Әңгіме: Нұрбол Бимұрзаев | Ұлттық бірлік
Елдің ынтымағын қамтамасыз етудің жолы – бөлінбеу. Араңдатушылыққа, іріткіге жол бермеу. Қазақстан – әртүрлі ұлт, дін, мәдениет өкілдері мекен ететін алтын отанымыз. Ұлтымыз, дініміз, мәдениетіміз өзгеше болуы мүмкін. Жақсы көретін, жақтырмайтын адамдарымыз да өзгеше болуы мүмкін. Бірақ бір ортада, бір отанда өмір сүру үшін бұлардың ешқайсысы кедергі емес. 17 миллион халықтың барлығын жақсы көруге мәжбүр емеспіз, адамдардың барлығына жақсылық жасауға мәжбүр емеспіз, бірақ ешкімге жамандық етпеуге, ешкімге зиянымызды тигізбеуге міндеттіміз. Әркім өз тұрғысынан әділ, адал болуға, ешкімнің ақысын жемеуге, әдеп қағидаларын сақтауға мейлінше тырысса еліміз өркендей бермек. Әлеуметтік желілерде әртүрлі жазбалар, монтаждалған видеолар, түбірі жоқ жалалар толып жатыр. Бір-бірін жамандап, боғауыз сөз, боралап жатқандар да аз емес. Мәселен бір мысалды көрсетіп, бір ұлттағы бүкіл адамдар немесе бүкіл мұсылмандар осындай жаман екен деген пайымдаулар бар. Негізінде дұшпандардың қалағаны осы. Халықты бір-біріне шағыстырып, айдап салу. Дұшпандардың мұндай ойындарына құрал болудан сақтану керек. Бес саусақ бірдей емес. Кез келген қауымның жақсылары болатынындай, жаманы да болуы мүмкін. Бір жаманды көрдім деп бәріне топырақ шашудан аулақ болу керек. Заманымыз дұшпан арттыруыдың емес, дос арттырудың, ынтымақтастықтың заманы. Майда-шүйде келеңсіздіктерді тастап, ауызбірлікке ұмтылудың заманы. Сондықтан әлеуметтік желілерде, жалпы кез келген жерде бөлінушілікке, іріткіге жол бермеуге бір ауыздан ат салысу керек. Бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды.