Депутаттар неге диктант жазбады?

0

Күні кеше ғана бүкілхалықтық диктант өтті, білесіздер.  Латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиі бойынша жалпыхалықтық диктантқа біз де қатыстық. Латын әліпбиімен жазып көрдік. Қатесіз жаздық демейміз. Десе де, жұртпен бірге біз де диктантқа қатыстық.

Кешелі-бері таралып жатқан ақпараттарды, нақты сандарды сөйлетейік, енді. Алматы қаласы бойынша жалпыхалықтық диктантқа 120 мыңнан астам адам қатысса, Астанада диктант жазған жұрттың қарасы 130 мыңнан асып жығылған. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Республика көлемінде 2 миллионға жуық адам қатысқан. Диктанттың аудио мәтіні «Шалқар», «Қазақ» радиоларынан таратылды. Одан бөлек, «emle.kz», «tilalemi.kz» сайттарында да жазбаша мәтін де жария болды.

Айтпақшы, кешегі диктантқа Республика бойынша 15 жастан асқан азаматтар да қатысты. 80 сөзден тұратын диктантты жазуға 30 минут уақыт берілді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап, Майра Мұхамедқызы, Қонысбай Әбілов,  Роза Мұқановалар қостап, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада диктант жазды. Ресми ақпарат осымен тәмам.

Бұл жолғы жалпыхалықтық диктантты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өткізді. Не үшін? «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері жобасын» практикада сынап көру үшін.

Латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшу кезең-кезеңімен жүргізілетіні белгілі. Президенттің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен және Премьер-министрдің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жө­нін­дегі іс-шаралар жоспары» бекітілген.

Кейін Ұлттық комиссия жиын өткізгенде премьер Бақытжан Әбдірұлы жауапты министрлікке жаңа емле ережесі туралы халықты құлақтандыруды тапсырған. Соған сәйкес, латын негізіндегі қазақ тілі әліпбиін меңгеруді, онымен жазуды практикада сынап көру үшін кешегі жалпыхалықтық диктант ұйымдастырылды.  Яғни, жаңа қазақ әліпбиін жұртқа насихаттау, онымен жазуға жұрттың қолын үйрету үшін өткізді. Диктантты өткізуге тікелей мүдделі министрлік Мәдениет және спорт министрлігі болды.

Жалпы латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбимен ерте ме, кеш пе, бәріміз жазатын боламыз.  Жаңа әліпбидің артықшылығы мен кемшілігі туралы түрлі пікір айтылуда. Десе де, орыстың кирилл әліпбиіндегі қазақ тіліне өте-мөте керек реформа  — латын графикасы негізіндегі әліпби екеніне дау болмас. Ендеше, оның насихатына біз де араласуымыз керек-ақ.

Дегенмен, кешегі диктантқа қайта оралайық. Диктантқа Республика бойынша түрлі сала мамандары қатысты дедік. Мәдениет, спорт, медицина, педогогика т.б, әлеуметтік салалардың өкілдері жұртпен бірге диктант жазды. Тіпті, министрдің өзі де жазды. Әрине, латын тіліне көшу мен оған дайындық жұмыстарына жауапты министрліктің тізгінін ұстаған адам жұрт қатарлы жазуы керек те еді. Солай болды да. Бірақ, Астанадағы диктант жазған жұрттың арасынан депутаттарды көрмедік.

Қазақстанның қос палаталы Парламентінде ұзын-ырғасы 155 депутат бар. Оның 45-і зейнеткер. «Әшейінде ауыз жаппастың» керін қылды ма, жоқ әлде Президент бастап, жұрт қостап насихаттап жүрген жаңа әліпбимен жазып көруге жүрексінді ме, әйтеуір біздің үш тілге үйір, әсіресе солтүстіктегі қошынамыздың тіліне қош көңілді Парламенттің өкілдерін көрмедік.  Анда-мұнда жүргенін жұртқа жариялай жүретін депутаттардың өздері де үн шығармады. Әйтпесе, қатысса, жазса, көрер ек қой.

Жалпыхалықтық диктанттың өтетіні екі-үш күн бұрын әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында жария етілді. Естімей қалатындай емес. Естіді. Астананың бастамасы Астанадағылардың құлағын айналып өтіп, аймақтарға таралып кетті дегенге және сену қиын. Әшейін құлықсыздық танытты.  Әйтпесе, ешкім-ешкімді мәжбүрлеп диктант жазғызбаса керек-ті. Біз солай деп сенейік.

Сонымен, ары айт та, бері айт, былайғы күнде экрандардан екіленіп сөйлеп, көсемсігенде көпті аузына қарататын көп депутаттың қарасы кеше көрінбеді.  Бәлкім, 45 зейнеткерін қоса есептегенде 155 депутаттың бірі қалмай сол күні жұмысқа барған болса керек. Шаруалары тығыз ғой, әрине. 30 минут түгілі, 30 секунд бос уақыт жоқ қой. Әйтпесе, еліміздің негізгі Заң шығарушы органының өкілдері өз елінің мемлекеттік тілінің тағдырына алаңдамайды, оның жазуына, әліпбиіне жүрдім-бардым қарайды деймісіз… Құдай оңдағанда осы айтқанымыз рас болса ғой, дейміз…

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz