Әңгіме: Ширек ғасырлық шарықтау
2015 жыл еліміздегі маңызды оқиғалардың жылына айналғаны белгілі. Өткен қой жылы Қазақ хандығының 550, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20, Ұлы Жеңістің 70, классик ақынымыз Абайдың 170 жылдығы мерекелері кеңінен аталып өтіліп, ұлттық рухымызды жаңғырта түсті.
Осындай мерекелер шеруі 2016 жылы да жалғасын таппақ. 1991 жылғы 16 желтоқсан күні жарияланған тәуелсіздік күні еліміздің тарихына алтын әріппен жазылған еді. Міне сол атаулы мерекеге биыл 25 жыл толмақ.
Бұл мерзім тарихи тұрғыдан алғанда ұзақ та емес. Бірақ осы ширек ғасыр аясында еліміздің қол жеткізген табыстары таң тамаша қалдырады. Елімізде осындай ұлы өзгерістердің жасалуына аса құрметті Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі ұшан-теңіз.
1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін «Қазақстан сыртқы күштерге сүйенбей жеке мемлекет ретінде өмір сүре алмайды» деген сәуегейсымақтар шықты. Мұндай даңғаза мақалалар көршілес Ресейдің газет-журналдарында жиі жарияланып, еліміздің тәуелсіздігінің баянды болатынына күмән келтірілді. Империялық мақсатты көздеген Ресейдің белгілі бір саяси топтарының елімізге бұлайша саяси қысым көрсетуі тегін емес-ті.
Өйткені тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдар ішінде кеңестік бір орталықтан басқарылатын экономикалық даму жүйесі бұзылып, көптеген өндіріс орындары жартылай жұмыс істеуге көшсе, қайсыбірі тарқап жатты. Елде берекесіздік белең алып, жекешелендіру саясатын өз мақсатына пайдаланып қалуға ұмтылғандар да аз болмады.Сыңаржақ саясатшылар осы қиыншылықты өз мақсаттарына пайдаланып қалғасы келгені де анық.
Елбасымыз осы сын кезеңде аса көрегендік танытып, «Алдымен—экономика, содан кейін — саясат» деген қағиданы алға тартты. 1997 жылдан бастап республика орталығын Алматы қаласынан Ақмола қаласына ауыстырудың іс-шаралары жүзеге асырыла бастады. Кейін оған Астана деген ат беріліп, қазір оның тұрғындарының саны бір миллионға жақындады.
Сол кезеңде еліміздің экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеру үшін жол қатынасын жақсаруға тура келді. Тәуелсіздік алған жылдары Ақтоғай — Мойынты, Алтынсарин — Хромтау, Өскемен — Шар, Жезқазған — Бейнеу темір жолдары салынып, республиканың ішкі жүк тасымалдау жұмыстары жақсартыла түсті. Сонымен бірге Ақтау темір долы түркмен, Иран елдерінің территориялары арқылы Парсы шығанағына шығауға мүмкіндік алды. Ал бұл күнде «Жібек жолын» жаңғыртуға орай «Батыс Еуропа — Батыс Қытай автожолының» құрылысы қызу қарқынмен жүргізілуде.
Елімізді индустрияландырудың алты жылы ішінде индустрияландыру картасы аясында барлығы 890 жоба іске қосылған. Соның нәтижесінде 85 мың тұрақты жұмыс орны ашылыпты. Сөйтіп Қазақстан өз тарихында алғаш рет әлемнің елу жетекші экспорттаушыларының қатарына қосылып, 43-ші орынға табан тіреді.
Президентіміз «Қазақстан — 2050» стратегиясымен бірге дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу межесін белгілеген еді. Соның маңызды бір қадамы ретінде 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенін де атай кеткен орынды.
Қазақ жерінің асты да, үсті де кен байлыққа толы. Келешекте сол байлықты игере отырып, халық игілігіне жарата білсек, болашағымыздың нұрлана беретініне күмән жоқ.