Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Ештеңені өзгертуге болмайды
Мерекелік іс-шараларға байланысты өткізілетін бағдарламалардың іс-жоспарын талқылап, бекіту үшін ұжымда шағын жиналыс өтіп жатыр еді. Жиналысты басқарушы сөйлеп отырған, кенет жаңадан келген қызметкер:
— Мына бір тақырыпқа кішкене өзгеріс енгізуге болмайды ма? — деді.
— Қай тақырыпты айтасыз? — деді жиналысты басқарушы.
— Мына «Тілім — тірегім» деген тақырыпты айтамын.
— Ол тақырып сізге несімен ұнамай тұр?!
— Сәл жаттандылау естілетін секілді. Кішкене өзгеріс енгізуге болмайды ма?
— Несі бар, әп-әдемі-ақ тақырып! — деді жиналысты басқарушы. — Біз жыл сайын осы тақырыппен өткізіп жүрміз ғой.
— Тым болмаса, екі сөздің орнын ауыстырып көру де ойларыңызға келмеді ме?
Жиналысты басқарушы шошып кетті:
— Сіз сөйлем мүшелерінің орнын ауыстырып жібергеннен кейін не болатынын білесіз бе?!
— Не болады екен?!
Бірақ ешкім де не болатындығын айта алмады.
— Ал мына «Тәуелсіздігім — тұғырым» деген тақырыпты ше? — деді жаңадан келген қызметкер.
— Ол тақырыпты не деп өзгертейін деп едіңіз?!
— Тым болмаса, «Тұғыр үстіндегі тәуелсіздік» деп өзгертіп көрмедіңіздер ме?
— Құрметтім! — деді жиналысты басқарушы. — Сіз тым тереңдеп барасыз! Тәуелсіздік тұғыр үстінде тұрады ма, әлде өзі бірдеңеге тұғыр болып тұрады ма, оны шешетін сіз емес!
— Оған бола несіне абыржисыздар? — деді жаңадан келген қызметкер. — Бұл бар болғаны мерекелік іс-шаралардың тақырыбы ғой. Сіздерді түсінбей отырмын.
— Мен де сізді түсініп отырған жоқпын! — деді жиналысты басқарушы. — Ол тақырыптарға неменеге шүйліге қалдыңыз?! Біз жыл сайын осы тақырыптармен өткізіп жүрміз ғой. Әп-әдемі-ақ өтіп жүр. Үлкендер алда, жастар артта, қол шапалақтайтын жерлерінде қол шапалақтайды.
— Тым болмаса, бағдарлама жаңа әндермен байытылып отырар деп үміттенем.
— Жоқ! Өзінің тақырыптық әндері бар. Сол әндерді айтатын бекітіліп қойылған әншілері бар.
Жаңадан келген қызметкер ауа жетпегендей қарманып барып, жұтынды.
— Ең болмаса, сол әншілер үстеріндегі көйлектерін ауыстырып отыратын шығар?
— Ешқашан! Жыл сайын сол бір көйлекпен шығады.
— Тамара апайға қиындау тиіп жүр, — деді әлдекім. — Ол кісі толығып кеткен. Қыз күніндегі көйлегі тарлық етіп жүр.
— Ол кісіге жаңадан көйлек тіктіру де ойларыңызға келмеді ме?
— Одан бірдеңе шыға қояр ма екен? — деді жиналысты басқарушы. — Ол кісінің өмірдегі ең ұлы мұраты — сол үстіндегі көйлегімен зейнет демалысына шығып кету.
Жаңадан келген қызметкер басын шайқады.
— Сіз бұл жерге жаңадан келген қызметкерсіз, — деді жиналысты басқарушы. — Жаңадан келген қызметкерге кейбір нәрселер оғаш көрінуі мүмкін. Алайда бара-бара үйреніп кететін боласыз. Әлі-ақ өзіңіз де осы ырғақпен ән сала бастайсыз.
— Сонымен іс-шаралардың тақырыбын бекітеміз бе? — деді жиналысты басқарушы. — Бекітілсін дегендеріңіз қол көтеріңіздер.
Бәрі қолын көтерді. Жаңадан келген қызметкер де қолын көтерді.
— Жақсы, — деді жиналысты басқарушы. — Енді бастыққа барып бекіттіріп ала қояйын.
— Ештеңені өзгертіп жіберген жоқсыңдар ма? — деді бастық. — Бір жаңалық енгіземіз деп, бірдеңеден қателесіп кетіп жүрмейік.
— Жоқ, Сәке! Ештеңені өзгерткен жоқпыз. Бәрі де бәз-баяғысынша.
Қол қойып берді.