22 наурыз мейрамына арналған сценарий
Қадірлі оқырмандарымызға 22 наурыз мерекесіне байланысты ашық сабақтарға арналған сценарий ұсынбақпыз.
Мына жерден тағы да бір сценариймен таныс боласыздар
Жоғарғы оқу орындарына арналған сценарий
1-жүргізуші:
Уа, жарандар, жарандар,
Бәрің бері қараңдар!
Наурыз думан басталды,
Бір сәт зейін салайық.
Ұштасқан оймен мәңгілік
Біздерде бар сан ғұрып,
Ғасырлардан ғасырға
Келе жатқан жаңғырып.
Бермен жақын тұрыңдар,
Сөзіме көңіл бұрыңдар.
Жауқазындай наурыздың
Жарапазан жыры бар.
2-жүргізуші:
Ассалаумағалейкум, ағайын!
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
1-жүргізуші:
Ұлыс күні кәрі-жас
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өріскен.
Ұлыс күні қар еріп,
Сай-салалар гүрілдер.
Көк шөбі шығып желкілдеп,
Дүние біткен күлімдер.
2-жүргізуші:
Наурыз тойын жұп жазбай
Қошеметпен қарсы алайық.
Досқа құшақ ашайық.
Өлең-жырға басайық.
Қазақтың бір салты деп
Тойға шашу шашайық.
1-жүргізуші: Қадірлі ағайын, біз бүгінгі мерекелік кешімізді сайыс түрінде өткізуді жөн көріп отырмыз. Алдарыңызда 4 киіз үй тігіліп, яғни, төрт ауыл салтанат құрып отыр. Бүгін осы төрт ауыл мынадай сайыстар бойынша сынға түседі:
І. Ұлттық киім
ІІ. Ұлттық тағамдар
ІІІ. Ұлттық өнер
ІV. Наурызға байланысты сұрақтарға жауап беру.
V. Салт-дәстүрді сахнада көрсету.
2-жүргізуші: Ауылдарымызға «Бәйшешек», «Наурызша», «Қызғалдақ», «Рауғаш» деген аттар бердік.
1-жүргізуші: Уа, ағайын! «Наурызым – бабамның сөзі, Наурызым – анамның сөзі, Ғасырдан ғасырға жеткен Даламның сөзі» демекші, тойды бастамас бұрын үш биімізден бата сұрап алайық:
Төле би рөлінде:
Сұрасаң бата берейін,
Үстем болсын мерейің!
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын!
Қазыбек би рөлінде:
Өрендерің ер болсын,
Көре алмаған бағыңды,
Сындыра алмаған сағыңды
Бетін басып жер болсын!
Әйтеке би рөлінде:
Жарылқа, Алла, қабыл ет,
Жарылқаудың қамын ет!
Ізет, абырой, бақ-дәулет,
Қызыр қарап бақ қонып,
Жақсылық үшін қызмет ет!
2-жүргізуші: Баталарыңыз қабыл болсын дейміз! Алдарыңызда «Наурыз думан» әнімен Бақбергенова Арайлымды шақырамыз.
1-жүргізуші: Алғашқы кезеңімізді бастаймыз. Әрбір ауыл өздері дайындағын киім үлгілерін ортаға шығарса екен (қазақ күйлері қойылады)
Көрініс.
(Күн мен түн ортаға шығады)
Күн: Сәулесі мол күнмін.
Түн: Жұлдызы көп түнмін.
Екеуі: Бірдей болып біздер
Теңелеміз бүгін.
Түн: Ал ертең күн ұзақ,
Күн: Түн қысқарар бірақ.
Екеуі: Ұйқы қанбай қалып
Жүрмеңдер тек жылап.
2-жүргізуші: Бауырласқан тәнтіміз,
Бұзылмаған салтымыз.
Өзге ұлттай біздің де
Бар дәстүр менен салтымыз, — дей отырып келесі кезеңді бастайық. Әділ-қазы алқасы әрбір ауылды аралап, ұлттық тағамдарға баға қояды. Олар өздеріне берілген тапсырманы орындап болғанша өнерпаздарымыздың өнерін тамашалайық: «Наурыз көктем», «Наурыз тойы» әндері орындалады.
1-жүргізуші:
Тойла бүгін, тауларым мен боз далам,
Тойла бүгін, қарттарым мен бозбалам.
Қайта оралған намысымдай Наурызым,
Жаңа жыл боп қош келіпсің, Наурызым!
2-жүргізуші:
Жақындатып өткенге, кеткенге енді,
Көктем келді балбырап, көктем келді.
Суық сорған жаныма шуақ құйған,
Осы еді ғой күткенім көптен бері.
1-жүргізуші. Ауылдарымыз өз өнерлілерін бәйгеге қосады! Бірге тамашалайық! (Төрт ауыл би, ән, күй өнерін көрсету керек)
2-жүргізуші:
Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тірлікке,
Қастерледік, қадіріңді білдік те.
Құтты болсын, ұлыс күні жұмылдыр
Бәрімізді Ынтымақ пен Бірлікке!
1-жүргізуші: Енді ортаға әрбір ауылдың басшыларын шақырайық. Олар Наурыз мерекесіне қатысты сұрақтарға жауап береді.
Жыл басында алғаш жауған қар қалай аталады? (Ақша қар)
Жыл басының алғашқы күні? (Ұлыс күні)
Жыл басының алғашқы желі? (Алтын күрек)
Жыл басының алғашқы төлі? (Дүбір аяқ)
Жыл басының алғашқы сүті?(Уыз)
Жыл басының алғашқы көгі? (Бәйшешек)
Жыл басының алғашқы асы (Наурыз көже)
Жыл басының алғашқы белгісі (Көрісу)
Жыл басының алғашқы сый тамағы (Ұйқыашар)
Жігіттердің қыздарға беретін сыйы (Селтеткізер)
Наурыз айында ұшып келетін көктем құсы (Наурызек)
Наурыз айында өсетін жапырақты, қауашақты түрлі гүл (Наурыз шешек)
Келесі кезеңде ауылдар белгілі бір салт-дәстүрді көрініс етіп қояды: «Бесікке салу», «Тұсау кесер», «Келін түсіру», «Бата беру» т.б.
2-жүргізуші: Барлық кезеңнің тапсырмаларын сәйкесінше орындадық деп ойлаймыз, ендеше әділ-қазылардың бағасын білейік.
1-жүргізуші:
Шыға келді сыланып сылаң келер,
Қияңдағы қиылды қыранға ерлер.
Қызғалдақты кешіп жүр қыр астында
Мың бұрала жүгірген бұраң белдер.
2-жүргізуші:
Арда өсіп, адал емген ақ уызың,
Қалдырған ғасырларға нәрлі ізін.
Көк бөрілі байрағын желбіретіп,
Көк түріктер тойлаған Наурызым!
1-жүргізуші: Наурыз мерекесі құтты болсын! Келесі жылы амандықта жүздескенше!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева