Алматыда Фариза Оңғарсынова құрметіне ескерткіш тақта орнатылды
Бүгін Алматы қаласында ҚР халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың құрметіне 1981-1996 жылдар аралығында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды.
Салтанатты шараға қала әкімшілігі басшылары, жазушылар, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен Атыраудан келген делегация өкілдері қатысты.
Игі шараны жүргізген қала әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов: «Тағы да бір игі істің куәсі болғалы отырмыз. Өмірінің ең бір сәулелі шағын осы үйде өткізген, қазақ қыздар поэзиясы дегенде есімі алдымен тілге оралатын Фариза Оңғарсынованың тұрған үйіне ескерткіш тақта қойғалы отырмыз. Осынау тарихи оқиғаның орын алып жатқанына бәріміз қуаныштымыз. Осы ескерткіш тақтаның ашылуына қала әкімі Бауыржан Бәйбек мұрындық болып, сол кісінің тікелей шешімімен жүзеге асып отыр. Алматы – ғылымның, мәдениеттің, әдебиеттің ошағы десек, осында зиялы қауымға қойылған ескерткіштің саны 500-ге жетер-жетпес. Бұл арғы-бергі тарихымыздағы елге еңбегі сіңген тұлғаларға ғана қойылатынының айғағы. Соның қатарына, міне енді, Фариза апайымыз да қосылып отыр», – дей келе салтанатты шараның шымылдығын ашуға Қазақстан Жазушылар Одағының басшысы, ақын Ұлықбек Есдәулетке сөз берді.
Фариза айтқан бір сыр
«Армысыздар, қадірменді халайық, әдебиеттің оқырмандары? Әрбір өркениеттің, әдебиеттің деңгейі оның таланттыларының шыққан шыңымен есептеледі. Әрбір талант – әдебиеттің алтын қазығы! Фариза апайымыз әсіресе осы үйде тұрғанда өткір өлеңдер жазды. Қоғамның, әдебиеттің ар-намысы бола білді. Сонысымен де оқырманның көкейінде қалды. Бұл кісінің есімін ұлықтау ғанибет іс. Жазушылар Одағы ұсыныс жасап, оны қала басшысы Бауыржан Байбектің қолдап, бүгінгі ескерткіш тақтаның ашылып отырғаны әдебиетіміздің де мәртебесі деп есептейміз. Құтты болсын. Фариза апайымыздың есімі өшпейді, өлеңі өрлей береді. Және оған осы бір ескерткіш тақта белгі боп тұратынына сенемін», – деген Жазушылар Одағының басшысы Ұлықбек Есдәулет қоғам қайраткері Шәмшә Көпбайқызымен бірге ескерткіш тақтаны ресми түрде ашты.
Одан кейін сөз алған Шәмшә Көпбайқызы Фариза Оңғарсынова туралы естеліктер айтып: «Фариза ең соңғы сәтін де үлкен сабырмен қарсы алды. Алматы ақшамына ең соңғы бір шумақ өлеңі өз жазумен шыққан болатын.
… Тағдыр ғұмыр кештірмей малша маған,
кемтар етпей,
кенде етпей ар-санадан,
ғұмыр бітті.
Мен кешкен сәттің бірін
сезіне алмай өтеді қаншама адам?!.
«, – деп ақынның соңғы өлеңін оқып берді.
Ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин: «Ардақты Бауырлар! Алаш жұрты! Фариза апайымыз бәріміздің есімізде. Қоңыр шайды қалай демдеп беретіні… қоңыр даусымен қоңыр қазақты қасына жинап алып, барын бардай, жоғын жоқтай түгендеп отыратын қазақ өнерінің, қазақ әдебиетінің кішігірім төрі болатын осы үй. Кіндігін Атыраудың ақ толқыны кескен, Махамбеттің рухымен сусындаған, даланы өлердей жақсы көрген, даланың өзіндей кең мінезі бар, Атырауға тартқан асау қалыбы бар Фариза Оңғарсынова 70-жылдары Алматыға қалай келгені көз алдымызда. Құбылыс болып келді… Қазақ әдебиетінің үлкен-кішісі де Алаштың алыптары да «Фариза дейтін ғажап ақын келді» деп құшақ жайып қарсы алып еді. Фариза «қыздар әдебиеті», «жігіттер әдебиеті» деген шекараны тас-талқан етіп бұзып өтіп, әдебиетте бір ғана – дарындылар әдебиеті болатынын дәлелдеп еді. Біз Фариза дейтін ұлы ақынды әспеттеу үшін келдік. Басымызды иеміз. Елімен, жұртымен табысқан мәңгілік жүрекке ұзар ғұмыр тілейміз. Халқымен бірге жасайтын тағдыр тілейміз», – деп ыстық ықыласын білдірді.
Айта кетейік, биыл Алматыда қазақ ақыны Фариза Оңғарсынова атына көше берілсе, тамыз айында Ақтөбе қаласында Фариза Оңғарсынова атындағы мектеп ашылған болатын.
Дереккөз: https://massaget.kz/