Анасының қарнынан шығып: «Мен – Құдаймын!» деп туа сала сөйлеген…

0

Мәдинадағы Пай­ғамбар мешітінің бір бұрышындағы жа­сыл күмбез астындағы нұрлы зиратта Алла елшісі екі сенімді серігімен, алғашқы екі халифа Әбу­бәкір мен Омармен қатар жатыр.

Пайғамбар зиратының қасында тағы бір бос қабір бар.

Ол не үшін бос қал­ды­рылған? Оған болашақта кім жерленбек?

Көптеген  мұсылмандар мен Құран сарап­шылары ол жерге болашақта жалғыз көзді Дәжжәлды өлтіріп, жер бетін қырық жыл басқару үшін көктен түсетін Иса пайғамбар жерленеді деген сенімде.
Имам Бұхари жеткізген қасиетті ха­дисте: «Алла тарапынан жіберілген пай­ғамбардың бәрі өз қауымына Дәжжәл (Биб­лия бойынша Антихрист) жайында ескерткен» делінсе, тағы бір хадисте «Дәж­жәл сендердің орталарыңнан шығады» делінеді. Хадиске сүйеніп айтылатын әң­гімелер бойынша, көктен Исаның түсуі, жерден Мәдінің шығуы және Дәжжәлдың пайда болуы – бір мезгілде болатын әре­кеттер. Дәжжәлдың өте құпия түрде әрекет ететіні айтылады. Соған қарап көп­теген діни зерттеушілер мен сарапшылар Дәж­жәлды масондардың іс-әрекетімен бай­ланыстырады. Қазір әлемде болып жат­қан ғаламдық терроризм мен түрлі зұ­лым­дықтарға қарап «Дәжжәлдың уақыты бас­талды, ол әлемге келді және ғаламдық процестердің бәрін сол басқаруда» дейтін дінге сенушілердің қатары көбеюде.
Хадистерде Исаның Дәжжәлды із­дей­тіні, ал оның Бәйтул-Мақдис (әл-Ақса мешіті) маңында жасырынатыны, ақы­рын­да сол жерде Дәжжәлды өлтіретіні ескертілген. Бұған қарағанда, Дәжжәл­дың іс-әрекетінің орталығы   Палестинадағы әл-Ақса ме­шіті мен оның маңында болатынын аң­датқандай. Тағы бір хадисте Дәжжәлдың жартасты жарып шығатыны айтылады. Ал қазақ аңызы бойынша, Әзірет Әлі мен Орталық Азиядан шыққан балуан Дариға қыз күреседі. Әлі жеңіп, Дариға екеуінен Мәді (Маһди) туады. Кейін Мәді туған әкесін танымай, Әзірет Әлімен күресіп, әке­сімен белдескенінен ұялып, қатты қы­сыл­ғаннан жер астына түсіп кетеді. Міне, осы Мәді ақыр заманда жер астынан шы­ғып, көктен түскен Исамен бірге Дәжжәл­дың көзін жояды.
Сонымен, Дәжжәл деген қандай жара­тылыс, Исаның көктен түсуі, Мәдінің жер­­ден шығуы қашан пайда болады?

Кейбір  дін ғұламалардың айтуынша, Пайғамбарымыз дүниеге келгенде, (бәлкім, нұры жаралғанда)  Дәжжәл да дүниеге келген. Яғни Дәжжәл – сіз бен біздің нәпсіміз. Дәжжәл – бүкіл әлемдегі адамзаттық, мақұлықаттық нәпсінің материлизация қылынған  түрі. Онда бүкіл әлемнің күші, бүкіл әлемнің құдіреті тұр. Бүкіл зұлымдық атаулы оның қолында. Алла Тағала нәпсіні жаратып, нәпсі дүниеге келгенде құдіреті күшті Алла: «Сен кімсің, әй, нәпсі?» дейді. Сонда нәпсі: «Сен секілді Құдаймын» дейді. Нәпсі анасының қарнынан жер жүзіне туылғанда, «Мен Құдаймын!» деп жар салып шыққан. Яғни қазір туылған бала: «Мен әлемнің Құдайымын» деп айқайлай бастаған.  «Мен Құдаймын!» деп туа сала сөйлеген. Сол нәпсі сіз бен бізде де тұр. Дәжжәл дегеніміз сол.

Қиямет күні нақты қашан басталаты­нын тек Алла Тағала біледі. Дегенмен қия­мет күнінің белгілері жайында айтып кет­кен. Қияметқайым белгілеріне – жер жүзін бір түтіннің басуы, имам Маһдидің шығуы, Мәсіх Дәжжәлдің пайда болуы, көктен Исаның (а.с.) түсуі, бір үлкен хайуанның пайда болуы, күн батыстан шығып шығыстан батуы, Құранның көкке көтеріліп кетуі, Яажүж бен Маажүждың пайда болуы жатады.

Мәсіх Дәжжәлға келер болсақ, ол жал­ғыз көзді (кезінде телевизор пайда болғанда,  оны дәжжәл деушілер болған, сондай-ақ долларды айтушылар бар) және сол көзі болмайды. Маң­дайы үш әріппен, яғни «қоф», «фа» және «ра» әріптерімен мөрленген болады. Осы мөр оның кәпір екеніне ишара болады. Алайда бұл жазуды тек мүминдерге көру нәсіп болып, кәпірлер ол жазуды байқай алмайды.

Пайғамбарлар адамзатты Алла Тағалаға иман келтіруге үндесе, Мәсіх

Дәжжәл адам­дардан өзін тәңір деп мойындауын талап етеді. Осы мақсатта ол, Хақ тағала­ның қалауымен, түрлі керемет көрсетеді. Ол – өлген адамды тірілту, қуаң даланы көгерту, т.с.с.

Дәжжал туралы шәриф хадисте былай делінеді: «Оның бірінші күні бір жыл, екінші күні бір ай, үшінші күні бір апта, ал төртінші күні кәдімгі күн секілді. Ортаға шыққан кезде әлемге әйгілі болады. Қырық күннің ішінде дүниені аралап шығады…».
Пайғамбарымыз Мұхаммед  Расулуллаһ оның, яғни Дәжжалдың жер бетiнде қан­дай жылдамдықпен қозғалатыны жөнінде:
– Жел айдаған жаңбыр бұлты тәрiздi. Ол келiп, өзiне тәңiр деп иман келтiруiн талап еткенде, адамдар оның талабына жауап бередi. Сол сәтте оның әмiрiмен жаң­быр жауып, жер өнiм бередi. Ал кеш­құрым өрiстен мал келедi. Ол малдың өркештерi дәл сол кезге дейiн көтерiл­ме­гендей көтерiлiп тұрады. Желiндерi дәл сол кезге дейiн толмағандай толып тұрады. Қарындары дәл сол кезге дейiн шықпа­ғандай шығып тұрады. Осыдан соң Дәж­жәл басқа адамдарға келiп, олардан да өзiне тәңiр деп иман келтiруiн талап ет­кенде, олар одан бас тартады. Сонда олар­дың жерiн құрғақшылық басып, олар бар малынан айырылады. Дәжжәл қуаңшы­лық басқан жермен өтiп жерге: «Бар қазы­наңды шығар», – дейдi. Жерден шыққан қазына Дәжжәлдың артынан ара үйiрi тәрiздi ередi. Осыдан кейiн Дәжжәл өзiне жасы кемелiне толған жiгiттi шақырып, оны семсермен екiге бөлiп тастайды. Дене­нiң екi бөлiгi бiрi-бiрiнен жебенiң жететiндей қашықтыққа ұшып кетедi. Дәж­жәл жiгiттi өзiне қайта шақырады. Сонда қайта тiрiлген жiгiт қуаныштан жүзi жайнаған күйде алдына келедi».
Дәжжәлдің шығу жеріне келер болсақ, оған қатысты түрлі риуаяттар бар. Мәсе­лен, бір риуаятта Дәжжәл шығыс тарап­тан, яғни Хорасан өңірінен, бір риуаятта яһудилер мекендеген Асбаһан аумағынан, ал бір риуаятта Шам-Ирақ жерінен шы­ғады делінген.
Кісенінен босаған соң Дәжжәлдің аяғы баспаған жері, шықпаған төбесі қалмай­ды. Ол тек екі орынға аяқ баса алмайды. Ол – Мекке мен Мәдина.
Мәдинаға кіре алмайтынын білген Дәж­жәл үш қайтара жерді тепкен сәтте Мәдинадағы екіжүзділер оған еріп кетеді.
Мәсіх Дәжжәлдан бұрын имам Маһди шығады. Имам Маһди Нәбидің (с.а.у.) ұрпақтарынан болып, келбеті арабтарға ұқсаған болады. Имам Маһдидің зама­нында жер жүзін әділетсіздік пен бұзақы­лық басқан болады. Имам Маһдидің кел­геніне қуанған мұсылмандар оған Мек­ке­дегі «Әл-Харам» мешітінде еруге ант етеді. Осыдан соң имам Маһди Куфаға келіп, сол жерден жан-жаққа мұсылман әскер­лерін жөнелтеді.
Ғалымдардың айтуынша Мәсіх Дәжжәл имам Маһдиден соң пайда болады. Имам Маһди шыққаннан соң ғаламаттар пайда бола бастайды. Ол – Мәсіх Дәжжәл пайда болуының ғаламаты. Дәлірек айтар бол­сақ, үш жыл қатарынан жаңбыр мен жер өнімі азаяды. Сол кезде адамдардың азығы тәкбир, тәһлил, тасбих болмақ.
Мәсіх Дәжжәлдің шығудың мәнісі – адамдарды сынау. Осы мақсатта Алла Таға­ла Дәжжәлға түрлі ғажап істерді ат­қару құдіретін нәсіп етеді. Мәселен, жер жүзінде желдей кезіп жүру, жәннат пен тозақты көрсету, жаңбыр жаудыру, қуаң­шылық басқан жерді көгерту, жер қой­науындағы кендерді жер бетіне шығару, өлген адамға жан беру, азғыру ісінде шай­тандарды қолдану, т.б. Мәселен, Дәж­жәлдің талап етуімен екі шайтан біреуге оның марқұм болған ата-анасының бей­несінде келіп Дәжжәлға нұсқап: «Мынаған ер! Сенің Раббың осы», – деп айтады. Сонда әлгі адам Дәжжәлға табына бас­тайды.
Дәжжәл фитнасы жер бетіне жайылған сәтте, Хақ тағаланың қалауымен қиямет күні жақындаудың келесі белгісі пайда болады. Ол – көктен Иса (а.с.) пайғам­бардың түсуі.
Иса (а.с.) жерге түскеннен соң имам Маһди оған имамдықты ұсынады. Алайда бұл жолы Иса (а.с.) имам Маһдиге ұйып намаз оқиды. Осыдан соң мұсылман үм­метінің билік мінбері Исаға (а.с.) өтеді.
Жер бетіне етек жайған күпірлікті жою мақсатында Иса (а.с.) Иерусалимге бет алады. Сонда, яғни Палестинада Иса (а.с.) бастаған мұсылмандар әскері Мәсіх Дәж­жәлмен жүздеседі. Хадистердің бірінде Иса пайғамбармен (а.с.) кездескен сәтте Мәсіх Дәжжәл суда еріген тұз тәрізді еріп кетеді деп айтылған. Жалпы Дәжжәл имам Маһди және Исаның (а.с.) қолынан опат болады.
«Исаның (а.с.) демiнiң хош иiсiн сезген әрбiр кәпiр, оның иiсiнен жан тәсiлiм ете­ді. Исаны (а.с.) демiнiң иiсi көз жететiн қашықтыққа жайылып жатады. Иса (а.с.) Дәжжәлды iздеп, оны Люд қақпасының жанында қуып жетiп, өлтiредi. Осыдан соң Иса (а.с.) Алла Тағала оларды Дәжжәлдың азғыруынан қорғаған адамдарға келiп, олар­дың беттерiнен сипайды. Иса (а.с.) олар­ға олардың жәннатта алатын дәре­же­лерi жайында айтып бередi».
Иса (а.с.) өз қолымен ең нәжіс жара­тылысты, яғни доңызды өлтіреді. Мәсіх Дәжжәлдің фитнасы біткен соң жер жү­зінде бейбітшілік орнығады. Бүкіл адамзат бір дінде болады. Ол – Ислам діні. Белгілі уақыт өткен соң имам Маһди жан тапсы­рады. Содан кейін қиямет күнінің келесі белгісі, яғни Яажүж және Маажүж пайда болады. Алайда ол басқа тақырып.

Төреғали ТӘШЕНОВ