Ұлықбек Есдәулеттің поэзиясы туралы…

0
457

Ұ. Есдәулет табиғат лирикасындағы лирикалық қаһарман тұлғасы

Қазақ лирикасының кемелдену, толысу кезеңінде өзіндік үн қосып, өзгелерден дараланып, өзіндік қолтаңбасын анық танытатын ақынымыз – Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылығы ерекше құбылыс.

Т. Медетбек айтқандай, «Ұлықбек Есдәулетов – үнемі ізденіс үстінде жүретін бұл ақын өлеңдері бүгінде бұрынғыдан да ауқымын кеңейтіп, бұрынғыдан да тереңдей түсті. Оның өлеңдері енді қазіргі қазақ поэзиясының принципті сәттіліктері мен перспективті тенденцияларына арналған еңбектерде сөз бола алатындай деңгейге көтерілді дей аламыз. Оның образды ойлау жүйесі бүгінде кең ауқымдағы, кейде бүкіладамзаттық, кейде тұрмыстық характерлердегі ассоцияларды қамти алатын қабілетке ие. Бұл сөз жоқ, ақын масштабының кеңдігін, оның толысып өскендігін көрсетсе керек» [1, 22 б.].

1973 жылы ақынның «Қанат қақты» жыр кітабындағы «Көздеріңе ғашықпын» жинағына алғы сөз жазған Қ. Мырзалиев Ұ. Есдәулеттің таланттылығын бағалап, «сөзі салиқалы, салмақты, иланымды» екенін өлеңдері арқылы дәлелдеп, «Жортқанда жолың болсын? // Жолдасың өлең болсын!», – деп баталы сөз айтқан еді.

Қазақтың халық жазушысы Ә. Кекілбаевтың Ұ. Есдәулеттің екі томдық таңдамалы шығармаларың 1-томында «Өркені өсер өнер, өрісі шалқар өлең» мақаласында ақынның шығармашылығы жайлы алғы сөзінде былай дейді: «Ұлықбек Есдәулеттің «Киіз кітабы» ескі ауылдың төсек қабы сияқты. Іздеген нәрсеңнің бәрін табуға болады. Бәрінен де жиырма ғасыр бойы талай қапысы кетіп, жиырма бірінші ғасырдың өзіне қапияда тап болып отырған қазақ тұрмысы мен қазақ жан дүниесінің талай табын таба аласыз, талай қатпарына үңіліп, ой жүгірте аласыз» [2, 8 б.].

«Ұлықбек таланты – сондай ұлағатты талант. Ондай талант жан ашуын емес, жан сырын ғана ортаға салады. Бүгінгідей күндері ортамызда ондай пәтуалы ауыздардың жүргенінің өзі қандай ғанибет. Мынау кітап тартып отырған талай тауқыметіміздің басын шалса да, кеудеңе үміт гүлін егіп, жігеріңе жігер қосатын, тәуекелге мінгізіп, тәубеңе келтіретін парасатты жырларға толы» [2, 14 б.].

Ұ.Есдәулеттің «Алматы. Ақпан» өлеңінде лирикалық қаһарманның күйі тұрмыс тірішілікпен қат-қабат болып көрінеді. Өлеңді толығымен келтірейік:

Терезені ашып ем, қар ұшып кірді,

Бөлмені басқан буменен жарысып кірді,

Мұнарлы түнде қан-сөлсіз қылаңытқан Ай,

Атжүйріктей боп аспанға жабысып тұрды.

Тұншығып қалған бір әлем – құпия бәрі,

Жұмбағын шешіп кім оны түсіне алады?

Түрікпендердің төңкерген қауға бөркіндей

Қарауытады бұтақта құс ұялары.

Бетіме қонған мамық қар еріп барады,

Жербауырлаған аппақ бу тобық қағады.

Жұмыртқа басқан сиқырлы самұрықтай боп,

Тыныштық жатыр түбіті көміп қаланы.

… Зілзала өтіп, Зайсанда ақсарбас сойып,

Қауқылдап ауыл жатыр-ау

Бас, жамбас қойып.

…Қар жауған түнгі қаланың көшесіне ұқсар,

Көңілім менің тапталар-тапталмас болып [3, 47 б.]

Қыс суреттері лирикалық қаһарманның көңіл-күйіне сай өрілгендігі және бірер сәттегі көңілінің бейқамдығы «Қар жауған түнгі қаланың көшесіне ұқсар, // Көңілім менің тапталар-тапталмас болып» өлең жолдарында байқалады. Ақын «көңілін қар жауған түнгі қаланың көшесіне» ұқсатуы, яғни тыныштықты қалауы айтылса, «Көңілім менің тапталар-тапталмас болып» тармағында жаңа жауған қардың басылып, тапталып қалатыны белгілі, сондықтан да лирикалық қаһарманның көңілі осы қар жауғандай күйде болатынын айтқысы келеді. Лирикалық қаһарманның көзіне «Ай қан-сөлсіз қылаңытқан» болып көрінуі де нанымды. Өйткені, лирикалық қаһарманның көңіл-күйінің бір нәрсені ойлаудан біраз қобалжып тұрғаны аңғарылады. Бұл ретте назар аударатыны – айдың «қан-сөлсіз қылаңытқан» деп суреттелуінде, өйткені айдың қан-сөлсіз болуы, оның үнемі боз болып, суық тартатынын білдіретінін, жалпы айтқанда айдың сипатын көрсетіп тұрса, ал ақынның «Атжүйріктей боп аспанға жабысып тұрды», – деуінен лирикалық қаһарманның көзімен айдың орналасу дәлдігі мен бірқалыпта өзгермей тұратынын әсерлі беруінен ақын шеберлігін бағамдаймыз. «Тұншығып қалған бір әлем – құпия бәрі, // Жұмбағын шешіп кім оны түсіне алады?» , – деген өлең жолдарынан лирикалық қаһарманның барлық адамзатты үнемі толғандыратын тылсым дүние туралы да назарынан тыс қалмағанын көреміз. Сонымен қатар, бұл екі жолды өлеңдегі бір ерекшелік Ұ.Есдәулеттің стилінде, тіл шеберлігінде. Мысалы: «Әлемнің тұншығып қалғандығы» лирикалық қаһарманның айтқысы келген ойын өрбіте түскен. Ақынның көркемдігі де бірден көзге түседі. Әсіресе, теңеулерді құбылтып қолдануға шебер. Мысалы: «Түрікпендердің төңкерген қауға бөркіндей // Қарауытады бұтақта құс ұялары» жолдарынан адам аңғара бермейтін құбылыстарға, яғни ұяның түр, пішініне зер салуы да лирикалық қаһарманның зейінді, зеректігін, әрі тапқырлығын көрсетеді. Қ.Мырзалиев айтқандай «Ұлықбектің көзі – суретшінің көзіндей. Қиядан шалады» [3, 6 б.] – демекші, дәл, тура ақынға айтылған сөз.

Үшінші шумақтағы «Жұмыртқа басқан сиқырлы самұрықтай боп, // Тыныштық жатыр түбіті көміп қаланы», – дегенде қарды, қардың жаууын тыныштыққа ұқсатады. Лирикалық қаһарман үшін тыныштық-дала мен қар бірдей сияқты. Бұл тармақтардан қар сипатының өзіндік ерекшелігі (бұл жерде айтпағымыз – жаңбырдан, бораннан, дауылдан және т.с.с ) көркемдеуіш құрал – теңеудің көмегімен ашылған. Демек, қар – самұрықтың жұмыртқасындай боп, тыныштықтың, яғни қардың түбіті қаланы көміп жатыр. Бұл ретте ақын «түбіт» сөзін босқа алмаған. «Түбіт» сөзі ұлттық өрнекті білдірсе, ұлпа қардың түрін, қардың мамықтығы мен жұмсақтығын, тез еріп кететіндігін өрнектеу үшін де жұмсалғанын бағамдаймыз. Қорыта келгенде, бұл өлеңдегі лирикалық қаһарман беймаза күй кешсе де, көбінесе әртүрлі жағдайдағы құбылыстарға дайын тұратын, сергек лирикалық қаһарманды тани аламыз.

Ақынның «Күз келді» деп аталатын өлеңі екі шумақтан тұрса да, өзіндік ойын нақты аңғарта алатындай туынды екені сөзсіз.

Астанаға күз келіпті-ау тағы да,

Бір кездегі көрік, сәулет бақшада аз.

Дәурен сүрген бұтағынан – тағынан,

Құлап жатыр жапырақ боп патша – жаз.

Жыпырлаған жаңбыр жерге бас ұрып,

Шытырлаған шығарады саз бөтен.

Қимастықпен Алатауға асылып

Жылап тұрған бұлттар емес, жаз ба екен? [3, 12 б.]

Орыс әдебиетінде табиғатты суреттеу Пушкиннен басталатын болса, оның табиғаты бір жанды, тіршілік иесіне ұқсап тұрады. Сол сияқты Ұ.Есдәулетте де бір жапырақтың күз мезгілінде құлауын «патшаның тағынан құлауына» ұқсатады. Жаз ұғымын бір жапыраққа сыйғызып жібергенінен ақынның шеберлігін көреміз. Табиғатты осылай ерекше бейнелеу поэзияда сирек кездеседі. Өйткені, мұнда ешкім айтпаған ой және осы күнге дейін салынбаған сурет бар. Бұл – Ұ. Есдәулеттің поэзиядағы жаңалығы. Ақын сонысымен дараланады. Жаз мезгілінің күз маусымына ауысуын сәтті жеткізген. Алғашқы шумақтағы «Дәурен сүрген бұтағынан – тағынан, // Құлап жатыр жапырақ боп патша – жаз», – дегенінен алдымен, жазды жапырақ сияқты құлап жатыр деуі де қазақ әдебиетіндегі тың қолданыс, әрі дерексіз ұғымды заттандыру болса, екіншіден, күздің келіп, жаздың кетіп бара жатқаны лирикалық қаһарман үшін бір кезде дәурен сүрген патшаның тақтан құлап қалуына ұқсатып, соны жалаң баяндаумен емес, образбен берген. Осыдан-ақ, Ұ. Есдәулеттің суреткер ақын екендігін мойындауға құқылымыз. «Патша – жаз» ақынның тың қолданысы екенін де айта кеткен жөн. «Жыпырлаған жаңбыр жерге бас ұрып, // Шытырлаған шығарады саз бөтен» тармақтарында көп тамшылардың жерге тамып жатқандығы «жыпырлаған», «жылап тұрған бұлттар» сөз тіркестері арқылы, ал сол жаңбырдың дыбыс сипатын «шытырлаған» сөзімен, ал бұлттың биіктігін «Алатауға асылып» деуінен ақынның сөздерді орны-орнымен ұтымды қолданғандығын аңғарамыз. Сайып келгенде, лирикалық қаһарманның жазға деген қимастық сезімі, жаз мезгілін ұнататындығын байқастаймыз.                             Ұ. Есдәулет жаз бен күздің жырланып бітпегендігін, мәңгі жырлана беретін тақырып екендігін өзінің осы өлеңі арқылы дәлелдей түседі.

Қаламгердің «Тереземді жаппаймын» өлеңі жастық шақта жазылған туындыларының бірі. Өлеңде лирикалық қаһарманның қуанышты көңіл-күйі, жастық лебі, бір нәрсеге үміттенуі, яки жастық оты байқалады. Лирикалық қаһарман табиғаттан рахаттанады, жас лирикалық қаһарман табиғаттың барлық қызығын, көркін бірден қызықтағысы келеді, әрі қызығына тойғысы келмейді.

Терезені жапшы дейсін,

Жаппаймын,

Жабуға да батпаймын.

Жауып қайтем, ашық тұрсын, досым-ау,

Табиғаттың барлық көркі осынау.

Өпсін мені аппақ ерні Айдың да,

Ұмыт болсын бір сәт барлық қайғым да.

Мен жатайын рақаттанып талықсып

Өзім туған табиғаттың қойнында.

Табиғат сұлулығына тәнті болуымен лирикалық қаһарманның бір сәт болса да, мұңнан арылғысы келіп, табиғатпен тілдескенді, бөліскенді қалайды. Ұлықбек Есдәулеттің басқа ақындардан ерекшелігі – табиғаттың аясында, небір далада жатып қызықтамайды, түн уақытында (түн мезгілі екендігін «Өпсін мені аппақ ерні Айдың да», «Жанарымнан от ұрласын жұлдыздар», «Жас тәнімді өпсін менің түнгі ызғар» тармақтары айқындап тұр) үйдің немесе бір бөлменің ішінен, сырттан тамашалайды. Табиғатты ауыл өмірімен емес, қала тіршілігімен жырлайды, қала адамының көзімен қарайды.

Тереземнен үйге кірсін шың-құздар,

Жанарымнан от ұрласын жұлдыздар.

Мен жаппаймын тереземді дәл бүгін,

Жас тәнімді өпсін менің түнгі ызғар.

Жырда лирикалық қаһарманның жастық сезімі де бой көрсетуі орын алған, бұл заңды да, өйткені жырда жастық кезге байланысты сөздер кездеседі. Мәселен, алғашқы шумақтағы «Балғын қайың шашын өрсін бөлмеме, // Көбелектер қонақтасын төсіме», – дегендегі «балғын» сөзі, «Мен жаппаймын тереземді дәл бүгін, // Жас тәнімді өпсін менің түнгі ызғар» тармағындағы «жас тәнімді» тіркесі лирикалық қаһарманнның жастық шағынан елес береді.

Ашық тұрсын сұлулықтан  несібе,

Мен өзімді бөлем одан несіне?

Балғын қайың шашын өрсін бөлмеме,

Көбелектер қонақтасын төсіме.

Жалпы өлеңнен лирикалық қаһарманның құштарлығын, ынталығын, сергек ойлылығы мен алға ұмтылуын зерделейміз. Осы өлеңде ескеретін бір жайт, лирикалық қаһарманның ой-мұратының тереңдігінде жатқанына көз салу. «Терезені жапшы дейсін, // Жаппаймын, // Жабуға да батпаймын». // Перзентімін табиғаттың өзінің, // Терезеден төнсін оның көзі мың. // Күннің нұры оятқан соң қытықтап, // Қоңырауын қақсын таңда сезімім! [3, 13-14 б.], – өлең жолдарынан лирикалық қаһарманның көздегені терезе арқылы табиғаттың көркін қызықтау емес әрине, мақсат терезені жабу, жаппауда да емес. Демек, «терезе» сөзіне лирикалық қаһарманның үлкен ой, ауқымды бір ұғым сыйғызғысы келгеніне ұқсайды. Жалпы табиғат өлеңдеріндегі Ұлықбек Есдәулеттің лирикалық қаһарман ерекшелігі – тар бөлмеде отырғанымен, ол бүкіл табиғатты өз бөлмесіне сыйдырып жібереді («Тереземді жаппаймын» өлеңіндегі «Тереземнен үйге кірсін шың-құздар», «Балғын қайың шашын өрсін бөлмеме» өлең жолдары).

Лирикалық қаһарманның ерекшелігі «Сауыр тауға шыққанда» өлеңінде ақын күннің батуын «Көлеңке жұлдызды тығылды ұрлап, // Шыңырауға ептеп кіріп» ал күннің шығуын, таңның атуын «Күн шықты шығыстан туын бұлғап, // Жел-құзды ерттеп мініп», – деп образбен берген.  «Жантайған жотаны күн-батырдың // Семсері турап, тілген» – тармақтарында алдымен, жотаның жантаюынан таудың түр, сипатын аңғарсақ, енді бірде сол жантайып жатқан жотаның орналасу қалпын «күн-батырдың семсері турап, тілгендігін» көреміз.

Сұңқарлар сұңқылдап көз ілмеді,

Тауына ән арнады.

Отымды үрледі көзімдегі

Сауырдың самалдары.

Бұл шумақта лирикалық қаһарманның жай тауға емес, сауыр тауға шығуы, демек лирикалық қаһарманның небір биіктікті қалайтыны сезіледі. Өйткені, сауыр – таудың жоғарғы бір бөлігі, төбесі екендігі белгілі. Сол сауыр тауының желі лирикалық қаһарман үшін ерекше, сауыр тауының әсем табиғаты лирикалық қаһарманға әсер етіп, дем бергендей сезінеді.

Өстім-ау осы таудың төменінде

Ойнақтап жорға тайдай.

Ал оны жүрмін әлі өлеңімде

Бір де бір ойната алмай [3, 14-15 б.]

«Бозторғай беткейде жырлап тұрды, // Беттегі сияқты мең», – өлең жолдарындағы «бозторғай» сөзіне М.И. Оразханованың «Ұ. Есдәулеттің табиғат лирикасы» мақаласында: «Бозторғайдың әрі кішкентай құс екендігін, әрі көзге бірден шалынатынын ескеріп, оны беттегі меңге теңеу де сәтті шыққан», [4, 14-15 б.] – деген пікіріне қосыла отырып, біздіңше, лирикалық қаһарманның өзі өскен тауындағы құстарды бозторғай, сұңқарларды жырына қосып, туған жеріне мақтанышпен қарайтынын да ескергіміз келеді. Бозторғай, сұңқарлар тауына ән жырласа, лирикалық қаһарман өз туған жеріне, тауына өлеңімді арнаймын дейді. Соңғы шумақтан лирикалық қаһарманның таулы жерде өскендігін, оның тау ерекшелеіктерін жете танитындығын байқаймыз. Бұл өлең лирикалық қаһарманның балалық шағының бір көрінісі іспетті. Тауға шыққанда табиғаттың көрінісі қандай болатындығы лирикалық қаһарманның көзімен берілген. Қорыта келгенде, лирикалық қаһарман жер, тауына деген сағынышы мен мақтаныш сезімі, сондай-ақ таулы жердің табиғатының өзгеше болатындығын әспеттейді.

Ақынның «Қар жауғандағы сөз» туындысы толғау түрінде жазылған.  Мысалы:

Қырбықтанған қиыршық қар –

тоңазыған көз жасы,

Жанарыңнан аспанның

Жылағаныңда шығып па ең,

Қуанғаныңда шығып па ең,

Қорыққаныңда шығып па ең,

Торыққаныңда шығып па ең?

Зыңылдатып ән айтып.

Жырда қырбықтанған, қиыршық секілді қар түрлері, қардың «сорғалайсың», «құйылдағы жамырап», «борап-борап» тәрізді қардың ерекше жауу түрлері кездеседі. «Тоңазыған көз жасы» – автордың өзіндік, поэзиядағы тың қолданысы. Әдетте, адамдардың көз жасы ыстық болса, аспанның көз жасы тоңазыған болып суреттеледі. Адамның көз жасы мен қардың жаууында лирикалық қаһарман үшін ұқсастық бар. Адамның көз жасы жылағанда, қуанғанда, қорыққанда, торыққанда шығатыны белгілі. Ал, ақын аспанның жанарыңнан «адамның көз жасын» іздейді. Ал мына өлең жолдарында лирикалық қаһарман қар сияқты аппақ үмітін адамдарға жайып салғысы келеді:

Сорғалайсың биіктен.

Көкірегімді сарай қып,

Мен өзіңе қараймын,

өзің тектес арайлы

Аппақ,аппақ үмітпен [3, 17 б.]

Негізінде, ақын «қар» сөзін ұғым ретінде адамдарға небір ой салуға қолданады. Адамды кейбір жағымсыз пиғылдардан тазартқысы келетіндей. Мысалы: «Жеңілденсін дене бір, // Жаным жарқын күйге енсін, // Тазалықты үйренсін. // Борап-борап басылшы, // Көңіл сенен нұр көрсін», – шумағы дәлел бола алады. Сондай-ақ лирикалық қаһарман философиялық ой тұжырымдайды. Оған мына өлең жолдары айғақ: «Кейбіреулер сезінсін // Қара оймен пәк әлемде // Жүру ұят екенін». Лирикалық қаһарманға аппақ қардың көп жаууы – адамдардың ақ пейілді болып, қара ойлардан арылатындай болып көрінеді. Сөйтіп, лирикалық қаһарман адамшылық қасиеттерге үміт артады. Ақынның мұраты – оқырманына пайдалы үндеу тастау десек, лирикалық қаһарман «Адамдар қалайша пәк табиғатты қорлай алады, әлемді «қара ойлы», «қара ниеттілер» қалай ғана аяғымен басып жүре алады екен?», – деген гуманистік ой айтады. Қорыта келгенде, лирикалық қаһарман үшін қардың жылуы жоқ болса да, ол қарға ғашық.

Ақынның «Ақша қар, айлы аспанда қылаулайсың» деп басталатын өлеңінде жоғарыда талдауымыздың жалғасы тәрізді, әрі бұл өлеңде ақын өз ойын әрі қарай өрбіте түскендігін көреміз.

Ақша қар, айлы аспанда қылаулайсың,

Қайыптан қайта оралған қиялдайсың.

Сен келген бір жапырақ аспан ба едің,

Зер салсам, зеңгір көктен бір аумайсың [3, 22 б.].

Осы орайда Қ. Мырзалиевтің Ұ. Есдәулет туралы айтқан мына бір пікіріне біздің де қосылғымыз келеді: «Мынау байтақ әлемге ол өте ғашық. Ғашық жанға көз алдындағының бәрі әдемі, бәрі ғажайып. Тағдыр тауқыметін тартудай-ақ тартқан дана халқымыз: «Сұлуынан жылуы» дейді. Айтудан-ақ, айтқан, шіркін! Ұлықбек естімеді дейсің бе осыны? Естіді! Ұқпады дейсің бе? Ұқты! Бірақ сол тәжірибелі қария халықтың медресе мектебінен шыққан ақынның өз топшылауы, өз қабылдауы бар», [3, 6 б.] десе, енді осы жырдағы «Сүйем мен, сүйем сені, о, сұлулық, // Бойыңда жылылығың болмаса да!» – өлең жолдарына былай баға береді: «Батылған айтылған ба? Батыл айтылған. Даулы ма? Даулы. Бірақ мен қауырсын қалам жағындамын. Неге? Неге дерің бар ма? Сұлулыққа бұлай ғашық болмаса, ақын бола ма адам?!» [3, 6 б.]. Ал, біздің топшылауымызша, лирикалық қаһарманның «Сүйем мен, сүйем сені, о, сұлулық, // Бойыңда жылылығың болмаса да!», – деуінен сұлулықтың бәрі бірдей жарқыраған, мінсіз бола бермейтіндігін ескертетіндей. Лирикалық қаһарманға қардың жаууы, еруі («Ақша қар, айлы аспанда қылаулайсың», «Ақша қар, қалықтайсың аспанымда», «Жауасың жамырай да, жалғаса да», «Ерисің, ерімеуге бар ма шара» деп суреттеулері көзге көрінбейтін, көбінесе мән беріле бермейтін кейбір детальдарға ақын шебер келеді. Айтқанымызды нақтылай түсу үшін Т.Медетбектің ақынның детальды қалай қолданатынан зер салғамыз келеді: «Уақыт пен адам жанының психологиясы мен моралін қарастыруға құмар ақын бір детальдан бірегей ой айтуға, фактінің өзін айтқаннан гөрі, оның қозғаушы күшін іздестіруге бейім. Сондықтан да ол бір детельдан екінші детальды, бір фактіден екінші фактіні таба алады» [1, 22 б.] – десе, біздіңше ақындар көркемдік детальды қолдану арқылы адамды, құбылысты, ой-мұрат пен мән мазмұнды тануға мүмкіндік береді. Арнайы атап өтетін жайт,                         Ұ. Есдәулеттің шығармаларында табиғатқа ғана қатысты детальдар көрінбейді, сондай-ақ психологиялық, тұрмыстық және т.б. көркемдік детальдар баршылық. Мысалға «Психологиялық портрет», «Бұзылған уақыт», «Өлім деген іс болды үйреншікті» және т.б. өлеңдерін атауға болады. Ұ. Есдәулеттің табиғат жырларындағы лирикалық қаһарманы – өзгелер көрмейтінді көре біледі, соны өзінше қабылдап, қызықтай біледі. Лирикалық қаһарман пәктікті, тазалықты қардан іздегеніндей, сұлулықты да табиғат аясынан, қардан тапқысы келеді. Қардың жырлануы арқылы лирикалық қаһарманның жаңа бір қыры ашыла түседі. Ақынның табиғатты жырлаудағы шеберлігі мен өзіндік ерекшелігі – «қарды» жанды адам ретінде алып бейнелейді, оны «субъект» ретінде алады. Қармен кәдімгідей тілдесіп, сөйлеседі, ойын бөліседі. Ойымызды тұжырымдай келе, мына бір пікірге назар аударғымыз келеді: «Ұлықбек Есдәулетов, не болғанда да, жалпыдан жалқы мән тапқаннан гөрі, жалқыдан жалпы мән тапқанды қалайды. Яғни ол талшықтан тамыр тіршілігін, тамшыдан теңіз дәмін іздестіреді. Өйткені ол өмірдегі сыртқы тұтастық ішкі үндестік пен сабақтастықтың нәтижесі деп біледі [1, 24 б.] Бұл пікір айтқанымызды одан әрі қуаттай түсетініне кәміл сенеміз.

Қазақ поэзиясында еменді жырлау бұрыннан келе жатқан үдеріс. Көбінесе дерлік, ақындар еменді – есейгендік пен кемелденген шақты, өмірдің ыстық-суығына төзген, жалғыздықтың белгісі ретінде жырласа,                       А. Егеубай керісінше, «қара еменнің қайыспайтындығын, тіпті қайырылмай қасарысуын, қайтадан жасаратындығын», ал Н. Оразалиннің «Басы да емен, ғаламның аяғы да емен» деп тіршілік атаулыны еменмен салыстырса, Ұ. Есдәулеттің лирикалық қаһарманы өзін «нар еменге» ұқсатады.  А. Егеубайда нақты еменнің өзі жырланса, Н. Оразалин мен Ұ. Есдәулетте «емен» сөзі «өлеңмен» өзектес болып келеді. Бұл ретте, ақындардың лирикалық қаһармандарында ұқсастық байқалады. Ұқсастығы – өлеңнен жаратылған лирикалық қаһармандар үшін «өмір-өлең», «өлең-өмір» егіз ұғым. Ұ. Есдәулеттің «Емен» өлеңі де өз ерекшеліктері бар, әрі лирикалық қаһарманның жаңа қырынан бой көрсетуі де байқалып отыратындықтан жырды толығымен келтірейік:

Қажамаңдаршы құр босқа,

Жетеді қайғым бір басқа.

Мөлдірер еді лай су,

Менімен жақын сырласса.

Жүректе жатыр сүрі қар,

Жанымды бірақ кім ұғар?

Жаралған жоқпын темірден

Жалын мен мұздан шынығар [3, 320 б.].

Алғашқы шумақтағы «Мөлдірер еді лай су, // Менімен жақын сырласса», – тармақтары лирикалық қаһарманның өзі қайғыланып жүрсе де, әрі жүрегінде сүрі қар жатса да әрдайым адамға көмектесуге әзір. Адамдарға, қала берді қоғамға өз пайдасын тигізгісі келетіні лирикалық қаһарманның жанашырлығы деп танимыз. Лирикалық қаһарман үшін адам түгілі, лай судың өзі онымен сырласса тазарып қалатындай болады. Бұдан біз лирикалық қаһарманның тазалықты сүйетінін, жоғарыда талдаған өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманның бейнесін басқа қырынан ашылып тұрғандығын мәлімдейміз. Үшінші шумақтағы «Жайраймын сөзбен осқанда» тармағындағы «жайраймын» сөзі мен «сөзбен осу» ақынның тың қолданысын білдіреді. «Жайрау» сөзі шашылу, төгілу, жиналмау деген ұғымдарға саяды. Ал, ақын осы ұғымдарды өзінше құбылтып басқаша қырынан жырлайды. Яғни, бұл тармақтан лирикалық қаһарманның сөзге шешендігін, тілге бай екендігін көреміз. «Жанымды жайғам аспанға» – дегенде, аспанның қандай екендігі бәрімізге мәлім, сол «аспан» сөзіне лирикалық қаһарман өз жүрегінің кеңдігін сыйғызып тұр. «Нар емен құсап қапыда // Найзағай түсіп өлем мен!» – өлең жолдарында лирикалық қаһарманға «нар емен болып, найзағай түсіп өлсе де» жарасады, және мұндай құбылыс дейміз бе, әрекет дейміз бе, бәрібір Ұ. Есдәулеттің лирикалық қаһарманына тән мінез. Өйткені Ұ. Есдәулеттің лирикалық қаһарманы ұсақтылыққа бармайды, кесектілікті жаратады.  Назар аударатыны – ақынның екі бірдей, яғни нар емен мен найзағай ұғымын қатар алуы, Ұ. Есдәулеттің лирикалық қаһарманы күштілікті, мықтылықты дәріптейтінін бағамдаймыз.

«Ұ. Есдәулетов адам жанының қалтарыс-түкпірлерін, оның моральдық сапасын анықтауға, сол арқылы адамды ойлантуға, оның ар-ожданының айналадағы құбылыстарға үнемі сергек болуына күш салып, сол үшін беймаза күй кешеді. Осы беймазалық оны мына алыс пен жұлысқа, тартыс пен таласқа толы көпір өмірдің сырттай бақылаушысы, сырттай баға берушісіне емес, соның ыстығына күйіп, суығына тоңа білетін бел баласына айналдырған. «Бұлттар мен жылқылар» өлеңінде ақынның сол рухани портреті анық байқалады.Көшеге шыға келген сәби аңтарылып, аспандағы бұлттарға қарап қалған. Күн шапағынан өртеніп жатқан сол бұлттарды тамашалап тұрған бала көзі кенет көше бойымен шауып келе жатқан қаптаған қалың жылқыға түседі. Бала ойында қауіп те, қатер де жоқ. Әбден еліріп, құтырып алған жылқылар көше ортасында қалақтай болып селтиіп тұрған баланы не қылсын.

Тасыр-тұсыр…

Таусылмайды мол дүбір,

Жылқы жапты аспанымды, сөнді нұр.

Тас – тұяқтар зу-зу етіп төбемнен…

Құлағыма ащы дауыс келді бір…

Жалт қарасам –

Қолын созып тұр анам,

Жанары – жас…

(Неменеге жылаған)

Жете алмайды, жолын бөгеп жылқылар,

Көп тұяқтың астында мен дінаман!…

Ақын енді осы бір оқиғадан өмір табады. Оқиға енді өмірлік сабақ, өмірлік тәжірибеге айналады. Яғни бір оқиға драматизмі өмірлік драматизмге ұласады.

Жылдар деген жылқылардан аумайды

Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.

Тарпаң тұяқ тиіп кетер ме екен деп,

қорқып кейде, қап-қара тер саулайды…

«Үшке шыққан кезің, – дейді,

сонда», – анам,

Бүгін, міне, отыздамын!..

Толғанам…

Анам кеше тағы кірді түсіме,

Қолын созып, жете алмай тұр Ол маған…

Баласына қолын созып, жете алмай тұрған Ана әрекетінен біз ылғи бір жел өтінде тұрған, қиындық пен қатер астында жүрген өлең кейіпкерінің болмыс-бітімін танып білеміз» [1, 23 б.].

Т.Медетбектің бұл пайымдауын құптай отыра, біздің де қосатынымыз бар. Лирикалық қаһарманның балалық шағының бір әсерлі көрінісі. Ауыл баласының сезімі. Лирикалық қаһарманның есейген шағынан балалық шаққа саяхаты. Бір жағынан өлеңде лирикалық қаһарманның уақыт туралы тұжырымы да бар. Ол ақынның өлеңдегі ассоциациясы (сезім, әсер жалғастығы негізінде туатын бейнелеу тәсілі). Өлеңде лирикалық қаһарманның сәби кезіндегі кешкі жақын далаға шығып, аспандағы бұлттарға аңырап қарап тұруы, бір кезде кенеттен аттардың астында қалып қоюы нанымды, әрі иланымды. Нанымды болатыны – мұндай оқиға лирикалық қаһарманның есейген кезінде емес, сәбилік шағында болғандығы. Жырда көркемдік шындықпен қатар көркемдік шешім де бар. Қарғып, ағып өткен жылқылардың астында қалып тұрып, аман қалуы көркемдік шешімге ұласады. Аттардың бауырына қарап қалған лирикалық қаһарманға анасының дауысы естілуі, оған қол созуы, ақыр аяғы жете алмауы лирикалық қаһарманның анасына деген сағынышы, аңсауы да байқалады. Лирикалық қаһарман үшін сәбилік кезеңінен орда бұзар отыз жасқа дейінгі уақыттың зулап өтіп кеткендігі балалық шағындағы ерекше әсер еткен оқиғамен тығыз байланысты. Түйіндей келе, осылардың бәрінен аңғаратынымыз – оқырманның бейне бір картинадағы суретті немесе бір қойылымды тамашалағандай күйде қалуы автордың шеберлігін танытса керек.

Ұ. Есдәулеттің бұл туындысына лаконизм тән. Өйткені, екі-үш детальді ғана қолдану арқылы өлең тіліне ықшамдылық пен дәлдікті арқау еткен. Өлеңде сәби, ана, жылқылар, бұлт сөздері көмекшілік қызмет етсе, Уақыт – басты категория ретінде тікелей қызмет атқарып, уақытпен өлшеніп тұр. Ал, табиғат лирикалық қаһарманның бейнесін толыққанды ашу үшін жалпылай да, даралай да, тіпті жанама түрде де жұмсалған. Демек, табиғатты жырлаудағы лирикалық қаһарман өлеңнің мазмұнына, пішіні мен идеясына және т.с.с басты фактор бола алатынына, осындай зерттеулер негізінде көз жеткізгенімізді тағы да қайталап өткіміз келеді. Қорыта келгенде, лирикалық қаһарман өлшеусіз уақыттың куәгері ретінде бой көрсетіп, «шынайы» лирикалық қаһарманның бейнесін танытып, объективтілік тұрғысынан анықталып тұрғандығын көреміз.

Ақын туындыларында экологиялық мәселелердің де тыс қалмағандығын көруге болады. Құрылысы жағынан өзгеше қолданыс тапқан өлеңдерінің бірі «Арал. Кертолғау» деп аталады.

Тілім-тілім

тілім кетті жарылып,

күлім-күлім

көзім қалды қарығып,

жырым-жырым

жағалаудай ерінім,

бұлым-бұлым

толқындарды  сағынып…

Жүрегімді кім бар екен жебейтін,

тілегімді кім бар екен елейтін,

қапелімде қарап қалып айнаға,

өзімді емес,

көрдім Арал шөлейтін [5, 222 б.].

Ақын елдегі үлкен трагедияны – Аралдың тартылуын адам сипатына, Аралдың көрген азабын адамның тартқан тауқыметіне салып, суреттеген. Алғашқы шумақта лирикалық қаһарманның бұл қасіретті айта-айта «тілім кетті жарылып» деуі, теңіз толқындарын сағынғандығын әсерлі жеткізгенін байқауға болады. Лирикалық қаһарманның Арал атынан толғау айтып, мұң шағып тұр. Экологиялық мәселелер: құстардың қасіреті, түрлі аурулардың пайда болуын «мен – денемін Құс жолында адасқан, // мен – келемін індет болып жаһанға!», – деген өлең жолдары анықтай түседі. Ақын Аралдың табиғатын жырлау негізінде табиғат тағдыры мен экологиялық мәселелерді көтере білгендігін лирикалық қаһарманның ашынған сезімін зерделеуде айқындадық.

«Бүгінгі күнде өмір сүріп отырған ақын бүгінгі күн проблемаларынан тыс өмір сүре алмайды. Шын ақын өлеңі сол проблемалармен біте қайнасып, сол проблемалармен бірге өрілсе керек. Оның көлеңкелі тұстарға көз жұмып қарап, әлеуметтік келеңсіздіктерді көлегейлеуге, бізде бәрі тамаша деп, өңеші жыртылғанша айқайлап, алақаны қызарғанша қол соғуға моральдық правосы жоқ. Ақын бойында өз-өзіне көпсіп отыратын арсы-гүрсі «урапатриотизм-нің» жұқанасы да болмауға тиіс», [1, 27 б.] – деп Т. Медетбек бекер айтпаса керек.

Қазіргі заман шындығын, қоғам дертін суреттеп беру Ұ. Есдәулеттің басты кредосы. Ақынның табиғатқа қатысты өлеңдерінің өзінде астарлы, пәтуалы ой, шындық жатады. Ұ.Есдәулет табиғат элементтерін пайдалану арқылы бейнелі образ жасауға өте шебер. Сол сияқты «Маңырақ» өлеңінде «шынайы» лирикалық қаһарманның образы жатқандығын көруге болады.

Даланы көр де бізді көр –

телқоңырдаймыз,

ешқашан біздер тұмсықты желге бұрмаймыз.

Бетеге, жусан –

жауығып, тиісер еліміз,

бағымыз біздің –

жусаған, күйсегеніміз [5, 67 б.].

Жыр тәуелсіздік алуға екі жыл қалғанда жазылған. Егемендіке жетпей тұрғандағы елдегі ауыр мезгілді, өз елінің сұлтаны билемей, өзге елдің ұлтаны билеп тұрған шақтағы халді «Шопан атаға – шаруам жоқ – есем кете ме, // Біздерді сеніп тапсырса көсемтекеге!» – деген өлең тармақтары арқылы образды қолданыс тапқан. Бұл айтылған ойдан басқа қазіргі замандағы өзекті мәселелердің де қазір бой көрсетуі өлеңнің қалған шумақтарында суреттеледі. Мәселен, өлең қазақ халқының жуастық мінезін танытатын астарлы ойға құрылған шындық жыры екеніне дау жоқ. Сондай-ақ өлеңді ұққанға ғибрат, тұтқанға өнеге бар. Өлеңнің атауы «қой» емес, «Маңырақ» деп алуының өзі көп жайтты аңғартады. Ел, халық «қой аузынан шөп алмас» кейпінде бейнеленген. Еліне жаны ашыған Ұлықбек өз жұртының бейқамдығын даттайды. Даттауға әбден лайықты. Өйткені, Ұ. Есдәулетттің жырлағаны бүгінгі заманның шынайы келбеті. Ақын жетпіс жыл бодан болып, отарланған елдің психологиялық күйін де аңғартады. Себебі, шығарма 1989 жылы, яғни егеменді ел болмай тұрып жазылған. Автордың ерекшелігі осы жағдайларды өзінше пайымдауы болып табылады. Бұл ретте айта кететін бір жайт, «отарланған», «бодан» сөздерді жалау ғып өзін-өзі кемсітетіндер де бар, ұлттық санадан жұрдайлар «біздер солай қалыптасқанбыз, енді солай болып қаламызды» қолдап та жататындары да бар. Отарланғанымыз рас, бірақ қашанға дейін көздің жасын сықтай беруге болады? Әлде, отарлы, бодан деген сөздер ұлттың мадақ сөздеріне айналған ба?! Лирикалық қаһарман осындай санамызға әбден сіңіп кеткен мінезден, қазақтың маңдайына біткен жуастықтан әлі де арыла қоймағандығын елекке салады. Момындығымызды басынып, қонақжайлығымызды асырып көпіртіп қоятындардың озбырлығына жаны ашиды. «Қасқыр тоқ болса – // Біз де аман, // Тамаша нағыз, // Еркек тоқтыны құрбанға шала саламыз» – өлең жолдары арқылы қоғамдағы әділетсіздікке назар аудартқызады. Елімізден шығатын өнімді дұрыс пайдалана алмай, соның салдарынан өзгелер шалқып жүргендігін «Құлқын бар жерде біздердің нарқымыз биік, // Терімізді де жүрсіздер жалпыңыз киіп», – деген өлең жолдары айғақтайды. Соңғы шумақтағы «Жапанда бізге кім бар-ау пар келетұғын, // Тұяқ та серппей, тіс жармай жан беретұғын!», – дегенде халқының жуастығын, келешекті кемел ақылмен толғамайтындығын қойдың әрекеттері арқылы әшкерелейді.

Тіл мәселесіне байланысты ақынның «Қазақ тілі», «Тағы да туған тіліме» өлеңдері бар. «Қазақ тілі» өлеңінде лирикалық қаһарманның тіл туралы толғамдары баршылық. Лирикалық қаһарманның ана тілінің басынан өткерген қиыншылығын, сөйте тұра тілдің қасиетін, тілінің байлығын ерекше мақтаныш сезімімен паш етеді. Мысалы: «Қалайша қынға көмейін сені, // Қылшылдап тұрған қылышым, // Құдайдың тілі демейін, тегі, // Табиғаттың өз тілісің!» [5, 68-69 б.].

2000 жылы жазылған «Тағы да туған тіліме» өлеңі ежелгі жыраулар мен Махамбеттіің жазу стиліне ұқсайды, солардың үлгісімен туған жырлар қатарынан орын алса, «Отаным» жыры қазіргі кезде қоғамдағы елеулі проблемаларды қамтитын жоқтау үлгісінде жазылған ирониялық туынды. Арал, Семей табиғатының зардабынан адамзаттың көрген азабын былай бейнелейді: «Арал болып, Семей болып, // Қансыраған, Отаным, // Көздің жасы өгейленіп, // Тамшылаған, Отаным» [5, 71 б.]. Демек, лирикалық қаһарманның көзімен қазіргі заман тынысының қалпы суреттелген. Жері ұшаң-теңіз, халқы аздық ететін жерге келімсектердің көбейіп кетуі, діл мен діннен алжастырып, миссионерлердің өз миссияларын жүзеге асырып, киелі топырақта тайраңдап, тіміскеленіп жүргендердің байып, өгейлердің туғанындай, туған ұлдары өгейленіп күй кешіп жүргендерді көріп отырған лирикалық қаһарманның іші ашиды, наразылығын білдіреді. Мәселен:

Қашқандар мен босқандардың

панасысың, Отаным,

асқандар мен тасқандардың

табасысың, Отаным,

жанарымның ағы менен

қарасысың, Отаным.

Жазылмайтын жүрегімнің

жарасысың, Отаным [5, 71 б.]

– деп тегін жырламас керек. «Малы азайып, жаны азайып, // Қаны азайып, Отаным, // Біткен кезде кедейленіп // Хал сұраған, Отаным» [5, 72 б.] – тармақтарынан ел байлығының азайып бара жатқандығы, «жанның азаюы» – демографиялық хал-ахуалы, «қанның азаюы» – басқа ұлттармен шатыстың көбейіп бара жатқандығы лирикалық қаһарманды қатты толғандырады. Ұлықбек Есдәулеттің «ұлт ақыны» екендігіне осындай шығармаларын зерделеу негізінде көз жеткіздік.

Ұ. Есдәулеттің жырларынан әдетте, «қарапайым әрекеттегі» лирикалық қаһарманның бейнесін танимыз. Жырлары романтизмнен гөрі релизмге жақын. Өлеңдерінің басым дені шындыққа құрылып, туындыларында «шынайы» лирикалық қаһарман бейнесі көрініп отырады.

Ұ. Есдәулеттің жетістігі сонда, өлеңдерінде табиғат көріністерін өзінше құбылта, ойната біледі. Мәселен, табиғаттың, тіршіліктің бір бөлшегі – ит, арыстан, қанден, кене сияқты ұғымдарды қолдану арқылы айтар ойын оқырманына нақты жеткізе алады. Табиғатты өмірмен тұтастыра жырлау арқылы қоғамдағы елеулі мәселелерді ашып береді. Бұл – ақынның үлкен шеберлігі. Астыртын мағынада алынған мұндай сөздер автордың ой-мұратын танытуға септігін тигізетіні анық.

Ақынның «Тап» деп аталатын өлеңі Қ.Мырзалиевтің «Пендешілік кім-кімге де тән деңдер» өлеңіндегі ақын ойымен үйлесім табады. Ол үйлесімділік – қазіргі заманның кемшілік тұстары: білімді мен білімсіздің құнсыздануы, күштілердің әлсізденуі, яғни оң сипаттардың теріске шығуы. Екі ақынның да лирикалық қаһармандарында ұқсатық бар екендігін көреміз. Мәселен, Ұ. Есдәулетте «Тап керек пе? // Іздеме оны алыстан: // Тас кене мен аш кенелер табысқан. // Бір қанденге сәлем беріп шықсам деп // Кезек күтіп отыр міне, арыстан» [5, 78 б.] – деп жырланса, Қ. Мырзалиевте: «Қай кезде де көлегейлеп күнді бұлт, // Қай кезде де үрген пілге қандендер» [6, 209 б.] – деп басқаша сипатта жырланғанымен, лирикалық қаһармандарының айтар ойлары бір жерден шығады. Қ. Мырзалиевте «арыстан», ал Ұ. Есдәулетте «піл» – күштілікті, «қанден» – ұсақталған ұғымды білдіреді. Сол «күштілер» қоғамдағы әділетсіздіктің, өтіріктің белең алуынан «зымияндардан» қорлық көруде дегенге меңзейді.

Қ. Мырзалиевтің жоғарыда талданған өлеңіндегі негізгі ой өзегі  Ұ. Есдәулеттің «Пендешілік» деп аталатын өлеңінде де түйінделеді. Екі өлеңнің өзегі – адамның пендешілігінен көп қателіктер кететіндігі, пендешілікті адами қасиеттердің жоғалуына түрткі болатын феномен ретінде қарайды. Қ. Мырзалиевтің лирикалық қаһарманы күрделі образ ретінде көрінеді, өйткені пендешілік лирикалық қаһарман үшін қоғам дерті болып табылады. Ал, Ұ. Есдәулеттің лирикалық қаһарманы үшін адамдар арасындағы бір кездегі болған жақсы арақатынас, әрекеттің пендешілік салдарынан үзілуі. Өлеңде лирикалық қаһарман өз пендешілігінен бір кезде қызға ғашық болғандығын қыздың балдақпен жүргенін көргеннен кейін мойындағысы келмей тұр. Ал қыздың аяғы сау, шаңғы теуіп, ойнақтап жүрген кезінде тілдескісі кеп ынтықса, енді ғашығының халін де сұрауға пендешілігі жібермейді. Қыздың мұндай күйін көрген лирикалық қаһарман қыздың қасына барып демейін десе пендешілігі басып, өз-өзіне сенімсіздік танытады. Демек, осындай оқиғалар кейбір адамдарда байқалатын құбылыс болуы әбден мүмкін. Өлеңде ақын лирикалық қаһарманды бейнелеу арқылы адамдар арасында жиі кездесетін әрекеттерді, адамның осал тұстарына да көңіл бөлгізеді. Бұл өлеңнен лирикалық қаһарманның «шынайы» түрі бой көрсетеді.

Ақынның «Көк аспан» деп аталатын өлеңінде лирикалық қаһарман табиғатпен тілдесу арқылы онымен сырласып, ойын бөліседі.

Сен – тұңғиық,

сен – мөлдірсің,

сен – тым биік,

сен – зеңгірсің,

Көк Аспан!

Адам болып жаралғалы

сан шұңылаңа көмілдім,

сан селіңе шомылдым.

Бұлт бүркенсең –

мұңайғанмын,

жадырасаң –

шырайландым,

Әміршісі сен емес пе ең

мендегі пәк көңілдің?!

Бұл шумақтардан тазалық, лирикалық қаһарманның жүрегінің кеңдігі туралы аңғарылады.

Қанаттыға бұлт-құшағын кең ашқан,

асқақтығы қиялыммен таласқан,

ей, Көк аспан, Көк Аспан!

Көмбесіндей асылдың

көп сырыңды жасырдың,

жұлдыз болып

шашылдың

жауындатып

басылдың,

кімге, қашан ашылдың

қақпасындай ғасырдың? [3,30-31б.].

Лирикалық қаһарманның мейірімділігі, көк аспан сияқты көңілі таза, ашық болғысы келеді, аспан сияқты биік, кең болуға талпынады. «Менің жанымның жайлауында,  // Жүрегімнің қойнауында» – тармақтары ақынның өзіндік қолданысы. Жалпы өлең мазмұнында лирикалық қаһарман табиғат тазалығына, мөлдірлігіне тәнті. Лирикалық қаһарман табиғаттан өзіне дауа іздейді. Лирикалық қаһарман үшін «аспан» сырлас досы сияқты.  «Жігерім тасығанда, // Көңіл шіркін қанатын жасырар ма, // Қыран мінез жарқ етпей басылар ма?» – өлең жолдары лирикалық қаһарманның мінезінің қандай екендігін тануға мүмкіндік береді. Аспанды жырлау негізінде поэзияға өзіндік қолданыс әкелген А. Егеубайдың «Аспанның көз жасы» деп аталатын өлеңінде «аспан» ұғымы лирикалық қаһарман үшін «Аспан – қыз» бейнесінде көрінсе, Н. Оразалинда аспан «боз» және табиғаттың басқа да құбылыстары боз күйінде сипатталады. «Боз аспанның тербетуі» және көктің «боз ала кимешек орануы» да әдебиеттегі ақынның жасаған соны үлгісі десек, Ұ. Есдәулеттің бұл өлеңінде «аспанды» киелі ұғымға ұқсатады. Лирикалық қаһарман үшін «көк аспан» тазалықтың, пәктіктің нышаны. Лирикалық қаһарман өзін аспанға теңестіргісі келетіні соншалық, «аспаннан» бір мін таба алмайсыз. Қорыта келе, өлеңнен лирикалық қаһарманның биіктікке ұмтылуын, күштілікті қалауын, арманшылдығын зерделейміз. Жоғарыда талданған ақындардың өлеңдерінде «ерен әрекеттегі» лирикалық қаһармандардың жырланғандығын көреміз.

Ақынның «Көшпенді бұлттар» жырында көктем мезгіліндегі даланың кереметі суреттелуімен қатар лирикалық қаһарманның өмір туралы ойы аңғарылады. Даланың үнемі бұлтты, жаңбырды аңсайтынын «Шөлдеуік дала бұлт көрсе қабақ шытқан ба?», «Жатқанда дала көкке телміріп, нұр тілеп» – деген тармақтарынан аңғарамыз. Бұлттың қозғалу сипатын, бағытын «Жайылған жалын сілкілеп, // Туған жеріне тепсіне шауып жетеді // Сәйгүлік бұлттар сауырдан тері сіркіреп» – өлең жолдары айғақтайды. Адамның бір нәтижеге «Маңдай тері» шығып барып бақытқа жететіні рас. Сол сияқты өлеңде «Тердің тамшысында» шөлдерге орман орнататындай, кеудеде арман ойнататындай, көнерген көнді жібіте алатындай қасиет барлығын көркемдік образбен сәтті жеткізген. Лирикалық қаһарманның бақытқа жету оңай еместігін «Көшеді бұлттар// Көкірегінде күн ойнап, // Бақытқа барша терлеумен жеткен өмір бұл!» – деген тармақтар айқындайды. Табиғат құбылыстары: шөлдеуік дала, бұлт, орман, тамшы сөздері лирикалық қаһарманның бейнесін ашуға бағындырылған құрал ретінде жұмсалған. Лирикалық қаһарман үшін көшпенді, бусанған бұлттар, тамшы және т.с.с жаңарудың, бір тазарудың белгісі тәрізді. Лирикалық қаһарманға көшпенді бұлттар секілді өмірдің, уақыттың тез өтіп бара жатқандығы сезіледі. Ұ.Есдәулеттің өлеңдерінде көшпенді, бусанған, сәйгүлік, бұлағай, көкайыл, қазбауыр сияқты өзіндік қолданыстағы бұлттың түрлері де кездеседі.

Қаламгердің «Табиғат пен ақын» деп аталатын өлеңінде лирикалық қаһарман үшін табиғат туған бауырындай жақын. Тіпті, жақыннан да бетер, егіздей.

Бұл жалғанда екеу ерке:

Бірі – ақын,

Бірі – табиғат долылықтан тұратын.

Бір-біріне айбат шегер екеуі,

Тек екеуі бірін-бірі ұғатын.

Табиғатта сезім жоқ деп ойламан:

Ол да – ақын!

Білер мұны бойлаған.

Ақыныңды ақын еткен табиғат,

Кез келгенде мұндай сана болмаған.

Бірін-бірі жүрер дәйім тірсектеп,

Бөлек өмір сүре алмайды бір сәт те.

Ол екеуі – екі қылыш!

Қашанда

Армандайды жалғыз қынға сыйсақ деп! [3, 30-31б.].

Екі түрлі жаратылыс болса да, бір-бірінен ешқашан ажырамайтын ақын мен табиғат арасындағы етене жақындықты, үзілмес жалғастықты, өзара үйлесімділікті танимыз. Лирикалық қаһарманның ойынша, табиғат қана ақынды, ал ақын ғана табиғатты ұға алатын тәрізді.

«Қияли өлең» туындысында қыз ай бейнесінде жырланады. Өлеңнің бейнелілігі бірден көзге түседі. Көркемдеуіш құралдардың көмегімен әртүрлі сипатта қолданыс табуы лирикалық қаһарман бейнесін сомдауға қызмет еткен.

Лирикалық қаһарман «айды» суреттеу арқылы өзіне көңіл бөлгізгісі келеді. «Ай-қыз» лирикалық бейне ретінде көрінеді. «Ай туды сүті төгіліп» тармағы ақынның тың қолданысын танытады. Түнде айдың ақ болып (бұл жерде жарық деген үстеме мағынаны да білдіреді)  қолданылуы айдың қараңғыда жалғыз өзінің аспанда тұру сипатын ақын адам сипатына теліп, адамның көңіл-күй төмендігін білдіретін «жабырқау, жадау жүзді» деп суреттеуі түнде жер бетінде жалғыз айдың өзі қалғандықтан жалғызсырап, «телміре қарап» тұруы да ұтымды өрнектелген. Лирикалық қаһарманға ай боз емес, «сүттің түсі» сияқты аппақ болып көрінеді. Осы ретте айта кететіні, ақындардың көбі айды «боз» түрінде сипаттаса, Ұ.Есдәулет айды «күміс» деп заттық ұғымда қолданып, айдың түсін дәл танытқан өзіндік тың қолданыс болып табылады. Өлеңде лирикалық қаһарман айға мұңын шағу арқылы өзін-өзі жұбатады. Ақынның шеберлігі – айдың пішінін дөңгелек деп айтпай «табақ ай» деп образды суреттеуінде. Сондай-ақ өлеңдегі «Жүректегі асау бұлағың // Жүгенделді ме мұзбенен?» – тармақтар тұтастай алсақ шарттылық ұғымын, «сау бұлағың» дегенде метафоралық көріктеуіш ұғымын, «жүгенделді ме мұзбенен» – тармағы ұлттық өрнек, ал  «Қара орман-кірпік сілкінді // Жыладың үнсіз», «жылап тұр екен Ай дағы» – өлең жолдары кейіптеуді білдірсе, «Бұзылды көңіл қаймағы» – дегенде метафоралық тіркес құралы арқылы жасалған. Соңғы шумақта барлық айтылған ойлар лирикалық қаһарманның өзіне қаратыла айтылғандығы, оның өзін-өзі қайрауы болып табылады.

Ақынның «Жаңбырлы күні» деп аталатын өлеңінде жаңбыр жауғандағы табиғаттың өзгерісі суреттеледі. Алайда, табиғат өзгере алса, адам үшін кейбір өзгермейтін нәрселер болатынын лирикалық қаһарманның өмірге деген көзқарасын да танытады.

Жаңбырлы күні жаз шалғын

Саусағын созар тамшыға.

Қынасы көпсіп тастардың,

Жауынға жатар малшына.

Тал, терек белін буынып,

Тамшыдан моншақ тағынар.

Шаң, тозаң біткен жуылып,

Дүние кірден арылар [3, 136-137 б.].

Лирикалық қаһарман жаңбыр жауғанды ұнатады. Өйткені, лирикалық қаһарман үшін жаңбыр – тазалықтың бір үлгісі. Жаңбыр жауса табиғат түгілі дүниенің өзі тазарып қалатындай. Табиғат жаңарады, өзін-өзі тазарта алады, ал, бірақ адам сол табиғат секілді тазара алмайтынына, қайтсе де бір сызаттың қалып қоятынына лирикалық қаһарман өкінішпен қарайды.

Қорыта келгенде, Ұ. Есдәулеттің табиғат жырларындағы лирикалық қаһарманның ерекшелігі – оның адмазатты табиғаттың құбылыстары: қар сияқты кіршіксіз, пәк болуын, жаңбыр сияқты жаңарып, тазаруын армандайды. Табиғатқа арналған өлеңдерінде көбінесе «қарапайым әдеттегі», және «шынайы» лирикалық қаһармандардың бейнесі жырланады.

Ұ. Есдәулеттің «Жаңбырлы күні» өлеңі Абайдың «Көк ала бұлт сөгіліп» өлеңіне қарама-қарсы ұғымда жырланған. Абайда:

Көк ала бұлт сөгіліп,

Күн жауады кей шақта.

Өне бойы егіліп,

Жас ағады аулақта.

Жауған күнмен жаңғырып,

Жер көгеріп күш алар.

Аққан жасқа қаңғырып,

Бас ауырып, іш жанар [7, 76 б.].

Абайдың бұл өлеңіне «Әдебиеттану терминдерінің сөздігінде» мынадай түсіндірме береді: «Абай осы өлеңде адамның көз жасы мен жаңбырды айта отырып ой түйген. Өлеңде егіз суреттемелер берілгендіктен, көркемдік әсері күшейіп тұр. Бұл – параллелизмнің аса үлгілі көріністерінің бірі» [8, 161 б.].

Ұ.Есдәулетте:

                                                   Жаңбырлы күні жаз шалғын

Саусағын созар тамшыға.

Қынасы көпсіп тастардың,

Жауынға жатар малшына.

Кеудеңе құяр шарапат

Тірлікке қарап тоқтала,

Тұрасың іштей мақтана:

Тамаша бәрі! Рахат!

Тек қана, әттең, тек қана…

Бойында кәрі сарбаздың

Сыздайды ескі жарақат!.. [3, 136-137 б.].

Жоғарыда айтқанымыздай, Ұлықбектің бұл өлеңі Абайдың өлеңіне қарама-қарсы жырланған. Абайда «Жаңбыр жауса бәрі тазарады, ал  Ұ. Есдәулетте табиғат тазарса да, адам тазармайды деген ойға саяды». Әдетте, поэзияда лирикалық қаһарманның көңіл-күйі табиғатқа икемделеді. Ал бұл өлеңде керісінше, лирикалық қаһарман мен табиғат қарама-қарсы сипатта көрінеді. Демек, табиғаттың әдемі көрінісі лирикалық қаһарманның жүрегіндегі жарасына ем бола алмай тұр, оған табиғат әсер етпейтінін білдірсе керек. «Жаңбырлы күні жаз шалғын // Саусағын созар тамшыға» тармақтарынан шалғын да жаңбырдың жауғанына қуанып жатыр деген ұғымда айтылған. «Қынасы көпсіп тастардың, // Жауынға жатар малшына» өлең жолдарында «көпсіп» сөзі көптік ұғымдағы образдылықты білдіреді. «Бұлттардың бойы исініп, // Мейірін төгіп жадырар» дегенде «исініп» сөзі біріншіден, жалпы төлін емізетін мал атауына тән ұғымды жансызға, яғни бұлтқа ұқсатуы кейіптеуді білдірсе, екіншіден бұл қолданыстан ақынның ерекшелігін тани аламыз. Ақынның «Тамырда жатқан тіршілік // Жарыққа шығып, жамырар» тармақтарындағы шөптердің көгеруін басқаша жеткізіп, өзінше қолданыс жасағандығын көруге болады.

Ақынның «Қайыңның сөлі» өлеңі өзінің өзгешелігімен, сонылығымен дараланады. Поэзияда қайыңға байланысты «боз балтыр, ақ балтыр» сөз тіркестері бұрыннан бар қолданыстар болса, қайыңның «бота тірсекті» деп суреттелуі Ұ. Есдәулеттің өзіндік тың қолданысы. Сонымен бірге бұл тіркестің ұлттық өрнек арқылы жасалғандығын да көруге болады.

Оранған жасыл шәліге,

Боз балтыр, бота тірсекті,

Қайыңның аппақ тәніне

Қылпыған қанжар кірш етті.

Қабыққа қойған шүмектен

Сыздықтап тұрды тамшы ағып.

Құтыға құйып біз еппен,

Сімірді сөлді тамсанып.

Мөп-мөлдір қайың сөліне

Неліктен осы құмармыз?

Жүрміз бе Бетпақ шөлінде,

Таппай-ақ, бәлкім, шыдармыз?

Күн нұрын бойға сіңірген

Табиғат

Сырын толғасын:

Сөлі деп біздер сімірген

Қайыңның қаны болмасын?!. [3, 164 б.].

Жырда лирикалық қаһарманның қайыңға деген аяушылық сезімі күшті әсер береді. Өйткені, лирикалық қаһарманның ойынша қайыңды жарақаттамай сөлін ішпей-ақ шыдауға болар еді ғой, шыдамайтындай Бетпақ шөлінде жүрген жоқпыз ғой деген ой тастайды. Лирикалық қаһарман үшін қайың – жай ағаш емес, адам кейпінде болып тұрғанынан лирикалық қаһарманның адамдарды табиғатты аялауға үндейді. Ақынның қайыңды «бота тірсекті» деп алуында өзгешелік бар. Ол – алдымен, нәзік қайыңды білдірсе, екіншіден адамның аяушылық сезімін асыра түскенін байқаймыз.  «Қайыңның аппақ тәніне // Қылпыған қанжар кірш етті» дегенде қайыңға жағымсыз әсерді үдете түседі және лирикалық қаһарманның қимасты сезімі де аңғарылады. «Кірш» дыбыстық еліктеуіш арқылы жасалған сөз өлеңнің эстетикалық әсерін одан сайын арттыра түседі. «Қабыққа қойған шүмектен // Сыздықтап тұрды тамшы ағып» деген өлең жолдары қайыңның көз жасына ұқсайды. Демек, бұл өлеңде лирикалық қаһарманның бойында көп адамдарға тән табиғатқа деген жанашырлық болса да, ақынның көркем сөз әлемінде тың суреттемелер жасағандығының куәгері боламыз. Сондай-ақ мұнда «қарапайым әрекеттегі» лирикалық қаһарман бейнесі сомдалатынына көңіл бөлгіміз келеді.

«Табиғаттың жейдесі» деп өлеңінің өзі ерекшеленіп тұрғанындай лирикалық қаһарманы да өзгеше. Өлеңді толығымен келтірейік: «Күні кеше жайқалған өндір емен // Жапырағы саржағал, селдіреген. // Табиғаттың жейдесі тозып қапты, // Ауыстыра аларсың енді немен?.. // Жапырақтар соғады, үзіледі, // Келер көктем қайта өніп, тізіледі. // Күдеріңді үздірмей арбайтұғын, // Шіркін, неткен тіршілік қызық еді. //Алғаш түскен қарымен ақыраптың //Ағарады самайы атыраптың. // Бесігіне түскен соң топырақтың, // Басқа өмірі басталар жапырақтың» [3, 164 б.].

Өлеңдегі лирикалық қаһарман қарағаштың көрінісін әлі толық сарғая қоймаған кейбір жапырағын ғана түсіріп тұрған көрінісі кейбір адамдардың қартайғанын білдіргісі келмей, ақ шаштарын жұлып тастап кәрілігін жасырғысы келетіндеріне ұқсатады. Лирикалық қаһарман үшін ағаштың сарғаюы емес, адам шашының ағаруы – табиғат заңдылығы іспетті. Лирикалық қаһарман адамдардың осы қылығына ұялады, наразылық танытып, ызаланады. Лирикалық қаһарман адамдардың табиғи заңдылыққа неге қарсы шығады деп ызаланады. Ағаштың сарғаюы кәдімгі табиғи процесс болса, сол секілді адамның қартаюы да табиғи құбылыс екендігін алға тартады. Ақ қардың жаууы арқылы «атыраптың самайы» деген тармағын жерге алғашқы қардың түскенін адам шашының ағаруымен байланыстырады. Яғни шаштың ағаруы самайдан басталатыны секілді жерді алғаш басқан қармен шаштың ағаруын ұқсатып тұр. Бұл – Ұлықбекке ғана тән соны қолданыс екендігі сөзсіз дәлелдейді.

Ақынның «Қараша. Соқпақ» деп аталатын келесі өлеңі ақынның сөз тапқырлығын әйгілей түсетін туындысы.

                                      Қараша…

Қыр астында – қыс ылаңы,

Көкжиек көлбетуде құсын әлі.

Қайыңдар қоштасуға қолын созып,

Сап – сары саусақтарын ұсынады [3, 216-217 б.].

Өлеңдегі өзінің өзгешелігімен дараланып тұрған «Көкжиек көлбетуде құсын әлі». Тармағы. Өйткені, «көлбету» – ерекше қолданыстың бірі. Егер құстарды аспанда ұшып бара жатыр десе жай баяндау, ал «көлбету» бейнелеу және жай бейнелеу емес, көз алдымызға құстардың ұшып бара жатқандығын дәл беретін суретті образдылық. Осылардан біз ақынның тапқырлығын бағамдаймыз. Лирикалық қаһарманның ойынша, адам өмірде өз орны болатындығын, өмірін бағалай білу керектігін айтады.

Ұ. Есдәулеттің «Күркіреме өзені» атты туындысы Лермонтовтың «Дары терека» өлеңіне ұқсас болуымен Лермонтовтың әсері байқалады. Лермонтовтың бұл өлеңінде өзен бір жігітті ағызса, ал Ұ.Есдәулетте жас баланы ағызып бара жатады. Адамның суға батуы өмірде жиі кездесетін құбылыс. Осы құбылысты табиғат көрінісіне байланысты табиғатты рөлдерге енгізеді. Сол құбылысқа лирикалық қаһарман көзімен қаралады. Негізінде бұл Мағжанда бар құбылыс. Мысалы: «Жазғытұры», «Сең», «Батқан күн мен атқан таңның жыры» және т.б. өлеңдерінде осындай стильдің үлгісі байқалады. «Күн» – баланың суға батып бара жатқанына аяушылық білдірсе, ал «өзен» – шарасыздық танытады. Мұнда лирикалық бейнелер ретінде бірінші лирикалық бейне – күн, екіншісі – өзен, үшіншісі – бала, төртіншісі – ана, бесіншісі – сызданған тас, алтыншысы – толқын. Осы лирикалық бейнелердің бәрі дерлік лирикалық қаһарманға бағындырылған. Лирикалық қаһарман Өлеңдегі өзен жай өзен емес, «сараң» кейпінде бейнеленеді. Лирикалық қаһарман «суын жұрттан қызғанған өзен баланы қалай қайтарады» дейді. Өзеннің жағасында тұрған жақпар тас та оған сай суреттеледі. Өзенге сай «дүлей толқынның» өзі сәбиді алып қашып бара жатыр. Баланың суға батып бара жатқанына лирикалық қаһарман мен Күн ғана жанашырлықпен қарайды. Осы өлеңнен лирикалық қаһарманның болып жатқан процеске сырттай бақылаушы түрінде көрініп, «бейтарап» лирикалық қаһарман тұрғысынан зерделенгенін айтқымыз келеді.

«Түнгі саздар» өлеңінде лирикалық қаһарман табиғат арқылы үндеу тастайды. Ерекше эпитет – «құлын үнді, құс ұйқылы тас бұлақ» дәл қолданыс, эпитеттерді орынды қолданғандығын, бұлақтың сипатын танытатын нақты сөздерді көреміз.         

Көк шалғынды жатқан кезде астыңа ап,

Құлағыңа сыбырлайды жас құрақ.

«Ұйықта, ұйықта, ұйықта…» – дейді сыңғырлап

Құлын үнді, құс ұйқылы тас бұлақ.

Өлеңнің соңғы шумағында табиғатты жырлай келе лирикалық қаһарман адамдарда кездесетін жаман қасиетке табиғат атынан үкім айтып, үндеу тастайды. Лирикалық қаһарманның көзімен қарағанда шалқақтап, тәккаппар болып жүретін адамдарды табиғаттың өзі жаратпайды. Поэзиядағы сирек кездесетін тәсіл деп айтуға болады.

Дала саған сәбиіңдей еркелер,

Анаң боп та бесігіңе еңкейер.

Шырт түкіріп шалқақтама, шырағым,

Онда сенен туған жер де жеркенер [3, 95 б.].

Лирикалық қаһарман үшін шегірткенің шырылы – даланың тыныштық белгісі, бейбіт түн, кәусар бұлақтың дірілі, жыршы құстардың әдемі әні, тіпті құстардың осы әнін өзін айдың өзі тыңдауы, көк шалғын, жас құрақ, жай бұлақ емес, құлын үнді, құс ұйқылы бұлақ, осының бәрі – тіршілік салтанатын көз алдымызға елестеді. Осындай келісті табиғат пен тіршілік салтанатында адамдардың шалқақтауы қарама-қайшы ұғымдар. Табиғатты адамдарға ана, бала деген туыстық атаулармен жақындастырып барып, лирикалық қаһарман өзінің үкімін айтады. Бұл қазақ поэзиясында сирек кездесетін тәсіл. Өйткені, әдемі табиғаттың алдында адамдардың шалқақтап жүруі лирикалық қаһарман үшін қуыс кеуде, бейшаралықпен бірдей.

«Қыркүйек қары» өлеңінде қар астында қалған терекке қарап отырып, лирикалық қаһарман өзі қар астында қалғандай сезінеді және оқырманын соған иландырады. Бұдан психологиялық параллелизмнің үлгісін көреміз. Лирикалық қаһарман көңіл-күйінде бір кірбің бары байқалады. Бірақ лирикалық қаһарман мойымайды. Ол өзін уақыт деген «толқынды дарияға» тапсырады. Қазақтың «уақыт емші» деген сөзін «толқынды дарияға мезгіл деген» деп басқаша айтады. Осы орайда, В.Белинскийдің мына пікірі Ұлықбектің осы өлеңіне түсіндірме сияқты: «Ақын өзі туралы, өзінің мені туралы айтқанда, жалпы адамзат туралы, оның көңіл-күйінің пәстігі арқылы әрбір адам өзінің көңілсіздігін, ақын жаны арқылы өзінің жан дүниесін және жан дүниесі арқылы ақынды ғана көріп қоймайды, сондай-ақ аға-бауырды да таниды» [9, 201 б.].

«Таңғы шық» табиғат пен философиялық толғаныс қатар өрілген өлең. Таңғы шық «мөлдірлік» ұғымымен бірдей.

Мөлт-мөлт еткен мөлдірлікті көргенде,

Жер боласың жандар үшін тар кеуде.

Таңғы шықтың тағдырымен мөлдіреп,

Ылайланбай өткен жанда арман не?..

Күрсінбеші қайран ғұмыр қысқа деп… [3, 219 б.].

Мөлдірлік «таңғы шық» бейнесінде алынған. Лирикалық қаһарман адам өмірінің таңғы шық секілді мөлдір, таза, мүлтіксіз, кем-кетіксіз болғанын қалайды. Ұ.Есдәулет өлеңдеріндегі ерекшелік – ол табиғаттың әсемдігі мен адамдарда кездесетін қуыс кеуделік, надандық сияқты жағымсыз мінездерді бір-біріне контраст ретінде қолданып отырады. Біздіңше, Ұлықбек өлеңдерінде екі өрім бар деп айтуға болады. Біріншісі – табиғат әсемдігі, екіншісі – адамның теріс жақтары.

Ақындар көбінесе «уақыт» бейнесін жиі жырлайтыны белгілі. «Дала» өлеңінде уақыт туралы басқа қырынан жырланады:

Дала деген кеңістік қой өр-сайлы,

Уақыт мұнда қозғалыстан шаршайды.

Көз байлана киіз үйге кіріп бір,

Көз шырымын алдыруды аңсайды.

Уақыт бізден, әсте, мұрсат сұрап па?

Кірсін, қонсын!..

«Уақыт байғұс сәл тынығып алсын» деп,

Малшы алаңдап ұйықтамайды бірақ та [3, 223 б.].

Кең далада киіз үйдің тұрғаны жарасымды сурет. Уақытты дала бейнесімен, киіз үймен байланыстыру бар. Өлеңдегі «Уақыт мұнда қозғалыстан шаршайды» – тың қолданыс. Уақыт деген кең ұғымдағы құбылысты «дала» ұғымымен байланыстырып, қазақтың «киіз үйіне» сыйғызып жібереді. Демек, лирикалық қаһарман үшін уақыт – адамға тәуелсіз деген ұғымды білдірсе керек.

Ақынның «Табиғат сазы» ерекше өрнекпен өрілген өлеңі.

Көгілдір таулар, көк таулар

Көзімнің ұшын шектеген,

Баурайы – бақша, бақ-баулар,

Етегі қырат, көк белең.

Бұл шумақтағы «Көзімнің ұшын шектеген» – соны қолданыс. Басқа ақындарда көкжиек деген сөз қолданылса, Ұлықбек Есдәулетте «көзімнің ұшын шектеген» өзгеше айту, бейнелі сурет бар. Лирикалық қаһарман үшін көкжиек көгілдір таулармен шектеліп тұрғандықтан «көзімнің ұшын шектеген» деген тың қолданыс тапқан. Әдетте, бұлақ ағып жатыр немесе  бұлақтың желмен ағылатыны да белгілі. Егер ақын дәл осындай баяндаумен шектелсе, онда өлеңнің ешбір әсері болмас еді. Ал, енді бұлақты «сұлу дүниенің табаны» деп («Гүл өрім ашып іреңін, // Жайнап бір қапты жағалау. // Бұлақ та сұлу дүниенің // Табанын сүйіп ағады-ау») метафоралық тіркеспен бергенде көз алдымызда басқаша сурет туады. Бұдан ақынның суреткерлік қиял байлығын бағамдаймыз.

Жүрерсің қалай бұл жерде

Біреуге деген өкпемен,

Біреуге деген қызғаныш,

Біреуге деген кекпенен?!

Сұлулыққа да санасы

Тазармас жанды жек көрем 31, 61 б.].

Ұ. Есдәулеттің ақындық кредосы – сұлулық екендігін осы және басқа өлеңдерінен көруге болады. Лирикалық қаһарман мындай ой түйеді: «Адамның ішкі дүниесі сұлу болмай, ол сұлулықты қабылдай алмайды». Лирикалық қаһарман адам бойындағы теріс мінездерді сұлулық тазартуы керек деп түсінеді.

Ақынның «Тау самалы» өлеңінде «Ақ самал соқты аңқылдап, //          // Сабаттар қалды салқындап // Қанат қақпастан қалқыды // Қазбауыр бұлттар қаңқылдап» [3, 224 б.] – деп бейнелеуі шебер шыққан. «Аңқытып» сөзі арқылы самалдың ақырын соққан самал емес, адамды сергітетіндей қаттырақ соққан самал екенін аңғарамыз. Өйткені, қырдың самалына қарағанда таудың самалы екпіндірек соғатынын ақын бізге «аңқытып сөйледі» деу арқылы ұтымды жеткізуінен Ұ. Есдәулеттің тағы да ұтқыр қиялына тәнті боламыз.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

  1. Медетбек Т. Баба дәстүрдің мұрагері кім. – Алматы: Өлке, 2001.                      – 248 б.
  2. Оразалин Н. 3 томдық таңдамалы туындылар. – Алматы: Жазушы,      2006. – Т.1. – 368 б.
  3. Есдәулет Ұ. 2 томдық таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 2006. – Т.1. – 392 б. 
  4. Оразханова М.И. Ұ.Есдәулетовтің табиғат лирикасы. Ізденіс. – 2002. №2. Б. 38-41.
  5. Есдәулет Ұ. 2 томдық таңдамалы шығармалар. – Алматы: Жазушы, 2006. – Т.2. – 264 б.
  6. Мырза Әли Қадыр. Таңдамалы. 2 томдық шығармалар жинағы.             – Алматы: Жазушы, 2005. – Т.1. – 424 б. 
  7. Құнанбайұлы Абай (Ибраһим). Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы, 2005. – Т 2. – 336 б. 
  8. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Алматы: Ана тілі, 1996. – 240 б.
  9. Белинский В.Г. О русских классиках. – Москва: Худож. лит., 1979.                – 525 с.

Гауһар Айтбек, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің аға оқытушысы

Abai.kz

 

Дереккөз: https://abai.kz/