Абайда өнім мол | | Ortalyq.kz
Оқылды:
465
Абайлық диқандар жаз бойғы маңдай тердің жемісін көруде. Өнімін жиып-теріп, қоймаға құйды. Картобы мен сәбізін, қызанағы мен қиярын, пиязы мен қырыққабатын қаптап, бір бөлігін тұтынушыға жөнелтіп, енді бірін қысқа сақтау қамына кірісті.
Диқандар қауымы күзге мол ырзық-несібемен жетіп отыр. Биыл егін орағын сәтті аяқтап, қамбаға 44,2 мың тонна астық құйып, әр гектарына 15,5 центнерден өнім алып отыр. Өнімнің артуы – диқандардың тынымсыз еңбегі мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Сондай-ақ, дәнді дақылдармен бірге ауданда картоп пен көкөністерді жинау науқаны да көңіл көншітерліктей. Биыл картоп алқаптары өткен жылға қарағанда 7,3 пайызға ұлғайтылып, өнім бітік шықты. Нәтижесінде, өткен жылмен салыстырғанда өнім көлемі 10,3 тоннаға артып, 8091 тонна картоп, 1128 тонна көкөніс жиналды.
Әрі соңғы төрт жылдың ішінде дәнді дақылдарды егудегі жер көлемі – 6 461 гектарға, картоп егу көлемі – 250 гектарға және көкөністер отырғызудағы жер көлемі 52 гектарға дейін ұлғайтылған.
Егіншіліктегі дәстүрлі топырақ қорғаушы жүйеден ылғалды сақтаушы технологияға көшу – ауыл шаруашылығы дақылдары өнімін арттырып, тұқым сапасын жоғарылатуға, сондай-ақ, шығындарды төмендетуге көп септігін тигізді. Заманауи технологияларды қолданудың арқасында астық өнімділігі де арта түсті. Биылғы жылы аталмыш технология 13700 гектар жерге қолданылған. Нәтижесінде, диқандардың жинаған дәнді дақылдары 44,2 мың тонна. Өткен жылы бұл көрсеткіш – 38,3 мың тонна болатын.
Сонымен қатар, аудандағы ауыл шаруашылығы өнімінің негізгі және басты бағыттарының бірі – көкөніс пен өсімдік шаруашылығы. Биыл алпысқа жуық ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер 4515 гектар жерге картоп, 840 гектар жерге көкөністер отырғызған. Нәтижесінде, картоптан гектарына 270 центнерден алынған өнім көлемі 121,9 мың тоннаны құраса, көкөністен гектарына 410 центнерден өнім алды. Осыншама өнімді бүлдірмей, шірітіп алмай сақтау үшін, әрине, бірнеше қойма керек. Биылғы жылы «Шығыс» шаруа қожалығында жалпы сыйымдылығы 3000 тоннаны құрайтын картоп сақтайтын қойма салынды. Жалпы құны 200 млн. теңгені құрайтын қойма заманауи технологиялармен жабдықталған.
Айта кету керек, күзгі жиынтерім кезінде ауданның ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері егіске қатысты техникаларды жиі жаңартып отырады. Биылдың өзінде 455 млн. теңгеге 55 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Оның ішінде, картоп және дәнді дақылдарды жинайтын комбайндар, тракторлар, жаңбырлатқыш машиналар, аспалы жабдықтар бар.
Шаруалармен қатар күзгі жиынтерім науқаны «Топар жылыжайларын» да айналып өтпесі анық. Биыл жылыжайдан 3496,3 тонна көкөніс алынды. Оның ішінде, қияр, қызанақ, болгар бұрышы және басқа да бақша дақылдары бар. Жалпы өңір тұрғындары жылына бірнеше мың тонна картоп пен көкөністерді тұтынады. Бұл көлем толықтай жергілікті шаруашылықтардан алынады.
Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.