Әңгіме: Кәкімжан Қазыбаев | Сыр
Кел, замандас, сырласайық! Бүгінгі өркенді өміріміздің биігіне көз салайық та, өз өремізді өлшеп көрейікші, өз-өзімізге есеп берейікші! Жүктелген міндетті түгел атқарып жүрміз бе? Міндет дегенді түсіну бар да, сол түсінгендей орындау бар. Біздің тұлғамыз ажарлап айтқан сөзімізден ғана емес, ең алдымен адамгершілік биігімізден көрінеді. Отанымызға шексіз берілу, қоғам игілігін сақтауға қамқор болу, қоғам мүддесіне нұқсан келтіруге мүлде төзбеу, жолдастық, коллективтік жауапкершілік, бір-бірімізді сыйлау, адалдық, қарапайымдылық, моральдық тазалық, семьядағы татулық, әділетсіздікке, арамтамақтарға аяусыз қарсы күрес, еліміздегі ұлы жеңіс — халықтар достығын көздің қарашығындай сақтау, Отанымыздың жауларына мейірімсіз болу, бүкіл дүние жүзі еңбекшілерін құрметтеу рухында өзгені де, өзіңді де тәрбиелеу деген сөз.
Міне, осы принциптерді бүгін қалай жүзеге асырып жүрсің замандас? Өз еңбегің адал, өз ісің жемісті. Ал өзгенің аяқ алысы қалай? Айналаңда әзір асты сүйетін, бірақ қоғамдық еңбек десе сырт айнала беретін алаяқ, арамтамақ бар болса, оған қалай қарайсың? «Қайтемін, соны» деп ренжумен ғана тынасың ба? Жоқ, ол дұрыс емес. Сен — күрескерсің. Сен — өз ортаңның тазалығы, өз ортаңның мәртебесі жолындағы күрескерсің. Бүгінгі сәнді өмір, ертеңгі жарқын болашақ — сенің тұнығы. Оны ешкімге лайлатуға қақың жоқ. Сен кемшілік атаулыға зәредей де шыдамауың керек. Сен күрескерсің, ол күрессе, бәріміз күрескер болсақ, арамызда ешбір арам пиғыл, арамшөп болмасқа керек.
Қарт — ана Надежда Григорьевна Заглада сонау бір жылдары ар туралы, адалдық туралы, есінде болар, әңгіме көтерді. Қарт ана не үшін тебіренді, бүкіл халқымыз сол ананың пікірін не үшін қолдады? Ар — адамның ең ардақты қасиеті. Біздің ісіміздің, күресіміздің ұлылығы да сол: адам арын азат еттік, адам арын адамгершілік өлшемі дәрежесіне көтердік, адам арын ардақ тұтамыз. Адалдық — өмір заңы. Отанымыз — адал, парасатты адамдардың коғамы. Адал еңбек, адал өмір — міне ұлы коғамның көрнекті көрсеткіштері.
Адалдық бар жерде, биік мұрат бар. Сол мұратты қастерлеу, қадірлеу өміріңе нұр құяды. Мәнсіз, мағынасыз өмірге, құр күн кешуге сені жібермейді. Адамгершілік биігің ұстанған мұратыңның қандай екендігінен көрінбек.
Өмірде болған үш түрлі оқиғаны ортаңызға салайық, үш кездесуді жазайық. Адамгершілік, мұрат жайлы сырласуымызды толықтыра түсер ме екен.
1. Әрқашан сапта
Бұл адаммен кездесуге құмартам да тұрам. Оның әңгімесін тыңдағанда бойыңа бір жігер біткендей болады. Сені ол сонау жалынды күрес күндеріне ғана алып кетпейді. Бүгінгі ұлы күреске қалай араласуды да үйренетіндей. Ол сені қайрап, шыңдап жіберетіндей.
Алғаш оны мен елуінші жылдары жастардың үлкен бір жиынында көрдім. Елеусіз, қарапайым ғана қартты бір әйел жетектеп келді. Алдыңғы қатарға барып отырды. Қолында таяғы бар. Сөйлеген сөздің біреуін шашау шығармай ұғып қалғысы кеп, құныға тыңдап отыр әлгі қарт. Сәл ғана бұрылып, мінбе жаққа ұдайы құлағын тосады. Әлден уақытта ішінде үлкен күш от алғандай түлеп, жайнап сала берді. Разылықпен басын шалғып — шұлғып қалды. Барған сайын менің көз алдыма әлгі адам жасара түскендей көрінді.
Міне, ол — мінбеде. Ешбір жазбасыз, текстсіз сөйлеп тұр. Алғашқы сәтте сәл жөткірініп алды да, сосын небір әдемі ойларды төгілте жөнелді. Зал сілтідей тынды. Бәріміз де алдымызда қарт адамның сөйлеп тұрғанын ұмытып кеттік. Жиырмасыншы жылдардың жалынды жас күрескерімен кездескендей болдық. Сол бір кездегі қиын күрестер қалпымен көз алдымызға келді.
Шешен Ғани Мұратбаев жөнінде көп айтты. Оның бойындағы ғаламат қабілет, адамдық асқан қасиет, таусылмас, бұрқырап қайнап жатқан жалын, бір сөзбен айтқанда, сол бір кездегі ұлы күресте өмірдің өзі тудырған перзент, халықтың ұлы жайлы жүрек тебірентерлік әңгіме тыңдадық. Ол өзін: «Біздер Ғанидың шәкіртіміз» деп қана таныстырды. Бірақ көз алдымызда қандай «шәкірті» екені, Ғанидан оның бойына не дарығаны сайрап тұрды. Көз алдымызда сол бір отты жылдардың отты жігіті тұрды.
…Сол адаммен өткен жылдың Бірінші Майы алдында тағы кездестім. Жұмыс үстінде екен. Ол кісінің қолы, ойы бос кезі болмайды. Қазір де «Қыран қанаты қатаярда» атты кітабын жазу үстінде екен. Алғашқы тараулардан Ораз Жандосовтың, Тоқаш Бокиннің, Павел Виноградовтың жастық және жігіттік шағын көрдім. Бекболат көтерілісі… Көркем шығармада бұл әлі бейнеленбеген образ. Жаңа кітаптан осы көтерілістің жақсы штрихтерін оқыдым.
Бұл — ол кісінің соңғы жылдардағы алтыншы кітабы. Ол әлі де жазады. Ол бойындағы рухани мол байлықты, ойындағы сонау жылдардағы ғаламат оқиғаларды, жаңа дәуірдің басындағы ұлы күресті қағазға түсіруге асығады. Иә, оның осы соңғы он-он екі жыл шамасында ғана жазуға қолы тиіп, мұршасы келді. Осындай адамның ғұмырының нағыз жемісті шағында орынсыз жаламен үлкен өмірден шетқақпай қалғаны қандай өкінішті.
Ол «жазуда» дейміз ғой. Басқалардай өз көзімен оқып, өз қолымен қалам ұстамаса, өздігінен архив материалдарын зерттей алса, онда арман жоқ қой! Қос жанардың көруден қалғанына көп жыл болды. Бірақ жүрек жанары сөнген жоқ. Манаты алты кітапты жазған да, оларға керекті материалдарды іздеп тапқан да жүрек жанары. Осы жанар бүгінгі өмір тамырының соғысын да дәл басады.
Мен оның қалай жұмыс істейтінін көрдім. Мектепте оқитын қызына келіп қалған ойды қағазға түсіртеді. Қайта оқытып, оймен оны редакциялайды. Архивтік деректер керек кезде бәрін тоқтатып қойып қажетті жерге барады, зерттеп алады. Оны біреу оқып береді. Бұл соның бәрін зердесіне тоқиды. Неткен ғажап зеректік! Жазудан аз-кем хабары бар адамға осындай жолмен кітап шығарудың қаншалықты еңбекке, михнатқа түсетінін түсіну қиын бола қоймас.
Иә, оның жас кезінде жазуға уақыты болған жоқ. Ол үлкен күрестің қайнаған ортасында жүрді. Мұны дәлелдеу үшін анкеттегі бай деректерден үзінді келтірудің өзі жеткілікті. Азамат соғысы кезіндегі Ферғана майданының жауынгері, Үзгент гарнизонының комиссары, Үзгент аудандық ревкомының председателі, Жетісу губерниялық комсомол комитетінің секретары, Түркістан комсомол Орталық Комитетінің секретары, Алматы қалалық партия комитетінің бірінші секретары, Қарағанды қалалық партия комитетінің бірінші секретары, Қостанай облыстық партия комитетінің екінші секретары, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші секретары…
Міне, мұның бәрі — 1937 жылға дейін, 34 жасына дейін атқарған қызметтері. Осы адаммен тағы да әңгімелескің келеді. Оның жазған кітаптарына тағы да үңілесің. «Жастық шақ», «Қарағанды таңы», «Октябрь белестері», «Өмір шақырады», «Қыран қанаты қатаярда», «Өшпес жұлдыздар жарығы…». Мұның бәрін орысша да, қазақша да жазған өзі. Ол екі тілге бірдей. Жай әңгімелескеннің өзінде ол — публицист.
Менің көз алдымда мемуарист емес, мұрат биік күрескер отыр. Оның бойынан сол бір жалынды жылдардағы сөнбес, лаулаған отты көрем. Октябрь атын көрем. Октябрь перзентімен әңгімелесуге құмармын.
Бұл кім дейсіз ғой? Бұл — Құсайынбек Әміров. Құсекең, өзіміздің «комсомол» Құсекең. Ол революциялық күрес ардагерлері Советінің мүшесі. Мұнысы өткен өмір мектебі жағынан. Ол қазір
— 67-де. Мұнысы паспортында көрсетілген жасы ғана. Бірақ Құсекең — әлі күрескер, партияның саптағы жауынгері. Қаламымен, қарт жүрегіндегі жалынымен қатарда, қасымызда.
Сол жалынды көруге, сол жалынға оралып айтылатын әңгімені тыңдауға әсте жалықпайсың, тіпті құмарлана түсесің.
2. Баланың қылмысы, ананың көз жасы
Сіз қатты састыңыз. Күтпеген жерден балаңыз ауырып қалды. Сырқаты жаныңызға батып барады. Мезгілсіз уақыт. Не істеріңізді білмей жан ұшырдыңыз. Өзіңізде де, көршіңізде де телефон жоқ.
Ең соңғы амал — дереу медициналық жәрдем шақыру. Жүрегіңізді алып-ұшып телефон-автоматқа келдіңіз. Қас қылғандай сөйлемей қалды. «Енді қайттым, тағы қай жерде телефон-автомат бар еді». Ойыңызға түскен көшеге жүгіріп келесіз. Сөйлемей қалады деген қаперіңізде жоқ. Келе сала тастап жіберіп, бұрап жатырсыз. Жоқ, тағы да үн жоқ. «Не болған бүгін». «Қырсыққанда қымыран іриді» деп, менің ботам ауырғанда жағалай неғып түгел істемей қалған бәрі деген оймен бұлан-талан боласыз. Бұл арада тілсіз телефонға да ашулануыңыз мүмкін.
Осындай жағдай бірнеше рет қайталанса, оны басынан өткерген адамның қалы қандай болатынын көз алдыңызға келтіре беріңіз. Ол жедел жәрдемге иә жаяу, иә машинамен келуге дейін барады. Үйінен ақша алмай шықса ше …
Тіпті, баласы ауырмады дейік. Кейінге қалдыруға болмайтын шұғыл бір шаруа болып қалды. Тиісті орынмен дереу хабарласуымыз керек. Ол адам да, сөз жоқ, тарығар еді. Кездейсоқ жайлар болмай тұра ма? Электр шамыңыз сөніп қалды. Линияда замыкание, өрт шығып кетуі мүмкін. Тез монтер шақыру керек. Болмаса, қасыңызда келе жатқан адам қапелімде оқыс жағдайға душар болды. Абайсызда машина қағып кетті. Дереу оның жанын алып қалар сіз ғана, сосын тез хабар жеткізер телефон ғана.
Осындай реттерде жоғарыдағыдай халге душар болсаңыз… Сізде бөтен ой болмайды, тек телефон жөндеушілердің кінәсі деп кіжінерсіз оларға, сыбайсыз ішіңізден. Солар ма екен кінәлі?
…Мөлиіп өрімдей үш жас отыр. Залға жиналған жұртқа қарауға беті жоқ. Үстіне киген үлкен фуфайкелеріне сұғынып, төмен қарай береді. Анда-санда ғана алдында отырған судьяларға жаутаң қағады. Тағдыры солардың қолында секілді. Ешбір кінәға қимайтын осы өрімдей үш жастың ту сыртында мылтық ұстаған күзетшілер тұр. Олар сұсты.
Осы үш өрім мұндай жағдайға қалай душар болды, сот алдына неге келді? Оның сыры анау үлкен екі томдық іс папкасында жатыр. Папканың сыртындағы шағын қалтада төрт темір отвертка. Иә, кәдімгі машиналарды жөндегенде, түрлі тетіктерді іске қосқанда қолдан түспейтін бейбіт құрал. Адамның игілігіне қызмет ететін құрал. Неге слесарьдің, жөндеуші техниктің қолында жүрмей, бүгін осы бір сұсты судьялардың алдында жатыр олар?
— Дұрыс фамилияңыз, аты-жөніңіз? Бұл сұрақ кезек-кезек жаңағы отырғандардың бәріне де қойылды.
— Фролов Евгений Сергеевич.
— Картунов Алексей Николаевич.
— Калюгов Владимир Александрович.
Қай жылы тудың дегенде осы үшеуі де 1943 жылды айтты. Қандай жыл еді? Сұрапыл соғыстың кезі болатын. Бұлардың әке-шешесінің балаларымыз сот алдында отырады — ау деген қаперінде болды ма екен сонда. Жоқ, атай көрмеңіз… Жаңа туған сәбиге ондай тілекті кім тілейді?! Қайта, талай ағаларың, талай бауырларың майданда құрбан болды, солардың орнын басындар демеді дейсіз бе. Кім күткен мұны…
Соттың берген сұрағына жауап бере алмай, булығып жылап ана тұр. Ол өзінің, баланың әкесінің жіберген қатесін дәл осы сәтте ұққандай.
— Бір үйлі жанның ішінде жұмыс істейтін жалғыз өзім ғана едім. Жырақ жүрген, суыт жүрген кездерін байқамап едім… Мүмкін шыны да болар, жұмыс істейтін жалғыз өзі болса, бұрылуға мұршасы келмеген де шығар. Ал әкесі қайда?
— Папасы қайда істейді, — дегенде әлгі әйел шыдай алмай еңіреп қоя берді. Бағанадан кернеп тұрған ащы сырды енді ақтарды. Әкесі арақ ішеді, жұмыс істемейді. Бар ауырлық өз басында. Жағдай енді айқын болды. Бұл Каратуновтың шешесі — Любовь Герасимовна Каратунова еді. Мұратсыз әкенің кесірі балаға тиді. Баланың да мұратсыз, ұятсыз боп бара жатқанын Любовь Герасимовна, міне, іс насырға шапқаннан кейін ғана түсінген секілді.
Ақ шашты, мейірбан жүзді, елуден асқан егде әйел де тығылып сөйлей алмайды. Баласын қорғауға да, ақтауға да шамасы жоқ. Бұл Фроловтың шешесі — Мария Фролова. Жүзіне қарасаң, мұндай аналардың баласы тек қана өнегелі болу керек сияқты. Бірақ іс жүзінде не болды? Бетінен қақпау, қайда жүріп, қайда тұрғанына зер салмау, өз әрекетіне өзіне баға бергізбеу, арман қууға баулымау неге әкеліп соқты?
— Бұл бір мен емес, мен сияқты талай анаға сабақ болатын жай ғой. Өкінемін, опық жеймін. Женя, сен не халге душар еттің? — деп ол да еңіреп қоя берді.
Анау егде тартқан кісі — Владимир Калюгаевтың әкесі. Баласы өзімен бірге, бір кәсіпорында жұмыс істейді екен.
— Өзімнің қатем, өзіме де обал жоқ. Бала тәрбиесіне мән бермеппін! — дейді ол даусы дірілдеп.
Алты айдан астам уақыт ішінде әлгі үшеуі автомат-телефонды 212 рет бұзған. Кей жерлердегі телефондар 7-8, тіпті 13 ретке дейін бұзылған. Жаңағы іс папкасында жатқан отверткалар осындай зұлымдық мақсатқа жұмсалыпты.
— Неге мұндай жолға түстіңдер? Қандай мұқтаждық сендерді мәжбүр еткен?
Күмілжіп үндемейді.
Мына жайға назар аударыныз. Әрбір телефоннан түсетін табыс қанша күнге тоқтап қалады. Оның үстіне бұзылғандардың орнына жаңадан телефон орнату керек. Бұл жұмысқа қаншама еңбек, қаншама қаржы жұмсалады.
Бұл қылмыста ұрылардың ғана емес, жаңағы жылап тұрған ата-аналардың да үлесі бар. Адалдық атты асыл қасиетті балаларына таптатып алған. Соған барар жолдағы қате қадамдарын аңғармай қалған. «Баланы жастан» дегенде халық оларды ең алдымен адамгершілік асыл қасиеттерге баулуды еске алған болса керек.
Жаман әдет мысқалдап кіріп бойды алады. Оның бірін болмаса, бірін ата-анасы, жолдас-жоралары көруі сөзсіз. Сол кездегі үнсіздік — үлкен кесел. Рухани дерттің де алдын алған абзал. Асқынған соң насырға шабады.
Отанымыздың рухани тазалығы үшін күрес осы жолдағы биік мұраттың бірі. Ол саған да, басқаға да ортақ. Өзін үшін де, өз замандасың үшін де жауап бересің!
3. Жан азығы жадау болмасын!
Сол бір жігіт әлі көз алдымда. Сұңғақ бойлы. Сымбатты. Ине көзінен жаңа шыққан сұр костюмі өзіне жарасып тұр. Галстук тағысы, көйлек киісі бүгінгі мәдениетті жастың ешқайсысынан кем емес. Сөзі де салмақты.
— Жасың нешеде?
— Биыл жиырма жетіге шықтым.
— Қой баққаныңа көп болды ма?
— Төрт-бес жыл.
Бұдан әрі өзі төгіле сөйлей берді. «Әр жылы-ақ абыройлы болып келемін. Алдымдағы мал аман. Өткен жылдан бәрі бойдақ қой бағамын. Қазір отарымда 850 дөнен қой бар…»
Өз ісінің жайын егжей-тегжейлі білетін адам отыр алдымда. Қалай жаясың, қалай семіртесің деп сұрасаң, сөз тиегі ағытылғалы тұр. Бұл тақырыпта жас шопанның іркілмейтінін көмейінен танып отырмыз.
— Қандай кітаптар оқисың? Кітап оқуға уақыт табыла ма?
— Уақыт бар-ау, бірақ… — деп әлгі жігіт құлағына дейін қызарып кетті. Манадан бергі көтеріңкі көңілі су сепкендей басылды, жігітіміз жасыды да қалды.
— Ия, жігітім, «бірағың» не?
— Ағалар, мен хат танымаймын.
Үні қатқылдау шықты.
— Көйлегім көк, тамағым ток болғанмен, жаным жүдеу, ішім бітеу. Тағдырға да, өзіме де екпем бар.
Жас жігітті қатты аяп кеттім. Мына сездері өзегін өртеп жүрген оттай көрінді. Онсыз да жанына батып жүрген жараның аузын жұлып алсам керек.
— Қалайша, мүлде хат танымайсың ба?
Бұл жолы шама келгенше жұмсақ сұрауға тырыстым.
— Әліпті таяқ деп түрте алмаймын. Оқи алмай опық жеп жүрген жанмын.
Осы арада ту баста тек шопан тәжірибесін қанық білуге құмартып отырған көңіл басқа бір ойларға сайды. Бүгінгідей білімге кең жол ашық заманда 27 жастағы уылжыған жігіт тұрғай, тіпті 50-60- қа келгендердің ішінен сауатсыздарды табу қиын емес пе!
Аяу үстіне аяу, мүсіркеу үстіне мүсіркеу жамала берді. Жаңағы жігіт рухани мүгедек секілді боп көрінді. Білімсіздік — жас адамға мүгедектік емей немене. Өз құрбылары газет оқып, кітап оқып, білімнің ең қазынасынан нәр алады. Мұндайлар шопандар ішінде де аз ба? Кеше ғана шопан болып, бүгін ғалым болуға талап етіп жүргендер де табылады.
Кешегі әлемді аузына қаратқан, космос көгінің еркесі атанған Юрий Гагарин, ойлап қарасақ, жаңағы жігіт дүниеге келген жылы туылыпты. Юрий болса, бір ғылымның емес, әр ғылымның сырынан хабардар еді. Ол — ұшқыш, ол — физик, ол — астроном, ол — әдебиетші. Юрий 27 жасында ғарыштың сырын әкеп алдымызға тартты.
Ал жаңағы Бейсенбай хат танымайды. Әрине, бұған оның өзі кінәлі емес. Оқитын шағында қазіргі бақытты Отанынан шалғай болды. Қараңғы әке-шешесі алысты ойлай алмас ағайынның азғыруымен Қытайға көшіп кетіпті. Қайтып келгеннен кейін, елдегі өз құрбыларын көргеннен кейінгі Бейсенбайдың опығында шек болмады. «Яки, жаза білген адамда арман бар ма екен» деген сөзді аһ ұрып айтады.
Бейсенбайдың білімсіз қалуының жөні басқа. Тағдыры солай болды. Ал, арамызда бар жағдай бола тұрса да, оқудың қадірін түсінбей, басқа тебетіндер табылып қалмай ма! Мектепті тастайды, институттан қашады. Қазіргі елтең-селтең жүріске ғана қызығады, ертеңін ойламайды. Білім адамгершілікті байытады, рухани азықты қорландырады. Бүгінде бүкіл тетік білімде.
Замандас! Білімге құлаш үру да биік мұраттың бірі. Сан ғасырдың сырын ұғып, өз ғасырыңызға өрнек салуға білім арқылы ғана жетесің. Осы мақсатта Отаның жасаған жағдайды, қамқорлықты пайдалан! Саған өріс кең. Еліміз білім беру жөнінде дүние жүзінде бірінші орында. Бүкіл жетістігіміздің тарихи қысқа мерзімде жасалуы осы білімділердің күрт көбейгендігінен болса керек. Болашақ — саналылар мен білімділердің қоғамы. Жарқын болашаққа саяз санамен бара алмайсың. Білім сенің қанатың, самғайсың да ұшасың. Адамгершіліктің асыл түрлері де білімде, биік мұратқа жете алатын да білімділер. Мұратыңа білімің, біліміңе мұратың сай болсын. Сонда жаның жадау болмай, жарқын жүресің, замандас!
Күрескерлік, адалдық, білімділік болсын саған мәңгі серік! Сонда сен қоғамның толыққанды мүшесісің . Сонда сен Отаныңның абыройлы, мәртебелі азаматы бола алдың! Сыр түйіні, міне, осы.