Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Ана тілім қазақ тілі
(Мектеп шәкірті үшін жазылған).
Халқымыздың бойында жинақталған асыл мұраларымызды еске алып отырсақ, олардың бізге қымбат әрі қастерлі екендігін ұға түскендей боламыз. Сондай қасиетті ұғымдар ол өз халқыңның тілі, тарихы, салт-дәстүрі тағы басқалар болмақ.
Менің ана тілім – қазақ тілі. Оның ғасырдан ғасырларға жасап келе жатқан бай мұрасы бар екендігі бізге белгілі. Халқымыз – ежелден-ақ тіл өнеріне аса ден қойған халық. Тіпті ұлтымызда асыл ана тілімізге арналған мақал-мәтел, түрлі нақыл сөздер де көптеп кездеседі. Халқымыз, мысалы, «Өнер алды – қызыл тіл» деп, тіл өнерін аса жоғары бағалады. Сондықтан да сол кезеңде тіл өнерін биік меңгерген адамдарды шешен деп құрметтеген еді. Тарихымызда мұндай би-шешен тұлғаларымыз аз болмаған.
Туған тіліміздің табиғатына көз салып отырсаңыз, оның тереңдігіне көзіңіз жете түскендей сезінер едіңіз. Көптеген тілдерді салыстырып қарай отырғанда, тіл зерттеуші ғалымдарымыз қазақ тілінің бай, таза сақталған тіл екендігін сан мәрте жазған да болатын. Бір ғана ана тілімізде жазылған шығарма – М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының тілін зерттегенде де ғалым-зерттеушілер осындай тұжырымға келеді.
Тіл өнерін аса жоғары бағалаған халықтың ауыз әдебиетіне қарап отырсаңыз,
одан кейінгі ұрпаққа жеткен бай мұрасын пайымдап, байқар едіңіз. Ертегі, батырлар жыры, аңыз әңгімелер, жұмбақтар, жаңылтпаштар сияқты ауыз әдебиетінің түрлерінде халқымыздың асыл мұрасы – тіл байлығының кемел күш-қуаты жатыр.
Тіл өнерінің ең бір айшықты көрінер саласы – әсіресе айтыс саласы болды. Айтыс ақыннан суырып салмалықты қажет ететін өнер болғандықтан, мұндағы тіл өнерінің бағасы аса зор еді. Сол сияқты өткен дәуірден сом алтындай сөзі жеткен жыраулық поэзия туралы да осыны айтуға болады. Жыраулық поэзия біздің тіліміздің бай қуатын кейінгі ұрпаққа жеткізді.
XIX ғасырда пайда бола бастаған жазба әдебиетіміз де тіліміздің өркендеуіне әсерін тигізді. Бұл тұрғыда бізге Шоқан, Ыбырай, Абай есімдері жақсы таныс.
Біздің тіліміздің ғылыми тұрғыда кемел зерттеле бастауы XX ғасырдың алғашқы кезеңі еді. Біз мұнда әсіресе Ахмет Байтұрсынов есімін ерекше атай аламыз. Ахмет атамыз ұлт жанашыры тілші-ғалым болды. Осымен бірге ғалым Құдайберген Жұбанов есімі де ерекше ілтипатпен аталады.
Кеңестік кезеңде қазақ тілі кеңсе тілі саласында да қызмет атқара бастады. Онымен бірге ғылым тілі ретінде де ғалымдарымыздың еңбектері жазылды. Университеттерге, мектептерге арналған қазақ тіліндегі оқулықтар жарық көре бастады. Сонымен бірге тіл қазақ халқының рухани, мәдени өмірінде де елеулі қызмет атқарды. Қазақ баспасөзінің дамыған тұсы да осы кезең еді. Қазақ тілінде көптеген газет-журналдар жарық көрді. Қазақ әдебиеті ілгері дамыды. Қазақ тілінде жазылған көптеген поэзиялық, прозалық, драмалық шығармалар оқырманға жол тартты. Шетел жазушыларының аудармалары қазақ тілінде жарық көрді. Ашылған кітапханалар қазақ тіліндегі кітаптар мен газет-журналдардың таралуына әсер етті. Қазақ тілінде оқытатын мектептер қызмет етті. Ол мектептерде қазақ тілі, қазақтың әдебиеті ғылым, пән негіздері ретінде оқытыла бастады. Қазақ тілі пәнінің мұғалімдері – кадрлар дайындалды. Қазақ тілінде театрлар ашылды. Онда қазақ драматургтерінің шығармалары көрерменге насихатталды. Қазақ тілінде кинолар түсіріле бастады. Сол кезеңде түсірілген «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Атаманның ақыры», «Тақиялы періште» сияқты фильмдер шын мәніндегі ұлт киносының қандай болатындығын көрсетті. Бірақ кеңестік жүйе кезеңіңде қазақ тілінің өрісі тарылып, қоғамнан қағажу көрген тұстары да аз болған жоқ. Бұған сол кездегі кеңестік басқару саясаты да әсер етті. Десе де туған тіліміз мемлекеттік тіл деген арнайы мәртебені сол кеңестік жүйе құламай тұрып-ақ алған болатын. Шын мәніндегі ұлы қуаныш 1989 жылдың 22 қыркүйегіне сәйкес келеді. Ұлт құндылығының тағдырына алаңдаған ұлт жанашырларының егілген күні. Содан бері осы күн тіл мерекесі ретінде мемлекетімізде тойланады. Тек қазақ тілінің мерекесі ғана емес, осы мемлекетте тұратын басқа да ұлт өкілдері тілдерінің мерекесі, татулық пен ортақ түсініктің мерекесі ретінде тойланады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін, біздің тіліміздің өрісі одан әрі кеңейе түсті. Қазақ тілінің мемлекет тілі екендігі Ата заңға айшықтап жазылды. Қазақ тіліндегі балабақшалар мен мектептердің саны артты, қазақ тіліндегі газет-журналдар қатары көбейе түсті. Баспа орындары ана тіліміздегі әр түрлі тақырыптағы кітаптардың көптеп шығарылуына жол ашты. Аударма ісінің өрісі кеңейді. Сонымен бірге бүгінгі таңдағы заманауи ақпараттық технологиялардың қарыштап дамыған қарқынына жедел ілесе алу міндеті де алдымызда тұрды. Енді бұрынғыдай емес, ақпаратты жедел тарату мүмкіндігіне қол жете бастады. Қазақ халқы үшін ғаламторды игеру қажеттілігі артты. Енді осынау ақпараттық майданда қазақ тілі де жеңіліс таппау керек еді. Осыған орай, ғаламтор бетінде қазақтілді сайттардың саны арта түсті. Сөйтіп, қазақ тілі ендігі сәтте интернет кеңістігіне де еркін ене бастаған тіл болды.