16 желтоқсан|Тәуелсіздік күні: ЖЕЛТОҚСАННЫҢ МҰЗДА ЖАНҒАН АЛАУЫ » Қазақстан ұстаздарына арналған

0
Тәрбие сағатының мақсаты:
Ата — бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі етіп, өз Отанын сүюге, еліне, халқына қызмет етуге тәрбиелеу. Еліміздің тәуелсіздігін атап өту қарсаңында ел тарихына шолу жасау. Тәуелсіз еліміздің жетістіктерімен таныстырып, білгендерін тереңдету.

Тәрбие сағатының әдісі: Әңгімелесу, пікірлесу, сұрақ-жауап. 
Көрнекілік: Интерактивті тақта, желтоқсан құрбандарының суреті.
І. Кіріспе .
Қазақстан Республикасының гимні. Хор 

Құрметті оқушылар, ұстаздар! Бүгін біз дүниені дүр сілкіндірген, қазақтың туын ең алғаш көтерген тәуелсіздік күніне арналған «Желтоқсанның мұзда жанған алауы» атты, ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз! 
Балалар, біз осы тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткізген жоқпыз.Оның бір көрінісі желтоқсан оқиғасы.
Желтоқсан оқиғасы өзінің қайсарлығымен, алға қойған мақсат-мұратымен, тіпті жіберілген кемшіліктерімен де әрбір адамның есінде мәңгі сақталады.
Бүкіл бір ұлттың сүйегіне таңба түсіріп, әділетсіз шешім қабылданып, халықтың ар-намысы таразыға салынған сын сағатта дүлей күшке қаймықпай қарсы шыққан жастардың ерен еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі.

— Балалар, біздің тәуелсіздік алғанымызға неше жыл толып отыр?
— 23 жыл толып отыр.
— Желтоқсан оқиғасына неше жыл толып отыр?
— 28 жыл.
— Тәуелсіз мемлекет ретінде біздің қандай рәміздеріміз бар?
— Туымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз бар.
— Біздің президентіміз кім ?
— Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
— Мемлекеттік тіліміз қай тіл ?
— Мемлекеттік тіліміз қазақ тілі.

Осыдан 28 жыл бұрын, яғни 1986 жылы желтоқсан оқиғасы болды. Бұл оқиға Алматы жастарының ереуілі болды. Бұл ерлік пен өрлік, қайғы мен қасірет мидай араласқан әрі жарқын, әрі қаралы күн еді. Радиодан төтенше хабардың белгісі берілді. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында Д. Қонаевтың зейнеткелікке шығуына байланысты Республика компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы міндетінен босатылды. Оның орнына Ресейден келген Г. В. Колбин сайланды. Төтенше өткен пленум 18 минутта аяқталды. Асығыс өткен пленум шешімі дүйім Қазақ халқымен санаспаушылық болып табылды. Пленум шешіміне көңілі толмаған халықтың жүрегінде наразылық ұшқыны лаулай түсті. Олардың ойы халықтың құқықтары мен проблемалары туралы сөз жүргізу еді. Алайда оларды бір қолында шоқпары, бір қолында қалқаны бар қарулы, сақадай сай әскерлер қарсы алды. Бейбіт шеруге шыққан жастардың бейбіт тілегі ағаш жаңқасындай быт-шыт болып ұшып жатты. Үкімет үйінде жастар шеруін қуғындау үшін астыртын «Құйын — 1986» деген оперативті жоспар құрылып жатты. Ал алаңдағы жастар жайбарақат еді, аңғал еді, алаңсыз еді. 
Сол кездегі үкімет басшыларының бұйрығымен күш көрсетілді. Алматы гарнизонын жауынгерлік дайындыққа келтіріп, көп күшпен алаңдағы жастарды қоршап алды. Алматыға әр аймақтардан әскердің арнайы бөлімдері жіберілді. Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға «Бұзақылар», «Ұлтшылдар», «Нашақорлар»,-деген кінә тағылды. Көптеген студент жастар түрмеге қамалды, оқу орнынан шығарылды . Желтоқсан оқиғасында ерен ерлігімен көзге түсіп, құрбан болғандар өте көп, солардың бірі Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхаммеджанова тағы басқа мыңдаған қыршындардың қанатын қиып түскен озбырлық күні, өктемдік үні еді..Бұл оқиға сол себепті де тарихта желтоқсан оқиғасы деген атпен қалды.

Ал енді осы желтоқсан оқиғасына байланысты оқушылардың тақпақтарын тыңдайық.
1 — оқушы: 
Жалғасып соғыс өрті сан ғасырға, 
Біз көрдік қас дұшпанның балтасында. 
Еліме тәуелсіздік келіп жетті, 
Мың жылдық күрестердің арқасында. 

2 — оқушы: 
Ұлан-ғайыр далам менің кеңдігім, 
Ұзақ күтті — ау елім менің теңдігін 
Ата — бабам армандаған, аңсаған 
Ұрпақтары көрді тәуелсіздігін. 

3 — оқушы: 
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді, 
Күрескерлер осы күнді көрмеді. 
Қаны менен жанын берген ерлердің 
Есімдері биіктерге өрледі. 

4 — оқушы: 
Тәуелсіздік көптен күткен бақытым 
Әзер жеткен баға бермес жақұтым 
Өркендей бер, пейілі кең қазағым 
Қалықтасын көк аспанда бақ құсым.

5- оқушы:
Бақтың құсы әр адамға қонып бір 
О, Тәңірім бізді баққа жолықтыр! 
Бүгін міне, тәуелсіздік ағайын, 
Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр!…

6-оқушы:
Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.

7- оқушы:
Жалғыз Отан –адамның жүрегі ғой,
Ер жігіт туған жерін сүйеді ғой.
Ел үшін Желтоқсанда құрбан болған,
Ербол, Қайрат – нағыз ердің бірі еді ғой.

8 – оқушы:
Сәбира, Ләззат сынды жауқазындар,
Жетілмей ерте солған гүл еді ғой.
Болашаққа даңғыл жол салып берген,
Боздақтар мәңгі айтылар жыр еді ғой.

Ал енді осы желтоқсан оқиғасынан бейнеқойылымға назар аударайық

Арада бес жыл өткенде қыршын өлген жастарға ескерткіш орнатты. 
1991-ші жылы Қазақ елінде тәуелсіздік таңы атты. Қазақ елі егемен ел болды. Бұл күн талай-талай қилы заманды басынан кешіріп келген Қазақ халқы үшін ақ жарылқаған күн еді. 
1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан елі тұңғыш рет Н.Ә.Назарбаевты президент етіп сайлады. 
1992 жылы Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, әнұраны, туы туралы заң қабылданды. 
1993 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. 

— Бүгінгі балалар, тәрбие сағатымыздың қорытындысы бойынша «XXI-ші ғасыр озаты»- атты интелектуалды сайысымызды бастаймыз . Сабаққа белсеніп қатысқан оқушыны сыныбымыздың «XXI-ші ғасыр озаты» деп тағайындаймыз. 
Ситуациялық сұрақтар қою арқылы оқушылар іріктеліп шығады. 

І-ші тур 
Ситуациялық сұрақтар: 
1. Егер әкім болсаң, еліңе қандай көмек көрсетер едің? (1-мин.) 
Осы сұраққа жақсы жауап берген 5 оқушы іріктеліп алынды. 
Оқушы жауабынан: 
№1. Мен туған жерімнің табиғатын көркейтер едім. 
№2. Мен балалар бақшасын салуға көмектесер едім. 
№3. Мен ауылыма су жеткізер едім. 
№4. Мен мешіт салдырамын. 
№5. Мен барлық адамға жұмыс тауып беремін. 
Ұпайлары: Барлығы да 5 ұпайдан алды. 

2. Шешенстан жерінде соғыс болып жатқанын білесіңдер. Осы елдегі өзің сияқты құрбыңа қандай көмек берер едің? (1-мин.) 
№1. Мен кітап сыйлар едім. 
№2. мен киім беріп жіберемін. 
№3. Мен тамақ берер едім. 
№4. Мен хат жазар едім. 
№5. Мен ойыншық сыйлар едім. 
Ұпайлары: 5 ұпайдан

3. Егер сен желтоқсан оқиғасы тұсында студент болып, саналы жас болсаң, желтоқсан оқиғасына қатысуың мүмкін. Оқиғаға қатысу мақсатың не? (1-мин.) 
№1. Туған елімнің басшысы Қазақ болғанын қалар едім. 
№2. Үлкендер арасында әділетсіздік болмау үшін күресемін. 
№3. Ел басқаратын әділ басшыны қалаймын. 
№4. Тәуелсіз ел болу үшін күресемін. 
№5. Өзімнің туған тілім үшін қатысамын. 

Ұпайлары: №1-3. 5 ұпай, барлығы 15 ұпай. 
Білімділігімен алға төрт бала шықты. 
ІІ-тур. 
Сұрақ-жауап. (1-мин.) 
1-сұрақ: Қазақ батырларын ата. 
2-сұрақ: Қазақ әнұранының авторлары кім? 
3-сұрақ: Тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері. 
4-сұрақ: Қазақ ғарышкерін ата. 
Ұпайлары: 5 ұпай. 
Бұл турдан үш бала алға шықты. 
ІІІ-тур. 
Мақал-мәтелдердің жалғасын табу. (Отан, ел, туған жер, батыр, ерлік туралы) (2-минут). 
№1-ге: Отан үшін отқа түс—————-(күймейсің) 
Арың үшін алыссаң—————(өлмейсің) 
№2-ге: Ерлік пен бірлік————-(егіз) 
№3-ке: Батыр туса———————(ел ырысы) 
Жаңбыр жауса——————(жер ырысы) 
Ұпайлары: 5 ұпай
ІV-тур. 
Халықтық педагогикаға байланысты сұрақтар. 
1-сұрақ: Жеті атаңды ата.
2-сұрақ: Бес парызды ата. 
3-сұрақ: Бес қару. 
Келесі турға екі оқушы шықты. 
V-тур. 
Оқушылардың шығармашылық ой-өрісін дамытуға байланысты, мына: Туған ел, туған жер, Отан, Қазақстан, Елтаңба, егеменді ел сөздерін кірістіріп өз ойыңды өлең-шумағы арқылы жеткіз. 
Оқушы шығармашылығынан: 
№1.Қазақстан кең байтақ, 
Туған өлкемсің! 
Қазақстан тәуелсіз ел, 
Байтақ жерімсің! 
Егеменді елдің, 
Мен бүгінгі ұрпағы. 
№2 Сүйемін туған елімді, 
Сүйемін байтақ жерімді. 
Сүйемін Қазақ халқымды, 
Сүйемін Отан анамды. 
Ұпайлары: 5 ұпай
Сонымен бүгінгі «Желтоқсанның мұзда жанған алауы»атты тәрбие сағатымыздың «XXI-ғасыр озаты» атағын ——————— жеңіп алды. Мойынына өзіміздің ту түстес лента тағылып, мақтау қағазымен марапатталды. 
Ал, ——————- ынталандыру жүлдесіне ие болды. 
VI. Қорытынды сөз. 
Қазақ елінің бүгінгі таңда іргелі, мәдениетті, өркениетті елдер қатарына қосылып, ізгі ниетті адамдар назарына ілігуі оңайлықпен келген жоқ. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен Қазақ халқы ертеден-ақ үш нәрсені бойтұмардай қасиет тұтып, қадірлеп өтті. Олар: туған елі, жері, ана тілі. 
Сондай-ақ еліміз озды, жеріміз жаңғырды, ана тіліміз өз мәртебесін алды. Осының бәрі – тәуелсігіміздің нәтижесі. 
Міне, оқушылар мына байлақтың иесі сендер – Қазақстан Республикасының келешегі, тірегі, тілегі де сендер.