Әлемдегі ең ықпалды 7 мафия тобы
Ұйымдасқан қылмыстық топ – мафия сөзі өткен ғасырда ең танымал, ең «авторитетті» сөздердің бірі болды. Мұндай топтар халық арасында түрлі аңыздар таратып, қорқыныш тудырды. Сонымен бірге олар табыстың әр саласын дерлік бақылап отырды. Өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап (ТМД елдерінде 90-жылдардан бастап) мафия өте үлкен бедел мен күшке ие болды. Кинематография саласында мұндай фильмдер көптеп түсіріле бастады. Бұл әдебиетке де әсер етіп, мафиялар туралы шығармалар көптеп жазылды. Мысалы: Марио Пьюзоның «Кіндік әке» шығармасы қазіргі күнде де ең көп оқылатын романдардың қатарында. Мемлекет тарапынан қарсылық және өз іштеріндегі қарама-қайшылықтарға байланысты бұлардың бірқатары табытқа, бірнешесі темір тор артына түсті. Біз сіздерге әлемдегі ең мықты мафия топтарын атап өтетін боламыз.
Ұйымдасқан қылмыстың «Мафия» сөзімен байланысының бастауы әріден, ХІІІ ғасыр – Италияның Сицилия аралынан басталады. Сол уақыттарда жергілікті байлар мен тұрғындарға қарақшылар мен француз әскері таласты. Франция жалдамалы әскеріне қарсы 1282 жылы «Morete alla Francia, Italia anela» ұранымен күрес бастаған жергілікті қарақшылар бұл сөздердің бас әріптерін біріктіріп, өздерін «Mafia» деп атай бастады.
Алғашында жақсы ниетті көздеген топ дихандар мен кіші саудагерлердің арқасында үлкейіп, кәсіби жауынгерлерге айналды. Француздар ығыстырып шығарылғанан кейін, мафия мүшелері сырт дұшпандардан қорғау мақсатында адамдардан үлес ала бастады. Кейін үлес бермегендерді қатаң жазалады. Осылай мұның арты ұйымдасқан қылмысқа ұласты.
ХІХ ғасырда мафиялар құдіретті күшке айналғаны сонша Сицилия аралын Италиядан бөліп алу үшін полк басшысы, революционер Джузеппе Гарибальдимен одақ құруға әрекеттенді. Бұған жауап ретінде Италиядан әскер тобы жіберіліп, мафиялар қатаң жазаланды.
Содан соң олардың көпшілігі АҚШ-қа ауып, ол жақта да үлкен топ құра алды. Бұл туралы кейін айтып өтетін боламыз. Қазір әлемдегі ең үлкен 7 мафия тобына тоқталып өтейік.
7. Албан мафиясы
Бұл шағын ел қатігез қылмыстық ұйымдарымен танымал. Негізінен олар, рэкет, контрабанда, наркотик саудасын бақылау арқылы табыс табады. Сонымен бірге адам саудасы, машина ұрлау, темекі тарату тізімін бақылау Албан мафиясының күнделікті жұмысы.
6. Мексика мафиясы
Бұл топтағы мафиялар Мексикадан гөрі АҚШ-та өте танымал. Өткен ғасырдың 50-жылдарында АҚШ түрмелерінде, өзге елден және жергілікті қылмыскерлерден қорғану мақсатында құрылған топ лезде бостандықта да құлашын кеңге жайды. Бұл топ та өте қатігез, аяусыздығымен атақты.
5. Колумбия наркокартельдері
Колумбия мафиясының негізгі міндеті АҚШ аумағына есірткі тасу болған. Қылмыскерлердің тобының үлкен болғаны сонша, олардың жеке қаруланған әскері, ұшақтары, тікұшақтары, кемелері, тіпті су асты кемелері де болған. Бүкіл әлемге есірткі таратып отырған топ, өз еліндегі саясатпен де араласып, биліктегі ықпалды адамдарды бақылап отырған. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап дамыған Колумбия мафиясы «Медельин», «Кали» сынды есімдермен әлемге белгілі.
4. Қытай «Триадасы»
Триада (қытайша 三合會,) – Қытайдағы және қытай диаспорасындағы құпия қылмыстық ұйымның формасы. Барлық триадалардың өзіне тән наным-сенімдері мен салт-жоралғылары болған. Мысалы, 3 санының тылсым күшіне сену және де дәл осы наным олардың есіміне байланысты. Тыныш уақытта бұндай ұйымдардың көпшілігі бауырлық жәрдем көрсету үшін жұмыс істеген, алайда біразының қылмыстық істерге қатысы болған.
Триада үлгісі бойынша ең алғашында Цин әулетінен шыққан маньчжурлық императорға қарсы құпия партизан жасағы құрылған болатын. Деректер бойынша, триадалар Тайвань аралында пайда болған. Олар Мин әулетінің жағында болған кезде, маньчжурлардан жеңіліп, тек тірі қалғандары ғана аралға көшкен.
Триадалардың күшейген уақыты 1850-1864 жылғы Тайпинь көтерілісімен сәйкес келеді. Құпия ұйым Қытайды батыстың және христиандардың әсерінен құтқару үшін Ихэтуаньдық көтерілісті бастаған. Келесі жылдары өзге де жасырын бірлестіктер қытайдың мемлекеттік қайраткері Сунь Ятсенуға жәрдемдесті, себебі ол бұрынғы империялық биліктің көзін жойып, республика құрғысы келді.
1949 жылы билікке келген коммунистер құпия бірлестіктерді жою керек деп алдарына мақсат қойды. Өзге елдерге келетін болсақ, триадалар Қытай иммиграциясының ажырамас досы болды. Триадалар әрекеті ғаламдық сипат алды, бірақ олар көбінесе Азияда белсенді еді. Бұл қылмыстық топтардың мүшелерінің басымдылығы – этникалық қытайлар.
Қазіргі уақытта триадалар мафиоздық пайда үшін жұмыс жасайтын қылмыстық ұйымдар ретінде танымал. Осы топтар көбінесе Тайваньда, АҚШ-та, есірткімен сауда жүргізетін қытайдағы иммиграцияорталықтарында кездеседі. Қазіргі кезде Қытай үкіметінің қатаң заңдарының арқасында бұл топтың мүмкіндігі бұрынғыдан біраз шектелген.
Жапониядағы «Якудза» атауының тарихы тәуелсіздік үшін күрескен самурайлардан келіп шыққан. Жапонияда Якудза заң жүзінде тыйым салынбаған. Олар қоғамдық ұйымдар сияқты жұмыс жүргізеді. Бұл топтың адамдары өте қатал заңдарға бағынады. Тіпті жыл сайын Жапония заңынан емтихан тапсырып тұрады. Өздерін ақсүйекке балайтын олар майда қылмыстық істерге бой ұрмайды. Халыққа көмек көрсету жағынан қашан да алда.
Сонымен бірге, денесіне өрнек салу (татировка) олар үшін дәстүрлі өнер. Денесінде өрнектері бар ұйым мүшелері басшыларына қатаң бағынып, олар үшін жанын да береді. Якудзалар өткен ғасырдың екінші жартысында өте атақты болды. Жергілікті үкімет те олармен санасатын болған. Якудзалар қылмыспен ғана айналыспай үкіметтің өтінішімен жаппай тәртіпсіздікті басуға, «Фукусима АЭС» апаты кезінде халыққа көмектесуге атсалысқан.
Бірақ кейінгі жылдары үкімет оларға тыйым салмаса да Якудзалардың жұмысы жүрмей келеді. Егер белгілі бір бизнесмен, ұйым немесе шенеунік олармен байланыс орнатса, үкімет олардың жеке есеп-шотын жауып, акцияларын сатудан алып, жалға алған ғимараттарынан шығарылып жіберетін болған.
Соның кесірінен олар қаржылық дағдарысқа ұшырап, майда қылмыстарға қол ұра бастады. Әр жыл сайын үкімет олардың санын есептеп отырады. 2017 жылғы санақ бойынша Якудзалардың саны 34,5 мың. Бұл көрсеткіш 70 жылдық Якудзалар тарихындағы ең аз көрсеткіш.
1964 жылғы санақ бойынша олардың саны 184 мың еді. Өз уақытында олардың ықпалды болғаны сонша өздері жайында ақпарат беретін журналдары – «Ямагути-гуми Шинпо» шығатын болған.
2. Италия+АҚШ. «Cosa Nostra»
ХІХ ғасырдағы сәтсіздіктен кейін сицилиялық мафия мүшелері жаңа орын мен мүмкіндік іздеп АҚШ-қа барды. Тез арада олар АҚШ-тың ірі қалаларында «Cosa Nostra» («Біздің ісіміз») деп аталатын, ресми түрде Сицилия отбасының тармағы саналатын қылмыстық топтың негізін қалайды.
«Cosa Nostra» мүшелері өткен ғасырдың 60-жылдарында дамудың шыңына шықты. Олар туралы бірнеше кітап пен фильм түсірілді. Жұрт алдында өте танымал болды.
Дон Корлеоне, Аль-Капоне, Фрэнк Костелло есімдері танымалдығымен АҚШ және айналасындағы көрші елдерге қорқыныш ұялатты. Бұл топтардың иеленбеген саласы қалған жоқ. Айналаға қару, наркотик, спирттік ішімдіктер (олар ресми түрде тыйым салынған кезде мафиялар ақшаның астында қалған) казинолар, қонақүйлерді бақылады. Олар мемлекеттегі саясатқа да араласып, үкіметтік лауазымды орындарға өз адамдарын орналастырып отырған.
Бірақ жылдар өтіп мемлекет бәрін өз бақылауына ала бастады. Бұл топтар өзара қақтығысып, қолындағы табыс көздері үкіметке өтіп кетті. Қазір бұл топтың мүшелері тарихтағы танымалдығымен ғана мақтанады.
1. Орыс мафиясы
Бұл аттың астында тек қана орыстар емес, бұрынғы КСРО аумағындағы барлық елдің мафиясы іс жүргізген. Орыс мафиясы («Қызыл мафия») өткен ғасырдың 60-жылдарында пайда болып, «заңды ұрылар» көбейген 80-90 жылдары өте күшейген.
Сол жылдары балалар үлкейгенде мафия құрамына кіруді армандаған. Әр қала өз мафияларына ие болып, олар табыс түсетін барлық салаларды бақылап отырған. Орыс мафиясы ұйымдастырған жаппай төбелес кезінде жүздеген адам қайтыс болатын.
Ресей БАҚ өкілдерінің мәліметінше, 2000 жылы 130 сендикатқа біріккен 964 қылмыстық топ анықталған. 2001 жылдың өзінде 11,5 мыңнан артық мафиоз қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Япончик, Тайванчик, Отари Квантришвили, Дед Хасан, Тариэл Ониани, Шакро Молодой сынды атпен танылған өз «авторитеттері» бар. Олар Ресеймен шектеліп қалмай Кәрі құрлық, АҚШ, Канада сынды бірқатар елдерге өз ықпалын жүргізген. Бірақ соңғы жылдары олардың да билігінің шегесі босап, қылмыстардан бас тартып, бизнес пен саясатқа кете бастаған.
1991 жылдан бері Орыс мафиясы мемлекеттен 150 миллиард долларды шетелдерге алып шығып кеткен. Дүниежүзінде олардың саны шамамен 500 мыңға жуық екен.