмп-күмп пісе берді. Көгілдір шыт көйлегінің етегі ышқырлығына қыстырылған. Мен жаққа көзін аларта қарайды. Аузы сылпылдап, өзінше күңк-күңк сөйлеп, маған естірте былай деп соқты:

— Осы бір баладан-ақ күйдім-ау! Темір бөшкесін даңғырлатып жетіп келеді де тұрады. Берекеміз қашты ғой, түге! Сүмірейін ел кезгенше, қолына кетпен алып, еркек адамға тән жұмыс атқармай ма екен?!

Әп-әдемі ауыздан шыққан нақұрыс сөзге жүрегім түйіліп қалды. Қасқыр көрген қозыдай, бейкүнә бала сезім үрке шегініс жасады. Тас түйіліп, атылғалы тұрған ашу-ыза тұла бойымның қалшылы арқылы біртін-біртін қара бұлттай ыдырай бастады. Жұмсақ мықынды осқалы тұрған үш өрмелі қамшыға тұтқиылдан ақылды сабыр ара түсті. Мен атымның басын шорт бұрдым.

Бұдан кейін жолым болмады. Шылғаубайдың үйіне кіріп ем, әйелі жай-жапсарын айтып, бір сағатқа жуық безілдеді.

Өзіңе мәлім, биыл қыс қатты болды ғой, қарағым. Айналдырған жалғыз сиырымызға шөп тауып бере алмадық. Жоңышқаның бір бауы — бес сом! Ондай ақша қайдан келсін бізге? Ақыры, не керек, пышаққа ілінді жануар. Еті де көк бақа екен, сорпа-суға зорға жарады… Әлгі ала ешкіміз туып еді.

Кеше лағы еміп қойыпты. Жұдырықтай лақ, қалың матадан тігілген желінқапты шайнап тесіп жіберіпті… Сөйтіп, міне бүгін сүттен қағылдық. Құр су ішіп отырғанымыздың мәнісі де сол, шырағым… Сөге жамандама, төрем, бар болса, сенен аяйды дейсің бе?..

Расында да колхозшылардың әл-тұрмысы анау айтқандай емес-ті. Шайтан шырақтай қылп-қылп етіп отырған әйтеуір бір өлмес тірлік. Қанды соғыстың ауыртпалығы алыстағы момын ауылдың да жүрегін сыздатты. «Сіздің ұлыңыз ерлікпен…» деген суық хабар күн сайын естіліп жатты. Соңғы кезде «Ой бауырымдаған» зарлы дауыс ана жерден бір, мына жерден бір там-тұмдап, жиі-жиі естіле бастады. Майданнан келген қара да қайырымсыз қағаз талайларды жылатып, сықтатты. Көзден домалаған ыстық жас тұла бойды мұздатып, кеудеге оқ болып қадалады. Күңіреніп отырған азалы үйге «Май төлеңіз»,– деп кіріп барудың өзі – үлкен мехнат. Әр адамның мінез-құлқы әр қилы. Бірі ақ көңіл, бірі дәукес. Бірі сыпайы, бірі қатал. Бәрімен бірдей ортақ тіл табысып, мәмілеге келе беру қиын-ақ. Онсыз да жан күйзелісіне ұшыраған шаруагерлер кейде көңілге қаяу да салады. Амал бар ма? Қызметтің аты – қызмет!

Кейде мен өзіме қатты ренжимін. Кейбір қылықтарымды ұнатпаймын. Мәселен біреумен сөйлескенде сызылып тұрып алу, аса жұмсақ сөйлеу, аз сөйлеп, аз қимыл жасау, халі мүшкіл адамды мүсіркеу, ой дүниесіне шектен тыс берілу… Өзіме тән табиғи осы бір жәйттерді біле тұрсам да, әсте бір арыла алмадым. Менің мына қызметіме алғырлық, өжеттік тым қажет-ақ сияқты. Менің әскерге кеткен ағаларым албырт, қайсар, шетінен қасқыр жігіттер еді. Сондықтан ғой қазекеңнің: «балам пысық»,— деп көрші-қолаңға мақтанатыны.

«Шыж» етпесі таусылып, өңеші қурап отырған жұрт тұрмыс халінің мән-жайын айтып, мұңын шағады. Халық деген шешен ғой! Тыңдап тұрсаң — бәрінің де сөзі жөн. Еріксіз иланасың. Көбік шашқан асау өзен кері қарай ақпасқа болар. Со тұрғылас себепті нәрсеге қаталдық өтпейді екен. Шіркін, келісім-мәмлеге не жетсін?!

Батыс жақтың қабағы түйіле бастады. Ақ жаңбырдың ұзын, қисық сирақтары жер тепкілеп тұр. Қара бұлттың әр жағынан «мен мұндалап» күннің болымсыз сәулесі ғана көрінеді. Мен атымды шаужайлап, асыға жүріп келем. Күні бойы жүздеген үйге кіріп, жүздеген адам жүрегінің мыңдаған сүрленген сырын естідім. Қаншама айтылған ақиқат арыз, қаншама шаруагер мұңы табаныма қадалған шөңгедей жанымды жеп барады. Олардың аянышты үні құлағымнан кетер емес. Олардың еңбеккер бейнесі көз алдымда. Қоржынымдағы айлап жинаған сары май — халық жүрегінің бір бөлшегі сықылды. Мен оны қадір тұтамын. Төкпей-шашпай «масло-промға» тапсыруым керек.

Күрең жабыны қамшылап келем. Міне аудан орталығына да іліндім. Шеткі үйлердің иттері үре бастады. Жортып келе жатқан астымдағы атым әлденеден үркіп, кілт тоқтай қалғанда, мен үстінен қалпақтай ұшып түстім. Есімнен танып бірер минут жатып алдым. Сол жатқаннан жата берер ме едім, әлде қайтер едім, егер жас сәбилердің үні құлағыма келмегенде. Олар өзара әңгімелесіп отыр-ау, деп жорамалдаймын. Бірі тұрып: «Біздің үйде май көп»,— дейді. Ал, екінші қыз баланың даусы: «Біздің майымыз жоқ»,— дейді. Әлгі ұл бала өжеттеніп: «Онда сен мына бидонды үйіңе көтеріп апар»,— дейді. Екіншісі: «Ағам оянып кетсе ұрсады ғой!», деп жауап қатты. «Өй, қорқақ»,— деп, мазақтады оны ер бала. Мәселе сары май жөнінде болған соң, есімді біртіндеп жия бастадым. Оң жамбасым қақсап ауырады. Басымды көтерейін десем, тіпті, мұршам келмейді. Өне бойым сырқырап талықсып барам. Ептеп көзімді аштым; жүгенін аяғымен басып күрең жабы тұр жол үстінде мүлгіп. Жол шетіндегі арық ішінде бір бидоным жатыр ақтарылып. Екінші бидонымның қақпағы ашылмапты. Ішіндегі дүниесі әйтеуір аман-есен. Әлгі ақтарылған бидонның қасында екі бүлдіршін отыр. Аузы-бастары саталақ-саталақ. Төгілген майға саусақтарының ізі түсіпті. Білектерінен темен қарай аққан майды жалап-жалап қояды. Екеуінің де еш нәрсемен ісі жоқ, көкесінің тойында отырғандай — мәз-мейрам. Мен басымды әзер- мәзер көтердім. «Әй!»— деп даусымды қаттырақ шығардым. Екі баланың көзі бадырайып кетті. Орындарынан тұрып, үйлеріне қарай зыта жөнелді.

Мен еңбек қадірін алғашқы рет сезіндім. Зая кеткен есіл еңбегіме күйініп, тұңғыш рет солқылдап тұрып еркін жыладым. Бұл сәтте мыңдаған адам жүзіме қараса да ұялмайтын едім. Ия, ия ұялмайтын едім! Бұл жылау — шын жылау! Көл-көсір ақтарылған сары майдай, омырауымды ыстық жас жауып кетті…

Осы бір көңілсіз оқиғадан кейін мен күрең жабымен, ала қоржынмен және… «Үш танкист» өлеңімен біржола қош айтыстым…

III

Науқан кезі. Жұмыс қолы жетіспейді. Селтеңдеп жүре беру, мұндайда тым ыңғайсыз-ақ. Апаммен ақылдасып, колхоздың бір қора қойын қабылдап алдым. Енді мен «қойшы бала» атандым. Алайда, қой бағу да оңай жұмыс емес екен. Әншіге дауыс қандай қажет болса, шопанға да дауыс деген соншалықты қажет. Даусымның жуан болмағанына қатты өкіндім. «Ыррыт!» дегенімде, бүкіл бел-белес, кең шатқал, таулы өлке жаңғырығып кетсе, шіркін!.. Майшы боп жүргенімде бостан-бос ысқыратынмын. Ал, бұл жерде ысқырық та кәдеге асты. Шебер ысқыра білмеген шопан, шопан боп па, тәйір-ай?!

Сақ болмасаңыз, қой екең де мимырт, өнімсіз жүріспен бірталай жерге барып қалады екен. Мен кітаптың қызығына ден қоя бастағанымда, қойларым көк егіске түсіп кетіп, колхоз қорықшысы Құрбан шалдан талай-талай көресіні көрдім-ау! «Қойшылық қолынан келмейді»,— деп, ол колхоз басқармасына қайта-қайта шағым айтып жүретін.

Бір күні қойларымды қайырып тастап, жаңа орылған пішен үстінде кітап оқып жатыр едім, жалаңаш балтырыма сегіз өрмелі қамшы сарт ете қалды. Бұрылып қарасам, колхоз бастығы Мырқы Тайқыбаев екен. Екі кезі қып-қызыл, жирен мұрты жыбыр-жыбыр етеді.

— Немене, әкеңе құран түсіріп отырсың ба?.. Қойларың қозаның ішінде жүр ғой, оңбаған!..

Жүрегім су ете қалды. Әкемнен күні кеше хат алғанмын. «Сау-саламатпын»,—деп жазған-ды. Ал, мынау не көкіп тұр өзі? Құраны несі?..

Бастық қырықтарды алқымдаған қайратты кісі. Соғыс басталғанда майданға кетіп, ізінше елге қайта оралды. Ол туралы — «сол алақанын өз мылтықпен атып жарақаттапты» деген сыбыс бүкіл Араншаға тарап кеткен-ді. Оның пышырбай қырсық сөзіне ызаланған мен, осы бір жәйтті бетіне басып салдым.

— Менің әкем сіз сияқты қорқақ емес,— деп орнымнан атып тұрдым.

Мырқының жүзі сұрланып кетті. Бет-аузы түтігіп, қалш-қалш еткен бойы маған жақындай түсті.

— Бала, аузыңа ықтият бол, әмесе сотталып кетесің!

Біздің әңгімеміз осымен бітті. Бастық атына мініп, жөнеп қалды. Келесі күні басқарма шақырып жатыр деген соң, кеңсеге барсам, Мырекең жалғыз өзі отыр екен. Есеп-шотты қайта-қайта қағып қойып, желкесін қасиды. Әлденелердің есебіне жете алмай жатқан түрі бар сықылды. Жирен мұртын саусағымен ширата түсіп, қалың ойға батады.

Сәлем беріп, таяу барғамда ғана ол мені байқады. Орындық ұсынып, елпектеп жылы амандасты.

— Иә, төрем, халің жақсы ма? Қойларың күйлі ме? Шешең байғұстың «сақинасы» ұстаған жоқ па? Қош келіпсің? Жарайды, жарайды…

Кешегі әңгімеден соң мен мұндай жағдайды күтпеген едім. Бастығымның көтеріңкі көңіл күйіне, ақ жарқын кейпіне таң қалып, үн-түнсіз отырмын.

— Төрем, нешінші класты бітіріп ең?

— Жеті жылдық білімім бар.

— Өте жақсы!.. Біз сені өсірмекпіз. Сені колхоз активтері қатарына қоспақпыз. Яғни адам етпекпіз. Ертең бидай орағы басталады. Бүгіннен бастап сен қырмандағы астық есепшісі боп тағайындалдық. Негізгі міндетің: комбайннан бидай қабылдайсың. Мемлекетке астық тапсырасың. Ептеп колхоз қоймасына да дән түсіресің. Шауқар атты ерттеп мініп ал. Ертең қырман басында бол!.. Қойларды Құрбан шалға өткіз…

Мырекеңнің мына сөзі қатты ойландырды. Не сенерімді, не сенбесімді білмей аңырып тұрып қалдым. Құдай-ау, кеше ғана өрісте бет жыртысып айрылыспадық па? Бұл жай әншейін тәлкегі болар басекеңнің…

Есепшілік жұмыс қолымнан әйбат келсе де, бір жағынан жүрегі құрымағыр бет бақтырмай отыр. Біздің жақтың қыз-келіншектері әзілқой, қылжақбас келеді. Кейде ойынға айналдырғансып, тұрпайы, оғаш әрекеттер жасай салады. Осыдан екі жыл бұрын табелші болып жұмыс істеп жүргенімде өңшең дәукес, адуын келіншектер мені қаумалап қалмасы бар ма! Не қылар екен деп бақсам, мә саған безгелдек, біреуі білегін сыбанып жіберіп, ышқырлығыма қолын салып жатыр.

— Осы қайнымды жұрттың бәрі «сүндетке отырмаған» деседі, көрейінші, рас па, өтірік пе?..

Сол бір қатерлі шақта қайыс белдігімнің ұшын қолыма орап алып «келіншектер қоршауынан» әрең босанған жайым бар. Егер бригадир жігіт көмектеспегенде, әбден масқара болатын едім.

Осы оқиға есіме түсіп кетті де:

— Қалай болар екен?— деп, міңгірледім.

Басқарма қызына сөйледі:

— «Қалай болары» несі?.. Өй, ынжық неме!.. Жұрт алғы шепте Отан үшін қан төгісіп жатқанда, саған жол болсын!.. Мен еңбек майданындағы қолбасшымын. Сен солдатсың. Бұйырамын — барасың! Шешім осы. Жөнел!..

Енді бірде анамның аянышты халі есіме түсті. Сол жылдары үшінші бригадаға табелші болып істеп жүрген шағымда, түскі тамақ кезінде колхозшыларға газет оқып беру үшін іс басына бардым. Жұрттың бәрі бір дастарқаннан шай ішіп отыр екен. Көпшіліктен бөлініп оғаш отырған біреуді кердім. Қасына барсам — менің апам — Мырзақыз. Алдында жүгері талқан. Аузына уыстап-уыстап бұрқыратып құяды да ізінше ыстық шайды ұрттап жібереді. Мені көрді де:

— Кел, шырағым!— деді.

Мәселеге түсіне қойдым: жұрттың бәрі түскі шайға деп үйлерінен тандырға жапқан нан алып шыққан екен. Апам байғұс жүгері талқанын көпшілік дастарқанына салуға түбі намыстанса керек. Жеке отырып шай ішуінің мәнісі де сол екен. Жоқшылықтың құлы болған қайран апам-ай!..

Мен қырманға есепші болсам, бүкіл астық менің қолымнан өтеді. Әр дәннің есебі менің кішкентай алақанымда тұрады. Ол жерде қол емес, бас істеуі керек! Тау-тау болып үйілген шіркін, қызыл бидай-ай, нағыз байлықтың өзі емес пе?!.. Әрине, апамның мүшкіл тұрмысы да өзгереді; күн сайын тандырға нан жабады. Тандырдан жаңа шыққан ыстық, қызыл шырайлы күлшелерді беліне мықтап түйіп алып, жұмысқа ертемен баратын болады. Әне сонда менің апам буы бұрқыраған ыстық нанды жомарттықпен орта дастарқанға төгіп кеп тастайды!.. Ұялып, намыстанудың орнына жұртқа мақтанышпен қарамай ма, менің апам!..

IV

Қырман басында жұмыс істеп жүргеніме, міне, бір жетідей болып та қалды. Есепшімін деп таразы басында шіреніп тұруға адам ұялады екен. Кез келген жұмысқа киліге кетем; машинадан қырманға дән түсіріп, арбаға қап тиеуші де өзім. Үлкен қазақы қаптарды қыз-қырқындармен қолдасқанда, талай жұмыр білектерге уысым толды-ау!.. Қоңырқай өңдес, толық қыз білегін босатқаннан кейін, шалдардың қабарған, қатқан саусақтарын ұстауға мүлде зауқым соқпайтын-ды. Комбайн жүргізуші жігіттерді, қырман еңбеккерлерін дәмді тағаммен, салқын сусынмен қамтамасыз ететін де өзім. Астықтың ысырапсыз жиналуына, талан-таражға салынбауына қырағылықпен бақылау жүргізуші де өзім. Мансап кішкентай болса да, бастық болуға не жетсін, шіркін!..

Қыздардың білегіне қызығып, ә дегенде қатты ұрынып қалыппын. Тұла бойым сырқырап түнімен ұйықтай алмай жүрдім. Мойын, иық, білек, балтырларым біртін-біртін зырқырауын доғарып, Еңбек-атамен ымыра-саздығы үйлесіп, айнымас ашына боп кетті.

Колхоз қоймашысы — Қортықбай деген бір күні менен астық қабылдап алып жатып, былай деді:

— Бүгін комбайннан қанша астық қабылдадың?

— Он бес тонна.

— Ордерге қанша деп жаздың?

— Он бес,— деп.

— Немене, басыңды жалмағалы жүрсің бе, сорлы бала?— деп Кортықбай маған дүрсе қоя берді.— Ол өнімнің жартысынан көбі сабан ғой, жазған-ау! Таза бидай деп сен қалайша қабылдап аласың? Кем дегенде сен бес тоннасын шығарып тастауың керек. Ертеңгі күні қырмандағы бидайың ордерге жазғаныңмен мен баланс жасамаса құрып кетесің!.. Тас түрме дегенің сол болар, шырағым!..

Жөн сөз. Мен сасайын дедім. Қыздардың жұмыр білегі де көз алдымнан ғайып бола бастады.

Қорекең менің абыржыған түрімді көріп, қулана күлімсіреп, демеу бергенсіп кесек-кесек сөздер айтып тастады.

— Сен бала саспа! Алда уақыт коп. Ертеңнен бастап комбайннан түскен өнімді жартылай қысқартып отыр.

— Қалайша?

— Отыз тоннаны он бес тонна деп жазасың ордерге. Қурайдың дәні, тас-топырақ, шөп-шалам… ұға білсең, мұның бәрі отход!..

Ол құлағыма ақырын сыбырлады:

— Қырмандағы артық бидай бізді тесіп шықпайды, бала. Менің қоймама күн сайын артығымен асырып отыр. Қоймаға түсті дегенше, қолға түсті дей бер… Түнделетіп тасып аламыз. Тек қана ұраңды тереңірек қазғайсың!..

Екі оттың ортасында қалу деген түбінде осы болар.

Қортықбайдың алдыңғы ескертпесінің жөні бар сияқты еді. Ал кейінгі сөздері маған ұнаңқырамады. Пәледен сақтандырғанын мақұл-ақ дейін, бірақ кейінгі пікіріне қосыла алмаспын.

Келесі күні Қорекең менімен жылы амандасты. Ол қырман сыртында тұрған машина кабинасынан үлкен бума түйіншек алып жатып:

— Мынау жеңгеңнің саған деген сәлемдемесі,— деді де түйіншекті маған қарай ысырды.

Мен жеңешемнің сәлемдемесін құшақтаған бойы жатар баспанамыз — шайлаға кірдім. Апыл-ғұпыл жібек орамалдың түйінін шешіп жібердім. Міне қызық, су жаңа костюм-шалбар! Бостон ба, коверкот па, езі?!.. Ақ көйлек галстугімен… Бір тақия… Қап-қара жалтылдақ ботинкасы тағы бар!.. Жүрегім жарылып кете жаздады. Мұндай қымбат киімдерді өмірімде бірінші рет керуім. Қуанышымда шек жоқ. Бұл дүниеде менен бақытты адам бар ма екен, сірә?!

Сол күннен бастап Қорекең маған дос адамдай боп көрінді. Мен де одан қолымнан келер жақсылығымды аямаспын. Оның айтқан ақыл-кеңесін бұлжытпай орындай бастадым. Комбайннан түскен бидайдың маржандай таза болмайтыны қақ. Қорекең дұрыс айтады, елу процентін шегеріп тастау керек. Әй, қайдам, бұл көбірек болар. Ал, үштен бірін шығыс етсем?.. Мұным — нағыз данышпандық қой деп ойлаймын…

Қарын болса тоқ, қырманда осылай істеп жаттым. Ептеп ысылған түрім бар. Қуланып та барам ба, қалай өзі?.. Кеше «бір қап ұнды біздің үйге тастай сал»,— деп Қортықбайға дайындап жібердім. Апам байғұс «дөкей баламның сәлемдемесі»,— деп қуанып та қалған шығар. Дәл осы сәт, бәлкім, тандырды қыздырып, нан да пісіріп жатқан болар. Ақ нанға бір кенелетін болды-ау, әйтеуір! Қартайғанда көрсін анашым, ұлының кереметін!.. Егер мен үйде болсам, егіс даласына жүріп бара жатқан апама: «Бір күлше емес, оншақтысын ал»,— дер едім. «Орта дастарқанға аямай сал»,— дер едім. «Жұрттың көзіне ұялмай тік қарап, көрсет жомарттығыңды»,— дер едім. Тоқта, тағы не айтар едім?.. Талқанға түйілген қайран, анам-ай!..

«Әрбір дән — жауға оқ!» «Қырманда бір де дән қалмасын!» Ұранымыз осы. Күні-түні мемлекетке астық тапсырып жатырмыз. Көлігіміз ат-арба. Қала берді түйе, өгіз, есек.

Таразы басы қызу еңбек. Маржандай тап-таза қызыл бидай лезде қапқа құйылады. Қампық қарын ала қаптардың аузын бүрмелеп, қыз-келіншектер кендір жіппен тігіп жатыр. Жұмыр білектерде күміс білезіктер жалт-жұлт етеді. Тырсиған қаптың бір бұрышын иықтаған жас келіншек:

— Қайным, қолдасып жіберші,— дейді сызылып.

Ой, дүние-ай! Несін айтасыз, талай-талай балғын білектің қызуы менің алақанымда қалып қойды-ау!..

V

Жаңа костюмді киіп алып, шауқар атты тепеңдетіп, жексенбі күні үйге бардым. Апам шай ішіп отыр екен.

Дастарқанға көзім түсіп кетті; асқабақ қосқан сап-сары зағара нан (жүгері ұнынан жасалған). Мен жіберген бір қап бидай ұны төрде тіреліп тұр. Неге аузы ашылмаған, қайранмын!..

Су жаңа киініп, апамды қуантайын деп келіп ем, бірақ ол салқын шырай білдірді. Таңданған пішінмен қасына барып отырдым. Әлдене боп қалды? Майданнан суық хабар келді ме?.. Жүрегім аттай тулайды.

— Елжас!— деді апам, маған шай құйылған кесені ұсынып жатып,— үш бірдей ағаң бөтен елде жаумен алысып жүр. Әкең болса заводта жұмыс істейді. О да бөтен елде. Күндіз-түні бір алладан солардың есендігін тілеп мен отырмын үйде. Сен болсаң ержеттің. Шүкір, қызметің де жаман емес. Бірақ адал бол, қарағым. Арамдық жасасаң, әкеңнің, ағаларыңның елге оралар жолың бөгейсің. Мұны есіңе сақта, шырағым!.. Қай бір күні Қортықбай біздікіне бір қап ұн тастап кетті. «Балаңның сәлемдемесі»,— дейді. Бойым мұздап сала берді. Қорқып кеттім. Колхоз қамбасынан бір қадақ ұн алсақ та, басқарма «ауанысқа» деп рұқсат қағаз жазып беретін еді ғой. Ал сендердің бұларың не? Немене, Кеңес өкіметінің жолда қалған астығы бар ма?.. Шырағым, сол Қортықбай дегеннен аулақ болшы!..

Апамның аузы көпіріп, әп-сәтте бұрқан-талқан болды да қалды. Мен оны жұбату үшін өтірік-шыны аралас жылпылдақ, құйрығы қысқа сөздерді мәймеңкелете жөнелдім.

— Апа-ay, мен жұмыс істеп жүрмін ғой. Күніне екі еңбеккүн табамын. Себебі таразыбан да, жүкші де, аспазшы да, қырман күзетші де өзім. Мына ұнды авансқа алдым Басқарманың рұқсат қағазы Қорекеңде. Нанбасаңыз сұраңыз өзінен.

Менің бұртиғанымды көріп, апам жуаси түскен сыңай білдірді.

—Немене, үстіңдегі костюмді де колхоздан ауансқа алдың ба?

— Бұл — Қортықбай ағамның сыйы.

— Қойшы боп жүргеніңде неге ол сыйламады?..

—Бәсе, неге сыйламады?

Мен түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Құбыжық түс көріп, әбден зықым шықты. Аяғым тайып кетіп, үлкен қанар қаптың астында қалдым. Айқайлайын десем үнім шықпайды. Кеудем қысылып, тынысым тарылып демігіп барам… «Елжасжан!» — деген апамның даусынан оянып кеттім. ЬІңырсып барып, кеудемді кере, еркін дем алдым. Ой, жаным-ай!.. Қандай рақат!..

Ертеңгісін қою сүт қатқан тары көже ішіп отырып, салмақпен апама былай дедім:

— Сіз менен қам жемеңіз. Сауатым бар. Басым істейді. Ал, мына ұнды қазірден бастап пайдаланатын болыңыз. Қамыр ашытып, тандырға мол етіп нан жабыңыз. Босқа тұрғанша кәдеге ассын, ас болсын.

— Ағаларыңа хат жаздың ба?

— Шаруа көп. Уақыт деген өте тығыз. Алдымен өздері жазсын. Майдандағы армияның адресі құбылмалы келеді. Шабуылдап ілгері жылжып бара жатқан ағаларыма менің үш бұрышты хатым ілесе алмас.

— Әй, шырағым-ай, жалқаусың-ау. Біле-білсең сенің бір жапырақ қағазың олар үшін үлкен демеу ғой. Осы бір сенің тас бауырлығың…

— Қазір, тыл да майдан! Уақыт тығыз, апа. Ала қоржынды атқа салыңыз. Мен жүремін. Қырмандағы қауырт жұмыстың менсіз тоқтап қалуы мүмкін…

Тамақтанып алған соң, кірленген жейделерімді ауыстырып киіп, костюм-шалбарымды қайта-қайта шөткелеп, атқа қондым.

Бет алысым — түбектегі колхоз кіреңдесі. (Біздің колхоз өзбек ағайындарға жылда аренадаға жер беріп, бақша салдырады).

Биыл Келестің суы тайыз екен. Атымның сирағынан да келген жоқ. Балық аулауға өте қолайлы. Тіпті, қолмен ұстап алуға да болады.

Өзеннің арғы бетіне өтіп, кірендешілер құжырасына жақындадым. Сары кірпік күнбағыстар күннен көзін алмайды. Жүгері сабақтары білектей-білектей. Қызғылт шашақтары қурап, дүмбіл бола бастапты. Пуштада теңкиіп жатқан қарбыздардың қарнынан күн көрініп тұр. Кеседей қып-қызыл помидорлар жасыл жапырақ арасынан сығалайды. Қауын суарып жүрген ала тақиялы диханның кетпені жарқ-жұрқ етеді.

Есік алдына ілінген қауын қақтың шірнесі жерге тамшылап тұр. Әлгінде тілінген қауын ғой деймін. Үш қатар өрілген қақ адамды еріксіз тамсандырады. Шіркін, қыстың күні сап-сары тары сөкке жаншып жесең! Қауын қақ деген астың құдайы ғой!

Төбесі жабық, бір қабырғасына ши тұтылған, тізе бойы сыпа үстінде үш-төрт адам шай ішіп отыр. Сөренің әр жеріне ілінген он шақты торқабақтың ішінде кеудесі қызғылт қораз бөденелер «бытпырық» атады. Қызғылт сәтен көйлегін денесіне қабыстыра киген, шашын қысқа етіп қидырған бір қыз көзіме оттай басылды. Ауылдың ынжық қыздарына мүлде ұқсамайды. Сол қолын көрпешеге таянып, бір жамбастай отыр. Өзбек тілін әжептәуір білетін едім, атымды қазыққа байлап, мен олармен өзбекше амандастым.

— Жорабай ака, ішләр мықтоймы?

— Еляш ука, келинг, келинг!.. Тәпәңизні қорганимға юдә һәм хурсантман!..

Қысқа амандықтан соң, біз сорпа ішуге кірістік. Өзағаңның сорпасы керемет! Бөтегесі жұдырықтай семіз он шақты бөденені асқан екен. Майлы сорпаға қасығымыз ерсілі-қарсылы сүңгиді. Дәмді тағам тілді үйріп барады әншейін.

Әлгі бейтаныс қыз дәрігер боп шықты. Аты — Зоя. МТС-те істейді екен. Мұнда қауын-қарбыз жегелі келіпті.

Ала қоржыныма үш-төрт қауын салып ап, мен кетуге ыңғайландым. Шауқар аттың тізгінін шешіп, ерге асыла беріп ем, дәрігер қыз етегімнен ұстай алды:

— Жолдас, мені де ала кетіңіз.

— Қайда баратын едіңіз?

— Сіздің колхозға — «Рахатқа».

— Жайша ма?

— Адам жай жүре ме екен? Әрине, қызмет бабымен.

Теңізге лақтырған тастай, қыз көзіне батып барам, батып барам… О, жалған-ай! Мұндай сиқырлы көз болады екен-ау?

Ердің үстіндегі жұқа көрпешені алып, ердің артына салдым.

— Ал, отырыңыз!

Зоя ерге мықшиып отырып алды. Мен оған қатты ызаландым.

— Сіз арт жағына отырыңыз. Жігіт адам ерге отырады.

— Рақмет құрметіңізге, езіңіз отырыңыз.

Сүйкімді қыздың тұрпайы мінезіне, ожарлығына түсіне алмай аң-таң боп тұрып қалдым.

— Мінгіңіз келмей ме? Мен онда кеттім,— деді де құрметті дәрігер шауқар аттың сауырына қамшыны бір-ақ басты.

Не шара? Қыз артынан өңкеңдеп жүгіріп отыруға тура келді. Ол кешуге жеткенде ғана атының басын тежеді.

— Мініңіз жылдам!

Амал қанша? Біз мінгестік. Біреу-міреу көріп қояр ма екен деп, жан-жағыма алақ-жұлақ қараймын. Ауылды жерде қызға жүген ұстатып, өзіңіз артына отырыңыз, масқара болдым дей беріңіз!..

Бір қызық оқиға менің есіме түсті; біздің ауылда Талқанбай дейтін сылқым жігіт болды. Ол орыс тілін мүлде білмейтін еді. Өзі арбекеш болғандықтан «но» деген сөзді шеберлікпен нақышына келтіріп айтатын-ды. Со жылы біздің колхоздың мақтасы жақсы өсті. Алматыдан жүзге жуық көмекші қыздар келді. Шәкір деген бір қу жігіт бар еді. соған әлгі Талқанбай келіп: «қыздармен танысатын орысша сөз үйретші» деп қолқалап болмаған соң, Шәкір тұрып «пайдом клебр, пайдом клебр»… деп, жоңышқаға қарай сүйрей бер!..» — депті. Шәкір екінші күні көзі көгерген Талқанбайды тоқтатып алып: «Не деп айттың?» — сұраған екен, ашуланған Талқанбай қолын бір сілтепті жүре беріпті…

Кешудің арғы бетін сулап, ат қайқаңдап өрге шыға бергенде, еріксіз қыз белінен қапсыра құшақтай алдым.топ-томпақ нәрсеге уысым толып, көзім қарауытып кетті. Жұп-жұмсақ. Басым айналып, бүкіл әлемнің рақаты мен қызығы құшағыма толғандай болды! «Мен сіздің қасыңызда кемпірмін ғой»,— деген қыз сөзінен қымсынып, есімді әрең дегенде жидым. Ұялғанымнан қолымды жалма-жан тартып алдым. Бет ашылмаған шақта махаббат ұяты қылмыс істеуден де қиын ғой! Ұят деген махаббаттың киімі тәрізді. Түймесін ағытудың өзі ақырет!

Зояның әлгі сөзін естігенде, екі бетім ду ете қалды. Махаббат шекарасын бұзып өткен арсыздай ұят алдында сасқалақтап, кірерге жер таппадым. Менің бұл әрекетім қисынсыз, бейбастық болса да, жүрегіме өшпестей бір сәуле түсіріп кетті. Сол сәуле осы күнге дейін кеудемде бәз-баяғы қалпындай ойнап тұр. Бойымдағы қаным денемді миллион рет айналып шықса да, сол сәттегі ләззатты ұмытар емес!

Біз үн-түнсіз келеміз, Көкпеңбек жоңышқа ішінде бөденелер тынымсыз сайрап жатыр. Бір жаманы — алдымызда кешу жоқ. Аттың басын бұрып, әлгі кешуден жүз қайтара өтсе де жалықпайтын едім мен. Жұмыртқаның қырындай Зояның аппақ балғын мойны екі көзімді ойып жеп барады. Қызғылт көйлектен әйел халқының сүйкімді иісі аңқып тұр. «Өлеңсайдың» еңісінен құлай бергенде, әлгі аппақ қыз мойыны аузыма тақалып қалды. Құшырлана сүйіп-сүйіп алдым… Бұл жолы қыз үндеген жоқ…

VI

Менің есім ерте кірді. Жұмыртқа жарып шыққан балапандай, ақылым толысқан сайын, тап-тар аядай дүние кеңіп сала берді. Киіз үйдің түңлігінен сығалаған жұмбақ жұлдыздар жылаған шағымда сан рет көз жасымды тыйды. Жым-жырттық басқан сәби сезімнің тұп-тұнық тайыз айдынына сол жұлдыздар тас лақтырып, темір қанат қиял-ойымның қауырсынын жетілдірді. Гуілдеп соққан жел, судырлаған жапырақ, шелектеп құйған жаңбыр, алапат аспанның күркірі бәрі-бәрі де ой-дүниемнің терезесін қағып тұрып алды.

Адам баласы аурудан немесе кездейсоқ сан қилы апаттан қаза табатындығына ақылым жеткенде қатты қайғырдым. Себебі, өлім деген жоқ деп ойлаушы едім. Анамның жерге қарап мөлиген қас-қабағынан, әкемнің күңкіл беймаза даусынан — тұрмыс-жайдың нашарлығын, қаптың түбі қағылғандығын еркін аңғаратынмын. Зәуі келіп, кейде мен оларға «Мені қайдан алдыңдар?» деген сұрақ қойғанымда, олар: «Біз сені жолда жатқан кебеженің ішінен тауып алдық»,— деп мырс-мырс күлетін. Ана құшағындағы жылауық нәрестелерді көріп, мен кейінірек, өзімді сондай бір ана туғандығын мойындадым.

Ауыл адамдары мені «ынжық»,— дейтін. Көп сөйлеу мен үшін — ауыр жұмыс. Кейбір сотқар балалар тиісе қалғанда, ашуым кеп айтар сөзімнің ең таңдаулысы — «ақымақ!» Тымырайып өзімше жүруді қалаймын. Жұртпен жұғыса кету, дау-жанжалға килігу, ақ сәлделі кісілермен жылпылдап амандасу — шынымды айтайын, мұндай қасиеттен мүлде жұрдаймын. «Бәтшағар, неге сәлем бермейсің?» — деген қария адамдардың талай ескертпе сөздері маған айтылып та жататын-ды.

Мен кітапты сүйіп оқитынмын. Кітаптарды оқыған сайын өмірдің тар соқпағы ұлғая түсіп, шіркін дүние өте сұлуланып кететін-ді. Бір балаға бес дәптер пара беріп, Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалауын», — үш күнге әзер сұрап алғаным әлі есімде. Абажадай қалың кітапты үш тәуліктің ішінде оқып бітірдім де!..

Тұйықтау болғаныммен, мінезім тіктеу еді менің.

Бұл дүниеде зорлық-зомбылық пен әдепсіздікті жек көретінмін. Біздің ауылда Базарбай деген саудагер кісі болды. Кәсібі алып-сатар, пайдакүнем. Былайша айтқанда арық-тұрық малды семіртіп, екі есе пайдасына сатады. Жаман кебісін сүйретіп, жұртқа үнемі ақыл айтып жүреді. Өзінің аспаздық өнері де бар. Өлгендерге ас беру, той-думан бола қалса, бұл кісі қазан басынан шықпайды. Аршыған жұмыртқадай басын күнге жалтыратып, сары сәбіз, майлы палауды кәкпірмен аударыстырып жатады. Нартайдың үйлену тойында осы кісі ас жасады. Бірақ мен ол палауды жегем жоқ. Себебі мынау: Базекең ас жасап жатқанда, жалтыр басынан тер сорғалап палауға тамғанын көзім шалып қалды. Қасына жүгіріп барып, қолынан ұстай алдым:

— Бұл — халық жейтін ас. Сіздің арам теріңіз бізге дәрі емес!— дедім қатуланып.

Жұрт опыр-топыр жиналып қалды. Бәрі де аң-таң. Мәселе мәніне түсіне қойған кейбіреулер аспазға ала көзімен қарады. Базекең қып-қызыл боп кетті. Бірақ өз айыбын мойындаған жоқ.

Қызталақ, не дейсің-ей? Көзіңе қос көрінді ме, қайдағы тер?— деп маған бажырая бір қарады да, жұмысына қайта кірісті…

…Зоямен кездескеннен кейін, менен ұйқы қаша бастады. Қиыи-қыстау ұзақ жолмен жүріп отырып, шаршап-шалдығып барып тататын өмір сыбағасын мен төтелей соғып, төбесінен бір-ақ түсіп, оп-оңай таттым. Аз сәттік нәпсі құмарлық, жүректің кіршіксіз таза махаббатына зақым келтірді. Бұл мәселені кейін аңғардым.

Асқа тәбетім соқпай жүдеп барамын. Қырмап жұмысына етенелік — суй бастады. Көз алдымда таразы цифрлары тайраңдап, арифметикалық төрт амалдың ережесі миымда тұрмайтын болды. Соңғы кезде маған пайда бола бастаған ұмытшақтық, алаңғасарлық, аз сәт жалт ете ғап сөнген сәтсіз махаббатсымақтың кесірі ғой деп ойлаймын.

Зояның жұмыртқадай балғын мойыны көз алдымнан кетпей қойды. «Қойшы жаным» деген жалынышты үні құлағыма қорғасындай құйылып қалса керек, осы бір биязы үнді күндіз-түні естимін де тұрамын.

Жұмысты тастап, оның істейтін мекемесін қырындайтынды шығардым. Міне, терезеден кез алмай телміріп отырмын. Менің аяулы дәрігерім науқас адамдарды қарап жатыр. Біреудің аузын ашып көріп, бағзы бірінің жалаңаш кеудесін нәзік саусақтарымен ұрғылап қояды. Тани кеттім, сол баяғы өзім қысып ұстаған жылтыр, әдемі саусақтары. Ақ ботаның өркешіндей өзім сүйген сол мойын!.. Байқаймын, сабырым мүлде таусылып барады. Адамдар саябырлаған шақта пар тәуекел деп кіріп бардым. Зоя әлденелерді қағазға жазып отыр. Қалам ұшы сыр-сыр етті. Зоя мені байқамаған сияқты, басын әсте көтерер емес. Сабырым әбден таусылды. Жайлап жөткіріп қойдым. Ол үндемейді, жазып отыр, жазып отыр… Екінші рет қаттырақ жөтелгенімде барып, Зоя жазуын доғарды. Бірақ басын көтермей, таза бір анкетаны алды да:

— Фамилияң кім?— деді қатқыл үнмен.

— Тоқмырзаев.

— Атың?

— Елжас.

— Қай жерің ауырады?

Мен нендей жауап айтарымды білмей қатты састым. Ол нығарлап қайта сұрады.

— Қай жерің ауырады деймін?

— Ішім… дей салдым.

Ол басын көтермеген бойы бір тілім қағазға рецепт жазды да маған ұстатты.

Аудандық аптекадан аласың. Күніне үш таблеткадан астың алдында үш рет пайдаланасың. Ал, жүре бер… Следующий?..

Мен сүмірейген бойы терлеп-тепшіп, тысқа шықтым. Уһ!.. Шынымен-ақ ол мені танымағаны ма? Әлде таныса да сыр бергісі келмеді ме?.. Танымауы мүмкін емес… Сенбеймін, сенбеймін!.. Онда неге жылы амандаспады? Неткен қатал жан өзі! Ойпырмай, ойпырмай, дәрігерлер де осындай тасбауыр болады екен-ау!..

Күн төмен қарай құлдилап барады. Сонда да ыссы —аспан айналып жерге түскендей. Мен үйге қарай көңілсіз жаяу қайтып барамын. Қалың ойдамын. Махаббатқа осылай қарауға бола ма екен? Бұл не деген сұмдық!.. Шіркін, Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш — Баян сұлулар-ай! Армандарың, жүректерің кіршіксіз неткен таза еді! Махаббаттарың неткен ыстық еді! Ғашықтық отына түсіп өртенген есіл боздақтарым-ай!.. Қазіргі жас ұрпақтарға сүйіспеншілікті тек сендерден үйрен дер ем. Бірақ, бірақ… ол зұлымат қатігез заманның заңы бір басқа еді ғой. Сол кездегі махаббат трагедиясы теңсіздіктен туған жоқ па?.. Ал, қазір дарқан өмірге арқа сүйеп, еркіндікті бұлдап, адам баласына бір-ақ рет берілген махаббатты қорлауға бола ма?.. Адамның ең асыл, ең шынайы тұнып тұрған мөлдір сезіміне тас лақтыру — үлкен қылмыс емес пе?!

Қалың ойға кетсем керек, артымнан мотоциклдің бей жай сигналы қайта-қайта естілді. Жол шетінде одырайып тұра қалдым. Рульде отырған егделеу еркек. Артқы ерінде — әйел. Тани кеттім — Зоя! Қасымнан «дырр» етіп өте шықты. Сықылық атқан әйелдің уытты күлкісі, менің алғашқы бала махаббатыма былш еткізіп түкіріп жібергендей болды. Шаң астында қалдым. Үстіміздегі жаңа костюмге жиіркене қарадым.

Жарқ еткен найзағайдай әлгі күлкі өңменімді түйреп етті. Мотоцикл ұзап барады. Зояның көгілдір орамалын қою шаң әп-сәтте жұтты да қойды. Алыстан естілген мотор үні менің жүрегімді суырып алып бара жатқандай болды.

VII

Бір қасық балдан соң у сіміргендей болдым мен. Кулагин қайшылап, асау арғымақтай тыпыршыған, шіркін көңілдің де айран-асыр аптығы басылды. Арнасынан асып лықсыған ыстық қан екпінінен айрылып, ортая түсті. Құпия дүниені қызықтап, жолбарыс нәпсіге табыну — бишаралық жағдай екенін мықтап сезіндім.

Сол бір жастық кездесуі, аз сәттік ыстық ләззат оғаштау болса да, менің алғашқы махаббатымның терезесін ашты. Қыздың тұрақсыз, ойнақы, салқын махаббатынан мен ғаламат ыстықтық алдым. Ол сезіне білмеген рахатты мен сезіне білдім.

«Махаббат дертінен» айыққан соң өз жұмысыма алаңсыз араласып кеттім. Уақыт қауырт. Жұп-жұмыр қоңырқай білектерді күніне жүз ұстап, жүз босаттым. Шілденің бел ортасы. Күн шыжып тұр. Айнала қапырық. Шілде қоңыздары толассыз жыңылдап құлақты жеп барады. Үлкен сөре астында, бетімді дәптермен желпіп, шалап ішіп отырмын. Иығымнан біреу түртеді. Жалт қарасам,— Қортықбай.

— Бала, халің қалай?— деп алаша үстіне жантая кетті.

Қысық көзінің кірпіктері мүлде қағылмайды. Су ұрттаған адамдай ұртын бұлтитып алған. Ақ кителінің төс қалтасында қарындаш деген толып тұр. Авторучканың алтын саптысы да, күміс саптысы да бәрі де бар. Қалам сап, блокнот, көзілдірік тағы басқа заттар Құрекеңнің омырауын мүлде томпитып жіберген. Жыңғыл сапты қамшысымен етігінің қоншын қайта-қайта ұрғылайды. Бір жаңалық айтайын деген сыңай білдіреді. Аузындағы насыбайын түкірді де, сөзін бастап кетті.

— Кеше, сен жоқта басқарма келді. Қырманға көзін салды да бұрқан-талқан болды. Аузынан көбігін шашып: «Сендер қырманда екі жүз тонна астық қалды», — деп сықпыртып ақбар бересіңдер, іс жүзінде мұнда үш жүз тоннаға жуық бидай бар, — дейді. Мен «қайдан білейін», — деп қоя салдым.

Мен абыржып қалдым.

— Үш жүз тоннаға жетуі де ықтимал.

— Шырағым-ау, астық орағы аяқталып барады, орылмаған егістік көп болса жүз-ақ гектар шығар. Жүзіңнің әр «гасынан» он бес центнерден дейік, сонда бәрі жиналып жүз елу тонна дән болмақшы. Осыған қырмандағы қалдықты қосып көрші… Ә, бәлле!.. Үш жүз елу тонна астық!.. Ал, артығын қайтпексің?..

— Ағатай-ау, қайтеміз?

— Сен былай ет, — деді ол сабырмен маған жақындап, — есепте жоқ артық дәнді жасырын түрде менің қоймама өткіз…

— Қалайша? Заңға сыймайды ғой…

— Сенің мына подлогің заңға сыя ма?.. Үкімет біліп қойса, қыршыныңнан қиыласың, жолдас Тоқмырзаев!.. Менің саған жаным ашып отыр…

— Не істеу керек?

— Мен сенен бүгін ордер бойынша он тонна астық қабылдап аламын. Келісім бойынша сен бес тонна астықты үстемелеп қоясың. Оны екеуміз ғана білетін болайық. Қоймаға түскен соң есебін табамыз… Бірақ соңғы бес тонна ордерде көрсетілмесін! Осы әдіспен күн сайын сен маған екі-үш тоннаны жең ұшымен асырып тұр!.. Ұқтың ба?..

— Иә, ұқтым, — дедім аузымды бет орамалымен сүртіп жатып.

Қырманға артық бидай қайдан келді?

Орақ басталарда Қорекеңнің айтқан ақылы есіме түсті. «Комбайннан түскен дәннің елу процентін есепке алма, шығыс ет!.. Қурайдың дәні, тас-топырақ, шөп-шалам»… Тағы не деп еді? «Қырмандағы артық бидайды маған асыр»… Айтпақшы, сосын ол былай деп те бөскен еді-ау: «Ұраңды тереңірек қазғайсың»… Жарайды, қазайын. Бірақ сол ұраға өзім түсіп жүрмесем игі еді?!..

Қорекең сыйлаған сұр костюмде бір гәп бар екенін жаңа ғана ұқтым. Тіс қаққан сұр бойдақтар көңілі кеткен қыз-қырғындарға жібек орамал, айна тарақ, иіс май, тағы басқа заттарды жеңгесі арқылы немесе өздері оңашада сыйлайтын еді ғой… Ойлап көрсем костюм мәселесі де тап соның өзі. Менің үстімдегі киім — құрулы тұрған қақпанның жемтігі екен. Балалық аңғырттықтың салдарынан мен осылайша қақпанға түстім.

«Балам, адал бол! Қортықбайдан аулақ жүр»,— деген анашымның ақиқат сөздеріне мән бермегеніме қатты өкіндім.

Қортыкбайдың айтқан пікіріне қосылмауды ойластырып қарап ем, ешбір амал табылатын емес. «Арба сынады, өгіз өледінің» кебі. Қырмандағы астықтың артық екені рас. Қаншама тонна астықты үкіметтен жасыру — қып-қызыл қылмыс. Ал, ордерсіз колхоз қамбасына асыру — о да қылмыс!

Өрмекшінің торына түскен шіркейдей, қилы-қилы ойларға шырмалдым. Күнделікті газет хабарына қарағанда, біздің армия шегініс жасауда. Ұлы Отанымызға үлкен қауіп төніп тұр. Тоқымдай жер үшін кескілескен ұрыстар болып жатыр. Мүмкін, менің сүйікті ағаларым дәл осы бір шақ алғы шепте — окоп ішінде түйір нанға зар болып отырған шығар?.. Өз туған көкелерімнен басқа да қаншама ағаларым, сақалды аталарым, апаларым, жаумен алысып майданда жүр?!.. Бәріне де нан керек! . Нан!..

Бірінші кластан бастап шындықпен достасқан ақ жүрегім алабұртып, кеудемнен суырылып шығып, бүкіл әлемге бар ақиқатты айтуға әзір тұр. Алайда кірленген өз арымды тазартып жуу керек болды. Бірақ қайтіп?.. Біздің армияның шегінісіне жалғыз мен ғана себепкер болғандаймын… Отан алдында, халық алдында өзімнің айыпкер екенімді сезіндім. Мен өзімді өзім соттауым керек!..

VIII

Белгісіз жұмбақ, көзге көрінбейтін әзірейілдей бір күш тышқанмен ойнаған мысықтай мені күн сайын жәбірледі. Ар алдында мен қатты қорландым. Өзінің бойын таза ұстау үшін Ар кейде адамды дарға итермелейді. Ар мен дардың ортасында безек қаққан қанғыбас бір бишарра сияқтымын. Ауыздан дәм кетіп, ұйқы қашты. Бір кезде көзіме жылы ұшыраған жұлдыздар қазір салқын, суық. Тереземнен телмірген сол жуас жұлдыздар дәл осы бір шақ үшкір бізбен менің тәнімді оқсылап-осқылап алғандай. Мейлі, жұлдыздар мені осқылай берсін, білгенін істесін. Тек қана тан, аптаса екен. Осылай, ауыл үстін қараңғылық басып тұра берсе екен!.. Ай, жыл дегендерің жылдамырақ өтсе екен. Менің қылмысым тезірек ескірсе екен!..

Апам киіз үстінде төсекте ұйықтап жатыр. Ай нұрымен шағылысып, қолындағы білезігі жарқырайды. Тыстан арбаның сықыры естілді. Ақтөстің абалап үргеніне қарағанда, біздің қораға біреу кіргенге ұқсайды. Әлдекім терезені тырс-тырс шерткендей болды. Мен мән бергем жоқ жата бердім. Әлгі өжет саусақтар әйнекті қайта шертті. Жеті түнде аш қасқырдай жортып жүрген бұл кім өзі?.. Мазалай берген соң мен орнымнан тұрып, шапан жамылып, сыртқа шықтым. Қорбац-қорбаң етіп келе жатқан біреу қолымнан ұстай алды. Жүзіне үңілсем — Қортықбай! Жаным башайымның ұшына тығылды. Бұл сұмырай түнделетіп қайдан жүр? Әйтеуір тыныштық болғай. Ол мені арбаның жанына ертіп апарды.

Қане, бала, мына астықты жылдам түсірейік. Көрші-қолаң көріп қоймасын… Ұра қаздың ба? Қамбаң қайда?..

Зірк-зірк еткен Қортықбайға мен сыздана қарап, тапжылмай тұрмын. Менің бұл күйімді аңғарған ол:

— Немене, тегін олжадан бас тартқың келе ме?— деп бақшаңдады,— қыруар дәнді маған заңсыз өткізіп, өзің тап-таза боп шыға келмексің ғой, ә?.. Бұл қулығың іске аспас. Абайла, бала!

Ой, сұмдық-ай! Мынау не дейді өзі? Мемлекет қазнасын менімен санаспай-ақ осында тастап кетпек пе? Бұ қалай? Түбінде, пәлеқорлық дегенін осы болар.

— Мен бір дән де алмаймын. Үйімнен аулақ кет!

— Ә-ә, солай ма?..

— Солай.

— Комсомолдығың ұстап кеткен екен ғой, ә?.. Жарайды!..

— Мен істеген қателігімді мойындаймын. Ертең өзім-ақ сотқа білдірем!

— Әрине, саған ешнәрсе емес,— бойдақсың. Сонда, сен менің сегіз баламның обалына қалмақ ойың бар ма?

Ұзақтың балапанындай көшені шаңдатып ойнап жүрген бір топ қара домалақ балалар көзіме елестеп кетті… Алғашқы өжеттілігімнен айрылып барам ба қалай, кейінгі сөздерім тіпті, болжыраңқырап барады. Әлденеге көңілім жабығып, бықы-тықы жан күйзелісіне ұшырадым. Аузымнан шыққан қатқыл сөздер әп-сәтте жұмсара түсіп, қайратынан айрылды.

— Жарайды,— дедім мен міңгірлеп,— бұл мәселе тек екеуміздің арамызда ғана қалсын. Есепте жоқ, артық астықты жетім-жесірлерге, тұрмысы нашар, сиыры жоқ кембағал үйлерге үлестіріп беретін болыңыз. Құпия түрде болсын. Ешкім де сезбесін!..

Басқарма сезіп қойса керек,— деді Қортықбай үрейлі пішінмен,— «ревизия жасаймыз»,— дейді. Сен тым болмаса төрт-бес қабын алсайшы.

— Атамаңыз, бір дән де алмаймын!

— Сорың құрғыр-ау, ертеңгі күніңді ойласайшы! Ашаршылық болуы да ықтимал. Заманға адам сенетін уақыт па?..

— Олай десеңіз, мем алғашқы пікіріме қайта көшемін.

Қорекең қолын бір сілтеді де, арбаның сатысына қарай жармасты. Арбаға жегулі, мүлгіп тұрған аттарға: «шу», — деді де өзінің үйіне қарай тартты. Ай сәулесі түскен арбадағы он шақты қап әлдекімдердің томпиған қабіріне ұқсайды.

Таң бозарып келеді. Ауыл әтештерінің жұмысы қызған шақ. Үйге кірген бойы мен кереуетке құладым. Ұйқы палуан — жауырынымды жерге тигізді. Ә демей-ақ қор ете түстім.

Абыр-дабырдан шошып ояндым. Күн едәуір көтерілген. Бөлме ішіндегі заттардың бәрі де өз бояуларымен көзге шапшаң шалынады. Сағат он екіге таяныпты. Ауызғы үйден сыбыр-сыбыр дыбыс естіледі. Екі адам сөйлесіп отыр. Бірі — апам. Ал, екіншісі… е, әлгі Базарбайдың «жүйрік ауыз» бәйбішесі. Оқта-текте шайларын бір үрлеп қойып, бір мәселені бітіріп тастап, екінші бір бөгде әңгімеге килігеді. Кезек «жүйрік ауызға» тиген сияқты.

— Жазған-ау, үйінде түйір дәнің жоқ, неңе бұлданасың? Балаң болса шүкір, «дөкейлер» сапына қосылды. Қап-қап астықты тіреп қоймайсың ба теріне? Колхоз деген жарықтық бір майлы кемік ғой… Араласып жүрген соң, есебін тауып екі асауға не жетсін!.. «Қырманға қарауыл», — бол деп, біздің үйдің қожайынына ала жаздай қақсадым. Жоқ, бедірейіп тұрып алды. Қайтсін, сауда адамы емес пе!

«Жүйрік ауыз» апайдың мінезіндей мінез бүкіл әлемде біреу-ақ қой деп ойлаймын. Әрбір ғасырда «қабілетті» бір-ақ өсекші туатын болса, соның бірі — осы апай! Аузын сылпылдатып не болса соған таңдана кетеді. Арық қоян сойылып жатса да «түу», жарықтықтың семізін-ай!» деп өтірік тамсанады. Кім қайтыс болды? Пәленшенің келіншегі қандай тағамға жерік? Кімнің сиыры туды? Әне бір ту бие қашан тоқтаған?.. Бәрін де со кісіден сұраңыз. Табжылмай айтып береді. Шартықбайдың күрік болған шұбар тауығы қанша жұмыртқа басып жатыр? Мүдірмей, табан арасында оны да айтып береді. «Рахат» колхозының іші-сыртын, бұл апай бес саусағындай түгел біледі. Бірақ о кісі өзінің туған күнін білмейді екен. «Қай жылы тудыңыз!» — деп сұрай қалсаңыз, «жантақ гүлдегенде» дей салады.

Былайша сөзшең болса да, «жүйрік ауыз» апай колхоздың бір мәжілісінде сөйлей алмай қатты қысылыпты. Ұялғанынан бетін басып, мінбеден түсіп жүре беріпті. Екінші рет көшеде — құдық басында үлкен жиналыс болыпты. Жұрттың айтуына қарағанда, Базекеңнің бәйбішесі сол жиналыстан өшін мықтап тұрып алса керек. Құдықтың шығырына сүйеніп, дем алмай, су ұрттамай, ұдайы төрт сағат сөйлепті. Басқарманың қоңырауына пысқырып та қарамапты…

Ауыз үйге құлағымды қайта тостым. Апамның даусы шығады. (Оған да кезек тиіпті-ау, әйтеуір!)

— Қырманда істеп жүргенде, балам бір қап ұн жіберген екен, қаптың аузын зорға аштым. «Ауанысқа алдым» деген соң ғана барып көңілім жай тапты. Торт бірдей азаматым алыста жүр… Қиын ғой, Бізбике-ау…

— Өй, жасық неме. Несі бар, жұлмалап жей бер!.. Жемейтін — жер астында. Колхоз деген майлы…

Апам сөзін бөліп жіберді.

— Айтпақшы, ұлыңды аттандырып салдың ба?

— Шырағымның көзі ауырып жүр ғой. Военкомат пәуескесін тағы бірде жіберер.

Бізбикенің Еламан дейтін жалғыз баласы бар-ды. Менен бір жас үлкен. Екеуміздің де фамилиямыз — Тоқмырзаев. Ол шоң әкесінің фамилиясы бойынша жазылады. Еламан қағылез, пысық, өте қу бала еді. Біздің мектебіміз «Рахаттан» бес-алты шақырым жерде болатын. Әр қайсымыз бір-бірден қауын ала шығамыз. Жолшыбай отыра ғап, оны жарып жейміз. Бір рет қауын союды Еламанға жүктедік. Ол қалтасынан бәкісін алды. Асықпай бәкісін ашып, жолда жатқан малдың құрғақ тезегіне сүйкеп-сүйкеп жіберді де, барлық қауынды айырып, тіліп-тіліп тастады. Біздің көзімізді бақырайтып сойылған қауынды Елекең жеп отыр, жеп отыр… Әп сәтте қарны қампиып шыға келді. Белдігінің тоғасын ағытты да қайта кірісті. Біз бір-бір тамсанып, орнымыздан тұрып, әлгі тәтті қауыннан ауыз тимей жүре бердік. Еламанға екінші рет қауын сойғызбайтын болдық.

Қызық жігіт еді-ау Еламан! ..

IX

Адам өз өмірінің шуақты, көңілді, қымбат, күндері есіне түскенде бір жасап қалады емес пе! Мен өткен өмірі ме көз жіберсем, балалар үйінде жүргенді санамағанда, қызықпен өткен күндерім мүлде аз сияқты, — Бөсу… Соғыс!.. Өмір шіркін, жомарт қой! Күлімкөз күндерді, жылуы мол жылдарды қағанақтай бір басына үйін тастайды. Сол еркіндікті кейде біз пайдалана алмаймыз. Алдыңғы күнді тосырқап, өткенге өкінеміз.

Өткен өміріме тағы бір үңілсем, шуақты күндер, әдемі қақтығыстар есіме түсіп, ішім жылып сала берді. Ал сорақы беймаза жәйттар жүрегіме тікендей қадалады. Соның бірі — қырмандағы қырсық. Бұл Зояның «қасіретінен» де ауыр соқты маған. Басыңнан кешкен жағымсыз құбылыстарды тезірек ұмытқың келеді. Бірақ ұмыта алмайсың. Жұмсақ жеріңе шыққан шиқандай сыздата береді, сыздата береді… Әрине, қателеспейтін адам болмайды. Бірақ, ол итті білмей жасасаң мейлі ғой, ал, біле тұрып жасау… Міне, бәрінен де сол жаман ғой дүниеде!

Қылмыскер адамға, атып келе жатқан арайлы таң қандай қорқынышты десеңізші! Бүкіл жарық дүние маған лағнат айтып тұрғандай. Дүниедегі нақұрыс адам жалғыз-ақ мен ғой деп ойлаймын. Несін айтасыз, менің қасымда Қара молда да, алыпсатар Базарбай да әжептәуір адамдар!..

Не істеу керек? Қылмыс қысымына шыдайтын емеспін. «Өзіңді өзің сотта!» — деп жүрек әмір етеді. Тізілген қаздай боп, ой дегенің өтіп жатыр көз алдымнан… Тоқтай қал, мына бірі қалай екен?.. Бұл — табылған ақыл, керемет ой!.. «Жүйрік ауыз» апай неден еді, құдай-ау?.. Е-е, әлгі Еламанның көзі ауру деді ғой. Демек, ол военкоматқа барған жоқ. Апасы да солай деп айтпады ма?! Иә-иә!.. Табылған ақыл. Өте жақсы. Тамаша!.. Бір ғажабы Еламан екеуміздің фамилиямыз бір ғой. О да, мен де — Тоқмырзаев!.. Алайда, мен оның армияға шақыру қағазын қолыма түсіруім керек. Бұл іске қазірден бастап кірісетін болайын…

Келесі күні апама «Қауыншыдағы нағашыларыма барамын»,— деп, жол қамына кірістім. Жинап жүрген біраз ақшам бар еді, оны ішкі жақтағы «ұры» қалтама тыққыштадым. Бар дүнием кішкентай қол чемодан ғана. Күн арқан бойы көтерілгенде мен де жолға шықтым.

Қоңыр күз. Сентябрьдің салқын таңы жолдың бұрқылдақ топырағына дым бүркіп тастапты. Қуаң тартқан шөп басында тұрып қалған аппақ мизам жіптері үлп-үлп етеді. Күз аспаны өкпешіл баладай томсарып тұр.

Сүмбіленің ауасы таза болғанмен, бұлыңғыр аспаны көңілді күйзелтіп жібереді.

Үлкен жолға шыққан соң, аялдап тұрған машинаға кез бола кеттім. Кузовына ақ мақтаны ыңқытып артқан екен. Айқыш-ұйқыш тартылған арқаннан ұстап, төбесіне шығып, қодиып отырып алдым. Шофер жігіт сезген де жоқ. Машина қозғалды. Жол бойындағы тіп-тік өскен теректер ұзын саты сияқты. Сол сатымен біз жоғары қарай өрлеп барамыз.

Жиырма бес шақырымды артқа тастап, сәскеде Көктерекке жеттік. Көктерек — біздің ауданның орталығы. Военкомат та сонда. Ауаткомның алдынан өтіп бара жатыр едім, біреу:

— Елжас!— деп дауыстады.

Жалт қарасам,— Мырқы. Өте көңілді. Ол кердең-кердең басып келді де, маған жұмсақ саусақтарын ұсынды.

— Иә, жол болсын?

— Нағашымның үлкен баласы армияға жүрмек екен, мені «келсін» деп сәлем айтып жіберіпті.

— Түсінікті… Төрем, сен облыстық газеттің бүгінгі номерін оқыдың ба?

— Оқығам жоқ.

— Онда біздің «Рахатты» мақтап жазыпты; мемлекетке астықты артығымен тапсырды деп. Яғни екі жүз процент!.. Төрем, әкелші қолыңды, сені де құттықтап қояйын. Айтып-айтпай не керек, еңбек сенікі ғой… Мына жаман ағаңды, жаңа, райком секретарының өзі жер-көкке сиғызбай, жүдә, мықтап тұрып мақтады!.. Алматыдан келген тілшілер жолымды бөгеп, фотоаппараттарын шыртылдатты да жүрді. Мінбеде сөйлеп тұрғанымды да басып алды… Өй, неғып тұрмыз?.. Жүр, ресторанға барайық. Осындай қуанышқа бір-бір тостақтан шарап ішіп жіберуге тап бүгін әбден қақымыз бар, төрем!..

— Рахмет, аға! Өте асығыспын… Нағашым бүгін жүрмек екен.

— Жылдамырақ орал, төрем. Мақта науқаны ғой қазір… Мен сені өзіме түбегейлі секретарь қылып аламын. Көк жорғаға мінгізіп қоям. Жүресің, дүйім жұртты басқарып… Келістік қой? Ал, жолың болсын!..

Бұл қуанышқа анау айтқандай менің ішім жылымады. Арға тамған қылмыс кірін бұл қуаныш ешқашан да тазартып жуа алмайды. Оның емі басқа. Жүрек әміріне бой ұсыну керек.

Аудандық Соғыс Комиссариатының маңы ығы-жығы, опыр-топыр. Есік алдындағы ағашқа ат, түйе, есектер байланған. Балаларын шығарып салуға келген кемпір, шалдар да ерсілі-қарсылы жүгіріп, толассыз бір әбігерге түскен. Кейбір жас келіншектер үйлерінен ет асып әкеліп, тал түбінде күйеулерін сыйлап жатыр. Күйкі, болымсыз күлкі мен жылау-сықтау араласқан абыр-дабыр бір дүние.

Мен тіркеуші офицерге кіріп, келгендігім жайлы баяндадым. Ол алдындағы тізімге шұқшия қарады да:

— Атыңды қайта айтшы?— деді.

— Елжас.

— Мұнда Еламан деп жазылған ғой.

— Сіздердің Николайыңыз Коля болғанда, Еламанның Елжас деп атауға қақысы жоқ па?.. Со сияқты мәселе ғой.

— Дұрыс!.. Қазір бар да, медкомиссиядан өт. Үшінші кабинет.

Ауызғы бөлмеде, тырдай жалаңаш үш-төрт балаң жігіт кезек күтіп отыр екен. Мен де шешіне бастадым. Бір кезде менің атым аталды. Ішке кірдім; аппақ киінген өңшең дәрігерлер. Тыныс тыңдау, ауыз ашып көру, ағаш балғамен тізе соғу… Қойшы, әйтеуір бәрінен өттім. Мамандардың көзқарасынан сезгенім,— «өгіздей мықты, дені сау, жарайды!..»

Қартаңдау, жалтыр бас дәрігер «кір» дегендей тағы бір кабинетті меңзеді. Есікті аштым да, состиып тұрып қалдым… Зоя Николаевна!.. Сол баяғы «Өлеңсайдағы» Зоя. Маңдайына байлаған дөңгелек бір нәрсесі жарқ-жұрқ етеді. Ол маған ұзақ қарады. Көгілдір кезінде мұң бар сияқты. Мен имене бүгіліп, қызарып кеттім. Кеудемде ұят дабылы қағылды. Зоя көзімді көре бастады. Демек, ол көз докторы. Мұнысына да шүкір…

Көріп болған соң Зоя Николаевна бір тарақ қағазға әлденені жазды да, маған ұсынды:

— Көзіңіздің мүкісі бар. Емделу керек. Әскерге жарамайсыз.

Тәуба! Мынау не деп сандырақтап тұр өзі. Жүз метрдегі мишеннің ылғи ондығына тигізетін бұ көз… бұл қалай?..

Жылдам киініп тысқа шықтым. Жан күйзелісіне тағы да ұшырадым. Ойға шомып келем. Ойпыр-ай, Зоя мені таныды ма екем? Көз қарасынан байқаймын, ауруханадағы қабылдаудай емес. Бұл жолғы кездесудің салмағы ауыр тәрізді.

Сонымен, шынымен-ақ аққұлаға шыққаным ба? Өзім өз болғалы көзім ауырып көрген жан емес едім, мұнысы ғажап екен. Тағы қандай дәрі іш дейді? Рецепін оқып көрейінші. «Елжас! Кешкі сағат сегізде жазғы баққа кел. Тосамын. Зоя».

Зояның тәлкегі ме, бұл немене? Кеше ол мотоциклдің үстінде біреуді құшақтап бара жатпады ма! «Өтірік ауырып» барғанымда көзінің қиығын да салмап еді, бұл жәмпеңдеуі қай жәмпеңдеу? Тіпті, елжіреп «кел», «тосам» дейді… Тапқан екенсің ақымақты! Мен сенің…

X

Зояның запискасын жыртып-жыртып тастадым.

Сонымен не керек, жолым болмай ауылға қайттым. Жексенбі күні еді, жолшыбай Жаңабазарға соқтым. Базар қайнап тұр екен. Үлкен қораның іші ығы-жығы адам. Қыбыр-қыбыр еткен — ала шапан, түйежүн шекпен, ала тақия, ақ қалпақ, қызыл сапты қамшы, сары бажалақ орамал, бүрмелі шыт көйлек, доқаба камзол, жылт-жылт еткен әміркен мәсі… Қарнын ішіне тартып, ақырған есек. Кісінеген ат… Базар іші — араның ұясындай гу-гу. Сонау шеткі шайханада үлкен сары самауыр гүж-гүж етеді. Ала тақиялы шайханашы жас жігіттің қолдары лыпылдап, өзі зыр жүгіреді. Шекесін орамалмен шорт байлаған біреулер қою шайды бір ұрттап қойып, көзін жұмып, кәйіп сүріп, мүлгіп отыр. Бір бұрышта шоғырланған бөденепаздар да қызу іс үстінде. Бөденелерінің басын қақпайлап, «бақ-бақ» еткізіп, бірін-біріне айдап салады. Қабағы түксиіп, мойып жүні тікірейген түлек пен шөжелер жұтынып тұр әншейін. «Мені қоя берші» дегендей жер тепсініп, дікірік атады. Ойпыр-ай, бірін-бірі жеп қоя ма, қайтеді?!

Шайханадан шығып, малбазарға қарай аяңдап бара жатыр едім, кенет, біреумен соқтығысып қалдым. Екеуміз де ұшып түстік. Жалма-жан орнымнан тұрдым. ІІІаңданған шалбарымды қаққылай бастадым.

— Үйбәй-әй, мынау біздің мырзаға ғой!—деп бір семіз қатын оң қолымен жер таянып, шоқиып отыр. Тани кеттім — Тәжігүл. Өзіміздің Қарамолданың бәйбішесі. Оның аяқ жағында бір қарын сары май ақтарылып жатыр.

Осындай қысталаң уақытта адамның ойына не болса сол келе береді екен. Қайдағы бір шытырман уақиғалар есіме түсіп кетіп, мен әңгімені тереңнен қозғадым.

— «Май төлемеймін. Темір бөшкеңді даңғырлатпай, әрі жоғал!»—деп едіңіз-ау, баяғыда, жеңеше?.. Мен о кезде майды соғыстағы қызыл әскерлер үшін жинадым. Мемлекеттік қызметті орындап жүрдім. Ал, сіз мына қарындағы сары майды кім үшін жинадыңыз? Күйеуің Қарамолда тамам елден зекет сұрап, «ләйлаха иллаула» деп, кім үшін дүние жинап жүр?..

Дәл осы кезде милиционердің шырылдаған ысқырығы бізге қарай жақындай түсті. Тәжігүлдің көзі бақырайып кетті. Қолындағы бір қарын майын қайда тығарын білмей, қатты састы.

— Енді қайттім, мырзаға-ау?! Мына қызыл шәпкіден құтқаршы мені, бай болғыр!..

Жұрт та қызық-ау! Мен оның арамтамақ — саудагер екендігін бетіне басып, әшкерелеп айтып отырсам, ол мені құтқар», — дейді Тапқан екенсің ақымақты!.. Милиционер Тәжігүлді алып кетті. Сосын, Еламанмен кездестім. Ол «Рахаттағы» жаңалықты сыпқыртып айтып жатыр:

— Кеше колхозда жалпы жиналыс өтті. Мемлекетке жоспардан тыс астық тапсырылғандығы жөнінде Таңқыбаев сөз сөйледі. Ол сені мықтап мақтады, бауырым. Қырман күзетшісіне, комбайншыларға заттай сыйлық берді. Сен де құр алақан емессің, тамыр. Саған патефон тиді. Құттықтауға рұқсат ет, достым. Және, сол мәжілісте сені колхоз председателінің хатшысы етіп тағайындады. Екі бірдей қуанышқа ортақпын!..

Ол елпелектеп, менің қолымды қысты.

Әй, аңқылдаған ақ көңіл байғұсым-ай! Менің кеудемдегі сапырылысқан ұмар-жұмар тартысты білсең нетті. Сен оның бәрін де білмейсің. Әй, бала-ай, қайтейін! Мен сияқты оңбаған адамды не деп мақтайды? Ондай мақтау сөзге мен тең келем бе? Қортықбайдай нағыз қылмыскерді қорғаушы, өз қара басын сауғалаған мендей қорқақ пендеге патефонды не деп беріп жүр жұрт? Бұл сыйына жол болсын?.. Мен халық алдында кінәлімін. Кешірімсіз ағаттық жасадым. Колхоздың майлы қоңына сүлік боп қадалған әккі алаяққа, нағыз жемқорға ықпал тигіздім. Ол қаскөйдің күңгірт, жымысқы істерін көре тұрып, көз жұмбайға салдым. Жұртшылыққа аян етудің орнына, оның былғаныш іс-әрекеттерін көрер көзге бүркемелеп отырдым. Түйірдей жемтікке нәпсім шауып, Қортықбайдай сұмның қармағына іліктім… Жоқ, жоқ! Мені бекер мақтаған. Мені жазалау керек, мықтап тұрып жазалау керек!..

Еламан менің көңілсіз тұрғанымды байқап:

— Мен саған бір қызық жұмыс тапсырайын ба?— деді.

— Ол қандай жұмыс?

— Менің немере ағам Жолдасбек келіншек түсірді, естідің бе?.. Сен соған беташар жаз. Бұл — сенің қолыңнан келетін іс. Баяғыда, жігіттермен танысқысы келген сылқым қыздар сағам өлең жаздыртып алатын еді ғой, есінде ме?.. Жалқауларды, алыпсатар саудагерлерді сілейте бір түйреші, бауырым!

— Мәселен, кімдерді?

— Қарамолданы сынайсың, жұрттан «пітір» алады деп.

— Сосын?

— Сосын?..

Еламан кібіртіктеп қалды. Мен оның жүзіне тіке қарай, «қайтер екен» деген пікірмен:

— Базекең мен Бізекеңді ше?— дедім.

— Мейлі, мейлі, о жағын өзін біл,— деп Еламан қызарақтап қалды, әйтеуір, жұмсақтау болсын. Қарттарды ашуландырып алмайық… Келістік қой?

— Жарайды!..

Келесі күні азанғы сағат он бірде Еламан арсалаңдап, біздің үйге жетіп келді. Қос танауы делиіп, келе сала өз шаруасын айтты:

— Кешегі тапсырма дайын ба?

— Дайын!

— Кеттік,— деді ол менің қолымнан сүйрелеп.

Біз көше бойлап келеміз. Міне, Жолдасбектің үйіне де жеттік. Қос киіз үй тігілген. Есік алды ығы-жығы адам. Тұлымдары желкілдеген қара домалақ балалар асыр салып ойнап жүр. Нән қос қазан асулы. Қазан басында кәдімгі өзіміздің Базекең! Сәбізі мол палауды кәкпірмен терлеп-тепшіп араластырып жатыр. Қазыққа байланған аттар оқыранып қояды. Қызыл, жасыл, сарыала бояу төгілгендей айналам толған ыбыр-жыбыр жұрт:

Торт терезесі жарқыраған, төбесі қамыспен жабылған қоңыр үйден бір топ қыз-келіншектер тобы шықты. Қақ ортасындағы біреудің беті үлкен ақ ғыжым орамалмен жабылған. Жаңылмасам, жаңа түскен келіншек осы болар. Орта бойлы, кең иықты қыз екен. Жасыл барқыт көйлегінің етегі әміркен мәсісінің қонышына түсіп түр. Мәсі-кебісі жалт-жұлт етеді. Жан-жағындағы нөкер қыздар келіншектің қолтығынан ұстап, демеп келеді. Мен оны елеңдетіп, жүз метрдей жердегі желбаулары оңып кеткен, көнетоз киіз үйге кіргізуім керек.

Еламан жүгіріп келді де, қолыма бір таяқшаны ұстата салды. Таяқшаға орамал байланған. Орамалдың бір ұшында түйіншек бар. Шамасы тиын-тебен болар.

— Ал, баста! — деді ол.

Мен келіншектің қарсы алдында тұрмын. Екеуміздің арамыз бір-ақ метр. Бір жөткіріп алдым да, елеңдете жөнелдім. Жыр мазмұны: жас келіншекке ақыл-насихат айту. Көпшілік қадір тұтар ауыл ағаларымен таныстырып өту… Олардың құрметіне келіншек иіліп сәлем береді.

Таяғымды қақшаңдатып, киіз үйге қызды-қыздымен таяу барып қалыппын. Жүрісімді бәсеңдетіп, сатиралық жанрға көштім:

Базарға айран сатқан, сүзбе сатқан,

Ала жаздай май жинап, күзде сатқан.

Бойында он кісілік күш болса да,

Бірде-бір еңбегі жоқ түзде тапқан.

Қолында үлкен қасығы,

Ауылымыздың масылы —

Тәжігүл жеңгейге бір сәлем!

Кетпен шапса, алқынады жүрегі,

Аяғынан аузы жылдам жүреді,—

Бізбике апайға бір сәлем!

Жұрт ду ете қалды. Көл-көсір күлкі. Тұс-тұс жақтан дем беруші көтеріңкі дауыстар шығып жатты:

— Ой пәлі!

— Түйре солай!

— Аз-за-ма-тым!..

— Қайда Тәжігүл? Ұқсын мұны дұрыстап… Қолпаштау сөзге мәз болып, түйдек-түйдек шымшыма, уытты өлеңдерді төктім кеп.

Склады — темірден,

Арпаны жеп семірген,—

Қорықбайға бір сәлем!

Тағы да қоштау сөздер, толассыз күлкі. Әсіресе қазан басындағы жалтыр бас Базарбай мәз. Шалқая қарқ-қарқ күледі. Еламан не десе, о десін, шаруам жоқ. Оның әкесінің мінез-құлқы туралы былай дедім:

Бар өмірі үйде өткен,

Жыртық кебіс сүйреткен.

Сорпалық ет ап қалар.

Аспандағы үйректен!

Жалдапшылық кәсіпке

Тамам шалды үйреткен,—

Базарбай қайнағаңызға бір сәлем!

Қойдың басын мүжіп отырған ақ сәлделі Қарамолдаға көзім түсті. Пышақтай сөздерді жылмыңдатып, елді сорған арамзаны ажауалай жөнелдім:

Митыңдатып есегін,

Жеудің табар есебін.

Пітір жинап кең жұрттан

Құран оқып ел құртқан,—

Қарамолдаға бір сәлем!

Орамал байланған таяқшамды шолтаңдатып, келіншекті киіз үйге ендірдім-ау, әйтеуір! Мен өз міндетімнен құтылдым.

Үй сырты абыр-дабыр. Менің атыма айтылған мақтау сездер сірә да толастар емес.

— Ой, бәрекелді!

— Өркенің өссін!

— Өлме, Тоқмырза жәкемнің баласы!..

XI

Мен кеңсешіл болып алдым. Мырекең өз сөзінде тұрды. Ол маған колхоздың хатшылық қызметін тапсырды. Астымда көкжорға ат. Шайқалтып анда барам, мұнда барам. «Ыррит» деп қой қайырудан гөрі, тапырықтаған жорға үстінде шалқақтау анша әйбат көрінеді. Тамақ қурап, жейде терге малшынып, шаңқиған аптап астында, күн мен шаңның исі аңқыған қызыл бидайды қаптау емес бұл. Мен кәзір Тәжігүл сараң айтқандай, «темір бөшкесін даңғырлатқан» майшы бала емеспін. Үш жүзге жуық колхозшының еңбеккүнін жазамын. Ыстық астың да, аванстың да тізімін жасайтын мен. Бүгін қанша адам жұмысқа шықты? Кім қанша килограмма мақта терді? Үкіметке қанша тонна «ақ алтын» тапсырылды?.. Бәрі менің алақанымда. Ауыл кеңеске күнделікті ақбарды телефон арқылы сыпқыртып айтып тұрамын. Жұмыс басына барып, мақташыларға совинформ бюроның күнделікті хабарын оқып беремін. «Біздің әскерлер Н. қаласын алды»,— деген сөйлемді салтанатты түрде, тамағымды қырнаңқырап, даусымды бір көтеріп тастаймын.

«Бес мыңға жуық неміс фашисі тұтқынға алынды. Жаудың жүз елу танкісі қиратылып, отыз самолеті атып түсірілді»…— деймін. Айына екі рет қабырға газетін жарыққа шығару да менің міндетім. Жатып ішер жалқау, базарға құрт-май, сүзбе-қатық сатқан пайдакүнем жеңгейлерді шымшыма өлеңмен аяусыз түйреймін. Ал, озат еңбеккерлерді, сауыншы, мақташыларды мадақтап жазамын. Барлық мақалалардың авторы да, көркемдеушісі де, газеттің бас редакторы да өзім! Қойшы, әйтеуір, барлық шаруаны ойдағыдай етіп тындырушы едім. Тек қана бір жұмысқа зауқым соқпайтын. Он бестік шырақтың шишасын шүберекпен сүртіп, тұғыр сауытына керосин құю — мен үшін ақірет еді. Колхоз басқармасының ұзаққа созылатын түнгі наряді май шамсыз бітпейтіні әркімге аян.

Кейде Мырекең: «Ананы әкеп берші», «Пәленшені шақыра қойшы»,— деп құлағымның етін жейтін. Мен бір лыпылдаған қолбала. Ә дегенде бастықтың: «Анда бар, мұнда бары», намысыма тиіп, кежегемді кейін тартып жүрді. Соңынан көндігіп кеттім. Бәрінен де о кісінің алдында тұрған ши қалпағын нұсқап: «бері ұзатып жіберші»,— дегені күйдіреді-ау, мені!..

Бүгін де міне, басекең сол әдетіне басып отыр. Ол бүкіл денесімен маған қарай бұрылды да:

— Шырағым, Қортықбайды шақырып келе қойшы,— деді.

Мен есепшотымның соңғы тасын сарт еткізіп қатты қағып жібердім де, орнымнан көтерілдім.

Тысқа шықсам ауыл азан-қазан. Сиырлар мөңіреп, бұзауларын жоқтап, өңкеңдеп барады. Көгілдір белге тұмсығын тіреген қып-қызыл күн өз шеңберінен лықсып асып кететіндей толықсиды. Көгілдір белең бейне бір көк дария. Ал, күн болса жырақтан жол сабылтып келіп сол дарияға бас қойып, суын сіміріп жатқан тәрізді.

Ымырт үйіріле бастады. Көгілдір жондар, боз түтіндер, жасыл тұт ағаштары, маңқиған қасқа жолдар… бәрі де күңгірттеніп, бәрі де бір түстес бояумен боялғандай, біртін-біртін жоғалып барады. Тек аспандағы алқызыл, қаудырақ, жұқа бұлттар ғана күн сәулесінің етегінен мықтап ұстап, жібермей тұр.

Қортықбайдың үйі орталық көшенің батыс тарапында еді. Үйіне жақындай беріп ем, сорп-сорп етіп шелекке құйылған сүт үні құлағыма шалынды. Әйелі сиыр сауып жатыр екен. Өзі болса үш-төрт адаммен биік сөренің астында картаны соғып отыр. Кебежедей қарнын алақанымен басып, ырқ-ырқ етіп, ыржақтап күледі.

— Әй, иттің баласы-ай!— деп мамық жастықты қолтығының астына қарби түсті ол.

Мен тандырдың көлеңке тұсын паналап, тұра қалдым.

Кімді айтасың?— деді Қортықбайдың оң жағында отырған бір кісі.

— Е, әлгі Елжас жүгермекті айтам да… Маржандай тап-таза алты қап бидайды үйіне апарып-ақ беріп едім — алмады бәтшағар. Не деген ақымақ еді өзі?!.

Алмаса алмадай ұшсын. Оның несіне күйінесің?— деді әлгі кісі.

Күйініп жатқан мен жоқ, — деді Қортықбай бір картаны ытқытып жіберіп, Елжастың шешесі үйме-үй кіріп тіленіп жүр. Мана біздің үйден бір кесе үн алып кетті. Бүйткен күні құрсын. Қаршадай басымен ақ жүрек боп не бітірем дейді екен, бейшара?!

— Жолдасбектің тойында, Қореке, езіңізді мықтап тұрып сойып салды-ау,— деді екінші бір итиген қысық көз жігіт,— «склады темірден, арпаны жеп семірген»,— дей ме?.. Қалай, ә?..

Жақтырмаған пішінмен Қортықбай қолын бір сілтеді.

— Өй, сөзі құрсын со жаман боқ мұрынның! Қыпығы көп, мал жейтін арпаны мына көкең жемейді ешқашанда. Жесем колхоздың ақ бидайы құрып қап па?! Кәзірдің өзінде, қоймада жиырма тоннаға жуық, колхоз есебінде жоқ артық астық бар. Қалай жұмсаймын десем де өз еркімде. Білдің бе?! Елжас жеген қара талқан менің өңешіме кептеліп тұрып қалмай ма? Құдай сақтасын одан. Ал, менің өз кеңірдегімнен өткен майлы ас Елжастың асқазанына барып түспейді. Сондықтан жеу керек, жеу керек!.. Шіркін, ішіп-жегенге не жетсін! Жемейтін адам — қара жердің астында…

Олар кеселерін сүзістіріп арақ ішті.

Қортықбай аузы-басын сүртініп айқай салды:

— Қатын-әй, етің пісті ме? Әкел, жылдам!..

Ол қарқ-қарқ күліп, сабасына түсіп, ықылық атты.

— Құда қаласа, піскен кірпіштен сегіз бөлмелі имарат салдырамын. Леккабай машинасын алып қалуым да ықтимал. Қол жүріп тұрғанда, дүрілдетпеске не?! Міркем екі тиын бұл жалған өтеді де кетеді. Ой, дүние-ай, ішіп-жегенге пе жетсін! Басыңда дарының болмаса да, сипайтын қарының болсын… Ых, ых!..

Қортықбайдың әңгімесін одан әрі тыңдауға менің дәтім шыдамады. Мен келген ізіммен артыма бұрылып, жылдам басып, жүріп кеттім. Тісімді қышырлатып, қатты ызаландым. Жүрегім асау аттай тебініп тұр. Бойымдағы ыстық қан жүрегіме тығылған бүкіл ашуымды «тарс» еткізіп жарып жіберердей. Сол дүмпудің күшімен, беталды жүгіріп келем, жүгіріп келем. Абалаған иттерге, «бұл кім әй?» деген әлдекімнің ұйқысыраған даусына мән де бергем жоқ. Қортықбайдың жексұрын күлкісі, жиіркенішті ықылығы, маған тұсталып айтылған оның дөрекі сөздері мені қуып келе жатқанға ұқсайды. Тарыдай шашылған аспандағы жұлдыздар да қашып барады. Мен де қашып барам. Тек ай ғана қаракөк бұлттың қойнынан сығалайды.

Мен ауылдан ұзап кетіппін. Баяғы «Өлеңсайдың» сазы. Зоя екеуміз ат шалдырған жер. Алғашқы махаббаттың кіндігі кесілген жер. Бүкіл алтыны ақтарылған қазынадан гөрі осы бір кіндіктей жер маған аса қымбат еді! Ай сәулесін сімірген мына бір бозаң шөптер де тап кәзір маған сондай қадірлі!..

Қылп-қылп еткен, ауылдың болымсыз оттары біртіндеп сөне бастады. Кеңсенің он бестік лампасы әлі жанып тұр. Дәл осы бір замат басқарманың арқасы қозып, қызына сөйлеп жатқан болар. «Завхозды шақырып келмеді»,— деп, бәлкім, мені де сыбап алған шығар? Мейлі, ұрысса ұрса берсін! Бәрінен де мына Қортықбайдың қорлығын айтсайшы!.. Қап, шошқа-ай, мен сені аяп жүрсем…

XII

Шайнап берген ас болмайды демекші, кейде үлкендердің айтқан ақыл-кеңесі жас адамның миына қона бермейді. «Шырағым, үйге еңкейіп кір, басыңды есікке ұрып аласың»,— деп, әжем байғұс қаншама қақсаса да, мен төбемді маңдайшаға ұрып алып жүретінмін. Шекемді күптей ғып ісіріп алғаннан соң ғана барып сақтанып жүретін болдым. Тіпті, үлкен дарбазадан кірсем де, басымды бұғынып кіру әдетке айналып кеткен-ді. Өмірдің табиғи кездейсоқ қақтығыстарында жас адам шыңдалады ширай түседі. Сана-сезімінің көзі ашылып, шалғайға, алға талпынады! Жастық шақтағы ебедейсіздік, аңғырттық — оның езі сұлу бір дүние! Қателесу — өмір сүру деген сөз. Бар мәселе қателікті дер кезінде түзеуде ғой. Бірақ мен…

Соңғы кезде маған бір үрей пайда болды. Кеңсеге бейтаныс біреу кіріп келсе, тұла бойым қалшылдап, жүрегім лүпілдеп, өзімнен-өзім абдырап, қатты бүлінемін. Көшеде жан-жағыма алақ-жұлақ қараймын. Соңымнан әлдекім аңдып келе жатқанға ұқсайды. Үйде шай ішіп отырсам да елеңдеп отырамын. Там артында біреу, жөтеле ме? Әлдекім есік қаға ма?.. Түсінсем құдай ұрсын! Өзімнен-өзім қуыстанып, біреумен сөйлесе қалсам даусымды зорға шығарамын. Ішкі дүнием алай-түлей болады да тұрады, «Бір жерің ауырып жүр ме, қалқам?» — деп көңілімді сұраған апама «жұмыс ауыр ғой» дей салам. Ұрлық істегем жоқ, адам өлтіргем жоқ, менікі де қызық-ау!..

Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Қайдағы бір қорқынышты беймаза түстер қамалап, ит-рәсуамды шығарды. Жүріп келе жатып, үлкен апанға түсіп, кетем де, шошып оянамын. Кей-кейде «кім бейшара?» деп төсегімнен ыршып тұрамын. Жеген тамағымның дәмі қандай, оны мүлде сезбеймін. Қарным аш па, тоқ па, оны да білмейтін халге жеттім. Күнделікті күйкі болмыстан туған ішімдегі аласапыран шатақ дүние, өзегі шықпаған шиқандай бүкіл тәнімді сыздатып барады. Бұл асқынған дертке нендей ем-дем қолданатынымды да білмеймін.

Түн ортасы. Тыста дауыл соғып тұр. Тереземнің тұсындағы ақ теректердің сарыны біресе ұлғая түсіп, біресе жым болып тынши қалады. Қарақошқыл бұлттар шығысқа қарай жөңкіп барады. Жұлдыздар көрінбейді. Олар да қалғып кеткен тәрізді.

Бір сәт жел басылды да, үйдің төбесінде біреу жүргендей — шатыр тысырлап кетті. Баданадай-баданадай жаңбырдың алғашқы тамшылары тырс-тырс етіп, терезені ұрғылай бастады. Сосын үдере сатырлап, кір әйнектің бетін жуып жіберді.

Сығырайған май там жылт-жылт етеді. Мен столдың жанында отырмын. Жай отырғам жоқ, жазып отырмын. Айлап жиналған дерт қағазға төгілген сайын, өнебойым жеңіл тартып, жабыққан көңілім сергіп барады әншейін. Жұмыртқаны жарып шыққан балапандай қауырсынымды жазып, кең тыныс ала бастадым. Ар көтере алмаған ауыр жүкті қағаз шіркін көмбіс түйедей көтеріп-ақ кетті! Не керек, бәрін жаздым. Өзімнің аңғырттығымды, Қортықбайдың қулық-сұмдығын, колхоз қоймасында есепте жоқ жиырма тоннаға жуық артық астық бар екендігін…қойшы әйтеуір, бірін де қалдырмай түгел жаздым. Конверттің сыртына үлкен әріппен —«Аудандық прокуратураға» деп айқайлатып қойдым.

Түні бойы қалам кеміріп, бес-алты бет етіп жазған арызымды ертеңгісін МТС-ке барып «күрделі хат» таңбасымен почтаға салып жібердім.

Кеңсеге қарай келе жатыр едім, Қортықбайдың кіші баласы — Зәукен кездесе кетті. Аяғыма оралып, жіберетін емес. Танауын жеңімен сүртіп:

— Көке, қайдан келесіз?— деді.

— МТС-тан.

— Маған шашақ қант әкелдіңіз бе?

— Ұмытып кетіппін, жаным.

— Маған папам үш дөңгелекті шайтанарба сатып әпереді. Мініп алып, сосын, балалардың көзін қыздырам…

— Қой, өтірік айтпа. Шайтанарбаға ақшаларың жетпейді.

— Иә, саған! Жертөледегі он қап бидайды қайтесің?

Баланың аты бала емес пе, бар шындықты айтып салды. «Мынаған кәмпит алып же»,— деп, мен оған бір сом ақша бердім. Ол екі борбойын қолымен сабалап, қуанышы қойнына сыймай жүгіріп кетті.

Мен ойға қалдым. Ертең ғой, Қортықбайдыц ісі қаралады. Жертөледегі он қап бидай колхоздың есебіне көшеді. Қоймадағы артық астық та орта қорға түседі. Қорекеңнің өзін милиционер айдап әкетеді. Оны абақтыға жабады. Сосын мына шиеттей көген көздер не істемекші? «Папам шайтанарба әпереді»,— деген Зәукеннің дәме-арманы не болмақ?! Темір тордың аржағынан папасын көріп, олар ботадай боздамай ма? «Папамызды Елжас құртты»,— деп мені қарғап-сілемей ме? Әкесінің қылмысын олар түсіне қоя ма екен? Ақылы толыспаған балдырғанның Ақиқатпен шаруасы қанша? Шүпірлеген, күнәсіз, шермік қарын бөбектерді тірі жетім етіп қалдыру әрине обал! Мен бұл жәйтті баста неге аңғармадым екен?.. Неткен қаталдық!..

Мен көкжорғаға жылдам міндім де, МТС-қа қарай шаба жөнелдім. Атымды байлап, асып-сасып почтаға кірдім. Қара келіншек таңданған пішінмен, жүзіме сүзіле қарады.

— Жайша ма?

— Манағы хатты жіберіп қойдыңыз ба?

— Ия, жіберіп қойдым.

— Қап!..— дедім де, отыра кеттім табалдырыққа.

XIII

Географиялық картада мүлде көрсетілмеген, айналасы ат шаптырым аядай ауылдың өзінде қаншама дүрбелең тартыс, шытырман оқиғалар бар десеңізші!.. Сол әбігер, сол өмір — тоқымдай жердің үстінде ғана өтеді.

Менің ата-бабаларым осы алақандай-ақ өңірде өмір сүрді. Мал бақты. Егін екті. Шабындыққа таласып, су үшін төбелесті. Олар ауылдан аттап шыққан пенде емес. Күлге аунаған тауықтай, үй күшік боп, бүкіл өмірін сол аумақта тыртыңдап жүріп өткізді. Ана жағы — Қауыншы. Мына жағы — Жаңабазар. Сондағы ен алыс сапары — жиырма бес-ақ шақырым екен. Менің бабам заманында қылшылдаған жігіт боп, қартая келе бетіне әжім түсіп, белі шойырылып, өзінің сол үйреншікті қуысында көзін жұмды. Анадан «шыр» етіп түсті… Өлді. Туу мен өлудің арасындағы өмір — өмір емес, тек, рақаты жоқ күйкі тіршілік қана. Боршаланып ырсиған жарақат денесімен, қабарған алақанымен, күс-күс тырбиған саусақтарымен, байдың борышын өтей алмай менің бабам сол тоқымдай жердің бір төбешігіне көмілді. Олардың ең алыс жолы, соңғы сапары, ауылдан екі-ақ шақырым жердегі — Қаратөбе. Олар сол жерге көмілді. Ақ шаңдақ аласа моланың үстінде шоқиып құзғын қарға отыр.

Бір саңғып, о да ұша жөнелді. Томпиып-томпиып жатқан молалар сөйлемейді, күлмейді, жыламайды… Менің әзиз аталарым поезбен немесе автобуспен қызық-қызық шаһарларға сапар шеккен жоқ. Уақыт құдайы — самолетпен ұшқан жоқ. Олардың тақымына мимырт жүрісті есек те тиген жоқ. Сол бабаларымның өмірінің жалғасы бон, мен жарық дүниеге келдім. Олардың істемегенін істеу үшін, көрмегенін көру үшін, татпағанын тату үшін келдім. Мінбеген көлігін міну үшін, білмегенін білу үшін келдім. Менің сыбағам — өмірде толып жатыр!..

Бұл дүниеде егер арман болмаса, мен өмірге келмеген болар едім. Арман деген, тастай қараңғы бөлменің төрт қабырғасындағы кең жарық дүние ғой! Арманы жоқ адамдар — гүлі жоқ даламен тең!..

Мен бесікте жатқан шағымда-ақ армандай бастадым. Қазан астындағы маздаған от та, аспандағы жымыңдаған жұлдыздар да, өзім емген анамның мамасы да бәрі де арман! Анадан туған осы күнгі нәрестедей, мен де алғаш дүние табалдырығын аттағанымда — жылағам. Сонда, өмірдің мұншама ғажайып екендігін білген болсам жыламас ем!

Шіркін, өмір қызық қой! Көз жасы мен күлкісі, азабы мен рақаты, қайғысы мен бақыты, тартысы мен тыныштығы, бәрі де дап-дайын тұрады. Міне, өмірдің қызықтығы да сомда жатыр.

Бесікке байланған моншақты сылдырлатып ойнау, керегеден ұстап қаз-қаз тұру, тәй-тәй басып жүру… о да арман! Арманның бүрі ерте жарылып, ерте гүлдейді.

Өмір сатысы тайғақ та, қилы-қилы.

…Жазда біздің үйдің дәлізіне қарлығаш ұя салған-ды. Бұл шынашақтай іскер құстың ұя салуы да тым қызық. Аузын толтырып саз балшықты алып келеді де, оны мақтаның шитіндей етіп құсады, сосын үйдің қабырғасына жымдастырып қояды. Ұяның беріктігін ойлап, балшықтың арасына құрғақ шөп қосып отырады. Ақылды құстың бұл шеберлікті қайдан үйренгеніне қайранмын! Ұя салынып бітті. Ұяның жиегінен сары ауыз балапандар көрінетін болды. Бесеу. Ауыздары қатарынан түгел ашылғанда «ойпыр-ай, бұл жалмауыздарды қалай асырайды»,— деп ойға қалып жүрдім. Сол жайын ауыздар жемтік берген енесінің басын кейбір шақ жұтып жібере жаздайды. Әр он минут сайын енесі балапандарына шегіртке әкеп береді. Біреуінің аузына тыға бермей, кезегімен береді. Өзінің қомағай сары ауыздарын осылай мәпелеп өсіру — ересек қарлығаштардың бірде-бір асыл борышы сықылды. Бір ғажабы — олар балапандарын өзінің адал еңбегімен асырайды.

Балапанның батылдау біреуі ұясынан ұшып шығып, ауладағы сымға қонды. Құлап кете жаздады, зорға-зорға қонды. Жайғасып алған соң ол алдымен аспанға қарады, күнге қарады. Сосын жерге қарады. Оған бәрі де қызық!..

Қарлығаштың сол ұясы кәзір бос қаңырап тұр. Балапандарын әлдеқашан ұшырып әкеткен. Бір кездегі темір қанат, сары ауыз балапандар, менің бабаларым аспаған бел-белестен, асқар таулардан асып, небір шексіз-шетсіз көкала мұхиттарды емін-еркін шарлап, ұшып жүрген болар… Қанат бітіп, мен де ұшсам, шіркін!..

Күн батар шақта сол бір ескі ұяға қарасам,— көңілім күйзеліп, қатты қамығамын. Кейде бойымды қызғаныш билейді. Құс екеш құс та ұшып кетті-ау! Мен қалдым бабаларым қой жайған тоқымдай жердің үстінде шоқиып… Дегенмен, осы бір кішкентай, шалғай түкпірдегі өмірдің өзі қандай күрделі, қандай ғажап!.. Жастық шақтың аңғырттығына, осындай «қиқуы» мол өмір — үлкен ем. Өз қарнын ойлаған Қортықбайлардың көкесі немесе жиені қай қалада, қай ауылда жоқ дейсіз?!.

Шіркін, жастық шақ!

Сенің кешуің кең. Сылдырлап аққан тап-тайыз, жуас суың кей кезде көкке шапшиды. Асау толқын кемеріңді соғады. Ашуың да алапат! Ал, кей кезде момақансып ағасың. Сенің тайғақ жағаңда, мен сан рет құладым. Артқа салып балалық бал дәуірді, өте шықтым әп-сәтте сенің сол құбылмалы кешуіңнен. Құмға түскен балаң іздерімді, қыңыр толқындарың әлдеқашан шайып та үлгіріпті…

Жастық кешуінен өттім мен. Армысың үлкен өмір!

Қарлығаштар, қарлығаштар!.. Сендер ыстық жаққа, бейбіт өлкеге ұшып бара жатырсыңдар. Тағы да ұя салып, балапандарыңды жетілдіріп, тату-тәтті өмір сүресіңдер. Сендер сияқты мен де шуақты күндерге ғашықпын. Мен сол тыныштық өмірді, қызығы мол өмірді фашизм жендеттерінен арашалап қалу үшін, қан майданға аттандым.