11 марапаттың иесі атанған журналист мақалаларын ойдан шығарып жазған

0

11 марапаттың иесі атанған журналист мақалаларын ойдан шығарып жазған

Der Spiegel деп аталатын неміс басылымының журналисі Клаас Релотиус 7 жыл бойы түрлі репортаждар мен сұқбаттарды ойдан шығарып жазып келген. Бұл мақалалары үшін 9 рет өз елінде және 2 рет халықаралық дәрежеде марапатталған. 

Журналистің жалған ақпараттар таратып келгенін АҚШ-тағы заңсыз босқындар туралы мәліметтер жинаған әріптесі кездейсоқ байқап қалған. Оның әріптесі Клаастың мақаласының бір бөлігі осыған дейін АҚШ-тағы бір журналда жарияланғанын оқыған. Ол мақала кейіпкерлерін тауып, сөйлесу кезінде олар Релотиуспен ешқашан кездеспегенін айтқан.

Релотиус басында мұны мойындамағанымен, тергеу барысында көп жылдардан бері мақалаларды ойдан шығарып жазып келе жатқанын айтқан. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 14 мақала мен сұқбаттарды қиялынан алған екен. Бірақ басылым жалған мақалалардың саны одан да көп екенін мәлімдеді.

Басылым, алдымен, Клаас марапат алған мақалаларды тексерген. Олардың жалған екенін білгеннен кейін, оның барлық мақаласын тексеретін арнайы тергеу комиссиясын құрған.

Релотиустың айтуынша, ол мақалардың сәтсіздікке ұшырауынан қорқып ойдан шығарып жазған. Ал алғашқы жалған мақаласынан кейін жолы болып, атақ-абыройға жеткесін сол биікте қалу үшін басқа да мақалаларды дәл солай жазуға мәжбүр болған.

Аталған жалған мақалалар арасында «Соңғы куәгер» – Америкадағы өлім жазасына кесілушілер туралы, «Арыстан балалары» – екі ирак баласын «Ислам мемлекеті» (бірнеше елдерде тыйым салынған топ) экстремистік тобының ұрлап кетуі туралы және «440» – Гуантанамо түрмесіндегі тұтқындар туралы атышулы зерттеу мақалалары бар. Осы мақалалар беделді марапаттарға ұсынылған және кейбірі озып шыққан.

Ол журналмен 2011 жылдан бері шығармашылық байланыста болып, соңғы 1,5 жылдан бері басылым тілшісі ретінде жұмыс істей бастаған. Содан бері оның 60-тан артық авторлық мақаласы жарық көріпті. Релотиус Германияда «Жыл журналисі» атанған. Тіпті, Forbes оны «30 жасқа дейін жетістікке жеткен медиатұлғалар» қатарына кіргізген. 

Айта кетейік, Spiegel журналының негізі 1947 жылы қаланған. Ай сайын 725 мың данамен шығатын Еуропадағы ең беделді журналдардың бірі. Оның 6,5 миллион оқырманы бар. Журнал өзінің ұзақ және дәлелді репортаждары және зерттеулерімен танымал.


Дереккөз: https://massaget.kz/