Адамшылықтың алды – махаббат, әділет, сезім

0

Қ. Абай — әділет — махаббат педагогикасының атасы
Қазақтың ізгілік педагогикасының ірге тасы тым ерте қаланғаны белгілі. Елдік — ерлік дәстүрінің көнелік көзі саналатын тас жазуларының өзінде анаға деген махаббат, адамға деген әдіддік, ел — жұртына деген сүйіспеншілік, ерекше жырланады. Бүгінгі көзіқарақты оқырман оларды тәлім — тәрбиелік оқулық ретінде қабылдайды. Ал, Қ. Абай — әділет — махаббат педагогикасының атасы.
ХІХ ғасырдың соңғы он жылы – Абайдың ақындық мектебі үшін ең жемісті кезең. Осы кездерде«Ұстаздық қылған жалықпас» деп өзі айтқандай, қасына талапты жастарды жиып, оларға өлең сөздерімен де, ауызша өсиет, ұзақ мәжілістерімен де үлгі — өнеге шашу сүйікті ісіне, дағдысына айналған болатын. Бұл туралы: «Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы, талапты жастардың бәрі шәкірт» дейді Мұхаң. Абай педагогикасын рухани әлем мен көңілдің ілімі немесе жүректің салтанаты деп қабылдайтын болсақ, оның негізгі бағыты кемел адам тәрбиелеу. Кемел адам, Абайша айтқанда, толық адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан дүниесі ағарып, рухани артқан, мүлтіксіздіктің қалыбы мен жаратылыс негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Кемел адам – адасқандар үшін темірқазықтай жол көрсетуші, жолда қалғандар үшін – көпір, үміті үзілгендер үшін – ашылар есік. Оның ұстанымы – Мәуләна Жалаладдин Румидің сөзімен айтқанда, халық ішінде Хақ тағаламен бірге болу, яғни жүрегінде тақ құрған Жаратушыға деген махаббат сезімі мен хикмет — кеудесіне орнаған ізгілік нұрын айналасына төгіп, жұрт — шылықпен бірге қалыпты өмір кешу. Сондықтан кемел адам дүниені тек жүрегінен тәрк еткен адам. Өйткені Абайша айтқанда, «қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмалат жоқ». Абай не қажет, не залал — осының бәрін білімді адам толық біледі, өз өмірін жандандырады, өз халқына пайдасы тиеді деп ұғынды. Жастардың бірінші міндеті ғылымға, білімге, білуге талпыну деп білді. Абай ғылым үйрену деп мынадай талаптар қойды. Отыз екінші қара сөзінде: «Білім – ғылымды үйренбекке талап керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар: әуелі білім — ғылым табылса, дүниенің бір қызықты нәрсесі керек болады деп іздемеске керек. Оның үшін білім — ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектің өзін дәулет білсең, һәм әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады»,- дейді. Мұны не үшін көрсеттік? Абайда педагогиканың да, психологияның да, дидактпканың да шымбайлы тұжырымы бар. Тек дұрыс тани білу керек. Абайды бірден түсініп кету оңай емес. Ол туралы абайтанушы — ғалым Ғарифолла Есім: «Абай шығармаларын бір рет қана оқып қоймақ түгілі, тіптен оның шығармаларын жаттап алу да аз, мәселе, оны түсінуде. Абай адам санасы кемелденіп, толысқан сайын түсінікті бола бастайды. Әр ұрпақ Абайдан өзтүсінігін табады…» — деп пайымдайды [4]. Абай ілімі адам баласының ең жоғарғы мақсатын көрсетеді, ол мақсатқа жету жолын ашады және ол мақсатқа қалай жету керек екенін, яғни болмыс туралы білім береді. Ойшыл ілімі бүкіл болмыс негіздерін түгел қамтиды, сондықтан ол толық білім болып табылады. Педагогикалық — психологиялық тұжырымдардың тұнығын атамыздың өз аузынан естілік. -—… Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын! ( отыз екінші қара сөз)»Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі — надандық, екінші — еріншектік, үшінші залымдылық деп білесің. Надандық – білім — ғылымның жоқтығын, дүниеден еш нәрсені біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хибасына қосылады. Ол өзінің терең философиялық толғамдарға толы «Қара сөздерінде» де ілім — білімнің өмірдегі мән — маңызы туралы ой тербейді. Мысалы, «Ғылымды үйренгенде, ақиқатты білу мақсатымен үйрену керек, біліміңді біреумен керісіп, біреуді күндеу үшін пайдаланба. Білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттен… Адамның білім — ғылымды көбейтуге екі қаруы бар, бірінші – ойласу, пікір алысу, екінші – барлық күшті жұмсау, алған білімін сақтау, қорғау»
«Естілген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар. Әуелі көкірегі байлаулы, берік болмақ керек. Екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибратләну керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек. Үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып, ойланып, көңілге бекіту керек. Төртінші — кеселді ойлардан қашық болу керек. Ол кеселді нәрселер: салғырттық, уайымсыздық, ойыншы — күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, болмаса бір нәрсеге құмарлану, бұл төрт нәрсе ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер. (31 — қара сөз (32 — сөз),- деген» «Қашан бала ғылым, білімді махабатпен көксерлік болса, сонда ғана оның адам аты болады, — деген (38 — қара сөз) Абай іліміне сүйенсек: Адамның ішкі жан дүниесі – адамгершілігі мен ақылының, сабыры мен қайратының, мейірімі мен әділетінің рухани қайнар көзі – білім мен ғылым. Білімі мен ғылымы жоқ немесе білім — ғылымы шала адам рухани дағдарысқа тез ұшырары хақ. Оның арғы жағында – адами азғындық тұр. Себебі, атамыз, адамның адамдығы ғақыл (ақыл) ғылым деген нәрсе бірлән(38 қарасөз), — деген. Абай ғылымды Алланың ғылымы және адамның ғылымы деп екіге бөле отырып: «Адамның ғылымы, білімі, хақиқатқа, растыққа құмарлық болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлән табылады «,- дейді. -—«Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі…! «Қайрат пен ақыл жол табар, Қашқанға да, қуғанға. Әділет, шафқат кімде бар, Сол жарасар туғанға, – деп, толғаған Абай адамшылықтың төрт негізін 38 — қарасөзінде: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері тұғралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын» деп, кейінгі ұрпаққа сөз арнайды. Арнау сөзін адамзатқа берілетін ең ұлық қасиет – махаббат сезімін түсіндіруден бастайды. Алланы сүю, сол арқылы бүкіл адамзатты, тіршілікті жақсы көру, білмекке құштарлық, ғылымға ден қою, ғылымды мақтан, дүние үшін үйренуден аулақ болу, адамды бұзатын жаман әдеттерден сақтану, шын мұсылман болудың жолдары туралы сыр төгеді.
Абай адам болам деген әрбір талантты жастың бойында адамшылықтың қандай нәрі, ізгілікті сипаттары басым болу керектігін алғаш рет «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде саралап берді. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз,- деп, толық адам немесе инсанияттың кәмелаттығы туралы тезис жазған — ұстаз. Абай дана, қазақтың педагогика тарихында алғаш рет тәрбие оқулығын жазып қалдырған. Оның ерекшелігі:- жасқа да, жасамысқа да, қарттарға да қажет бәріне ортақ — оқулық. Абай адамгершілік, әдептік нормалары жайында көптеген пікірлер қалдырды, оны жинақтап айтсақ: Оның бірінші қоятын талабы — мораль жағынан ұстамды, таза болу, сыпайы мінезді, жақсы құлықты, әділетшіл, шыншыл болу. Әдепсіз, арсыз, байлаусыз, сұрамсақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді сияқты жаман мінездер мен әдеттерден, жарамсыз қылықтардан сақтанып, өзін одан жоғары санап, ондай қылықтарды бойына лайықсыз көрсе ғана, адам парасатты болады. Абайдың қоятын екінші талабы — тұрақтылық, «Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегеніне тұрарлық, мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын» дейді. Үшінші талабы – әділетшілдік. Әлеуметтік міндеті — дүниені белсене құрушы адамның бірі болып, халқы, Отаны үшін қызмет істеуі. Ақын мейірімділік қасиетке терең мән береді (төртінші қара сөзі). Абай атамыздың «Балаға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата — анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Солардың ішінде, бала қайсысын жақсы көрсе, сонысынан көбірек жұғады…»- деген
Даналық — адамгершілікті танудағы, табудағы, табыстырудағы құбылыс, қасиет, құрал. Даналықтың тәні «талап, еңбек, терең ой, ар — намыс, ынсап, сабыр ғой», жаны — туралық пен әділетте, сезімі — рух, ыстық жүрек, өң — шырайда, тегі — ынсап пен рахаттану да, адалдық үшін күресте. Соңдықтан Абай адамтану тағлымы, біріншіден, тән, жан, сезім, тектілік үйлесім — ділігінде, екіншіден, шындық пен адамгершіліктен үйрене білуде және осы құнды мұраны әр дәуірде жетілдіретін, әрбір адамға жеткізетін өтімді іс — әрекетте, үшіншіден, халықты алауыздықтан, алалаудан, ал адамды шектеуден сақтауда — дейді. Оның жетілу жолдары: көп нәрсені есітіп білу, көкейтесті мәселені көңілде түюге дайындық және соны үйрете алу, үлкен үміт, есеппен адамдық құндылықты, халықтық мұраны бағалай білу, оларды жөн — жобасымен қолдандыратын бағыт пен дәстүрден ауытқымау; шығармашылық ізденіс пен істің қайтарымында адам үдесі мен халық үмітін ақтау. Адамтану — есі барлық жанға олжа, басқа сая, ер қорғаны, сонымен қатар теңсіздіктің тетігі мен түбірін табу. Одан «ары бар, ұяты бар, ақылы бар» демекші, әркімнің өзі іздеген құндылық табылар. Өйткені адам «дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайық», өзін ақыл — парасат, иман — ғибадат арқылы тануды және солардың пайдасын көрерлік сәт мүмкіндікті іздестіреді (27 — 28 — сөз)
«Адамшылықтың алды – махаббат, әділет, сезім». Абайда бұл үшеуі бірлікте, олар жеке — жеке күйінде жарамсыз. «Әділет ізгіліктің анасы», «Кімде әділет жоқ болса, оның ұяты да жоқ». Ал, ұят жоқ жерде, туыстық, бауырмалдыққа, махаббатқа орын жоқ. Себебі – ұят жоқтық барша адамгершілік қарыздарлық нормаларына сенімді жоғалтады: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ»Адамды ұят келтіретін барша жөнсіз істерден сырт ұстайтын, оған жібермейтін күш адамның бойындағы ұстамдылық. Бұл болмаса, ақыл қанша сезініп тұрғанымен, адам баласы ұят келтіретін қылықтан құр болмайды. Әріпте, ұятты сезінуге ақыл керек, егер ақылдың көзін қайратсыздық, әділетсіздік, жігерсіздік, байлаусыздық бүркесе, ақылды кісінің де адамшылдығы бұзылады. Сол үшін де Абай: «Адам баласының көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып, Ақылдылық. аларлық жүректе жігер, қайрат байлаулықтың жоқтығынап азады», — дейді. Ұят, ұяттық — арлы мінез. Адамның ойына, бойына, болмысына лайықсыз, адамгершілікке жат, ар — ождан нормаларына сыйымсыз, әдеп тінін сөккен зымияндықтан бұрқанған, сыртқа теппей, ішкі жан — жүйе ұшынатын нәзік сезімнің күйзелісі. Ұлы ойшыл Абай ұятқа екі түрлі мән берген.“Надандық ұят,- деген ғұлама,- жас баланың сөз айтуға ұялатыны сияқты ақылы қысқа, өрісі тар, ойы таяз жанның ұялмайтын нәрсеге ұялуы. Шын ұят — абыройға, шариғатқа теріс, ақылға сыйымсыз сөлекет қылықтан ұялу. Бұл тек есті адамға тән қасиет. Ал біріншісі өзі істеген қатеден, нәпсіге еріп қылған қылығынан ұялу…» Абай әр уақытта қазақтың білімге, ілімге, ғылымға терең бой ұрса, әлемді танытатындай қоғамдағы белді мүшесі болса деген ойларды айтады. Әр адам еңбекпен ғана өседі. Еңбек – Абай әлеміндегі ең негізгі ұғымдардың бірі. «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?» деген өлеңінде ол:«Еңбек жоқ, қаракет жоқ, қазақ кедей, Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?» – дей келе, тағы бір жолдарында:«Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел. Малың болса, сыйламай тұра алмас ел…Есек көтін жусаң да, мал тауып кел, Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас…» – деп барлық адамды еңбек қылуға шақырады. Оның шығармаларынан «әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық» немесе «тәуекелсіз, талапсыз мал таба алмаса, еңбек қылмас еріншек адам болмас» деген секілді адамды іске шақыратын жолдарды көптеп кездестіреміз. «Болмағын кекшіл, Болсайшы көпшіл, Жан аямай кәсіп қыл! Орынсыз ыржың, Болымсыз қылжаң, Бола ма дәулет, кәсіп бұл» – дейді. «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей». «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап, Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деп Абай еңбек пен ақылды қатар алып жүру арқылы бос мақтандарға елірмей, «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінде: Қайрат пен ақыл жол табар, Қашқанға да қуғанға. Әділет — шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға. Бастапқы екеу соңғысыз, Біте қалса қазаққа. Алдың – жалын, артың – мұз, Барар едің қай жаққа? Көрініп тұрғандай, Абай өлеңде жай ғана әділет демеген, «әділет — шапқат» («шапағатты әділет» деген мағынада) тіркесін пайдаланған. Сөйтіп, адам рухын, жалпы болмысты басқарушы күш Тәңірінің әділет — махаббат заңы екеніне Абай алғаш рет меңзейді. Егерде жеке адам немесе бүкіл қоғам тек қайрат пен ақылдың тапқан жолына түсер болса – «алдың – жалын, артың – мұз». Ақынның «алдың — жалын» дегені ахирет – тозақ жалыны, ал «артың — мұз» дегені сүрген өмірің мағынасыз, баянсыз дән шықпайтын, дәнеңе өнбейтін тақыр деген мағынаны білдірсе керек — ті. Демек, адамға бақыт қонуының басты шарты, ойшылдың білуінше, әділет — шапқат иесі болу. «Мен жүректі жақтадым», деп сопылық ілімнің негізгі ұғымдарының бірі – жүрекке жүгінеді. «Алла адамның түр — әлпеті мен мал — мүлкіне емес, оның жүрегіне қарайды», деп айтылған хадиске сілтеме жасайды. Жүрек, яғни көкірек көзі заттың ішкі мәніне бойлай алады, тылсым дүниені түсініп, ғайыпты сезінеді, шабыт алып қанаттанып, шекара танымайды. Адам бойындағы бар ізгі қасиет жүректен табылады. Сондықтан қайрат пен ақылға бағынбайтын жүрек дене мүшелерінің әміршісі болып саналады. Абай осы түбегейлі идеясын бірде ғақлия сөзіне, бірде өлеңіне өзек етіп, дамыта береді. Айталық:«Ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе жоқ» (28 — сөз) дейді Абай. Бұл жерде де әділет — шапқатқа меңзелгені сөзсіз. Осымен, данышпан Тәңірінің әділет заңын орындау я орындамау, яғни бақытқа жету — жетпеу әр пенденің өз ырқы екенін білдіреді. Әділеттік, арлылық, махаббат пен – Үй жолдасың қабірден әрі өткенде, – дей келе: Ғадәләт пен мархамат – көп азығы. Қайда көрсең, болып бақ соған көмек, – («Көк тұман — алдыңдағы келер заман» 1897 жыл). Сонымен, Абайдың поэзиясында, әсіресе, кітап «Ғақлия» атты мұрасында «қалың елі, қазағын», өзге халықтар қатарына қосу, яғни «ел қылу» идеясы бүкіл қоғамда әділдікті орнықтыру идеясымен қабыса табысқанына көз жеткіземіз. Бұл ерекшелікті ғұлама М. Әуезов бізге былайша білдіреді: «…Ылғи ғана таза адамшылық жолын үгіттейді. Әділдік, шыншылдық, махаббатты – бауырмалды арлылық, ойшылдық, сыншылдық сияқты адамды адам қылатын жан тәрбиесінің барлық негізін қолданады». Адамды адам қылатын жан тәрбиесі ілімі Абай дананың әділет — махаббат педагогикасы деп аталады. Мұны танып біле алмаған « педагогикасыз педагог» қауымы «өзін — өзі тану» атты «аударма» ілімді өмірге әкелді. Кәзір осы ілім Қазақстан Республикасының білім жүйесінде салтанат құрып тұр. Абай дананың әділет — махаббат педагогикасы өз орнына келер уақыт алыс емес.

Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым — жазушы)